Мен сенің өміріңнің жалғасымын…

Тәрбие сағатының тақырыбы: Мен сенің өміріңнің жалғасымын…

 (Абай тағылымы тәрбие үдерісінде)

Тәрбие сағатының түрі: пікірталас, дөңгелек  үстел

Тәрбие сағаттың әдіс тәсілдері: ұжымдық оқыту,. Қ. Бітібаеваның «ой тастау, ойланту» әдістемелік технологиясы, талдау, сұрақ-жауап, пікірлесу.

Тәрбие сағаттың  мақсаты: Ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы оқушылардың таным, ойлау белсенділіктерін, қызығушылықтарын арттыру арқылы іздендіру жұмыстарына төселдіру.Өз бетімен ізденуге дағдыландыра отырып табандылыққа тәрбиелеуге түрткі жасау.

Көрнекіліктер:  слайдтар, видеоролик, Макет, портреттер, Абайдың өлеңдер жинағы, Қ.Бітібаеваның кітаптары.

 

Тәрбие сағатының барысы:

 Ұйымдастыру.

Мақсаты: оқушыларды тәрбие сағатына жұмылдыру, жағымды көңіл-күйлерін туғызу.

1.Өз мақсаттарын айқындау, ортаға салу.

Балалар бүгінгі тәрбие сағатына қандай мақсат қойып келіп отырсыздар.

Олай болса, сабағымызды бастамас бұрын, алдымен тақырыпқа назар аударайықшы. Қалай ойлайсыңдар, бұл тақырыптың астарында не жатыр, мағынасы қандай.

Ендеше мына бір ой толғаумен сіздерді таныстырайын.

  • «Мен сенің өміріңнің жалғасымын» тақырыбында ой толғау оқу.
  • Оқылған ой толғаудан қандай әсер алдыңдар. Ой толғау тақырыбы кіммен байланысты. Демек, біз бүгінгі тәрбие сағатымызда Абай дәстүрін жалғастырушы ұрпақ жайында сөз қозғаймыз.

Әдіс-тәсіл: сұрақ-жауап, әңгіме, пікірлесу әдісі, мәнерлеп оқу.

 

I кезең.

Абай мұрасы – тәрбие көзі.

(ғылыми хабарлама оқу)

Мақсаты: Абай тағылымы негізінде оқушыларды ұлтжандылыққа, табандылыққа, еңбекқорлыққа, өз беттерімен іздендіру жұмыстарына баулу. Ғылыми ізденіске жетелеу.

І хабарлама: Абай қарасөздерінің тәрбиелік мәні.

ІІ хабарлама: Абай – жастарды тәрбиелеу мәселесі жайында.

ІІІ хабарлама: Абай – отбасы және бала тәрбиесі.

 

 

Абай – жастарды тәрбиелеу мәселесі жайында

 

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.

Бүкіл өмірін елінің көкірек көзі – сауатын ашып, жетелеуге арналған ұлы Абайдың еңбегін бағалағанда алдыңғы орында оның бүкіл халықтық ұстазы болғандығы тұрса заңды деп білемін. Өйткені күні бүгінге дейін жасөспірімнен ересектерге дейін, оқушылардан ғалымдарға дейін оның шәкірттері болып, мұрасынан сусындауының өзі соның бір айғағы.

Ұлы ұстаздың ағартушылық көзқарасының алтын діңгегі – адам тәрбиесі, содан туындайтын бүкіл халық тәрбиесі. Қазақ халқының болашағы оның өз бетінше ел болуына, саяси бостандыққа қол жеткізуге, экономикалық және мәдени кешеулерден шығуына, қараңғылық пен кедейшіліктен құтылуына апаратын бірден-бір жол бүкіл елдің сауатын ашу, жастарды адамгершілікке тәрбиелеу, өнер мен еңбекке баулу деп анық айтты. Ақыл-ойдың, сауаттылықтың дамуы үшін дүниеге шын көзбен қарап нақтылы сезінудің қажеттілігін барынша қорғап бақты. Әрбір жас адам ақыл-ойдың, мидың, жүрек пен сезімнің күшін пайдаланып, өз елінің «кетігін» бітейтін «кірпіш» болса деп армандады. Сонда адам мұраты мен халық мүддесін ұштастыратын жастар тәрбиесіндегі басты нұсқа қандай десек, ұлы ақын: «ақыл сенбейтін іске сенбе, ондай іске кіріспе, әуелі білім, ғылым өнер жолын таңдап алып, «естілерден үлгі ал, еңбекпен ғана мал тап » деп жол сілтейді.

