Тәрбие сағатының тақырыбы: Сен мәңгі естесің сарбаз.

99

Тәрбие сағатының тақырыбы: Сен мәңгі естесің сарбаз.
Мақсаты: Оқушыларды туған жерін, Отанын сүюге, халқына адал қызмет етуге тәрбиелеу. Олардың достық, адамгершілік қасиеттерін, патриоттық сезімдерін дамыту.
Көрнекілігі: шарлар, ұрандар, Ауғанстан жерінің картасы.
Сабақ жоспары:
І. Ұйымдастыру.
ІІ. Мерекелік әдеби — музыкалық монтаж.
ІІІ. Ауған соғысының ардагерлерімен сұхбат.
ІҮ. Құттықтаулар.
Өту барысы:
І. Ұйымдастыру.
ІІ. Мерекелік әдеби — музыкалық монтаж.
Кіріспе сөз
Бисенбина Айбарша Нұржанқызы: 1979 жылы 12 желтоқсанда Кеңес Одағы басшыларының шағын тобы Л. И. Брежнев, Ю. В. Андропов, М. А. Суслов, Д. Ф. Устинов, Н. А. Громыко Ауғаныстанға кеңес әскерін енгізу туралы шешім қабылдады. Сөйтіп 1979 жылы 25 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғаныстан шекарасынан өтіп онда 1989 жылдың ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді. Қазақстан ауған соғысына 22 000 адам қатысып, олардың 761 адам қаза тапты, 21 адам хабарсыз кетті. 23 жыл бұрын 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлері ауған жерінен біржолата шықты. Он жылға созылған бұл соғыстан елге қайтқан жауынгерлердің көбі мүгедек болып оралды. Талайы жат жер топырағын құшты. Бұл соғыста ТМД елдерінің 15000 жуық адамы құрбан болды. «Ерлік қашан да елге мүра, ұрпаққа — ұран» болатыны белгілі. Соның бір үлгісі ретінде ауған майданының ардагер жауынгерлеріміз ортамызда. Бүгінгі біздің «Ерлік — ұрпаққа мұра» атты тәрбие сағатымыздың «Интернационалист – жауынгер» сізге арналады.
Бейбіт жастар тірлігіне Ауғанстандағы шиеленісті жағдай, арты соғысқа айналған сұмдықтың ызғары келіп араласты. Интернационалист – сарбаздар атанған қыршын жастар автомат оқпанын қыса ұстап, көрмеген — білмеген, таулы — тасты Ауған жеріне тағы да соғысқа аттанды.
Шыңғырлаудың ауасы дарып, суы ширатқан бауырларымыз бұл соғыста да тамаша ерліктің үлгілерін көрсете білді. Бұл күнде аудан орталығында Ауған жерінде қаза тапқан Д. Хамитов және сол сияқты әскер қатарынан оралмаған Д. Бесчасов, С. Гоптаренко, Р. Каймулдиев сынды боздақтарға ескерткіш – белгі қойылған. Осы жерде сонау қуғын — сүргін заманынан зар тартып, сыр шертер жазықсыз қудаланғандар ескерткіші де орын алған. Бұл үнсіз белгілер келешек ұрпаққа Шыңғырлау шежіресінен, оның өткенінен сыр шертетін болады.
Ауған қанды қасабынан аман оралған жерлестеріміз Б. Баймукашев, С. Бадьяков, В. Николаев бүгінде халық шаруашылығының әр түрлі салаларында қызмет етуде.
Дидардың әкесі Тілеухайыр ағамыз ұлын кішкентай шағынан – ақ қазақ халқының мақтаны болып келе жатқан батыр бабаларымыз – Абылай хан, Бөгенбай, Наурызбай рухын үлгі етіп өсіруге тырысты. Өзі де мектепте мұғалім Тілеухайыр аға Отан, туған ел мен жер туралы бала қиялының қанаттануынан еш білгенін аяған жоқ. Жанұядағы биік рухани талғам бала тәрбиесіне оң әсерін тигізбей қоймады. Дидар кішпейіл, еңбекқор болып өсті. Мектепте де үздік оқушының бірі болды. Мектептен соң әке рұқсатымен ДОСААФ — қа түсіп жүргізушілік курсын бітірді. Іле – шала 1979 жылы мамыр айында әскерге шақырылды. Жүргізуші мамандығын әскерде жалғастырған Дидар білікті жүргізушіге айналды. Алайда сәл кейін бұл біліктілік нағыз қанды қасап – соғыс ішінде талай жәрдемін тигізді. Өйткені ол сол кездегі Ауған жерінде әскери қызметте еді. Ол үнемі үйге хаттар жолдап отыратын, елге оралатын кез де жақындаған болатын.
