«Зергерлік бұйымдар» тәлім сағаты

268

Тақырыбы:   «Зергерлік бұйымдар»  тәлім сағаты.

Мақсаты:  Зергерлік өнерді насихаттау, зергерлік бұйым түрлерімен таныстыру, зергерлік

бұйымдар туралы ой қорыту,ауданымыздың зергері Өтеп ағаймен кездесу.

Тәрбиелік мәні: Зергермен кездесе отырып, зергерліктің өнер екенін ұғындыру, мамандық ретінде

қабылдауға тәрбиелеу, зергердің өнерін бағалау.Күмістің емдік,күміске байланысты

халықтық ырымдарды білу.

Көрнекілігі: Зергерлік бұйым түрлері, слайдтар.

Сабақтың жүрісі: 1) Ұйымдастыру

2) Қонақты қарсы алу.

Кіріспе: Қазақтың халықтық зергерлік өнері ұлттық мәдениет тарихынан ерекше орын алады.Өнердің бұл түрінің түп төркіні мыңдаған жыл әріде жатыр. Қазба жұмыстары кезінде табылған бұйымдардағы қолтаңбалар ежелгі өнердің көркемдік деңгейінің биік болғанын байқатады. Зергерлер көбінесе бағалы металдардың ішіндегі ең қолайлысы күмісті пайдаланған.Қазақ зергерлері күмістің жалтыраған түсін, әр түрлі формалар жасауға қолайлылығын шебер пайдаланған. Сауда дамуына байланысты қазақ жайылған Ресейдің күміс және алтын ақшасы, Қытайдың қой тұяқ, тай тұяқ жамбыларынан сәндік бұйымдар жасады.Күмісті,алтынды,асыл тастарды сәндік бұйым жасатушылар өздері тауып берді. Кейбір зергерлер өз күмісінен де сәндік бұйымдар жасап сататын болған.

1-оқушы: Зергерлердің көп жасаған бұйымдарының қатарына әйелдерге арналған әшекейлер жатады. Күміс әшекейлерді алтынмен аптап,түрлі асыл тастардан көз салып әрлеу кең етек алған.Әйел әшекейінің ең қымбаты ұзатылатын қыздың үйінен киіп шығатын бас киімі-сәукеле.Алтын,күміс әшекейлері,гауһар,інжу тастары мол сәукелелердің құны тіпті қымбат болды.Сәукелеге үкі, аяқ қолтықша, шекеліктер тағылды.

Слайд: Сәукеле түрлері.

2-оқушы: Қыз-келіншектердің аса сүйіп тағатын ең сүйкімді әшекейі – сырға. Сырғалар әркелкі болып жасалады. Сырғаны бой жеткен қыздар,жас келіншектер таққан. Жасамыс әйелдер жаулық тартып,кимешек кигендіктен көбіне сырға тақпаған. Қазақ зергері жасаған сырғаларының түрі өте көп. Ай сырғалар, тас көзді сырғалар, күмбез сырғалар, қозалы сырға, салпыншақ сырға, шұжық сырға, сабақты сырға, шашақты сырға, т.б.

Слайд: Сырға түрлері.

Үнтаспадан А.Қоразбаевтың орындауындағы «Сырғалым» әнін тыңдау.

3-оқушы: Мойынға тағатын әшекейлер алқа және бойтұмарлар.Көз қондырылған теңгелерден,асыл тастардан жасалынған үзбелі моншақтарды-алқа деп, ал, бұрыштап немесе жұмыр түтікше тәрізді жасалып, іші қуыс болатын әшекей бұйымдарды-бойтұмар деп атаған.Алқа мен бойтұмарға мойынға ілу үшін әсем шынжыр бау тағылады.

Слайд: Алқа, бойтұмар түрлері.

4-оқушы: Қазақ әйелдерінің сәндік бұйымдарының бір тамаша үлгісі – өңіржиек. Өңіржиек бір-біріне шығыршық немесе шынжыр арқылы жалғасқан бірнеше төрт бұрышты әшекейлерден тұрады. Әр әшекейдің ортасына, жиегіне асыл тастар орнатылады. Төменгі жағына әр түрлі салпыншақтар ілінеді. Өңіржиек әйел адмның құрсағы мен кеудесін бәле-жаладан, тіл-көзден сақтайды.