Ұлы ұстаз жан-жақты, кемел тәрбиелі адам ғана «толық адам» санатына қосылады деп есептейді. Ал кемелдікке жетудің тура жолы – адам бойында имандылық қасиеттердің туындауынан басталады. Тәрбиенің қалған түрлері – адамгершілік, ақыл-ой, еңбек, дене тәрбиесі, бәрі де осындай мұсылмандыққа ден қойған жасты бойына тез үйіріледі деп пайымдайды. Абай қоғамның тәрбиесі жеке адамнан басталатынын көрсетеді. Өйткені «адам түзелмей заман түзелмейді» деп ашық айтып, тобырдың ішінде тұлға жүрмесе мәнінен айрылатынын меңзеп, «не болды өңкей нөл» деп налыды.

Абай туындыларында басты орында еңбек тәрбиесі тұрады. Ол еңбекпен келген табыстың адал да дұрыс жолға бастайтынына кәміл сенеді, ал еңбекпен, саналы оймен, ақылмен істелген іс қана нәтижелі болады деп санайды. Оны:

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап, —

деп жырлайды.

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім» атты өлеңінде ақын балаларын оқытуды өзгелерге үлгі етіп ұсынады. Осында айтылатын ұстаз ойының бүкіл мақсаты бүгінгі заман жастарына да тікелей қатысы бар десем артық кетпеймін. Қазіргі нарық қыспағына қарамастан, «Интернатта оқып жүр» өлеңіндегідей, «жаңа өспірім, көп өрім», «талай қазақ баласының», жоғарғы оқу орнына түсуге талпынысы азайған жоқ. Бірақ көпшілігінің мамандық таңдаудағы ой-өрісі Абай заманындағы баяғы заң, баяғы сот, билік айтар тұстан аса алмай келеді. Оған енді келіп нарық заманының бизнесмен, маркетинг, менеджмент сияқты «модный» мамандықтары қосылады. Ал бүкіл ел экономикасының негізін құрайтын ауыр және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығына қажет, материалдық дүние өндіретін салалардың инженер-технологтары мен агрономдарын «таңдауды» орташа оқығандардың үлесіне қалдырып отырған жоқпыз ба? Үміт артар жастарымыздың бәрі бірдей тойшы болса, қойшы кім болмақ?

Ақын өз шығармаларында адамды біртұтастұлға ретінде қарастырады. Оның ішкі рухани дүниесінің, жүрек – сезім, сана – ақыл-ой, қайрат ерік күшінен тұратындығын көрсетеді. Мәселен, ол «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті; ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Сол себепті тәрбиелік іс-шаралар ең алдымен осы үшеуін дамыту, тәрбиелеу, қалыптастыруды нысана етіп алса, бұл процесс адамның табиғатына сәйкес және күнделікті тұрмысқа да іске асар еді.

Ол өз шығармаларында халық ішіндегі қарны тоқтарға, қайғысы жоқтарға, рухани азықты ұмытқандарға, еңбексіз мал тауып, біреудің есесінен байығысы келетіндерге, тоғышарлық өмірдің, думан-тойдың қызығына белшесінен батқандарға, жағымпаздықпен, жаламен ұлықтардан мақтау алғысы келетін шен-шекпен құмарларға қарсы күреске аттанды.

Наданға арзан, ақылды құлаққа ілмек.

Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек, —

дейді Абай.

