Жүрек жылуы

124

Cабақтың тақырыбы: Жүрек жылуы

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: «Қайырымдылық», «мейірімділік» адамгершілік құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.

Дамытушылық: адамдармен қарым-қатынаста достаса білу, өзара келісімге келу, түсінісу, тіл табысу, кешірімді, кішіпейіл, көпшіл бола білу, көңіл күйін басқара алу қасиеттерін қалыптастыру.

Тәрбиелік: Қамқорлық жасай білуге, мейірімділікке тәрбиелеу.

Сабақтың әдісі: түсіндіру, әңгімелесу, оқулықпен жұмыс, ойын.

Сабақтың көрнекілігі: суреттері.

Сабақтың түрі: тіл дамыту.

Сабақтың барысы:

І.Ұйымдастыру бөлімі:

  1. Сынып бөлмесін әзірлеу.
  2. Оқушылардың зейінін жаңа сабаққа аудару.

ІІ. Жаңа сабақ.

                    

Шаттық шеңбері

           

Балалар, бәріміз ортаға шығып «Шаттық шеңберін» құрайық.

Шеңбер болып тұрайық жылы жүзбен,

Бізге келсін қуаныш, нұр іздеген.

Шуақ толған жанымыз, жүрегіміз,

Үлгі алсын көрген жан мына бізден.

  • Өзіңнің сүйікті оқушыларыңды «Өзін-өзі тану» сабақтарында көрген қандай жақсы.

Осындай мейірімді, ақылды, өмірге, білімге құштар балаларымды көргеніме өте қуаныштымын. Сендермен бірге болғаныма тек мен ғана емес, шуақты күн де қуанып тұрғандай. Ендеше біз де бір-бірімізге күлімсіреп, алақандарымыздың жылуын байқай отырып, сәлем берейік! Бүгінгі күніміз көңілді әрі жарасымды аяқталуы үшін өзімізге және келген қонақтарға жақсылық, көтеріңкі көңіл тілейік.

         Балалар бір-бірімен сәлемдесіп, мұғаліммен бірге Е.Өтетілеуовтің өлеңін орындайды:

Жас дәуірдің түлегіміз

Бау, бақша, белдер,

Орман, тау, көлдер —

Көрікті шексіз даламыз.

Дәулеті тасқан,

Сәулеті асқан –

Көңілді ауыл, қаламыз.

Қайырмасы:

Жадырап күндей,

Жайнаған гүлдей –

Бақытты біздер баламыз! (2 рет)

 

 

Өзіміз туған,

Көбелек қуған –

Өлкеде өсіп, толамыз.

Жалықпай оқып,

Көңілге тоқыл –

Білімді адам боламыз.

Қайырмасы:      

 

 

 

Тыныштық сәті. Әуен ойналады

Мен әуенді қосқан кезде бәріміз жүрегіміздегі сиқырлы әлемге аттанамыз. Біздің жүрегімізде кішкентай адам өмір сүреді. Оның аты да дәл сендердікіндей. Қолдарыңды жүректеріңнің тұсына қойып, оның қалай соғып тұрғанын сезініңдерші (тыныс алу). Ол біздің жүрегіміздің ішіндегі «Мен осындамын», «Мен сенімен біргемін» — деп тұрған кішкентай адам ғой. Оған өздеріңнің күлкілеріңді сыйлаңдар. Жүрегіміздегі кішкентай адам әрқашанда бізбен бірге болады. Жүрегіміз бізге тек ақыл мен жақсы сөздер айтатын болады. Себебі, оны тек біз өзіміз ғана ести алатын боламыз. Жүректеріңе іштей рахмет айтыңдар. Ол сендердің ризашылық сөздеріңді естісін. Сездіңдер ме, ол одан да бетер қатты соғып кетті. Олар бізді естігенін білдіріп жатыр. Осы сәтті естеріңе сақтаңдар!

  • Енді көздеріңді аша қойыңдар. Қолдарыңды жоғары, содан кейін екі жаққа

созыңдар. Терең дем алыңдар.

  • Міне, тамаша!

              

Әңгімелесу

Мұғалім балаларға адамдардың жүректері мейірімге, қайырымға, махаббатқа, жылы сезімге толы екенін және жақсылықтың бәрі жүректен шығатынын түсіндіру мақсатында әңгімелесу жүргізеді:

  • Үлкендер еркелеткенде қандай күйде боласыңдар?
  • Жақсы көретін адамдарға қандай тілек айтқың келеді?
  • Басқаларға жақсылық жасаған кездерің болды ма?

                        

Оқулықпен жұмыс

В.Осеева «Жай ғана әжей»

         Мұғалім сабақтың тақырыбын ашу мақсатында мәтінді айтып береді. Балалар сұрақ бойынша жауап береді.

