Есімізде жаңғырады сол жылдар….

101

Сабақ тақырыбы: Есімізде жаңғырады сол жылдар….

Сабақ мақсаты: Желтоқсан көтерілісінің  сипатын насихаттай отырып, Желтоқсан құрбандарын мәңгі есте сақтау, тәуелсіздік бастауы ызғарлы Желтоқсан оқиғасы екенін жете түсіндіру, жас ұрпақ бойында еліне, жеріне, ұлтына деген  патриоттық сезімін қалыптастыру.Желтоқсан оқиғасының арқасында талай жылдар бойы армандаған егемендікке қол жеткізгенімізді, осы тәуелсіздікке жету жолында  талай боздақтарымыздың жалған айыппен шейіт болғандарын оқушыларға жете түсіндіру, оқушылардың  дүниетанымын кеңейту.

Отанды сүюге, құрметтеуге, желтоқсандықтарға әрдайым құрмет көрсетуге, адамгершілікке, әділеттілікке, ел мен жердің қадір- қасиетін ұғынуға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: прессконференция

Сабақтың  көрнекілігі:бүктеме, суреттер, кітап көрмесі

Сабақтың барысы:

  1. «Атамекен» бағдарламасындағы «Ардагер»бағытының мақсатымен танысу
  2. Әнұран

   Мұғалім: Құрметті ұстаздар,оқушылар! Тарих беттерін парақтасақ, қазақ халқы өзінің ұзақ , талай қанды қырғынды, зорлық- зомбылықтарды көрді, қасірет шекті.Соның бірі- Алматыда болған жастар көтерілісі.Бұл көтерілістің себебін бір жақты қарап, бір сөзбен айту, түсіндіру мүмкін емес.

Бүгін біз еліміздің сан мың жылдар бойы найзаның ұшымен, еліміздің ерен ісімен кешегі дүниені  дүр сілкін-дірген Желтоқсан оқиғасымен келген,тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалған тәуелсіздік, егемендік күніне арналған  «Есімізде жаңғырады сол жылдар…» атты тәрбие сағатымызды ұсынамыз.

 

І бөлім

      Қатысушылар:

М.Шаханов – Қ.Батырбеков

Тарихшы – А.Төлепбергенова

Куәгер Қайыргелді Күзембаев- Б.Жұман

Ләззәттың досы Гүлзат- А.Аятбек

 

    «Жаңақорған  тынысы»газетінің тілшісі: Құрметті, тарихшы. Желтоқсан оқиғасының шығу себебі неде?

Тарихшы:1986 жылы 16 желтоқсанда небәрі 18 минутта өткен  Қазақстан Орталық Комитетінің бесінші Пленумы Д.Қонаевты «өз еркімен» қызметінен босатып,Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшылығына  В.Колбинді сайлаумен аяқталды.Ертеңіне 17 желтоқсан күні орталық алаңға лек- легімен ағылған жастар тобы бейбіт шеру арқылы Орталықтың қате шешімін кері қайтарып алдыртамыз деген мақсатта  болған.  «Қазақстанға  қазақ басшысы  әр халыққа өз көсемі» деген ұранмен , «Менің Қазақстаным» әнін айтып алаңға шыққан болатын.

«Халық» газетінің тілшісі:Желтоқсан оқиғасы қай жерде өткен еді?

Тарихшы: Брежнев алаңында,қазіргі Республика алаңында өтті.

«Сыр бойы» газетінің тілшісі: Желтоқсан оқиғасына қатысқандардыңсаны қанша болды?

Тарихшы:Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы коммисиясының анықтауы бойынша қозғалысқа қатысқаны ұшін ұсталғандардың саны-8500. Оның ішінде медициналық көмек алғандар-1383 азамат, ал ауруханаға түскені-369 адам. Сотталғандардың саны-103, олардың жүзі қазақ, үшеуі ұйғыр, дүнген. Ішкі істер басқармасының коммисиясы орыстың моласына эксковатормен 58 шұңқыр қазып, 4000 адамды сыйдырдық деген сөзі куә. Сонда қанша адам құрбан болды десеңізші!

«Ел тілегі» газетінің тілшісі: Құрметті тарихшы! Желтоқсан оқиғасын басуға қатысқан әскери адамдардың саны қанша болды?

