Көмекші етістіктер

Сабақтың тақырыбы: Көмекші етістіктер. Сабақтың мақсаты:

а)  білімділік: оқушыларға көмекші етістіктер жайлы толық мәлімет беру.
ә) дамытушылық: ой-өрісін, ойлау белсенділігін, сөйлеу шеберлігін, тіл

мәдениетін дамыту, сөздік қорын молайту, сауаттылыққа баулу, олардың ой-пікірін қалыптастыру.

б) тәрбиелік; елін, жерін, Отанын қадірлеуге, адамгершілікке, адалдыққа,
еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: дәстүрлі сабақ.

Сабақтың әдісі: түсіндіру, суреттеу, салыстыру, сұрақ-жауап, сөздікпен жұмыс, бағалау, бекіту, қорытындылау.

Сабақтың көрнекілігі: дид. материалдар, кестелер, кеспе қағаздары, тірек сызбалар.

Сабақтың формалары: жеке баламен, топпен, сынып ұжымымен жұмыс жүргізу.

Сабақтың типтері: ұйымдастыру кезеңі, үй тапсырмасын сұрау, жаңа сабақты түсіндіру, қорытындылау, бағалау.

Сабақтың барысы:

а) Ұйымдастыру кезеңі.

  1. Сәлемдесу.
  2. Кезекші мәлімдемесі.
    З.Журнал бойынша түгелдеу.
    Жаңа сабаққа дайындық.

ә) Үй тапсырмасын сұрау.

  1. Өткен сабақта өтілген ережені сұрау.
  2. Жаттығу жұмысының орындалу барысын дәптерлерінен тексеру.
  3. Оқушылардың берген жауаптарына карай білімдерін бағалау.

б) Жаңа сабақты түсіндіру.

Бүгінгі жаңа сабақта «Көмекші етістіктер» тақырыбы жайлы түсіндіремін.

Етістіктер білдіретін мағынасына, соған сәйкес сөйлемде атқаратын қызметіне қарай екі түрлі: негізгі етістік және көмекші етістік болып бөлінеді. Мысалы: Атасы он жасар ұл баласымен далада келе жатып, баласынан сұрады. (Ы. Алтынсарин) Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң, арқалан. Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан. (Абай) Берілген екі сөйлемде бірнеше етістік қолданылған: келе және жатып, сұрады, болма, болсаң, арқалан, тап, бар, қалан. Білдіретін мағынасы жағынан және соған (мағынасына) байланысты атқаратын қызметі жағынан бұл етістіктер бірдей емес. Кел, сұрады, арқалан, тап, бар, қалан деген етістіктер лексикалық мағынасы бар сөздер, сондықтан олар тікелей сұраққа жауап бере алады және сөйлем мүшесінің қызметін де атқара алады: басты қимыл -келу, сұрау, арқалану, табу, бару, қалану: не істеп? — келе (жатып), не істеді? — сұрады, не істе? — арқалан, тап, бар, қалан -бәрі де баяндауыш. Ал жатып, болма, болсаң деген етістіктердің лексикалық мағынасы толық сақталмаған: әрі келіп, әрі жатуга болмайды ғой, бұл жерде әңгіме жатуда емес, келуде. Сондай-ақ болма, болсаң дегендер бір жерде тұру емес. Бұлар жеке тұрып сұраққа жауап бере алмайды, сөйлем мүшесі де бола алмайды. Сөйтіп, бұл сөздер лексикалық мағынасынан айырылып, екінші сөздің жетегінде ғана қолданылады: жатып — келе жатып, болма — әсемпаз болма, болсаң — өнерпаз болсаң түрінде қолданылған.

Сөйтіп, жеке тұрып сұраққа жауап бере алатын және өз алдына сөйлем мүшесі бола

 

 

алатын толық мағыналы етістіктер негізгі етістік деп аталса, өз алдына жеке тұрып сөйлем мүшесі бола алмайтын, толық мағынасы жоқ, тек негізгі етістіктермен, есім сөздермен тіркесіп қана қолданылатын етістіктер көмекші етістіктер деп аталады. Қазақ тілінде етістіктердің біразы әрі негізгі, әрі көмекші етістік мәнінде қатар жұмсала береді. Жоғарыда берілген сөйлемдерде жатып, болма, болсаң дегендер көмекші етістік болса, Қонақтар жатып қалыпты. Сен үйде болма. үйде болсаң, жұмыс істе деген сөйлемдерде олар — негізгі етістіктер. Керісінше, айтқым келеді. Таудан асып барады дегенде келеді, барады — көмекші етістік те, айтқым, асып — негізгі етістіктер.

Қазақ тілінде тек төрт етістік қана: е (еді, екен, емес), жазда, ет, де (деп, десе, деген, дер) көмекші етістік мәнінде пайдаланылады. Бұлар негізгі етістік болып жұмсалмайды, жұмсалса да, өте сирек қолданылады. Өйткені бұлар — лексикалық мағынасынан бүтіндей айырылып қалған етістіктер. Мысалы: Оны әлі күнге өз ырқынан шығаған емес. (М. Әуезов) Асан қуанып, жұмыртқаны алайын деп еді. (Ы. Алтынсарин) Тәңірі қосқан жар едің сен, Жар ете алмай кетіп ем. (Абай)

Міне, осылайша жаңа сабақты түсіндіріп болған соң жаттығу жұмыстарын орындатамын. Алғашқы орындалатын тапсырма: 320-жаттығу жұмысының орындалу шартын түсіндіремін: Мәтінді оқып, етістіктерді табыңдар, олардың қайсысы негізгі, қайсысы көмекші екенін айтып беріңдер.

Келесі тапсырма: 321-жаттығу жұмысының орындалу шарты мынадай: Негізгі және көмекші етістіктерді ажыратып, олардың сөйлемдегі қызметін анықтаңдар.

Келесі тапсырма: 322-жаттығу жұмысының шартын түсіндіремін: Негізгі етістік пен көмекші етістіктерге тұлғалық талдау жасап, олардың қалай түрленіп тұрғанын айтыңдар.

Сабақтың қорытындысы:

  1. Сұрақ қою арқылы жаңа сабақты қорытындылаймын.
  2. Оқушылардың берген жауаптарына қарай білімдерін бағалаймын.
  3. Үйге тапсырма: өзіндік жұмыс: көркем әдебиеттерден 10 сөйлемнен тұратын мәтін жазып, негізгі етістіктердің астын бір сызықпен, көмекші етістіктердің астын екі сызықпен сызыңдар.