Қош, бастауыш!

Тақырыбы:          Қош, бастауыш!

 Мақсаты:             Оқушылардың үйренген білімдерін ортаға салу.Алғашқы ұстаздың

адам өміріндегі алатын орны туралы ұқтыру.Әр оқушының өзіндік

ерекшеліктерін дамыту.Оқушыларды өнерге, еңбексүйгіштікке,

адамгершілікке  тәрбиелеу.

Көрнекілігі:           Оқу-білім туралы нақыл сөздер,фотостенд,шарлар,гүлдер.

Барысы:                І.Ұйымдастыру.

Мұғалім:  Қайырлы күн,құрметті ата-аналар,ұстаздар,балалар ! Бастауыш әлеміндегі дәстүрлі мерекенің бірі асыға күткен күн-бастауышпен қоштасу салтанатына қош келдіңіздер ! Төрт жыл бойы сіздермен бірге білім сатысымен қадам басып,алға қарай көтерілдік.Осы төрт жыл бойы алған білім мен өнерімізді ортаға салып,есеп беретін «Қош,бастауыш !»атты мерекелік ертеңгілігімізді ашық деп жариялаймын.

І жүргізуші:         Армысыздар,мұғалімдер,әз жандар,

Білім іздеп, инемен құдық қазғандар.

Өнер деген үлкен жолда тарландар,

Бүгінгі күн қоштасады бастауышпен балбұлақ.

Әні менен жырына,тарландарым сал құлақ.

Кеше сәби,бүгін міне,жас ұлан,

Лаулап жансын,болашағың шамшырақ.

ІІ жүргізуші:        Қош келіпсіз,ақ жаулықты аналар,

Жүздеріңнен мейірім мен нұр тамар.

Алдарыңда жауқазындай құлпырған,

Біз алаңсыз балғын шақты балалар.

Қош келіпсіз,өр тұлғалы әкелер,

Қыран құстай болашағын мәпелер.

Бүгінгі күн бастауышпен қоштасады,

Азамат боп кешегі сәби-еркелер.

 

I жүргізуші:            Есімде ұстаздың алғаш қарсы алғаны,

Айқара есік ашып тастағаны.

Бір мереке думан боп осы маңда,

Жетелеп бір сыныпқа алып барғаны.

ІІ жүргізуші:           Енді міне,сағымдай боп өте шықты,

Жыл уақыт аз ба екен,кім біліпті.

Ұстаз Ана жасады мына бізден,

Ел таңғалар азамат бір-бір мықты.

Жүргізушілер:         Қош келіпсіздер,құрметті қонақтар !

І-жүргізуші:              Ұстаз ! Осынау сөзде қаншама мән-мағына жатыр десеңізші.Ғылым иесі ғалым да,ел қорғаған батыр да,тілінен бал тамызған ақын да,тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да-бәрі-бәрі ұстаздан білім алған.Сондықтан ұлағатты ұстаздар,сіз-          дерге бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.

ІІ-жүргізуші:             Шашу,шашу,шашайық,

Ақ сандықты ашайық.

Бұл мереке, бұл тойдың,

Бастаңғысын жасайық.

/   Әжелер   шашу   шашады.  /

І-жүргізуші:               Құрметті қонақтар ! Сіздерді 4 «А» сынып оқушыларының дайындаған  «Қош,бастауыш !» атты мерекелік шарасын тамашалауға шақырамыз.

Ортаға  Хан,Ханшайым,уәзірлер шығады.

І-Уәзір:                  -Уа,халайық ! Бүгін біздің сарайда үлкен той өтіп жатыр.Осы тойға қош келдіңіздер !

ІІ-Уәзір:                -Бұл тойға әр патшалықтан қонақтар шақырылды.

Хан:                      -Армысыздар, халайық !

Ханшайым:          -Бүгінгі біздің білім патшалығына қош келдіңіздер !

Хан:                        Жақсы білім көрімдік,

Болсын бізге халайық.

Не үйреніп,не білдік,

Кәне,ортаға салайық.

І-Уәзір:                -Уа мәртебелі хан ием!Тойға шақырылған қонақтарымыздың бірі тіл патшалығынан келіп тұр.Оларды ортаға шақыруға рұқсат беріңіз.

Хан:                     -Рұқсат!   Кірсін!

Ортаға тіл патшалығының қонақтары шығады.

-Құрметті хан ием! Біздер тіл патшалығынан келіп тұрмыз.Бүгінгі мерекеге арнап өзіміздің өнерімізді көрсетсек деп едік.Соны бастауға рұқсат етіңіз.

Хан:                     -Бастаңдар!     Тамашалайық!

-Ал,балалар,бар өнерімізді ортаға салайық.Қандай нақыл сөз,ырым-тыйым,мақал-мәтелдер білеміз.Қане,айтып көрелік.