Тарихшы: Сол кездегі Ішкі Істер министрінің  орынбасарының мәліметі бойынша тосқауылға 5500 адам жетпеген. Қазақтың нашақор жастары орыстарды қырып, жойып барады деген хабар таратуды Мендібаевқа міндеттеген. 22 өрт сөндіргіш машинамен су шашу операциясы түнгі сағат он бірге дейін жалғасқан. Болмаған соң қырып-жойыңдар деп бұйрық берілді.

«Халық» газетінің тілшісі: Желтоқсан оқиғасын қандай операция деп атады?

Тарихшы: «Құйын-1986» операциясы деп атады.

«Жаңақорған тынысы» газетінің тілшісі: Құрметті Мұхтар Шақанов!

Әуелі мынаны айтыңызшы, 1986 жылдың желтоқсан оқиғасы кезінде сіз қайда болдыңыз?

М. Шаханов: Москвада едім. Әдебиетшілердің орталық үйіндегі өзімнің шығармашылық кешіме әзірленіп жатқанмын. Оны Е. Евтушенко жүргізуге тиіс болатын. Кеш 19 желтоқсанға жоспарланды. Соған бір күн қалғанда Жазушылар одағының жетекшілерін СОКП Орталық Комитетіне шақырып «Алматыда ұлтшылдық негіздегі толқу болып жатыр, сондықтан М. Шахановтық көпшілік алдына шығуы қазір қажетсіз. Аяғын сындырып алды»-деп жарияласын депті. Мәселеге Евтушенко араласты. Орталық Комитетке телефон шалып, кешке дипломаттар шақырылғанын және бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алатынын айтты. Әзер дегенде рұқсат етті.

«Халық» газетінің тілшісі: Сіздің ойыңызша 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына басты кінәлі кім?

М. Шаханов: Таталитарлық жүйе.

Қазақ жастарына сол кезде қозғау салған наша да емес, арақ та емес, сілкіне бой жазған адамдық қадір – қасиет және өз үндерін естірту тілегі екенін түсінуге В. Колбиннің қабілеті жетпеді. Және мынаны ескеріңіз, қазақ халқының 18 көсемі қазақ емес болатын.

«Сыр бойы» газетінің тілшісі: Сол желтоқсан күндерінің қасіретті салдары қазір сізге белгілі. Сол туралы айтып беріңізші.

М. Шаханов: 3 адам алаңдағы қақтығыста өлді. Тағы да үшеуі сол күндері қаза тапты. Желтоқсан оқиғаларынан кейін жыл бойы ішкі істер органдары фамилиясын, тіпті нөмірлерін көрсетпестен тағы да 58 адамды көмді деген күдігіміз бар. Тіпті мәйітті ешкім танымаған жағдайда ол нөмірленетіні  белгілі.

Мыңдаған адам жараланды. Көбісі жарақат алды. Жүздеген студент институттардан қуылды. «Желтоқсаншыларды» қуғындау бүкіл қыс бойы жалғасты. 99 адам сотталды. Олардың екеуі өлім жазасына кесілді. 83 адам 1,5 жылдан 15 жылға дейін кесілді.

«Халық» газетінің тілшісі: Құрметті М. Шаханов! Сонау Мәскеу төрінде тұрып, небәрі 3 минуттың ішінде желтоқсанның ащы шындығын айтқаныңыз белгілі. Сонымен қатар осы оқиғадан кейін В. Колбин «Ойыңыздан қайтыңыз » деп ескерту жасағаны да сізге белгілі. Сіз басқарған коммисияға тағы қандай наразылық білдіріліп, қысым көрсетілді?

М. Шаханов: Қ. Рысқұловтың өлімін дәлелдеу қиын болды. Бізге мәлім болғандай, Қайрат асылып өлетін күннен бір күн бұрын камераға қандықол, қарақшы Власенко әкелінген болатын. Қайрат өлімі сол жауыздан келді деген күдігіміз бар. Сонымен қатар Компартия тарапынан қысымшылық жасалды. Сол құжаттарына қол жеткізе алмадық. Мәскеумен қарым-қатынасқа нұқсан келетін болды. Ұлтаралық қатынас шиеленісуі мүмкін еді.

«Сыр бойы» газетінің тілшісі: Құрметті Гүлзат. Желтоқсан оқиғасының тағы бір құрбаны Лаззат Асанованың өлімі туралы сіз не айтар едіңіз?

Гүлзат: Өзінің көрген білгенін айтып, Лаззаттың соңғы хатын оқып береді.