Ауғанстан. Тілі мен тілегі бөлек, ой — шұңқыры таныс емес осынау жат елде әскери жауынгерлер иығына ел басшыларының саяси қателігінің зіл салмағы түсіп еді. Тоңмойын тоталитарлық саясат Ауғанстанда гүлденген өңір, мамыражай өмір жасаймыз деп жергілікті жұртшылықты үгіттеумен болды. Осы мақсатты ауыл – қышлақтарға үгіт бригадалары барып жұмыс істеді. Экономикасы құлдырап, мешеу қалған, аштық пен ауру жайлаған бұл елдің халқына гуманитарлық жәрдем көптеп жасалынды. Үздіксіз ағылған азық — түлік, дәрі — дәрмек т. б. көмек керуендері бұқара халықтың кейбір бөлігін аштық пен ауру тырнағынан аман алып қалды. Дегенмен бір үзім нан, шынайы жәрдемнің өзі кездейсоқ атылған оқ, жарылған бомбадан опат болған туыс пен бауыр орнын толтыра алар ма. Бастарына төнген барша соғыс зауалын әскерилерден көрген халық бәрібір қайраулы қанжарын жең ішінде ұстаумен жүрді. Кез – келген ұтымды сәт біздің Кеңестік жауынгерлер үшін қапысыз қауіп сәті болуы әбден мүмкін еді. Бұл аты жоқ соғыс, себепсіз сұмдық 15 мың жастың өмірін қиды. Сол кездегі соқыр саясаттың тажал ізі әлі күнге жарасы жазылмайтын дертке айналды.
Дидар да осы қанды — қырғын ішінде көлігін тоқтатпай жүріп келе жатты. Кідіру, іркілу мүмкін емес еді, өйткені ол — балаларды нансыз, жолдастарын оқсыз, дәрі — дәрмексіз, яғни дәрменсіз қалдырумен тең еді. Ауған жерінің тау жолы менен мұз тайғағы, қар көшкіні секілді қауіптің бәрін ұмыта жүріп, тәулікті – тәулікке ұластырып жұмыс істеуге тура келді. Оның жүкті уақытында, айтылған жерге жеткізуден басқа ойы да, мақсаты да болған емес, әрине арман қуып, қиялдайтын кезең емес еді бұл. 1980 жылдың 19 маусымына дейін ол ажал аранынан сытылып – ақ кетіп жүрді. Әрбір бұрылыс, әрбір асудан тосқан қауіп ызғары жүргізушілер үшін аса қауіпті де еді. Тап сол күні «аңдығанын алмай қоймайтын» ажал азуы қайран жасты қорғасын табытқа алып ұрған еді. Оның машинасы жол жиегінде атылған оқтан сау — тамтығы жоқ, жанып жатты.
Бұл әлі уыты тарқамаған, еске алу қиынға түсетін аса ауыр қаза. Жаңа жапырақ жайған жас өмірдің мезгілсіз, себепсіз орылуы еді. Бірақ ол өз халқының атын әлемге бірнеше қайталатып, ұлт рухын биік ұстап кетті. Қазақ деген халықтың ұлдарының табанды, төзімді де ержүрек келетінін дәлелдеп кетті. Бүгінде ер ұланның туған ауылында мектепке аты берілген, ол отырған парта үздіктер ғана отыратын аяулы орын. Өзі мәңгі мекен тапқан зираты да осы Шыңғырлау ауылында.
«Ауғанстанның разы халықтарынан», «Интернационал – жауынгер» медальдары мен қаза тапқаннан кейін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. КСРО Жоғарғы Президиумының Құрмет грамотасын иеленген.
