Әліппе деген алтын жол, Апарар сені алысқа

82

Тақырыбы: Әліппе деген алтын жол,  Апарар сені алысқа

Дайындаған :           Дүйсенбиева Гүлсім

Мақсаты:     Оқушылардың әліппеден алған білімдерін тиянақтау.Әр оқушының іс-әрекеттері  арқылы қабілеттерін көрсету, шығармашылығын дамыту.

Жаңа оқулықпен таныстыру, қызығушылығын арттыру,

Оқушылардың ата-ана, Отан, ел алдындағы борышын сезінуге, елін сүюге тәрбиелеу

Көрнекілік: Әліппе, Ана тілі, Математика макеттері, нақыл сөздер, шарлар, әріптер таңбалары мен цифрлар т.б.

 

Мұғалім:  -Құрметті ата-аналар! Ұстаздар! Бүгінгі мерекемізге қош келіпсіздер! Кеше ғана мектеп табалдырығын имене аттаған жас бүлдіршіндер бүгін саналы оқушы болып, барлық ғалымның атасы, біздің болашағымыздың негізі-Әліппені бітіріп отырмыз.

«Әліппе деген алтын жол,

Апарар сені алысқа» атты мерекуемізді ашық деп жариялаймыз.

 

Айжан:    Көз салып қараңызшы бойымызға,

Ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға.

Хош келіпсіз, ұстаздар, ата-аналар,

Әліппемен қоштасу тойымызға.

Жансұлтан:    Өтті оқу сан сабақ

Бүгін үлкен салтанат.

Оқулықпен достастық,

Әліппемен қоштастық.

Өсті білім, бойымыз,

Құтты болсын тойымыз.

Айзада:     Армысыңдар, аналар!

Бармысыңдар, балалар!

Сөзіме құлақ салыңдар,

Бір серпіліп қалыңдар.

Әліппеге арналмақ,

Бүгінгі ән-жырымыз!

Айжан:        Өсті міне бойларың,

Өсті міне ойларың.

Қуанышқа ортақпын,

Құтты болсын тойларың.

Балалар, мен сендерге сұрақ қоямын. Сендер жауабын табыңдаршы.

Іші толы әріпке,

Білімдегі жарық не?

Хормен:   Болашаққа жол ашар-

Ол-сүйікті Әліппе!

Ол-сүйікті Әліппе!

Айжан:    -Олай болса, бәрімізге ең қымбат әліппені ортаға шақырайық!

 

Сапар С  (Әліппе):  Армысыңдар, жас достар!

Армысыңдар, ата-ана!

Болашаққа жол бастар,

Әліппең келді ортаңа.

Мерекеңмен құттықтаймын,

Бүлдіршіндер, балғындар!

Жақсы білім көрімдік,

Болсын сізге халайық!

Не үйреніп, не білдік,

Қане, ортаға салайық!

М.Сымбат:        Ең алғаш алғанымда әліппені,

Қызығып қарай бердім әріптерді.

Мен үшін жұмбақ болып қалар ма еді?

Ұстазым оның кілтін алып берді.

1.С.Бекзат:         Әліппем, менің Әліппем!

Сені қолға алып мен.

Есігін аштым мектептің,

Ертеңі сәуле жарықпен.

2.Ақмарал:        Қош бол, құтты Әліппем,

Көп нәрсені үйреттің

Таныстырып әріппен,

Тақылдатып сөйлеттің,

3.Айша:               Әліппем, менің Әліппем,

Өмірді келем танып мен.

Қайталап айтам мың рет,

Өзіңе көп рахмет!

  1. Диас:              Әліппе деген алтын жол,

Апарар сені алысқа.

Жеңіл емес ауыр жол,

Тырысып бақ намысқа.

5.Нұрғалым:       Таныстырған 42 әріппен,

Қош бол, менің Қасиетті Әліппем.

Сенің арқаң оқи жаза білгенім,

Сауатты адам санатына кіргенім.

