«Қалай жақсы мұғалім болуға болады?»

Елгандиева Саодат Абдурайымқызы ОҚО, Сайрам ауданы, Бес-кепе елді мекені №69 «Бес-кепе» негізгі орта мектебі Бастауыш сынып мұғалімі

 

 

«Қалай жақсы мұғалім болуға болады?»

 

Мұғалім бәрінен де қымбат,

өйткені мұғалім -мектептің жүрегі.

Ы.Алтынсарин

 

Ұстаз! Жай ғана қарапайым сөз…

Бірақ болашақ ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуы — осы ұстаздың қолында. Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлык өміріне апат әкеледі» деген екен. Осы тұжырымды басшылыққа алған мұғалім ұрпақтың да, қоғамның да алдындағы өз міндеттерін аңғарып, дұрыс шешімдер қабылдап, оларды оңтайлы жүзеге асыруда үнемі ізденісте болады.

Адам ақылды болып жетілуіне жаратылысына біткен қасиетіне қосымша екі нәрсе себепкер болады, ол — тәжірибе мен білім. Тәжірибе — басыңнан өткеніңді, көргеніңді түю, одан тәлім алу болса, білім тек оқу арқылы келеді.

Сондықтан оқу, үйрену, тыңдау, іздену, талаптану әрбір өзін құрметтейтін адамның басты бағыты болу керек. Оқу процесіндегі ең басты тұлға — бала.

Егер  мұғалім әрбір балаға сабақта дербес назар аударып, дер кезінде көмектессе, зер салса, онда әрбір оқушы өзін мұғаліммен теңмін деп сезінеді, оның адамгершілік көмегін шын ниетпен қабылдайды. Осындай ынтымақтастық педагогикасы жағдайында барлық балалар жұмыс істей білуді, ойлауды үйренеді.

Қазіргі таңда еліміздің оқу — тәрбие жұмысына байланыста болып жатқан жаңартулар біліммен тәрбие жұмысын қайта қарауды міндеттейді. Бүгінгі таңда тиянақты білім беру жүйесінде оқушылармен тәрбие жұмысын дамыту басты мақсат болып отыр.

Білім ордасын биік баспалдаққа көтерген жас шәкіртті баулу, біз үшін үлкен мақтаныш. Себебі, олар білім мен өнердің тереңіне бойлап кәусарынан сусындауды ниет етіп жетекшілерінің ақыл-кеңестері мен байыпты бағдарын тыйымды   парасат   пен   кәдеге   жарата   біліп,   талап   пен   табандылығын танытады. Ізденіспен іркілмейді.

Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев «Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» — деген еді. Жігерлі де елжанды ұрпақ тәрбиелеу үшін жеке тулға ретінде сана сезімін дамытып, өмірдің құбылыстарын жүрекпен сезініп, кемшілігіне өкініп, жеңісіне сүйсініп, сауаттылыққа, білімділікке жеткізу жолында тер төгіп, тынымсыз, ізденіс үстінде жүріп, тәрбие мен білімді егіз беріп, баланың өмірлік көзқарасын бағамдап, сарапқа салып ішкі жан дүниесіне бойлап бағыт-бағдар беріп, сабырлыққа баулып, адаспайтын ақыл дариясына жетелеген шаршамайтын, керісінше, рахат алатын ұстаздарымыз да аз емес.

 

«Білекке сенген заманда, ешкімге есе бермедік,

Білімге сенер заманда, қапы қалып жүрмелік»

Абылайхан

 

Ал, XXI ғасырдың нағыз ұстазы қандай болмақ? Әрине, ол өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салу керектігі айтпаса да түсінікті. Бұл әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет. Сондай-ақ ұстаз күнбе-күнгі өзінің көп қырлы еңбегінде мазмұны әртүрлі кездейсоқ жайттардың туындап отыратынын алдын ала сезіп, болжап және оның оң шешімін табуға дайын болуға тиіс. Сондықтан да ұстазды әр баланың жан-дүниесін танып-білуші әрі оны жеке түлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады. «Ұстаз» сөзінің екі түрлі сипаты бар. Бірі — белгілі пәннен сабақ беретін оқытушы да, екіншісі — жоғары беделді адамдарға ықпал етуші дана адам.

Мектептегі ұстаз — баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның мейірімге толы жүрегі шәкірт бойындағы талай ағаттықты кешіре біледі. Оның бойындағы білім мен ақыл, ойының қуаты талай тентекті жуасытып, небір еркені сабасына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп, ержеткізеді. Сондықтан әрбір шәкірт өзіне үлгі-өнеге болған сүйікті мұғалімін ұстазым деп атайды.

Ахмет Байтұрсынов атамыз кезінде «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді» деген ғой. Ол үшін әр педагог әрбір баланың ойынан шығып, қажеттілігін қанағаттандыра білуге дайын болуы тиіс. Өйткені қазіргі мектеп жасындағы балалар қай сыныпта оқыса да, қай жаста болса да өзінің кім болатынын, қандай адам болатынын іштей армандайды және өмірден өз орнын табуға басты мақсаты деп санайды, сондай-ақ өзінің айналасынан дұрыс бағдар беретін ақыл-кеңес күтеді.

Сондықтан оқушының рухани өсуіне жағдай туғыза алатын, жаңалықтарды қабылдауға даяр, өз әрекетіне өзгеріс енгізе алатын педагогтар ғана баланың үдесінен шыға алады.

Өз заманының ғұламасы Летурно сөзімен айтсақ, «Егер сен тәнді шынықтыру, ерік-жігерді шыңдау, жүректі ізгілендіру, ақыл ойды жетілдіру және сана-сезімді теңестіру әдістерін білетін болсаң — онда сен нағыз ұстаз, тәрбиешісің.

Ұстаз өзін-өзі қай уақытта таниды? Ол алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәтінен таниды. Білім беруде кәсіби құзырлы маман иесіне жеткен деп мамандығы бойынша өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығына жағдай жасай алатын, тұлғалық-ізгілік бағыттылығы жоғары, педагогикалық шеберлік пен өзінің іс-қимылын жүйелілікпен атқаруға қабілетті, оқытудың жаңа технологияларын толық меңгерген, отандық, шетелдік тәжірибелерді шығармашылықпен қолдана білетін кәсіби маман педагогті айтамыз.

Ендеше, бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көруіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз.

XXI ғасыр — білімділер ғасыры. Ендеше бізге ой өрісі жоғары дамыған, зерделі, жан-жақты дамыған, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәтте естен шығармағанымыз жөн.

 

Ұстаз жолы қиынырақ басқадан,

Сырлары көп сыртқа әлі шықпаған

Шаршаса да осы жолдың бойында,

Қандай рақат, шын бақытты тапса адам…

 

… Ойымды қорытындылай келе айтарым: XXI ғасыр мұғалімінің моделіне сай болу үшін жоғарыда берілген талаптарды орындау — барша ұстаздар қауымының бойынан табылып отыруы тиіс.

Бұл — заман талабы, сіз қалай ойлайсыз?…