Ана тілім – бал тілім

69

Тақырыбы: Ана  тілім – бал тілім

Мақсаты: Балаларға  Қазақстан мемлекеті  жайында, қазақ тілі жайында, толық  түсінік беру. Балалардың сөйлеу қабілетін арттыру. Балалардың  отансүйгіштік, патриоттық  сезімін  ояту.

Көрнекіліктер: Қазақстан Республикасының рәміздері, Астана қаласы жайында альбом, буклет  және  оқулық.

Тәрбиеші: Балалар, біз тәрбие сағатын  бастамас бұрын, өзіміздің  мемлекеттік  әнұранымызды  орындайық. (Әнұран  орындалады.)

Арайлап  таң атты,

Алтын  сауле таратты,

Жарқырайды күніміз,

Жарқырайды даламыз.

Қайырлы таң, балалар!

Қайырлы  таң қонақтар!

—   Балалар, сендер таңертең ұйқыдан оянғанда терезеден нені көресіңдер?

— Күнді, күннің жарқыраған нұрын көреміз.

— Күннің көзін көргенде сендер қалай  қуанасындар?

— Алақай  деп қуанамыз! (Қол  шапалақтау)

— Далаға  шыққанда жоғарыдан не көреміз, төменнен  не  көреміз?

— Жоғарыдан  аспан, күнді, бұлтты, төменнен  жерді, суды, шөпті көреміз.

— Ендеше  біз де аспанға, жерге, күнге және көруге  келген қонақтарға  сәлем беріп, қарсы алайық!

-Қуан  шаттан,  алақай!

-Қуанатын  келді күн!

-Қайырлы  таң, қайырлы күн!

-Күліп шықты  күн  бүгін!

-Сәлеметсің бе? Есенсің бе! Амансыз ба?

-Бәріміз күндей  жарқырайық!

-Бәріміз  дос болайық!

-Бәріміз тату  болайық!

-Балалар, біздің жеріміз, суымыз және орман-тауымыз, өмір  сүретін  ортамыз  бәрімізге ортақ.

-Осыны ешқашан  естеріңнен  шығармаңдар!

-Жарайсыңдар   балалар,  орындарыңа отырып жайғасындар.

Алдымен өткен тәрбие сағатын  қайталаймыз.

-Балалар, біз күз  мезгілімен  танысқан  болатынбыз, кәне кім  айтып  береді?

-Қазір жылдың қай  мезгілі екен?

-Қазір жылдың күз  мезгілі.

 

-Күз  мезгілінде ауа-райы  қандай  болады?

-Ауа-райы  салқын  болады.

-Жапырақтардың  түсі  қандай  болады?

-Сары,  қоңыр, сарғыш болады.

-Балалар,  неге біз  күз  мезгілін жомарт  күз,  алтын  күз дейміз?

-Себебі,  күзде астықтың  барлығы  піседі,  жемістер  және  көкеністер  де  піседі.

-Жарайсыңдар  балалар.

-Балалар  бүгін  қандай  мереке?

-Бүгін  «Тіл»  мерекесі.

-Дұрыс  айтасйңдар, бүгін «Тіл» мерекесі.

Ал  бүгінгі тәрбие  сағатынын тақырыбы  «Ана  тілім — бал  тілім» —  деп   аталады.

-Балалар, біз  қай  мемлекетте  тұрамыз?

-Қазақстан  Республикасында  тұрамыз.

-Балалар, Қазақстан  Республикасының елордасы  қай  қала?

-Астана  қаласы.

-Қазақстан Республикасының  рәміздері  нешеу?

-Үшеу.

-Кәне  кім  маған  атап  береді?

-Елтаңба,  көк ту, әнұран.

-Елтаңбаның  суреті,  пішіні қандай?

-Дөңгелек,  екі  шетінде  қос  тұлпар,  ортасында  шаңырақ, астында  Қазақстан  деген  жазуы бар.

-Ал  тудың  түсі  қандай?

-Көгілдір,  пішіні  тік  төртбұрыш,   ортасында  күн  сәулесі, астында  қыран құс,  шеті  өрнекпен өрнектелген екен.

-Балалар біздің  ұлтымыз  қалай  аталады?

-Қазақ  деп  аталады.

-Біз  қай  тілде  сөйлесеміз?

-Қазақ  тілінде  сөйлесеміз.

-Жарайсыңдар  балалар,   сендер  еліміздің  рәміздерін  жақсы  білгендіктеріңді   таныттыңдар.

Тосын  сәт. Әже  мен қоян кіреді.

-Сәлеметсіңдер ме,  балалар?

-Біз  орманнан сендерге  арнайы  келіп  отырмыз.

-Мына  менің  көжегім  орманнан  жапырақ  теріп  алыпты, олар жай  жапырақ  емес екен,  сиқырлы  екен.

-Кәне, мен  көрейінші,  қандай  жапырақ екен,  ой  балалар, бұл  жапырақтың  астында  жазулар  бар  екен.

1- жапырақтың  астында  Қазақстан  Республикасы  жайында  өлең шумақтар  айтып  беріңдер – деген тапсырма  жазылыпты. Қане, кім тақпақ айтады?

 

 

Серік:

Аспанды  жас кәріміз  де,

Туған  жер  деп  сүйеміз,

Өйткені  онда  бәріміз де,

Туып  өмір  сүреміз.

Карина:

Асқар  тауым – Қазақстан

Әсем  әнім – Астанам,

Қазақстан – отаным  деп,

Әрқашан да  мақтанам.

Сабина:

Қазақстан  жері – сәніміз,

Мәуесі мол  бағымыз,

Саясында  жетілер.

Балдай  бала  шағымыз.

Ал  мына  жапырақта не  жазылған  екен. Отан туралы мақал-мәтелдер айтып  беріңдер – деп жазылыпты.

Наташа:

Отан – оттан  да   ыстық.

Отансыз  адам – ормансыз бұлбұл.

Аман:

Жері  байдың – елі  бай.

Өнерлі  елден-өнерлі ұл-қыз  шығады.

Сиқырлы  жапырақтағы  тапсырмалар  жақсы  орындалған  соң сандық ашылады. Сандық  толған  жеміс-жидек  екен.

Сергіту  сәті.

Орнымыздан  тұрамыз,

Бойымызды  жазамыз.

Бір  отырып,  бір  тұрып,

Орнымызға  барамыз.

Қорытында: Балалар  сұрақ қойып,  жауабын  толық  алу арқылы,  қорытындылап, мақтап-мадақтау  айтылады.