Биік сенің мәртебең – ана тілім» (поэзия кеші)

Биік сенің мәртебең – ана тілім»  (поэзия кеші)

Мақсаты: Көпшілік оқырманға ана тіліміздің қадір-қасиетін дарыту, туған тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың айтқан ой-толғауларын оқып үйрену, ақиық ақындарымыздың тіл жайында толғаған өлең-жырларын оқып,  танысып, тәлім-тәрбие беру.

 

Жүргізуші:  Құрметті оқырман қауым!

Әр адамның азаматтық қасиеті мен мәдениеті өз халқын, өз атамекенін қалай сүюімен өз ана тілін қалай білуімен өлшенбейді. Ананың ақ сүтіне уызына жарыған адам қашанда отаншыл, ұлтжанды болады.Әркімнің өз тіліне деген құрметін өз анасына, өз ұлтына деген құрмет деп білу керек. Олай болса қара қылды қақ жарған туған тіліміздің бүгін туған күні. Осы айтулы, мерейлі мереке күніне орайластырылып өткізгелі отырған  «Биік сенің мәртебең – ана тілім» атты пөэзия кешіне қош келдіңіздер!

 

1-оқырман:

Ананың ақ сүтіндей ана тілім,

Құдіретіңмен көтердің дала туын.

Сара тілген әлемді сен болмасаң,

Күні қараң тіршілік санатының.

 

Тіл мұратым,арманға ұласар кеп,

Тіл болмаса бұл қазақ қыр асар ма ед?!

Тіл байлығы бар елде кедейлік жоқ,

Алшаңдайды  ат ұстап «тілашар» деп.

 

Өзім тегім деп білем тілдің тегін,

Тілім, сеннен оталған бір білтеңмін.

Тілім сенімен жандырып өткенімді

Сөзден өлген әкемді тірілткенмін, — деп ақын Бәйтік Дүйсенбаев жырлағандай бар  байлығымыз, мойнымыздағы қасиетті тұмарымыздай қастерлі ана тіліміз туған тіліміз жайында ақын өлеңдеріне кезек берейік.

 

2-оқырман: Тіл халқымның қазынасы баға жетпес байлығы десек-осы қазына байлықты Қарасаздан ұшқан асқақ ақын Мұқағали Мақатаев былайша жырлаған екен.

 

«Үш бақытым»

Ең бірінші бақытым-халқым менің,

Соған берем ойымның алтын кенін.

Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,

Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің.

 

Ал екінші бақытым-Тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей-кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім.

 

Бақытым бар үшінші –Отан деген,

Құдай деген кім десе,Отан дер ем.

…Оты сөнген жалғанда жан барсың ба!

Ойланбай-ақ кел дағы от ал менен.

 

(Б.Тілеуханның «Елім менің» әні хормен орындалады)

 

3-оқырман: «Тіл-ұлттық белгі халықтың мұра, дүниетаным құралы». Халықтың тарихта қалуы тіліне байланысты. Тіл-халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, болмысы. Адамның мұратқа жеткізетін ана тілі мен ата дәстүрі. Олай болса қазір сіздерге тіл жанашыры, ақын Мұхтар Шахановтың «Рух пен тіл» өлеңін  оқып берейін.

 

Табиғаттың өзгермейтін заңына бұр бетіңді,

Қай кезде де туған тілің туған анаң секілді.

Бабалардың арманы бар мына қызыл гүлдерде,

Олар елін,тілін қорғап жанын қиған бұл жерде.

 

Адам қанша болғанымен дарынды әрі табанды,

Туған жерін сүймей тұрып сүймек емес ғаламды.

Өзге атаның мазмұнына, мерейіне тор құрар,

Алдымен өз анасын сүйе алмаған сорлылар.

 

Нарық-ғасыр бәрін сатып жібере ме,алтынға,

Кім қалады сол алтынға  сатылмайтын қалпында.

Жалғандық бар ұлтсыздардың беделі мен даңқында,

Ана тілін сыйламаған сыйламайды халқында.

   

    Ұлтсыздану заманында,

Тілің нарық табанында,

Көнбістік бар қадамыңда,

Рухыңды басып кетті қарын.

Тіліңді жоғалтсаң,

Дініңді жоғалтсаң,

Жоғалтасың бәрін.

 

4-оқырман: Ана тілі-ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау-арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. Осы тұста ақын Әбділда Тәжібаевтың:

Туған тілім –тірлігімнің айғағы,

Тілім барда айтылар сөз ойдағы.