Оқушылар ана тілінен,қазақ тілінен алған білімдерін көрсетеді.

-Уа, хан ием!Халық ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі-айтыс.Келесі көрсететін өнеріміз-айтыс.Айтысты бастауға рұқсат беріңіз!

Хан:                       -Рұқсат!     Бастаңдар!

Тіл патшалығынан келіп тұрған Қажыс пен Нұрсерік айтысады.

Қажыс:  Ассалаумағалейкум,армысыздар,

Ұстаздар,ата-ана,ұл мен қыздар.

Бүгінгі мерейлі той құтты болсын,

Ағайын аман-есен бармысыздар.

Нұрсерік: Әріптес,амансың ба,қалың-қалай,

Салатын бүгінгі күн әнің қандай?

Дұрыстап өткізейік бұл айтысты,

Бекерге кеудемсоқтап дарылдамай.

Қажыс:       Алысқа шырқап шыққан дауысыңыз,

Әрқашан өршіл болсын табысыңыз.

Айта отыр сыныбыңда қандай екен,

Ел-жұртқа мақтанатын табысыңыз.

Нұрсерік: Елім бар өз салты мен ғұрпын баққан,

Айтыста талай-талай жыр тыңдатқан.

Егер де айта берсек көп қой бізде,

Игі іс бір-біртіндеп бітіп жатқан.

Қажыс:        Жастармыз көп үлгіге қарап өсер,

Соңынан сын көзімен санап терер.

Қазақша сөз сөйлесек кей оқушы,

«Не знаю» деп орысша жауап берер.

Нұрсерік:        Беріңдер бізге үлгі пайдаланар,

Өссін де атасына сай балалар.

Шалақазақ үлкендерді көргеннен соң,

Балалар шүлдірлемей қайда барар.

Қажыс:           Байқадым,біздің қазақ ақынға бай,

Кетіп жүр басқаларда хақың қалай?

Үлкендерді қоя тұрып,Нұрсерік досым,

Айтсаңшы,сабақ қалай,оқу қалай?

Нұрсерік:      Шырқайын топ алдында жас қырандай,

Кінәмді мен отырмын жасыра алмай.

Айтысқа аяқ басып әрең келдім,

Тоқсанда үш төрттікті «бес» қыла алмай.

Қажыс:    Ақынның мықтылығын халық көрер,

Қашан да мықты болсаң шабыт берер.

Апайларды қайта-қайта мақтай берсең,

Тоқсандыққа бір-бір бестік қойып берер.

Нұрсерік:    Отырсын  тілегіміз орындалып,

Айтысып жүрейік те шабыттанып.

Ризамын,Қажыс,сіздің сөзіңізге,

Кәнеки,қояйыншы қолыңды алып.

Хан:                         -Бәрекелді, жарайсыңдар !

Ханшайым:             -Өнерлерің үстем болсын.

Оқушылар кезекпен тақпақтарын айтады.

1-оқушы:                   Ұстаз деген қасиетті адам бар,

Біле білсең,сенің екі анаң бар.

Бірі-сенің туған анаң болса егер,

Екінші анаң-ұстаз деген данаң бар.

2-оқушы:                  Ұстаз деген ұстаз болып туғандар,

Ұлылықпен ұлықтаған имандар.

Ұрпағының ертеңіне жол ашып,

Өмірінің өр шақтарын қуғандар.

— Құлақтан кіріп бойды алар,

Әсем ән мен тәтті күй,-деп келесі кезекті әнге береміз.

«Бақытты балалық шақ» әні.

Хан:                         -Жарайсыңдар,өте тамаша!  Ризамын сендерге.

Ханшайым:             -Жарайсыңдар!  Көп нәрсені біледі екенсіңдер.

І-Уәзір:                    -Уа,мәртебелі,хан ием! Тойымызға шақырылған келесі қонақтарымыз  математика патшалығынан келіп тұр.Оларды ортаға шақыруға рұқсат етіңіз!

Хан:                         -Рұқсат !    Шықсын  ортаға !

-Уа,құрметті хан ием!Бүгінгі тойға шақырылған қонақтар біздер математика патшалығынан келіп тұрмыз.Біздер де бүгінгі тойда өз өнерлерімізді көрсетсек деп едік.Өнерімізді көрсетуге рұқсат беріңіз !

Хан:                         -Рұқсат  !    Көрсетіңдер өнерді !  Тамашалайық !

-Ал,балалар,біз де аянып қалмайық.

Бар өнерді көрсетіп,

Ел ықыласын алайық.

-Балалар,мен сендерге жұмбақтар айтамын.Қане,кім тез шешуін айтады?

Түйе,бота маң басқан,

Төрт аяғын тең басқан.