Тарихшы: Осы әңгімені мен жалғастырсам. Лаззаттың ауылында дүрбелең болып жатқанда, «Ойбай, көрші ауылға тағы бір студенттің сүйегін алып келіпті» деген сыбыс қоса шығып, онсыз да үрпиісіп тұрған елдің күдігін күшейте түсті. Оның аты-жөні де белгісіз еді. Үш жылдан кейін ғана белгілі болды. Ол – Ербол Сыпатаев еді.

Сонымен қатар Желтоқсан оқиғасының тағы бір құрбаны Сабира Мұхамеджанова. Ол да зорлықтың құрбаны болып кете берді.

«Халық» газетінің тілшісі: Құрметті Қайыргелді Күзембаев. Желтоқсан оқиғасының куәгері ретінде сіз не айтар едіңіз?

Қайыргелді Күзембаев: 18 желтоқсанда сағат сегізде жұмыстан шығып, тоғызда Пушкин кітапханасының алдына келдім. Обьектіміз Саин көшесінде тұғын. Сөйтсек жастарды солдаттар ұрып, қуып жүр екен. Аяқ астында жатқан таяқты ала салып едім, сол күйде суретке түсіріп алыпты. Бәріміз Фурманов көшесіне дейін барып, Сәтбаевқа көтерілдік. Үкімет үйіне оншақты кетіп қалған. Біз оларды күтіп қалдық. Жарты сағаттан кейін айқай басталды. Қуғын төбелеске ұласты.

Мені 20 күннен кейін ұстады. Кешке үйге жақындай бергенімде біреу «тоқта» деп бұйырды. Не болды? Сізді танымаймын дедім. Сойтсем милициядан екен. Мені үйге кіргізбестен алып кетті. Ертеңіне онда мені тергеуге алды. «Сен Савицкийді өлтірмесең де, соған қатысың бар екенін мойында» деп қыспаққа алды. Мен 3,5 жылымды қуғын-сүргін, ұрып-соғумен өткіздім. Мен өзімнің толық ақталғанымды мойындаймын. Қаулыда да «дұрыс шешім қабылданды» деп айтылыпты.

«Ел тілегі» газетінің тілшісі: Желтоқсан оқиғасы тек алматы қаласында ғана болды ма, басқа қалаларда да толқу өтті ме?

Тарихшы: Алматы қаласымен қатар Тараз, Қызылорда, Шымкент қалаларында да толқу боып өтті.

«Сыр бойы» газетінің тілшісі: Желтоқсан оқиғасына қатысқандарға сот қандай үкім шығарды? Кейбіреулеріне тоқтала өтсеңіз.

Тарихшы: Лаззат Асанова мен Сабира Мұхамеджанова Желтоқсан оқиғасының құрбаны болды. Сабитова Жансая Әлкейқызы бес жылға, Сыдықова Нағима Асқарқызы үш жылға сотталды. Бас аяғы жиырма ару қыз бас бостандығынан айырылды, әрқайсысы әр жылға. Екеуі еңбекпен түзеу жазасына тартылды, біреуі қара жұмысқа жіберілді.

«Жаңақорған тынысы» газетінің тілшісі: Желтоқсан оқиғасына байланысты қандай кинолар түсірілді?

Тарихшы: Желтоқсанның ащы шындығын айтатын бірнеше деректі фильмдер түсірілді. Талғат Теменовтың режиссерлығымен «Қызғыш құс» атты фильм өмірге келді.

«Халық» газетінің тілшісі: Құрметті м. Шаханов! Жастарға айтар тілегіңіз қандай?

М. Шаханов 16 желтоқсан-Тәуелсіздік күні, 17 желтоқсан-Демократиялық жаңару күні деп аталып өтіп жүр. Тәуелсіздік жолында жандарын қиған ұл-қыздарды ұмытпайық. Тәуелсіздік туын биік ұстап, ал ға баса берейік!

 

ІІ бөлім

Айналайын, қарындасым, қарағым,

Қолда кісен, мен айдауға барамын.

Қайғы шегіп, азап тартқан ағаңды,

Айтшы жаным, қандай жанға баладың?

(Қайрат Рысқұлбековке арнау)

 

 

 

Асыл аға, асқар шыңға бардың ба?

 

1-оқушы:Балалық шақ, бұл өмір, өткен өмір,

Бірақ күнде шарт үзіліп кеткен күн.

Ерте есейткен есерсоқтау өктем үн,

Сағыныштың сартап табы жеткен күн.