Ер ұл кейінгі бауырларына, жас жеткіншектерге өзінің ерлік жолымен үделі үлгісін көрсетіп кетті. Осы рухы биік киелі жол болашақ буын бойынан табыларына бек сенім білдіреміз. Кешегі құлпырған жастық, міне бүгін Шыңғырлау тарихының бір бөлшегіне айналды.
Ауғанстан ажал аренасында арпалыстан өткен жерлестеріміздің көпшілігі арамызда да жүр. Сондай азаматтардың бірі – Бадьяков Сансызбай Батырұлы. 1965 жылы Шыңғырлау ауылында туған. 1983 жылы Шыңғырлау ГПТУ — 87 курсын слесарь — сантехник мамандығы бойынша бітіріп шығады. Бір жылдан кейін әскерге шақырылып, Жамбыл облысының Отар қаласына оқу бөліміне түседі. Сержанттық мектепті бітірісімен Талдықорған облысының Панфилов қаласына жіберіледі. Сол жерде Ауғанстан жеріне жіберілетін батальон жасақталады. Әскери қызметін қанды Қандагарда өткереді. БМ — 37 миномет атқышы болады. Шені – сержант. «Ерлігі үшін» медалі, «СА үздігі» төс белгісі, «Ауған халқынан» медалі бар. Бүгінде Шыңғырлауда тұрады.
Баймукашев Бахытжан Хакимжанұлы – 1959 жылы Ащысай селосында дүниеге келген. 1978 жылы әскер қатарына шақырылып, 1980 жылдың 20 ақпаны мен 15 мамыры аралығында Ауған жерінде тактикалық ракетаның көтеру — транспорттық және старттық жабдықтарының механик — жүргізушісі болып әскери қызметін өтейді.
«КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл», «Ауған халқынан» медалімен марапатталған. Қазіргі таңда Шыңғырлау ауданы орталығында тұрады. Ауған соғысының ардагерлері кеңесінің төрағасы.
Дәулетқалиев Мұхтар Темірғалиұлы — 1961 жылы 11 ақпанда Шыңғырлау селосында дүниеге келген. 1976 жылы Шилі орта мектебінің сегіз класын, аудандық ГПТУ – 87 оқу орнын ауыл құрылысы шебері болып бітіреді. Содан — соң Қарағанды индустриалды — педагогикалық техникумына түседі. 1981 жылдың сәуір айында әскерге шақырылған. Әскери қызметін Ауғанстанда аға гранатомет атқышы болып өтейді. 1983 жылы елге оралып, техникумын аяқтайды. Бітірген соң Шыңғырлауға оралып 1986 жылдан бастап өндірісті оқыту жөніндегі шебері болып жұмыс жасайды. 1994 жылы штаттарды қысқарту легіне ілінген ол бүгінгі таңда Шыңғырлау ауданы әкімдігінде арнайы әскери күзет бөлімінің аға алмастырушысы болып жұмыс жасайды.
Николаев Валерий Николаевич – 1960 жылы 12 сәуірде Шыңғырлау селосында туған, Осы жерде 1977 жылы орта мектепті бітіреді. 1978 жылы мамыр айында әскерге шақырылып, Чехословакияда Отан алдындағы борышын өтейді. 1980 жылы елге оралып, жүргізуші болып жұмыс жасайды. 1982 жылы ақпан айында Өзбек ССР – нің Фергана қаласына көшіп барады. Сол жылдың сәуір – қазан айлары аралығында Литвадағы Әуе Десанты әскерінің прапорщиктер даярлайтын мектебінде оқиды. Бітірісімен Ауғанстан жеріне жіберіліп, 1982 жылдың қазан айынан бастап 1985 жылы мамыр айына дейін 345 – Гвардиялық арнайы парашютті – десант полкінде прапорщик шенінде артилерия дивизионның арт батарея старшинасы болып қызмет етеді. «Ауған халықтарынан», «Совет армиясына 70 жыл» медальдары, «Жауынгер интернационалист» құрмет белгісімен «СА үздігі» наградаларымен марапатталған. Бүгінгі таңда Шыңғырлау селосында тұрады, «ВЖДО» ААҚ күзетші болып жұмыс жасайды.