Шұнақ құлақ бес ешкі,

Қос лақты қос ешкі.

Төрт қозылы екі қой,

Бәрін бірге санап қой.                   / 17 /

Бір-бірімен жарысқа,                                               Он бір түйе,бес жылқы,

Төрт аю,бір арыстан.                                                Екі сиыр,бес ешкі.

Екі қой мен бір түлкі,                                               Екі қоян,үш түлкі,

Бәрі нешеу кім білді?      / 8 /                                   Таба алмасаң бос күлкі.        / 28 /

-Ал,енді,балалар,қызықты есептер шешіп көрейік.

1.Ботаның салмағы   35кг,бұл қаздың салмағынан 7 есе артық.Қаздың салмағы неше килограмм?               Жауабы:   5 кг.

2.Қабырғаларының ұзындығы 6 м,ені 4 м тіктөртбұрыш бөлменің еденінің ауданын табыңыз.                       Жауабы:   24 кв/м.

3.Тайлақтардан 126 кг,ал нар түйелерден одан 3 есе артық жүн алынды.Нар түйелерден неше килограмм жүн алынды?                     Жауабы:       378 кг.

-Ал,енді,балалар, құрамында саны бар мақалдар білеміз бе?Қане,айтып көрелік.

Оқушылар құрамында саны бар мақал-мәтелдер айтады.

Хан:                         -Бәрекелді,жарайсыңдар !

Ханшайым:             -Өнерлерің өрге жүзсін.

Ұлан:                        -Балалар,біздер алғаш мектепке келгенде сандарды да,санауды да білмейтін едік.Енді міне,ұстаздан төрт жыл бойы білім алып,біз көп нәрсені үйрендік деп ойлаймын.Сол алған білімімізді көрсетейік кәнеки.Мынадай сұрақтарға жауап берейік.         –Жұп   сандар дегеніміз не?

-Математикада неше класс, неше разряд бар?

-9-дың  көбейту кестесін айт.

-90-қа тең бұрыш қандай бұрыш?

-Санды 1-ге көбейткенде неше шығады?

-Көп таңбалы сандарды оқиық./126 587, 4 893 068, 27 561 481 635, 9 574 002./

-Тік төртбұрыштың периметрін және ауданын қалай табады?

— 9  нешеге  тең?

-1  центнерде неше килограмм  бар?

-Жылдамдықты қалай табамыз?

Хан:                   -Жарайсыңдар !

-Әже сүйген баламыз,

Сізден тәлім аламыз,-деп келесі ән шашуымызды әжелерге арнаймыз.

«Асыл әжем» әні.

Оқушылар кезекпен тақпақтарын айтады.

3-оқушы:             Балғын шақта келіп едім,

Бал қызыққа еніп едім.

Тағдырымның билігін де,

Сеніп сізге беріп едім.

4-оқушы:         Бастауышым-балбұлағым,

Алдым сенен балдың дәмін.

Әріп танып,білім алып,

Рахметімді жаудырамын.

5-оқушы:       Туған анаң болмаса,ойнамас ең,күлмес ең,

Жарық дүние нұр сәулесін көрмес ең.

Ұстаз-ана болмаса сен өмірдің

Мәні менен мағынасын білмес ең.

6-оқушы:          Ұқсаттыңыз сіз бізді балаңызға,

Ұқсатып ек біз сізді анамызға.

Жақын тарттық, біртіндеп бауыр бастық,

Жүргеніңді ұнаттық арамызда.

Түрік халқының биі.

Хан:                     -Жарайсыңдар ! Бүгінгі тойдың сәнін келтіріп, түрлі-түрлі өнерлеріңді көрсеттіңдер.Ризамын сендерге.

Ханшайым:         -Тамаша !   Қандай өнерлісіңдер !

ІІ-Уәзір:               -Уа,мәртебелі хан ием ! Тойға шақырылған келесі қонақтарымыз өнер патшалығынан келіп тұр.Оларды сарайға кіргізуге рұқсат беріңіз !

Хан:                      -Рұқсат ! Кірсін !

-Құрметті хан ием !Біздер өнер патшалығынан келіп тұрмыз.

Он саусағы майысқан,

Шебер болар ұрпақпыз.

Тұла бойы толған бір,

Өнер болар ұрпақпыз,-демекші біздің бойымызда өнер көп.Бүгінгі тойға арнап әкелген сый-сыяпатымыз да бар.Өнерімізді көрсетуге рұқсат беріңіз.

Хан:                         -Рұқсат ! Көрсетіңдер өнерді !  Тамашалайық !

-Ал,балалар,біздер де бар өнерімізді ортаға салып,биді билеп,ән шырқап,қыздырайық думанды.

Ақыл,білім көп бердің,

Анамдайсың мектебім.

Сенде өсіп,көктедім,

Сенсің – өмір көктемім.