Слайд: Өңіржиек түрлері.

Би: Р.Рымбаеваның орындауындағы «Тентегім» әніне қойылған би.

5-оқушы: Киімге тағылатын күміс әшекейлер қатарына түйреуіштер,түйме,тана, үзбе,ақық, қапсырмаларды жатқызамыз. Қапсырма екі бөлек жасалады да,бір-бірімен ілмек арқылы жалғасады. Киімнің екі өңірін бір-біріне қосып тұру үшін тағылатын әшекейдің бірі. Түймелер – іші қуыс, сырты зерлі болып келеді,кейде оны торсылдақ түйме деп те атайды. Түймелер сырт киім өңірін ілмек арқылы ұстап тұрады.

Слайд: Түйреуіштер,түйме түрлері.

6-оқушы: Әйелдерге арналатын әшекейдің ең көбі, ертеден келе жатқан және бүгінге дейін кең қолданылатын бұйым-білезік. Оны қыз-келіншектер де,орта жастағы әйелдер мен үлкендер де салған. Білезік көбіне күмістен кейде таза алтыннан да жасалады.Бұған қоса бірнеше асыл тастардан тұратын үзбелі білезіктер де кездеседі. Олардың негізі күмістен жасалады да, сырты алтындалып, әр үзбенің үстіне әр түрлі тастардан көздер орнатылады.Кейбір білезіктерде шынжырмен жалғасқан екі-үш сақина, жүзіктері болады. Мұндай білезіктерді «бесбілезік» деп атайды. Білезіктің топса арқылы ашылып-жабылатын да түрі болады. Сом білезік, жұмыр білезік, қарта білезік, қақпа білезік,сағат білезік деп әр түрлі атайды.

Слайд: Білезік түрлері.

7-оқушы:Қазақ зергерлерінің өте көп жасайтын әшекейлерінің бірі — сақина, жүзіктер.Қазақта ең қасиетті бұйым-жүзік. Қазақстанның батысы мен оңтүстік батысында құдағи жүзік деп аталатын өте көлемді және сәнді жүзік жасалады. Оның бауырында екі саусаққа бірдей кигізетіндей қосарланған екі сақинасы болады.Мұны ұзатылған қыздың енесіне,яғни құдағиларына бір жылдан соң тарту ету үшін арнайы жасатады. Оны оң қолының ортаңғы екі саусағына кигізгенде,төрт саусақ сыртын түгелге жуық жауып тұрады. Құс мұрын жүзік,құдағи жүзік,отау жүзік,тасбақа жүзік деген түрлері бар.

Слайд: Сақина,жүзік түрлері.

Ән: «Қазақы дастарханым»

8-оқушы: Бой жеткен қыздар шолпы,шаш теңге тағатын болған.Шолпыны күміс теңгелердің бірнешеуін кішкене шығыршықтар арқылы жалғастырып жасайды,ең үсіңгісіне күміс шынжырдан немесе матадан ызылған бау тағады.Бұл бауды бұрыммен қоса өріп қояды. Шаштың ұшында салбырап тұрған әшекейлер қыз жүрісінен үн қосып,әсем әуен шығарады. «Сыңғырлаған күлкісіне сылдырлаған шолпысы үн қосар» деген қанатты сөз бар.

9-оқушы: Шашбау бір-біріне сым үзбелер арқылы жалғасатын,ортасына асыл тастардан көз қондырылған теңгелердің тізбегінен тұрады. Шашбаудың ұшы сәнді шашақпен немесе күміс әшекейлермен аяқталады.Шашбау шаш өрімінің түбіне бекітіліп,шаштың ұзына бойына түсіріледі. Бұдан басқа шашқа желкелік,шашкерме,шашқаптар тағылған.

Слайд: Шашбау, шолпы түрлері.

Магнитофоннан Алтынбек Қоразбаевтың «Шашбаулым» әнін  тыңдау.