 

Ән. «Мектебім, аяулы мектебім» Орындайтын: Елемес Айжан

Әліппе: С.Сымбат:                 -Қане, бері қарайық,

Зейін қойып тыңдайық.

Әріптермен танысу,

Тақпақтарын бастайық.

 

1.Нұржан (А):                Алфавиттің А тұрады басында,

2.Бақберген (Ә):            Әрқашанда  Ә тұрады қасында.

3.Нұрғалым (Б):            Байқадың ба Б тұрады үшінші,

Ал осының сыры неде түсінші?

Нұржан:                         А деген ол- аналар ғой ардақты,

Бақберген:                     Ә деген ол- әкелер ғой салмақты.

Нұрғалым:                    Б деген ол-балалар ғой әдемі

А,Ә,Б:                             Біздің үйде үшеуі де кәделі.

 

4.Айша:                         Г әрпімен гүлденер,

Қызғалдақты қырат тау

 

5.Нұрдәулет:                Ғ әрпімен бір келер,

Ғылым атты ұлы атау

 

6.Ақмарал:                    Д әрпімен бастасаң,

Дархан, дария, далам бар.

 

7.С.Бекзат:                   Е-ні ұмытпас ешқашан

Елін сүйген жарандар

 

8.М.Сымбат:               И-дегенің иманың,

Адалдықтың белгісі,

 

9.Ақбота:                     К-дегенің күй дарын,

Домбыраның дастаны.

 

10.Мирас:              Қ әрпімен құралған,

Бас аяғы қазақтың.

Жасай берсін, бір Аллам

Жасай берсін, Азат күн!

11.М.Бекзат:         Ж дегенің-жөргегің,

Туып-өскен жерлерің.

12.Айжан:              З әрпімен зерледім,

Зергерлердің зергерін.

13.С.Сымбат:        Барлық әріп бағалы,

                                 Айттық әділ бағаны,

Әріпсіз сөз болмайды,

Буын онсыз толмайды,

Адам барлық әріпті,

Ардақтайды, қолдайды.

 

  1. Гүлназ: Білімге жолды бастаған,

Әліппем саған мың алғыс!

Оқы деп ұран тастаған,

Әліппем саған мың алғыс!

 

Хормен:                 Біз жазамыз ана деп,

Біз жазамыз дана деп.

Біз жазамыз қала деп,

Біз жазамыз дала деп,

Қош бол сүйікті Әліппем!

 

Бата.  Даниал:                Әліппенің бетін жарық ет,

Ұл-қызды түгел білімді ет!

Келесі оқу жылына,

Аман-есен түгел жет!

5 болсын алар бағамыз,

Біліммен бақыт табамыз.

Өнер-білім көп оқып,

Өсе берсін санамыз.

 

Ән. «Туған жер» Сәбит Бекзат.

 

С.Сымбат. Әліппе:   -Балалар! Сендер менімен ғана достасып қана қойған жоқсыңдар.Сонымен бірге математика оқулығымен де таныстыңдар.Ал енді ортаға математиканы шақырайық!

 

Диана. Математика:   Математика-ғылымдардың атасы. Мен сендерге санауды, есептеуді үйреттім. Сендер санауды білесіңдер ме?

Өмірдегі заттарды,

Есептейтін бәрін мен.

4 амалды қолданған,

Математика пәнімін.

Сандар таласы:

Айзада.  1 саны:       Дәптер беті теп-тегіс жазықтай,

Бірлік саны қағып қойған қазықтай.

Мен 1 санымын. Мен сандар қатарына қосыламын.

 

Фариза.  2 саны:            Екі саны кім басқаша ойлайды,

                          Имек мойын аққудан мен аумаймын.

Мен 2 санымын мен де сандар қатарына қосыламын.

 

Гүлжан. 3 саны:       Үш саны қоста мейлі, қостама,

Екі ұшынан байластырған қос таға.

Мен үш санымын. Мен де сандар қатарына жатамын.