Ұлы ағартушы өз айналасында болыпжатқан барлық әділетсіздікті, өтірік пен алдауды, жаулықты, надандылық пен қараңғылықты көрді, мұның бәрі қазақ халқын орға жығады, жас ұрпақтардың тәрбиесіне теріс ықпалын тигізеді деп білді, ал ұлы ағартушының бар үміті – жастар еді, сондықтан ол халықты, әсіресе жастарды адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеу жолында күресіп, бар дауыспен қараңғылыққа, ескілікке қарсы майданға шықты.

Ол жастарға пайдалы кәсіппен шұғылдануға кеңес береді, мұндай кәсіптің материалдық жағынан да, рухани жағынан да адамға берер игілігі көп деп біледі. Қастаншыл, жікшіл болма, бос белбеу іссіздіктен, қамсыздықтан бойыңды қашыр, ерінбей еңбек істе – міне ұлы ағартушының айтқандары осындай. Осы жөніндегі ойын ол «Сегіз аяқ» деген өлеңінде былай баяндайды:

…Еңбек қылсаң ерінбей,

Тояды қарның тіленбей

Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап, мал ізде.

Адал бол, бай тап,

Адам бол, мал тап,

Қуансаң, қуан сол кезде…

Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық,

Аздырар адам баласын,

Таласып босқа,

Жауболып досқа,

Қор болып, құрып барасың;

Өтірік шағым болды ғой,

Өкінер уақытың болды ғой…

 

 

Абайша айтқанда да, еңбек сүйгіштік – адамгершілік қасиет, сол себепті адам болғысы келетін жанның бәрі де адал еңбек істеулері керек. Тек еңбек қана адамды адам етеді, материалдық молшылық жасайды, рухани қайрат береді.

Абай былай дейді: «Егер еңбек етпесең – онда сен телмірумен өтесің, қарыныңды да, көңіліңді де жұбата алмайсың. Тек еңбек қана саған абырой мен құрмет әпереді. Еңбекте кірлі жұмыс жоқ, несімен болса да бой тартпа.»

Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,

Еңбек қылмас еріншек адам болмас.

Есек көтін жусаң да мал тауып кел,

Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас.

Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас.

Сұм нәпсің үйір болса тез тыйылмас.

Зиян шекпей қалмассың ондай істен,

Мал кетер, мазаң кетер, мал бұйырмас.

Асаған, ұрттағанға өз жұбанар,

Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,

Қардың суы сықылды тез суалар.

Әралуан қолөнершілік, егіншілік пен оқу, білім алу – осының бәрін Абай нағыз пайдалы еңбек деп санайды. Осылармен шұғылдануға юастарды шақырады да.

«Жас өспірім замандас қапа қылды» (1894) деген өлеңінде ақын жастардың бір бөлігінде сабыр, ар жоқ, аял жоқ, өнерлі іске икем жоқ деп мазаланады. «Жамандық, жақсылықпен оған бір бәс» — дейді ол. Олардың пайдалы еңбекке қабілетсіз, білімге ынтасыз екенін, еңбек емес, еппен тұрғысы келетінін айтады.

Ол қорқақты шенейді, олар әдетте жалқау, дәрменсізболады дейді. Қорқақтық – қайратсыздық белгісі. Батыл, ер болу үшін, дейді ол, күшті қайрат пен берік мінез керек.

Қайрат пен ақыл жол табар,

Қашқанға да, қуғанға.

Әділет шапқан кімде бар,

Сол жарасар туғанға.

Ерліктен бәрі – тапқырлық та, батылдық та, сабыр да шығады дейді Абай.

Сабырлы, табанды болу – ер, мақсатшыл адамның сапасы. Абай қазақ жастарын қиын кезеңде, ғылым жолында кездескен алғашқы сәтсіздік үстінде күдер үзбе, талаптың сұңқарын мініп, тас қияға өрле, мұратыңа жетпей тынба деп баулиды.

