Ұшқан ұя. Бауыржан Момышұлы. Әдебиеттік оқу.

Сабақтың тақырыбы: Ұшқан ұя. Бауыржан Момышұлы. Әдебиеттік оқу.

   Сабақтың мақсаты:

   Білімдік: батырдың балалық шағы немесе жалпы ол туралы не білетіндерін ескере отырып, мәтінді өз бетімен оқып, талдап шыруға мүмкіндік беру.

   Дамытушылық: оқушыға өздік жұмыс жасату арқылы оның оқулықпен жұмыс істеу мәдениетін көтеруге, проблемалық мәселелерді шешудегі іскерлігін арттыруға жағдай туғызу.

    Тәрбиелік: отбасындағы қағидалар туралы ой қозғау арқылы мейірімділікке, қамқорлыққа, ұлттық дәстүрімізге бала көзқарасын қалыптастыруға, сана-сезімді биіктетуге ұмтылу әрекеттері.

   Сабақтың көрнекілігі және қажетті құралдар: батырдың портреті, альбом, тақта, бор, маркер, плакат, жазушы туралы және батырдың өзінің кітаптарынан ұйымдастырылған көрме, топтау сызбасы.

   Сабақтың барысы:

Үй тапсырмасын тексеру мұғалімнің өз шешімі бойынша жоспарланбақ. Дегенмен ол жұмысты жаңа сабақпен қиыстырып, шебер байланыстырса, ұтымды болған болар еді.

  1. Қызығушылығын ояту.

а) …Иә, балалар, жақсы адамдар жанымызда жүргенде оның жақсылығы айтылмай, ол мүлде байқалмай да қалуы мүмкін. Мысалы, батырларды мақтан етеміз. Сендер қандай батырларды білесіңдер? (Балалардың сөздері ықыласпен тыңдалады. Тақтаға тізбеленіп жазылады.)

ә) Ал біз бүгін Кеңес Одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының  «Ұшқан ұя» кітабынан үзінді оқимыз. Плакатқа немесе интерактивті тақтаға кесте сызылып жазылады.

БілемінБілгім келедіНе үйрендім?
   
   
   

 

Сыныпқа жалпы сұрақ қойылады.

  • Батыр туралы не білеміз?

Кестенің бірінші бөлігі оқушылардың айтуы бойынша толтырылады.

— Бауыржан ата туралы тағы не білгілерің келеді? Осы сұрақ кезінде оқушылар балалық кезін білгіміз келеді деуі әбден мүмкін.

  1. Мағынаны тану.

— Ендеше, біз бүгін батырдың балалық шағы туралы өзі жазған естелігін оқимыз.

   Ескерту: Батыр туралы тағы білгісі келгендерін өздері тауып оқу керектігін айту қажет. Бұл жерде мұғалімге кітап көрмесі қызмет етеді.

Топқа бөлініп оқу өте тиімді, себебі кейбір бала мәтіннің аз бөлігін меңгеру оңай екенін сезініп отырады. Себебі оқушылар өздік жұмыс жасау қабілетіне қарай топталып бөлінбейді де, кейбір баланың үлгеріміндегі ерекшелігін ескеріп, оларға салмақ түсірмеу жағы да қарастырылу керек. Оқушылар бір-бірін тыңдауға дағдыланады да, ойша өзінің оқығанымен байланыстырады, түсінгенін жеткізіп әңгімелеуге тырысады. Кейбір сабақта мәтіннің белгілі бір бөлігі талданбай қалуы да мүмкін. Ол оқиғаның шарықтау шегі немесе ары қарай не болатыны баланы қызықтыратын, оқымай қою мүмкін емес жағдайға дейін әкелу керек те, егер уақыт жетпесе, үйге тапсырма ретінде ұсыныңыз. Ендеше, сіз осы мәтінді балаларға қалай бөліп, оқуға ұсынар едіңіз?

Әр топ өздері оқыған әңгіме бөліміне ат қояды. Мұғалім тақтаға жазып тұрады. Әңгіме бойынша жоспар пайда болады.

— Сонымен, бала Бауыржан кішкентай кезінде қандай болды? Дәптерге оқушылар оқығандары бойынша топтау сызбасын жүргізеді.

Тақтада плакат ортасына Бауыржан сөзі жазылады да, оқушылардың жұмысы жинақталады. Әңгімедегі бала Бауыржанның бейнесі шығады. Әңгімені талдау кезінде жеті атаны білу, үлкенді сыйлау, сөз тыңдау, ата дәстүрін құрметтеу, жыл қайыру сияқты ғұрыптарға мән беру қажет.

  1. Ойтолғау.

Оқушылардың өздері де іштерінен «Мен жеті атамды білемін бе?» деген сауалға тап болады. Ал Отанын сүйген адам Қ. Мырза Әли жазғандай қандай болушы еді? Ендеше, ата-баба өсиеттері мен мақал-мәтелдеріне кезек беріп, оқулық бойынша жұмыс жасау ары қарай жалғасады.

Сабақтары барлық жұмыстар аяқталысымен, кестенің соңғы бөлігі — «Не үйрендім?» бөлігі толтырылады. Ол оқушылардың өздерінің айтуымен жазылады. Яғни балалар бүгінгі сабақта өздері үшін не жаңалық ашылғанын анықтайды. Батырдың өз Отанын жақсы көру сезімдерінен шыққан мақал-мәтелдері де бар екені айтылса, батырдың бойындағы қасиеттері ашыла түсер еді..

   Сіз не байқадыңыз? Сабақтың 1-кезеңінде пайдаланған сызба, кестелерге сабақ соңында қайта айналып келу сабақ мазмұнын, идеясын ашуға, жүйелі жұмыс нәтижесін шығаруға мүмкіндік береді.