 

Еркебұлан. 4 саны:          Төрттік саны теңеу табар ескерген,

Жауынгердей саған сәлем ант берген.

Мен 4 санымын. Мен де сандар қатарына жатамын.

 

Даниал. 5 саны:         Бестік саны салыстырып тексерген,

Іліп қойған қолғабындай боксердің.

Мен 5 санымын. Мен де сандар қатарына жатамын.

 

Гүлназ.  6 саны:        Дәл айтылса, теңеуге кім нанбады,

Алты саны құдды құрық шалмалы

Мен 6 санымын. Мен де сандар қатарына жатамын.

 

Жансұлтан. 7 саны:     Жеті саны жүрсең ол санды,

Кәдімгі тіке тұрған қол шалғы.

Мен 7 санымын. Мен сандар қатарына жатамын.

 

Алдияр. 8 саны:     Сегіз саны-ол жауабын шапшаң бар,

Асты-үсті қос тәрелке, қос шеңбер

Мен 8 санымын. Мен сандар қатарына жатамын.

 

Қымбат. 9 саны:    Тоғыз саны тоқпан жілік теңесек,

Телефонның трубкасы немесе

Мен 9 санымын. Мен де сандар қатарына жатамын.

Диас.  0 саны:      Сандар мені де өз қатарларыңа қосыңдаршы.

Сандар:             Сен бізге қосылмайсың. Себебі, сен жоқсың. Нөл деген жоқ деген сөз.

 

Математика:       Қойыңдар, сандар! Бұл нөл саны керек.Егер де 1 санының қасына нөл санын қойсаққанша болады, ал 2 санының қасына қойсақ ше, сонда әр санның қасына нөлді қойсақ 10 есе көбейеді екен. Сол үшін нөл саны бізге керек.

Мысалы, нөл саны арқылы мынадай амалдар орныдауға болады:

1+0      2-2      1-1

Ең кіші екі таңбалы сан-10

Ең кіші үш таңбалы сан-100 екен.

Олай болса,нөл де  сандар қатарына қосылады.

 

Ән. «Мама»  Қалсапар Гүлжан.

 

Би. «Бақалар»

 

Көрініс.  «Кішкентай әзілкеш»

 

Ән. Айзада.  «Бала махаббаты»

 

Математика : Ал, достар, енді  Әліппенің жолын әрі қарай жалғастыратын ана тілі пәнімен танысамыз.Ана тілін ортаға шақырайық.

 

М.Бекзат. Ана тілі:     Саламатсыздар ма, балалар?

Туған елдің тілімін

Ақылменен танылам.

Түсіндірер бәріне,

Ана тілі мен болам.

Ана тілің-арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте,

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте.

Балалар, мен сендердің келешекте сауатты азамат болатындарыңа сенемін.

 

-Ата-бабамыз   ежелден үш нәрсені бой тұмардай қасиет тұтып, қадірлеп өткен. Ол-ел, жер және тіл.Ана тілі-әр халықтың төл бесігі.

Адам білімді, тәлім-тәрбиені тіл арқылы үйренеді.Ана тілі деп атаудың себебі-анасындай қастерлесін дегені. Өз анасын сыйлайтын әр адам өз тілін де құрмет тұтады.

Аяулы жыр-әніміз

Аялайтын бәріміз.

Алу үшін сана- білім

Ардақтаймыз ана тілін.

Би. «Өзбек биі»

 

Қымбат:              Әліппемен қош айтысып қаламыз,

                              Енді қолға ана тілін аламыз.

                             Ата-ана қуанышқа ортақ бол,

                            Сауатты боп шықты міне балаңыз!

 

Вальс. «Анаға сәлем»

 

-Құрметті ата-аналар мен ұстаздар!

Уақыттарыңызды бөліп, қуанышымызға ортақтасып келгендеріңізге үлкен рахмет.

 

Мектеп басшылары мен ата-аналарға сөз беру.