Спортпен айналысу денсаулық пайдасы

292

Тақырыбы: Спортпен айналысу денсаулық пайдасы

Мақсаты: 1) денсаулықты күту , оның адам өмірі үшін маңызын білу, пайдалы кеңестермен танысу

2) оқушының шығармашылық қабілетін, тілін, есте сақтау қабілетін дамыту;

3) эстетикалық тәрбие беру.

Көрнекілігі: спортшылар туралы альбом,газет, спортшылар портреті.

         Барлық оқушы спорт киіммен, ортаға музыка әуенімен шығады.

1-жүргізуші:

Еріншектен салақтық

Салақтықтан надандық…

Бірінен бірі туады,

Жоғалар сөйтіп адамдық.

Еріншек таза жүре алмас.

Қаракет жоқ, ғылым жоқ.

Өз бойынан ұялмас,-деп Шәкәрім айтқанындай бүгінгі біздің әңгімеміз денсаулық туралы.Ол үшін қандай іс-әрекет ету, жаман әдеттен аулақ болу туралы атқымыз келеді.

2-жүргізуші: Дұрыс айтасың, достым!

«Деніміз сау болу үшін қозғалу керек. Денсаулыққа тек дене шынықтыру арқылы ғана жетуге болады» деген екен әйгілі ғалым Н.М. Амосов.

         Дене шынықтыру адам ағзасын дамытып, жұмыс істеу қабілетін арттырады, ауруды алыстатып, өмірді ұзартады.

         Дене тәрбиесі сабағында біз жаттығу кешендерімен- жүгіру, секіру ережелерімен таныстық. Оларды үнемі орындап жүрсек, біз епті боламыз. Денсаулығымыз нығайып, түрлі ауруларға қарсы тұра алып, бұлшық еттеріміз дамиды.

1-жүргізуші: Рас айтасың, достым ендеше біздің сыныптың оқушыларының қандай іспен шұғылданатынын іспен көрсетсек қайтеді.

1-оқушы: Мен сендерге бокс туралы түсінік берейін.

         Бокс-бұл арнайы қолғап киіп айқасатын екі адамның жекпе-жегі. Бокстық жекпе-жек әрқайсысы үш минутқа созылатын 3 сайыстан тұрады.

2-оқушы: Қазақстанның бокс чемпиондары жайлы айтып таныстырады. (Ермахан, Бекзат, Мұхтархан т.с.с)

3-оқушы: Гимнастика грекше «гимнос», яғни «жалаңаш» дегенді білдіреді. Гимнастиканың бірнеше түрі бар. Олар: ертеңгілік гимнастика, өндірістік гимнастика, емдеу гимнастикасы, спорттық гимнастика. Спорттық гимнастика шеберлері әр түрлі гимнастикалық жабдықтары:  қос білекті жұмыр ағашта, турникте, ағаш ат пен кілем үстінде жаттығулар жасайды.

4-оқушы: Күрес- спорттың ең байырғы түрі. Күрестің бірнеше түрі бар.  Класикалық күрес (қарсыласының жауырынын жерге тигізу немесе  ұпай санымен жеңу), еркін күрес,дзюдо күресі, самбо.

5-оқушы: Спорт түрлеріне өзіміз білетін футбол,коньки, сырғанау, т.б жатады. Қазақтың ежелі спорт  ойындары-бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, тоғызқұмалақ т.б.

2-жүргізуші: Достарым, «Қыз қуу» ойынын ойнасақ қайтеді? Біз бүгін атпен жарысып емес, мақал айтып жарысайық.

1-жүргізуші:Спорт түрлеріне байланысты білетін өлеңдер айтсақ қайтеді? Өлеңді мәнерлеп айту да өнер ғой.

6-оқушы: (футбол добын қолына алып)


Далаға шық, бол,

Ойнаймыз футбол.

Шынықсын аяқ,

Қатайсын нық қол.

Жақсы ойын футбол,

Ұнайды, ұт мол.

Қақпанның алдында

Күштіге жұп бол!

7-оқушы: (жеңіл атлетика)

Болам десең желаяқ,

Жан аямау керек-ақ!

8-оқушы: (күрес)

Палуан болу оңай ма,

Қажет оған көп айла.

Сол үшін біз аянбай,

Көп күрестік көкалда

9-оқушы: (гимнастика)

Әсем мүсін асқан ол,

Жай оғындай от, алау.

Әсемдікке бастар жол

Гимнастика екен-ау.

10-оқушы: (баскетбол)

Біздер шымыр, жүйрік те,

Допты торға тоғыттық.

Еп қана емес, бірлік те,

Допты торға тоғыттық.

Еп қана емес, бірлікте,

Керек екен- соны ұқтық.

11-оқушы:                    

Қақпанға туралап,

Теп допты оң аяқ.

Қақпаға туралап,

Теп допты сол аяқ.

Оң, аяқ сол аяқ,

Жаттығу оңай-ақ.

Тік ұста бойыңды,

Жоғары соз қолыңды.

Соз қолыңды тағы да,

Жеткіз сырық мойнына.

Сағаттың тіліндей

Иіліп солға бір.

Сағаттың тіліндей

Иіліп оңға бір.

Сағатқа қарап ап,

Жаттығу оңай-ақ.

12-оқушы: Ал мен мынадай жаттығу жасауды ұсынамын.

Ерте, ерте, ертемен,

Менде өзімше тер төгем.

Айтып жүріп өлеңді,

Сергітемін денемді.

Жалқаулыққа берілмей,

Күнде-күнде ерінбей,

Жаттығамын, жүремін,

Өйткені мен білемін.

13-оқушы. Мен де сендерден қалмаймын.

Теңізші болып егер де,

Жүзем десең тереңде.

Белден кешіп мұз-қарды,

Кезем десең шыңдарды.

Арманың боп аспан-көк,

Болам десең ғарышкер.

Шарлау үшін әуені

Қуат керек әуелі.

Мен ағайдан соны ұққам,

Жалықпастан сабақтан.

Шынықсын деп бұл денем,

Жаттығамын күнде мен.

2-жүргізуші. Кім тағы қандай жаттығу біледі?

Бірнеше бала шығып, өлең жолдарын айтып тұрып  жаттығу жасайды.

14-оқушы:

Екі елек елеңдеп,

Екі жақта тұрады.

Теннистен жеңем деп,

Допты үстелге ұрады.

15-оқушы:

Хоккей, хоккей,

Мұз айдынның

Қызығы ғой қыстай бір.

Құлап бара жатып та,

Ұшып бара жатып та.

Таяғыңды ұстай біл!

Алыстан да соқ мейлі,

Жақыннан да соқ мейлі.