10-оқушы: Қазақ халқының ұлттық киімінің сәнін келтіретін тағы бір маңызды бөлшектерінің бірі-ерлерге арналған кемет белдік,кісе белдік.Көбінесе батырлар мен аңшылар тағатын белдіктер қос қабатталынған былғарыдан жасалады.Олар берік болып келеді.Сыртына күмістен,алтыннан,асыл тастардан әшекейлер орнатылады. Кісеге пышақтың қыны,салпыншақтар ілінеді. Орта жастағы не жігіт ағасы болған сал-серілер қамзол сыртынан кемер белбеу буынған. Кемер белбеу адам белін бір орайтындай қысқа болады,екі басына темірден қапсырма орнатылады, сырт жағы күміс,асыл тас әшекейлермен безендіріледі.

11-оқушы: Күміс киелі нәрсе.Ол жүрген жерге жамандық жоламайды. Тамақ адал болу үшін қолда жүзік болуы  керек немесе жаңа туған баланың дені сау,жаны таза болуы үшін күміс жүзік немесе күміс тенге салып шомылдыру, тамақты күміс қасықпен ішу сияқты ұғымдар әріден келе жатқан сенім-нанымнан туса керек. Бұл тұжырым негізсіз емес.Таза күмісте әр түрлі ауру қоздырғыш микробтарды өлтіретін қасиет бар. Күміс Қарағанды,Жезқазған кен орындарынан қоспа түрінде алынады.

12-оқушы:                           Зергерлік.

Күмісті илеп қамырдай,                                        Жамбы,жақұт,мәрмәрді,

Жіптей созып иейін.                                              Сәндеп,қырлап,баптайын.

Өз ісімнен жапңылмай,                                         Сүйсіндірсін алғанды,

Тастан түйін түйейін.                                            Алтынменен аптайын.

 

Салтанат құрсын сән енді,

Жаңғыртайық көнені.

Таңдандырсын әлемді,

Қазақтың бұл өнері.

Мұғалім: Біздің Маңғыстау облысында зергерлер көптеп саналады,олар зергерлік өнердің барлық тәсілдерін меңгерген. Шеберлер бұйымдарды тапсырыс бойынша да,сату үшін де жасайды.Бірақ осы өнерге деген сүйіспеншіліктерін бір сәт болса да ұмытпайды. Маңғыстаулық Кетік қаласының тұрғыны,руы құнанорыс Атанша Өтешов, Тұщыбек ауылынан Ақбота Қыдырбай,Тиген ауылынан руы Бектеміс жары Қонарбай сынды зергерлер болған.Қазір де қазақтың ұлттық зергерлік бұйымдарын жаңғыртып, жаңартып,жалғастырып жүрген ауданымызда Өтеп ағай, ал облысымызда Мәденов Мырзабай, Оразов Сағидолла сынды зергер ағаларымыз бар.Зергерлік-киелі де қасиетті өнер саналған. Оған ең алдымен табиғаттан дарыған тума талант керек.Ол атадан балаға немесе ұстаздан шәкіртке ауысып отыратын тылсым сырлы өнер.

Ауданымызға белгілі зергер Өтеп ағайға сөз береміз.Зергерлік бұйым жасауда пайдаланып жүрген құралдарымен, зергерлік өнердің қыр,сырымен және қол туындыларымен таныстырады.

13-оқушы:  «Зергер»  Ф.Оңғарсынова

Білесің бе бұл істі                                                   Көрсең қайран боларсың —

Зергерлікке кім дайын?                                          Мақтанышы ол бір елдің.

Балқытып ап күмісті,                                              Күмістейді тағасын,

Сапырады судайын.                                                Таралғы мен жүгенін.

Осы жұмыс ырғағы,                                                Демеңіздер бұл қалай,

Білезік пен алқаны,                                                  Күмісті де илеген.

Сақинаны,сырғаны,                                                 Осы өнерді мұрадай,

Күміс сымнан тартады.                                           Зергерлерден үйренем!

14-оқушы: Қазақтың әшекей бұйымдары – жалықтық қолданбалы өнеріміздің ғана емес бүкіл ұлттық мәдениетіміздің асыл қазынасы.

Ән: «Қыз сыны»

Қорытынды.