         Айнұр мен Абзал көшеде келе жатыр еді. Алдарында қарт әжей кетіп бара жатқан. Жер тайғақ болатын. Әжей сүрініп кетіп, жығылып қалады.

Абзал:

  • Сөмкемді ұстай тұршы! – деді де, қарт кісіге көмектесуге жүгіріп

кетті.

Абзал қайтып келгеннен кейін Айнұр:

  • Бұл сенің әжең бе? – деп сұрады.
  • Жоқ, деп жауап берді Абзал.
  • Мамаң ба?
  • Жоқ.
  • Ендеше көршің шығар?
  • Жоқ. Ешкімім емес. Жай ғана қарт әжей ғой, — деп жымиды Абзал.

 

Оқушылармен пікірталас ұйымдастыру

  • Сендердің осындай оқиғаға кездесулерің мүмкін бе?
  • Бұл оқиғадан не үйрендің?
  • Абзал мен Айнұрдың ой-пікірлері туралы не айтасыңдар?

 

Дәйексөз

Балалардың жауаптары дәйексөзбен түйінделеді.

Мұғалім тақтаға  «Табиғаттағы барлық жылу – күннен, Өмірдегі барлық жылу — адамнан». М.Пришвин, деп жазып қояды. Мұғалім өмірдегі барлық жақсылық, мейірімділік, қайырымдылық адамдарға байланысты екенін түсіндіреді.

  • Өздеріңнің жауап бергендеріңдей қайырымды іс жасау оған

мұқтаж адамның жанына жұбаныш болады. Ал өзің біреуге қайырымдылық жасағанда көңілің көтеріліп, жаның жай тауып, қуанасың, сол адамды қуантасың, қайырымды іс істей алатыныңа жақын-туыстарың, достарың, айналаң қуанады. Әрбір адамның жүрегінде сондай жылуы болса, бір-біріне қайырымдылық жасап жатса, әлемдегі адамдардың барлығы қуанышта, бақытта өмір сүреді.

Мұғалім балаларға дәптердің соңында берілген «Менің дәйексөздерім» айдарындағы бүгінгі сабақтың тақырыбы көрсетілген бетке осы дәйексөзді жазуға кеңес береді.

 

Тапсырма

Мұғалім балалардың жақсы көретін адамдары туралы әңгімелеп, айтып беруге тапсырма береді. Мұғалім бұл тапсырманы ұйымдастырғанда балалардың отбасы, туған-туысы, тәрбиешісі, т.б. жақсы көрсететін адамдары туралы ойларын біледі. Сонымен бірге әр баланың өмірде өз орны ерекше екенін, оларды да жақсы көретін адамдардың бар екенін ұғындырады.

 

Жағдаятты талдау

Мұғалім оқулықта берілген суреттерге қарап, жағдаяттарды шешуді ұсынады.

  1. Сен бір құшақ газет-журнал көтеріп келе жатқан пошташыға кездестің…
  2. Сен аулаға ролик тебуге шықтың, ал досыңның ролигі жоқ…
  3. Анаң ас пісіріп жатыр, ал інің мазасызданып кетті…

Жағдаятты топпен, жекелей орындауға болады. Балалар өз шешімдерін

жария етеді.

 

Жаңа ақпарат

Оқушылардың «қайырымдылық», «мейірімділік» адамгершілік құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту мақсатында мұғалім оқулықта берілген жаңа ақпаратпен таныстырады:

Мейірімді адам өзге адамға, туған-туысқандарына, табиғатқа деген жанашырлық сезімін, қамқорлығын көрсетуге дайын тұрады.

 

Дәптермен жұмыс

Мұғалім дептерде орындау үшін төмендегі үлгіде тапсырма береді:

Жүрегіңнен шыққан мейірімділік, қайырымдылық, жан ашырлық, жан жылуы кімдерге, нелерге арналатынын суретке қарап, бос торкөздерге  жазыңдар.

             

Жүректен жүрекке

Оқушылар сабақ соңында өздерінің жүрек түпкіріндегі жылы сезімдеріне ризашылықтарын білдіреді.

Оқушылар оң қолдарымен жүрек тұсын ұстап кезегімен мынадай сөйлемдер айтады:

  • Менің қайырымды жүрегіме рақмет!
  • Менің мейірімді жүрегіме рақмет!
  • Менің жылы жүрегіме рақмет!
  • Менің жүрегімнің адамдарды жақсы көргеніне рақмет!
  • Менің жүрегімдегі жақсы көру сезіміне рақмет!
  • Менің жүрегімнің қуана білетініне рақмет!
  • Менің жүрегімнің жанашырлығына рақмет! және т.б.