«Адамзаттық бәрін сүй бауырым деп» деген жолдардан халықтар достығы ақын үшін қатар өмір сүрудің жалаң дипломатиясы ғана емес, тіршіліктің негізгі мақсатын айқындайтын ұлы мұрат екені көрінеді. Ақын көзқарасын қазіргі тілге салсақ, өзге елдермен достық қарым-қатынаста, ынтымақтастықта болу саясаты біздің ел болып қатарға қосылуымыздың алғы шарттарының бірі. Өзге өскен ел не істесе соны істе, ғылымын, мәдениетін меңгер дейді Абай.

Ал «Бірің қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» — деген сөздері шын мәнінде ұлт болып ұюымыздың негізгі шарттары. Өз халқымыздың мүддесі үшін күресте достық, татулық, бірлік керек пе? Керек. Ендеше, Абай сөздерін тереңірек ұғынып, онымен өзгелерді ұялтуға емес, өзімізді өзіміз ұялтуға тырысайық.

 

 

 

 

 

Абай отбасы және бала тәрбиесі туралы

 

Ұлы педагог А. С. Макаренкко: «Адам  мінезін қалыптастырып, тәрбиелеуде отбасы қоғамдық рөл атқарады» деген болатын.

Халық өздерінің мақал- мәтелдерінде  «Ұяда  нені көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп, адам келешегі отбасындағы тәрбиеге байланысты философиялық  ұғымды білдіреді. Бала дүниеге келген күннен бастап оны оқытып, тәрбиелеуде ананың рөлі айтарлықтай. А. М. Горький: «Дүниедегі жақсылық атаулы күннің нұрымен, ананың сүтімен адамның бойына сіңеді»-деп текке айтпаған.

Халықтық, педагогикалық  дәстүрді зерттеуші ғалым: Г. Н. Волков: «Жас жеткіншекті  тәрбилеуде, арине барлық адамдар бірдей қызмет етуі мүмкін емес. Отбасындағы бала тәрбиесінде бірінші орынды анасы мен әкесі, сонан соң әжесі мен атасы алады»-деп орынды сынап өткен.

Енді тәрбиедегі отбасының рөлі туралы Абай былай деп көрсетті. Ол жастардың надандық пен топастық, азғындық пен бойкүйездіктің мерезді мен уландырмай сақтап қалуда ата-ананың, отбасының , ерекше орын алатындығын айта келіп, өз баласын орынсыз ерке, қылжақпас етіп өсіретін аамдарға қатты наразылық білдіреді. Салғырт, бос буын, суайт, даңғой, дөрекі, ұстамсыз, есерсоқ болуды осындай кесір тәрбиенің салдары дейді ол. Бұл жөнінде өзінің «Оныншы сөзінде»: Баланың жақсысы- қызық, жаманы – күйік, өз күнәңді өзің көтергеніңмен тұрмай, баланың күнәсінә тағы да ортақ боласын.

Әуелі балаңды өзін алдайсың: « Әне оны берем, міне, мұны берем»-деп.  Басында балаңды алдағаңына бір мәз боласың. Соңында балаң алдамшы болса, кімнен көресің?

Біздің арманда әлі күнге дейін Абай айтқан ақыл-кеңесті ескермейтін, не ескерсе де оңан мән бермейтін ата-аналар кездесіп қалады. Мысалы, ондайлар балаларын жастайынан еңбек етуге, еңбекті ерте білуге баулудың орнына олардың құлағының құрыш етін илеп, босқа елпілдейді. Баласы бір нәрсе істегісі келіп талпынса-ақ болды, «Бұл сенің қолыңнан келмес, жаным, үлкейгенде істейсің гой» деп жолын кес-кестейді. Арине, мұндай пікірді дурыс деуге болмайды. Олай болса, ұлы ақынның осы айтқанымызға орайлас келетін ақыл-кеңес, өсиеттерін үнемі еске алып, жас буын тәрбиесінде оларды ретімен пайдаланып отырғанымыз абзал.