Көзге ыстық партасы,

Оқулығы,картасы.

Оқу қызық болғаны,

Мұғалімнің арқасы.

Екеуі:                        Алғыстарым көп менің,

Асыл анам мектебім.

Хор:      «Мектебім»    әні.

Оқушылар   өнер,еңбек туралы мақал-мәтелдер айтады.Өздерінің қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдарын көрсетеді.

7-оқушы:              Бірдей біздің ойымыз да сырымыз,

Бір мектептің ұлы менен қызымыз.

Бірдей өстік оқуда да еңбекте,

Күліп-ойнап біріміз бен біріміз.

 

 

 

8-оқушы:              Ұстаз-ана – болашақтың анасы,

Ұстаз-ана – ақыл-білім анасы.

Жүзіндегі пәк мейірімін көргенде,

Әр шәкірттің  оянады санасы.

9-оқушы:                Беруші ең бізге айтып өлең-тақпақ,

Таласып алушы едік біздер жаттап.

Өзіңіз баға қойған күнделікті,

Жоғалтпай өмір бойы жүрем сақтап.

Цыган   халқының биі.

Көрініс:              «Алдар Көсе мен Бай».

Теңіздей  тербетіліп көл бетінде,

Бишілер билеп кетті тербетіле,-деп келесі кезекті бишілерге берейік.

Би:         « Қаражорға ».

Хан:                         -Бәрекелді,жарайсыңдар !Өздерің өнерлі екенсіңдер.

Ханшайым:             -Өнер патшалығынан келген қонақтар бүгінгі тойдың сәнін келтіргендей болды.Өнерлерің үстем болып,әрдайым биіктерден көріне беріңдер.

І-жүргізуші:             Өтті сенде қызық шағым,

Бастауышым-балбұлағым.

Қоштасар күн жетті міне,

Қимастықпен қол бұлғаймын.

ІІ-жүргізуші:           Болса менің кішкене бір табысым,

Қорғағаным ұстазымның намысын.

Ұстазымша білсем деймін өмірді,

Ұстазымша болса деймін әр ісім.

Барлығы:                  Бойымызда бұла күш,

Еркін өскен ұланбыз.

Оқу-білім үйреткен,

Ұстаздарға мың алғыс !

Хор:             «Ұстазым»     әні.

 

ІІ-Уәзір:                  -Уа,халайық ! Хан бұйрығын тыңдаңдар !

Құрметті балалар,

Әлі де жақсы оқыңдар.

Әркез сыпайы болыңдар.

Ұстазыңды ұмытпай,

Жат қылыққа жоламай,

Биіктерден көрініп,

Өсіп-өне беріңдер !

ІІ-жүргізуші:          Сипап қойып басымнан,

Кетпей жүрген қасымнан.

Құрбы-құрдастарыммен,

Достастырған асыл жан.

Ұстазға сөз береміз.

Келесі сөз кезегін сынып жетекшіміз Ақмарал апайға береміз.

Мұғалім әр оқушыға   арнап бір шумақ  өлең  оқиды.

І-жүргізуші:            Құрметті ұстаздар ! Біз сіздерден үлгі-өнеге аламыз.Сіздерді мақтан етіп жырға қосамыз.Енді өздеріңіз туралы өзегімізден шыққан алғыс сөзімізді тыңдаңыздар.

Жүргізушілер ұстаздарға арналған өлең шумақтарын оқиды.

«Ардақты ұстаз» әні орындалады.

ІІ-жүргізуші:           Жақсы шәкірт азамат атанады,

Халқынан, ата-анадан бата алады.

Ұрпағына айтсын деп ақ тілегін,

Ортаға шақырайық ата-ананы,-деп   келесі сөз кезегін ата-аналарға береміз.

Ата-аналар сөз сөйлеген соң, ата-ана мен оқушыны қатыстырып сөзден сөз құрау ойынын ойнау.

«Алтыбақан»  сөзінен сөз құрату.

І-жүргізуші:              Ұстазым-ұлағатым сая бағым,

Шәкіртті өз балаңдай аяладың.

Қолыма әліппенің кілтін берген,

Адалдық ақ жолыңды бағаладым,-деп келесі сөз кезегін қолымызға алғаш әліппені ұстатып,оңымыз бен солымызды танытқан алғашқы ұстазымыз Ақмарал апайға береміз.

ІІ-жүргізуші:            Анамдай сүйем мен,

Шеберін ғылымның.

Ұстаздың үйренем,

Өнерін,білімін.

Үйреткен іс сазын,

Мың жаса, ұстазым !- деп келесі сөз кезегін ұстаздарға береміз.

Ән  «Ардақты әкелер! »

Кеш  соңында  «Мектеп вальсі» әнінің әуенімен оқушылар ортада билейді.