Өзге тілдің бәрін біл,өз тіліңді құрметте

873

Тақырыбы: «Өзге тілдің бәрін біл,өз тіліңді құрметте»

Мақсаты: Оқушыларға тілдің маңызын түсіндіру, оқушылардың ана тілі туралы ой-пікірлерін білу,  оқушыларды ана тілін құрметтеуге тәрбиелеу.

 

Көрнекілігі: Ұлы адамдардың  тіл туралы айтқан нақыл сөздері, «Атырау» газеті.

 

Жүру барысы

  1. Ұйымдастыру бөлімі.

Мұғалім сөзі:    Тіл – қай ұлтта, қай елде болсада қастерлі, құдыретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады.

Тіл байлығы — әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса, да қарсы тұруы тиіс. Құрметті ақынымыз Қадыр Мырзалиев:

Ана тілің – арың бұл

 

Ұлтың боп тұр бетте

 

Өзге тілдің бәрін біл

 

Өз тіліңді құрметте – деген тұжырымы бұл. барлығымызға қойылатын талап. Осы мақсатта бүгінгі пікірталасымыздың тақырыбын да осы тілге байланысты алып отырмын. Алдымен осы ана тіліміз туралы біздің ақын  жазушыларымыздың нақыл сөздерін есімізге түсірейік.

 

  1. «Әр халықтың ана тілі  білімнің кілті….  Біздің жастарымыз ана тілінде жетік, білімді , мәдениетті болсын…»

                                                                                                           Ахмет Жұбанов

 

  1. Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту бүкіл ата  бабамызды, тарихымызды ұмыту.

                                                                                                      Бауыржан Момышұлы

 

  1. «Ғашықпын қазақ тіліне! … Осындай майса, сұлу тілді қалай өгейсітуге болады?»

 

                                                                                                     Нұртас Оңдасынов

  1. Негізгі бөлім

Міне, қазақ тілі туралы қандай тамаша сөздер айтқан ағаларымыз. Ал енді осы тіл мәселесі туралы сендердің пікірлеріңізді тыңдап көрейік.

 

Мөлдір: Халық даналығы «Ананың балаға берер ең асылы тілі»  дейді. Ендеше анамның тілін мен құрметтеп, оны мақтан етемін.  Ана тілі деп аталуы да содан, сондықтан оны ұмыту, білмеу  бұл үлкен қателік. Осыны түсінсе деп ойлаймын.

 

Әділжан: «Тіл  ұлттың қасиетті белгісі. Тіліңді сыйлағаның ұлтыңды сыйлағаның деп түсінемін. Өзім және менің жанұямдағы бауырларым, ата  анам  бәрі қазақ тілінде сөйлесеміз. Оны қорлық деп ойламаймын. Ана тіліңді білмесең  бұл әрине қорлық. Әрине өзге тілді білгенің жақсы ғой, бірақ өз ана тіліңді кемітпей, оны жетік меңгеруге ұмтылу қажет деп ойлаймын»

 

Әли: «Өз басым ана тілімде өлең айтып, әдеби кітаптарды оқимын. Оған арланбаймын да. Қазіргі заманда бір  екі тілмен шектеліп қалуға болмайды. Көп тілді білгенің  өз ана тіліңді шеттеткенің емес қой. Қадыр Мырзалиев ағамыз дұрыс айтады. Қанша тілді білсең де өз ана тіліңді бәрінен де жоғары ұстауың қажет. Қазірге кезде ағылшын, қытай тілдеріне көп қызығушылық бар. Бұл заман талабы әрине. Білімді ұрпақ еліміздің болашағы. Сондықтан да қазақ болғандықтан қазақ тілін құрметтеу керек.»

 

Еламан:  Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың өткені, бүгінгісі, болашағы.Қазақ тілі өзінің даласындай бай. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап, еркін есіп тұрады. Қазақ тілі қасиетті қазақ домбырасының үнімен үндесіп жатады. Ана тілі – бұл әкенің тілі, туған халықтың тілі.Ана тілін біз кішкентай кезімізден әке-шешемізден, әжеміз бен атамыздан біле бастаймыз.Ана сүтіндей бойымызға біртіндеп сіңеді. Халықтың тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадыр-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан кез келген мемлекет өзінің аумағында салт-дәстүрін, ана тілін айрықша қорғайды..Тіл арқылы біз оқып, білім аламыз, қалаған мамандықты игереміз.Тіл арқылы даналар сөзін оқып білеміз, одан ғибрат аламыз. “Өнер алды – қызыл тіл” деген осыдан шыққан болар. Тіл халықпен бірге жасайды, дамиды, өркендейді.Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі.Әр халықтың өзінің ана тілі бар. Тіл – жеке адам ойлап тапқан туынды емес, ол барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті. Сол халықтың мәдени әлеуметтік өмірінде өзіндік мәні бар киелі ұғым.Тіл – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Тіл – еліміздің іргетасы,