И. Г. Песталоции: Бала тәрбиесі, оның дүниеге келген күнінен бастау керек. Баланың дүниені түсінуі отбасында басталып, мектепте әрі жалғастырылуы шарт» — деген қағиданы ұсынады. АБай жастарды тәрбиелеудің әр алуан жолдары мен тәсілдерін ен алдымен үй ішінде, мектепке тәрбиелеудің жолдарын көрсетті. Балалардың дүниеге көзқарасы мен мінезінің қалыптасуына отбасының аса зор ықпалын еске ала отырып ол ата- аналарға ең алдымен өздерін дұрыс тәрбиелі болыңдар деп талап қояды. «Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ» отбасында, елде ортада жаң сүйсінер жаңалық, жарқ еткен жақсылық бар дегенге кім сене қояр екен»-деп отырып Абай, жастарды бірлікке, бауырмалдылыққа, достыққа тәрбиелеуге шақырады.

II кезең.

Мен сізге еліктеймін…

Мақсаты: Абай хакімнің бойындағы ұлтжандылық, табандылық, білім-ғылымға деген қасиеттерін үлгі ету.

(Абайтану мәселесі төңірегіндегі төл пікірлер.

«Абай және Мен»)

Сурет, портреттер арқылы топқа бөлу.

 

 

 

 

 

 

“Қазақтың бас ақыны Ұлы Абайдың өлген күнінен қаншама алыстасақ, рухына соншама жақындаймыз. Халқымыз үнемі бұл күйде тұра бермес, ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен күнге артар. Халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар…” деген екен

Міржақып Дулатов.

 

“Абай – қазақ халқының рухани көсемі” деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев. Абай расында халқымыздың рухани көсемі. Абай қашанда қазақ халқының рухани ұлы көшінің басында. Абай сөзі, Абай әндері мәңгі жаңғыра, жаңара бермек. Сүйегі Жидебайда жатқанымен, оның жырлары әсем Астана төрінде күн сайын айтылып, әндері күн сайын шырқала беретініне күмән жоқ. Абайды құрметтеу – өзіңді құрметтеу, Абайды қастерлеу – ұлтыңды қастерлеу деген сөз. Мұның бәрі де Абайға емес, бүгінгі өзімізге, жалпы қазаққа, келешекке керек әңгіме.

 

  • Қай ғалымның пікірі өздеріңе ерекше ұнады? (Оқушылар өз пікірлерімен жалғастырады.)
  • Елбасының Абай туралы тағылымында қандай даналық жатыр?

 

Сергіту сәті: Абай Құнанбаев «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындау.

 

 

ІII кезең.

Қазағымның Хан апасы және  Абай

(Макет презентациясы.)

Мақсаты: Оқушыларға Қ.О.Бітібаеваның ұстаздық еңбек жолындағы жан-жақты дамыған жеке тұлға қалыптастыруға қосқан үлесін, Абай хакімнің шығармаларымен немесе өмірімен байланыстыра отырып еңбексүйгіштікке баулу.

Осы мақсатқа сай жұмыстың алдына мынадай міндеттер қойылады:

-Екі тұлғаның өмірі мен еңбек жолы арқылы оқушылардың өмірлік мақсатын қалыптастыру.

-Ұстаздың еңбек жолына жеткен жетістіктерін үлгі ету.

Үй тапсырмасы бойынша топқа бөліну:

Iтоп: Қазақтың Хан апасы

IIтоп: Абайдың ақындық мектебі

IIIтоп: Абай әндерін орындаушылар

IVтоп: Абайтанушы ғалымдар

Сұрақ жауап: Өздеріңе кімнің жұмысы ерекше ұнады? Несімен ұнады?

 

IV кезең.

Қорытынды

Өзін-өзі бағалау. Бағалау, коррекция.

Тәрбие сағатына дейін алған әсерімТәрбие сағатынан кейін алған әсерім

 

Бүгінгі тәрбие сағаттан түсінген оқушыға Абай бабамыз айтқандай: көкірегі сезімді, тілі орамды жастар үшін өмірлік тәрбие, яғни рухани байлықтың көзі.

Абайдың толғаныстары ой-пікірлері әлем ойшылдарымен үндесіп жатады.