Халқын сүйген — салтын сүйер

Халқын сүйген — салтын сүйер

Мақсаты: 1. Қазақ халқының салт-дәстүрлерін, әдеп-ғұрыптарын оқушы

санасына жеткізу.

  1. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптей отырып, салт-

дәстүрлеріміз бен әдеп-ғұрыптарымызды қадірлей білуге

тәрбиелеу.

  1. Оқушылардың ұлттық дүниетанымын кеңейту.

Мұғалім: Құрметті ұстаздар, оқушылар! «Халқын сүйген-салтын  сүйер» атты кешімізге қош келіпсіздер. Қазақ халқының әріден келе жатқан өзіне тән салт- дәстүрі, әдеп-ғұрыпы, ойын-сауығы бар. Бұлар — талай ғасыр жемісі. Ендеше, кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер.

Би «Шашу биі»

1-жүргізуші: Егемен еліміздің болашағын қалыптастыру үшін халқымыздың қаһармандық тарихын, ғасырдан-ғасырға жалғасып жинақталған ұлттық мұрасын, озық мәдениетін, ұлттық мінез – құлқын, әдет-ғұрпын білуіміз керек.

Ән: «Қазақтың  дәстүрлері.»

2-жүргізуші: «Сүйінші!». Қазақ халқының жақсы дәстүрінің бірі. Жас нәресте дүниеге келгенде, қуанышты хабар болғанда, туған-туыс, дос-жаран бір-бірінен сүйінші сұрап, мәз-мейрам болып жатады.

1-жүргізуші: Дүниеге келген жас нәрестеге ата-аналары мен әке-шешесі үш күннен қалдырмай ат қою дәстүрін жасайды.

Көрініс «Ат қою»

Әжесі:

Көрші әжеге ұсындым

Ат қоярын баламның.

 

Көрші әжесі:

Азамат боп өс балам,

Мақтан тұтар ата-анаң! деп балаға Азамат есімін береді, оның құлағына «сенің есімің Азамат» деп үш рет айқайлайды.

2-жүргізуші:

Әр халықтың өзінің кәсібіне, сенім-нанымына, тіршілігіне байланысты қалыптасқан салт-дәстүрлері бар. Солардың бірі — «Шілдехана». «Шілдехана» — өмірге адам келгенінің, оған қуанудың белгісі.

 

Оқушы:

Сен келді деп өмірге

Шырақ жағып көңілге.

Қуануы қауымның

Тегін емес тегінде.

 

Оқушы:

Сәнге толы қазағымның тірлігі

Күліп тұрса ынтымақ пен бірлігі.

Әр жүректе бүршік жарып гүлдейді,

Сезіміңді серпілтетін жыл гүлі

 

1-жүргізуші: Қазақ халқы «Бесіксіз үйде береке жоқ» деп өмірге сәбидің келуін асыға күткен.Қазақ баласын ағаш бесікке салып баққан. Ағаш бесік көшпелі өмірге өте қолайлы. Бесікті қазақтың құрмет тұтуы соншалық кейде атасы жатқан бесікке немерелері жатқан. Қазақтың туған жерді алтын бесікке теңеуі — бесікті ардақтаудан шыққан. Балаға деген ана махаббаты «бесік» жырлары арқылы берілген.

 

Көрініс: « Бесікке бөлеу»

Бесік жырын айтады.

 

2-жүргізуші: «Тұсау кесу» — бала қаз тұрып жүре бастағанда жасалатын салт-дәстүр. Бұл дәстүр бала құламай аяғын тез басып жүріп кетсін  деген тілекпен жасалады.

Көрініс: Тұсау кесу батасы беріледі.

1-жүргізуші: «Сүндет той» сүндетке отырғызылған баланың құрметіне жасалады. Сүндетке отырғызу 7-8-ші ғасырда араб елдерінен шығып бүкіл мұсылман жұртына тараған. Сүндетке отырғызу — мұсылмандықтың белгісі. Ер баланы сүндетке 5,7  немесе 9 жасында отырғызған.

 

Оқушы:

Қазағымның әрқашанда көп қой тойы

Соның бірі құдіретті-«сүндет тойы».

Әрқашанда салт-дәстүрім арта берсін

Сүндетке отырғызу — ата –ананың міндет тойы.

 

2-жүргізуші: Халқымыз жаман әдеттерге тыйым салу мақсатымен тыйым сөздер айтып отырған. Тыйым сөздерді бұлжытпай орындау да әдептіліктің белгісі. Енді ырым-тыйым сөздерге кезек берейік.

 

Оқушы:

  1. Босағада тұруға болмайды.
  2. Кеш батарда ұйықтауға болмайды.
  3. Бетті шүберекпен жауып жату жаман ырым.
  4. Қол жуған соң қолды сілікпейді.

 

Қорытынды: Құрметті ұстаздар, оқушылар! Қазақ халқының салт-дәстүрлерін, әдеп-ғұрыптарын ойымызға тоқып алдық деп ойлаймын. Ендеше ұмытпайық,  есімізден әрдайым шығармайық деген тілекпен кешімізді  аяқтаймыз. Көңіл қойып тамашалағандарыңызға көптен-көп рахмет!