Руслан: «Ұлттың тілі – ұлттың ділі» демекші, қандай ұлт пен ұлыс болмасын ең басты байлығы – ана тілі. Тілін жоғалтқан халықтың жеке мемлекет болып басқа елдермен терезесі тең дәрежеде тұра алмайтындығы тарихтан белгілі. Сондықтан сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егеменді ел болып жатқан сындарлы кезеңде мемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қызығына айналдыру – әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті.Ата-бабамыздан қалған асыл қазына тілімізді сақтаудың тиімді жолы – отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуаныш ренішіңді бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылады. Бұл — ана тілінің қадір-қасиетін арттыра түсері даусыз

Динара: «Біздің мемлекетіміз көп ұлтты мемлекет. Қанша ұлт өкілдері тұрады! Бірақ солар өз ана тілдерін ұмытпай, ардақтап , сол тілдерінде бір бірімен сөйлеспей ме? Бірақ біздің ана тілімізге қазір үлкен мән беріліп жатыр. Мемлекеттік тіл мәртебесін жолға қойып отыр. Бұл үлкен жетістік. Тіпті шет елдерден келген шетелдік адамдардың өздері осы қазақ тілін үйренуде. Сондықтан да ұлт бар жерде тіл де жасай береді.»

 

Мұғалім: Рахмет. Динара дұрыс айтады. Қазір қазақ тіліне үлкен мән берілуде. Мен сендерге мына бір мақаланы көрсетіп таныстырғым келеді. Мақаланың тақырыбы «Тіл  көңілдің кілті». Оны жазған американдық инженер Джоэл Адамсон. Ол өзінің қазақ тілін қалай үйренгені туралы жазыпты. Алдымен оқып танысайық.

 

Мақаланы оқиды.

 

Осы мақала бойынша оқушылар пікір айтады.

 

  1. Қорытынды сөз:

Келешек ұрпаққа тілдің қадір қасиетін жоғалтпай, сол күйінде жеткізу әр қазақ азаматының борышы. Демек , ана сүтімен бойына дарыған тілдің киелі қасиетін төмендетпей, кенісінше, бағалығын арттыру баршамыздың борышымыз. Бүгінгі пікірталас кешімізді  ақын Жомарт зияшұлының өлеңімен аяқтағым келеді. Осы өлең өз тілін менсінбейтін, ана тілінде сөйлемейтін кейбір қазақ бауырларға қамшы болсын.

 

 

 

 

Барша халық бас иетін,тілдің асыл қасиетін,

 

Ардақтаумен, салмақтау, ей, азамат сенің ұлы парызың.

 

Біздің тілдің көкейінде айтылмаған арыз үн,

 

Туған тілді таптағандар тартар әлі жазығын.

 

Өз тіліңнің сақта, қорға құрып тұрған тағдырын,

 

Селсоқтық пен немкеттілік өркендеудің қас жауы.

 

Халық деген парасатпен салауаттың сарқылмайтын астауы,

 

Ұлттық тілің, ана тілің мынау жалпақ әлемде,

 

Мәдениет пен өркениеттің бастауы.

 

Тіл мен ақыл бір-бірімен мәңгілікке тамырлас,

 

Ол екеуін ұштастырмай сенің басың қамыр бас.

 

Ғалым болып жеңіп «Нобель» алсаң да,

 

Сенің тұла бойыңнан, оқтай ұшқыр ойыңнан,

 

Тілің салған қара дағың арылмас.

 

Ана тілін, дана тілін дәріптеген халықтың,

 

Нұрын төгер төбесінен жарық күн.

 

Төл тіліңнің қабы түзу шықпаса егер жаңқасы,

 

Ұрпағыңның толы болар ақыл дейтін қалтасы,

 

Толы болар Қамбасы.

 

Қазақтардың өз тілінде мүлдем сөйлей алмауы,

 

Туған тілдің құнын айтар тоңбасы.

 

Құрдым деген қасиетін жоя алмасын өзектің,

 

Біз ұрпағы емес пе едік қазақ деген өжеттің.

 

Зор қайғылы болсадағы қазақша,

 

Замана айтып зарлағанға не жетсін.