 

Меңіреу шақ, қап-қараңғы түн – түнек,

Жазықсызды жау санаған түрткілеп,

Жүдеу қабақ, ызғарлы аяз, тып-тыныш,

Үміт басым, бірақ көңіл күптірек.

2-оқушы: Кеше ғана базарлы еді біздің үй,

Күнде думан көтеріңкі көңіл-күй.

Бүгін жым-жырт, әлдеқайдан бәз біреу,

Дегендей –ақ бар сырыңды ішке түй.

 

Біле алмаймын, құйын шарпып өткен бе?

Аға-әпкемдер бәрі есейіп кеткен бе?

Ойнатпайды, ойнамайды менімен,

Әлдемім кеп күлмеңдер деп сөккен бе?

 

Әкем де үнсіз, айналмайды аймалап,

Терезеден отырғандай ай қарап.

Адамның да дауысында діріл бар,

Көз жанары тоқтамайды тайғанап.

 

3-оқушы: Мектептің де тым көңілсіз сабағы,

Ашылмайды мұғалімдер қабағы.

Апайдың да әлденеге алаңдап,

Жиі-жиі суланады жанары.

 

Күңіренген қырау қабақ суық күн,

Айналамнан жайсыздау бір сыр ұқтым.

Умаждалған хатты көріп, жас тамған,

Үй ішінің үнсіздігін шын ұқтым.

4-оқушы: Анамның да ащы шықты зарлы үні,

Бауырлардың бәрі өксулі, барлығы.

Аға, сенің хатың келген сол күні,-

Жауыз соттың шыққан екен жарлығы.

 

Әкем отыр әлдеқайда қиялы,

Үміт күтіп жоғарыдан зиялы.

Ұлын күтіп, шаршады ма шарқ ұрып,

Жарқылы жоқ жанарының ұялы.

 

5-оқушы: Ұзақ күтіп жүруші едім сағынып,

Әр көліктен жатқан келіп ағылып.

Өзің емес, хатың келіп, ағатай,

Қам көңілім тағы қалды жабығып.

 

«Азап шектім» депсің, аға айдауда,

«Қол-аяғым кісендеулі, байлауда».

Неге? Неге? Таба алмаймын шешімін,

Шамам да жоқ шын анығын ойлауға.

 

6-оқушы: Туар ма деп алдан әлі Ұлы күн,

Жүргенімде күтіп сені күні-түн.

Хабар келіп, қазаң жайлы, жан аға,

Шарт үзілді бар қиялым, үмітім.

 

Асыл аға, асқар шыңға бардың ба?

Шың басынан шын асылды алдың ба?

Ер еліңді еркін жолға салдың да

Мәңгілікке сағыныш боп қалдың ба?

 

Жоланов Батырхан Есболатұлы

 

 

2.Ән.Желтоқсан желі.

 

3.М. Шаханов. Төрт жыл кешіккен шындық

 

1-оқушы: Әр дәуірдің еркіне сай нарқы өзгерген алтынның,

Айналайын алтын әнім, жас өркені халқымның.

Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың

Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.

 

Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,

Айналайын, айналайын жас өркені халқымның.

Ерте айтылды сондықтан да келте айтылды бұл әнің,

Уақытыңның талабына деп келсе де ұраның,

Уақытыңның әділесіз соққысынан құладың.

 

«Нашақор» деп, «маскүнем» деп айыптадың ұланым.

Саған жапқан сол жаланы естіп үнсіз тұрғаным

Керең болып қалды ма екен неге менің құлағым

Айналайын, айналайын, жас қайратым, қыраным!

 

2-оқушы: Темір қолдар қуатты еді алқымыңды қаусырған

Намысыңды жықпай өттіңнәубет, дүлей маусымнан.

Жасап қалған шақтарымды жігер алдым бойыма,

Түрме торын жарып шыққан сенің қайсар даусыңнан.

 

Жә, не деген нүктесі көп, бүкпесі көп өмір ең…….

Төрт жыл өтті шындық күліп шыққанынша көгінен.

Оқ бойы озып тұрыпсың-ау сол аумалы кезеңде-ақ

Пышаққа сап бола алмайтын әкімдердің көбінен

 

Өсер ұлдың қай сәтте де бірлік болмақ қалауы

Лаула, Лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы!

Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің

Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!

 

4.Ән. Қаһарман қыз-Лаззат қыз

 

  1. Көрнекілікпен таныстыру