Осындай Ауған жерінде әскери қызметте болған бірнеше жерлестерімізді тізіп айтатын болсақ, Шыңғырлау аудандық әскери комиссариатының берген мәліметіне орай былай баяндалады:
1. Ақбалиев Қабас Абдрахманұлы, 12. 1979 ж – 03. 1980 ж, жүргізуші, Шыңғырлау с.
2 Аскаров Нариман Көбейсінұлы, 11. 87ж — 02. 89 ж, ӘДӘ пулеметшісі Ақбұлақ с. о
3 Ашенов Арман Тілеубайұлы, 12. 1988 ж — 02. 1989 ж., аға көздеуші, Алмаз с. о.
4 Бекениязов Саин Молдашұлы, 01. 1980 ж. – 06. 1981 ж, атқыш, Қарағаш с. о.
5 Бектемиров Аманқос Есекенович, 04. 86 ж — 11. 87 ж, миномет командирі, Лубен с. о.
6 Даутов Мәлік Құсайынұлы, 12. 1988 ж – 02. 1989 ж, минометші, Қызылкөл с. о.
7 Жанболатов Мұрат Таженұлы, 12. 88 – 02. 89 ж., п/ станция бастығы, Шыңғырлау с.
8 Қазиев Абат Менгешұлы, 09. 1986 – 06. 1988 ж, ӘДӘ расчет нөміршісі, Белогор с. о.
9 Қосаев Орынғали, 12. 1979 – 02. 1980, жүргізуші, Лубен с. о.
10 Мұхамбетьяров Ізбасар, 08. 1980 – 01. 1981 ж, Полтава с. о.
11 Түсірғалиев Бейбіт Тәжімұқанұлы, 01. 1980 ж — 12. 1980 ж, пулеметші, Лубен с. о.
12 Шолақов Ақеділ, 07. 1986 ж — 09. 1986 ж., жүргізуші, Ақбұлақ с. о
1 – жүргізуші, ІІ — жүргізуші
1 – жүргізуші: Ат басына күн туса,
Ауыздығымен су ішер.
Ер басына күн туса
Етігімен су кешер – дегендей ХХ ғасырдың аяғында, яғни 1979 — 1989 жылдары ауған жеріндегі соғыс апатын шеккен азаматтарымыз аз емес.
Айгерім: 1978 жылдың сәуір айында Ауғанстанда революция жасалды. Революциялық кеңес және Республика үкіметі құрылып, төраға қызметі Н. М. Таракиге жүктелді. Жаңа үкіметтің нақтылы реформалық іс — әрекеттері дамыған социалистік елдердегі құрылысқа ұқсас болды. Жаңа өмірдің қалыптасуы барысында басқарушы партия арасында алауыздық пайда болып, өзара тартыс басталды.
Тойжан: 1979 жылы желтоқсанда КСРО әскерлері ауған жеріне енгізілді. Бұл әрекет елдегі жағдайды одан ірң шиеленістірді. Ауғанстан жерінде болған ұрысқа 22200 Қазақстандық қатысып, оның 701 жауынгері қаза болса, 484 адам мүгедек болып оралды. 20 жауынгер хабарсыз кетіп, 2205 жауынгер орден, медальдармен марапатталды.
Айбат: Міне, осы Ауған соғысының аяқталғанына 23 жыл өтіпті. Сол кездегі әсерге алынған жас жігіттеріміздің бірталайы соғыс зардабын тартып, қазіргі уақытта Ауған соғысының ардагері атанып отыр.Данияр: Бүгінгі біздің «Ерлік – ұрпаққа мұра» атты ашық тәрбие сағатымызға ауған ардагері Баймукашев Бақытжан ағамыз келіп отыр, қошеметпен қарсы алайық.
Қайрат Батырлыққа уызынан жарыған,
Ер төркіні байрағынан таныған.
Өзі ақын, өзі әнші халықта
Кім айта алар
Болмаған,- деп — Әнұран?!
Әнұран орындалады.
Асылбек: Көп аузынан түспейтін,
Отан деген немене?
Оның тұлға, түс, кейпін
Достым, білгің келе ме?
Еламан: Отан — сенің ата — анаң
Отан — досың, бауырың,
Отан — өлкең, астанаң,
Отан — аудан, ауылың.
Төрехан: Отан — тарих, Отан — тіл,
Жасаған елің, өз халқың!