Өссе тілім, мен де бірге өсемін,

Өшсе тілім, мен де бірге өшемін,- деген тамаша жыр жолдары ойға оралды. Ендеше келесі кезекте ақын Оразақын Асқардың «Қазақ тілі-ғарыш тілі» өлеңін оқиын.

Келді отыз жыл күткен кезең,

Арман жеткен алыста еді.

Батыр Тоқтар өз ұлтының,

Болды тұңғыш ғарышкері.

-Аман орал –болсын-деп жол,

Шаттық билеп күлімдедім.

Күллі әлемге ғарыштан ол,

Қайтты қазақ тілінде үн.

 

Жер мен ғарыш аралықтың,

Бұйым болмай алыстығы.

Көкесіндей жаңалықтың,

Тілім болды ғарыш тілі.

 

5-оқырман: (Оразақын Асқар «Тілім тірі» өлеңі)

Сен жеткізе алмас бар ма сыр менде,

Сенде туған ерлік, эпос жыр кем бе?

Саған қалай қауіп төніп үлгерді,

«Өнер алды қызыл тіл» деп жүргенде?!

 

Ана тілім, өзге тілден кем бе едің?

Қорың аз ба, болды қандай сенде мін?

Жерің бар ма аударғанда жетпеген

Пушкин жырын, Эйнштейн еңбегін?

 

Ана тілім, ана сүтін ақтаған,

Сені Орхон-Енесей де сақтаған.

Құрта алмаған тіпті Алқакөл  Сұлама,

Қорғаған ел шұбырынды ақ табан.

 

Асыл қазынам,ата-бабам сый еткен,

Мәртебесі ұштасқан көкжиекпен.

Бүгін қалай жетпейсің кей құлаққа,

Өңмен түгіл өткен сөзім сүйектен?!

 

Болмақсың ба рухани Аралым?

Саған құймай қайда Қаңғып қаламын?

Бекінісім беріспейтін өліспей,

Ана тілім-ең соңғы ұлттық қамалым.

 

Тілім тірі, тірі дербес күн кешпей,

Аты тұрып қалай атқа мінгеспек.

Тілсіз тыныс ала алмайды, мемлекет,

Бас кессе де жоқ емес пе тіл кеспек?!

 

6-оқырман: Тіл-қастерлі, қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Бұл туралы ақын Сұлтанмахмұт  Торайғыров:

Сүйемін туған тілді-анам тілін,

Бесікке жатқанымда –ақ берген білім, — деп кесіп айтқан. Ана тілін сүйген адам – туған жерін, елін, отанын, атамекенін сүйеді деген сөз. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіңе басты себепкер сол ана тілің. Олай болса: Ақын Толыбай Абылаевтың «Төл тілім» өлеңін тыңдайық.

 

Түк емес-ау кедейшілік,

Көңіліңді күй тербесе.

Өз тіліңді өгейсітіп,

Өңменімнен итерме сен.

Жиреншедей шешенім-ай,

Желеп-жебе тілімді ұдай.

Дана қазақ кешегім-ай!

Шала қазақ бүгінгім –ай!!!

Ел мақтайды еркін ұлды,

Ей,бауырым,тіліңмен өс!

Ұлық етпей төл тіліңді,

Ұлтың туған ұлым демес.

Бар ол сенің дарыныңда,

Төл тілің боп жалында жыр.

Алпыс екі тамырыңда,

Бүлк-бүлк еткен қаныңда жүр.

 

(«Ананың тілі» әні орындалады.)

 

7-оқырман: Заманымыздың заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов: «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, бүгінінен де, болашағынан да қол үзеді. Ана тілін тегі өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» — десе ана тіліміз, туған тіліміз өзіміз үшін қымбат, асыл дүние. Оны ең бірінші өзіміз қадір тұтып, қастерлеуіміз керек. Бүгін поэзия кеші болғандықтан тағы да ақын өлеңдеріне кезек берейік.

 

Несіпбек Айтұлы  «Ана тілім»

Қыран құстай аспандап ана тілім,

Көтерілсе, қауырсын –қанатымын.

Шалатұғын қиырдан не болмаса,

Жарқылдаған көзінің болатымын.

 

Самғау ғана жарасар көк құсына,

Тегеуріні менмін ғой, топшысы да.

Уа, Тәңірім, бар болсаң шыныменен,

Жолатпа оны атылар оқ тұсына.