Отан — өлең, Отан — жыр
Көтерген көкке ел даңқын.
Арухан: Отан — осы, достарым,
Көңілге мұны түйе біл!
Отан деп өсіп жан — жағың,
Оны ардақтап, сүйе біл!
Айнұр: Әуелің Отан — ана алды
Ауыл алды, аунаған шөптің қасы.
Сағынғанда тым ыстық көрінеді
Жаста ойнаған үйшік қып сайдың тасы.
Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Отан дейміз өсірген елімізді.
Отан дейміз туған жер, атамекен —
Биік тау, орман, тоғай, көлімізді.
Ислам: Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған «Отан»- деп сыбырлаған
Ислам: Жаным менің, кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!
Отан!
Отан!
Бәрінен биік екен
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен.
Ән «Ел қорғауға әзірміз».
Наурыз: Отан белгілі бір адам үшін оның өзінің елі ғасырлар бойы ғұмыр кешіп және солай болып қалуы үшін жанын пида қып күресіп келе жатқан өңір, өлке ғана емес, туған шаңырағы, ата — ана, бала — шағасы, жары, дос — жаран туысы. Солармен бірге жалғанған көретін қызығы мен бақытты тұрағы, өлгеннен кейін де, ұрпақтарына рухы жар болып жататын топырағы.
Санжар: Сақтады олар елін, жерін, қонысын
Ақтады олар азаматтық борышын
Сол үшін де қолтығынан сүйейік,
Ардагерге — майдангерге
Иейік біз барлық жерде
Басымызды сол үшін.
Айзира: Сапқа тұр, ақ ниет адамдар
Кел қосыл бейбітшіл шеруге
Тыныштық жауларын жеңуге.
Бейбіт күн тулары самғасын
Тыныштық тулары шарласын,
Жетім боп ана мен балалар,
Ойран боп от басы қалмасын.
Жол берме соғысқа азамат
Сен ғана тыныштық қорғаны.
Риза: Ауған соғысында интернационалдық борышын өтеген қаншама жас жауынгерлер қаза тапты. Оларды еске алу мақсатында 1 минут үнсіздік жариялайық.
Даяна: Жастық шақта жалын жұтып, қан кешкен,
Жарқын дүние жанарынан сан көшкен.
Ардагерлер — естелігі ерліктің,
Ұрпақтары — бұтақтары,
Қасиеттің, өсиеттің, ұмытылмас мәңгі естен.
Алина: Туған жердей жат жердің болмайтыны — ақиқат,
Оған көңілің толмайтыны — ақиқат.
Алтын торда алтын құс өсірсеңде, бұлбұл құс
Өскен бағы болмаса, қонбайтыны — ақиқат.
Би: Венера, Риза
Диас Ерланов: Жаулардан қарсы келген жасқанбаған
Жасаған ерлігіне мастанбаған.
Ұрпаққа өмір жолың өнеге боп,
Тарихта ардагерлер асқан бағаң.
Гаухар: Қызығы балалықтың тарқамаған,
Кезінде — ақ әр ауылдан, әр қаладан
Аттанып қан майданға сендерсің ғой
Соғыстың бар азабын арқалаған.
Аиша: Қазіргі бейбіт өмір солдаттары:
Еліме сақшымын, қалқатай,
Қазір мен, сағындым нақ шыным
Күт мені, әзірлен,- дейді.
Ауған соғысы туралы диафильм көрсету.
ІІІ. Ауған соғысы ардагерлерімен сұхбат.
Мирас: Құрметті ауған соғысының ардагерлері, осы соғыс туралы сіздерге қоятын оқушылардың бірнеше сұрақтары бар.
Диас: Адам жүрегіне жара, санасына ауыр салмақ салып, сұм соғысқа өз еркіңізбен бардыңыз ба?
Наурыз: Соғысқа шыдамай өз — өзіне қол жұмсаған адамдар болды ма?
Әсет: Бейбіт өмірде өмір сүріп жатқан адамдарға тілегіңіз.
ІҮ. Құттықтаулар.
1. Мектептің әскери алғашқы дайындық пәнінің мұғалімі Тұрмағамбетов Рысжан Дүйсенғалиұлына сөз кезегі беріледі.
2. Ардагерлерге тілек.