 

Жерге түссе қонатын тұғырымын,

Тұғыр болар тамырдың түбірімін.

Не болсам да болайын тілім үшін,

Керегіне жарасам ғұмырының.

 

Тұлпар болса алысқа арындаймын,

Тынысымын ешқашан тарылмайтын.

Тұяғымын немесе көк темірдей,

Тасқа соқса сынбайтын, жарылмайтын.

 

 

8-оқырман:

 

Үйлесімін, табамын, жарасымын,

Тілімдегі бойдағы бар асылым.

Тура шапсам көк мұзда тайдырмайтын,

Табандағы немесе тағасымын.

 

Түскен кезде тағдырдың егесіне,

Тағасының боламын шегесі де.

Қасиетіңнен, ана тіл, айналайын,

Халқым менің көтерген төбесіне.

 

Тұлпарым да өзіңсің, қыраным да,

Намысым да өзіңсің ұраным да.

Көз жұмылып, қарауға көрге кірсем,

Сенің үнің жатады құлағымда!

 

Иманымда  өзіңсің, құраным да,

Жағылатын басыма шырағым да.

Өлген соң да сен үшін күресемін,

Аруақ боп орнымнан тұрамын да.

 

9-оқырман: Қазақ тілі осал тіл емес. Ол әлем мойындаған Абай, Ахмет, Ілияс, Мағжан, Міржақып, Мұхтар секілді алып-тұлғаларды туғызған және соларды сөйлеткен тіл. Бұл тіл ақын-жазушы шығармаларына, жырларына арқау болған тіл. Олай болса құрметті оқырмандар ақын Нарша Қашағанұлының «Ана тілі» өлеңін тыңдап көрейік.

Ата-баба аманаты тіл деген,

Нағыз надан дәл осыны білмеген.

Түкіргенді суын ішкен құдыққа,

Түсінбеймін, түсінбеймін мүлде мен!

 

Өз тіліңді сыйласаң-ол мінің бе?

Өзге тілде сөйлеу әлде білім бе?

Қорынбай-ақ, қорықпай-ақ, қазағым,

Амандасып жүрсеңші ана тіліңде.

 

Ана тілің – бас байлығың, ырысың,

Тілің тірі болса ғана тірісің.

Ата-баба аманатын ұмытып,

Атқа мініп, шен  алғаның құрысын.

 

Мұғалім :

«Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді», «Ат жүйрігі отырады, тіл жүйрігі қайырады», «Сөз жүйесін табады, мал иесін табады», «Қиыстырып қаласаң отын жанар, қиыстырып айтсаң халқың нанар», «Икемсіздің малы арам, тілсіздің дауы арам», дегендей қазақ тілі өзінің таза түрінде бірнеше ғасыр, біздің  заманымызға дейін өткірлігімен, бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан-жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандырып, ұғымына қонымды, жүрегіне тиімді, көңіл көтеріп керегінде жанға тиіп, ашындырып, қысыл-таяң-қатал жағдайда қайрап егеп, «сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендей ерге, елге медет болып, ер намысын, ел намысын, адамгершілік арын, қан майданда, қырғын соғыста қасиетті тудай жоғары көтеріп, текті сезім оятып – туғызып, адам түгіл жағдайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын тіл болған емес пе еді. Міне, осы аяулы да асыл тіліміздің бүгінгі осы тұғырынан түсірмей бойтұмардай сақтап, ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Мемлекеттік тіл-тек қазақтың тілі емес, Қазақстанда тұратын барлық ұлттық ұлтаралық ортақ тіл. Олай болса «Адамға екі нәрсе тіректей, бірігіп, бөрі-ділің жүректегі»,-деп Н.Баласағұн айтқандай, ана тіліміз, байланыс, сөйлесу құралымыз, тілімізді құрмет тұтайық, қадірлі оқырман қауым!

 

Жүргізуші:

Ана тілім-бәрін айтар шежірем.

Тілсіз нені  білдіре алам, не білем?

Тілім барда ғана мынау ғаламның,

Кілтін табар саналысы сезінем.

О, адамдар, қадіріне жетіңдер,

Ана тілің-анаң, сыйлап өтіңдер!-деген ақын өлеңімен бүгінгі «Биік сенің мәртебең – ана тілім» атты поэзия кешін аяқтаймыз. Қазақстан халықтарының тілдер күні құтты болсын! Мереке мерекеге ұлассын!