Тасмола орта жалпы білім беретін мектебі бойынша 11 сынып оқушыларына орта мектепті бітіргендері туралы мемлекеттік құжат тапсыру салтанатының сценарийі

93

Тасмола орта жалпы білім беретін мектебі бойынша 11 сынып оқушыларына орта мектепті бітіргендері туралы мемлекеттік құжат тапсыру салтанатының сценарийі

Армысыздар құрметті қонақтар, ұлағатты ұстаздар, ардақты ата-аналар және мектеп бітіруші түлектер!

Бүгінгі «Қош бол, ұстаз, алтын ұя мектебім!» атты Аттестат алу кешіне қош келдіңіздер.

Міне, көптен күткен салтанатты жыйнда келіп жетті. Кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектеп қабырғасын имене аттаған ұл-қыздарыңыз, бүгін де ойы толып, бойы өсіп, қолдарына аттестат алғалы және де алтын ұя мектебімен қоштасқалы тұр. Бүгінгі жиын, бүгінгі тілек, арнау мен аманатымыз тек жас түлектерге арналады.

Бүгінгі күн баршамыз үшін жүрек тебірентіп, көңіл толқытатын сәт. Олай дейтініміз Тасмола орта жалпы білім беретін мектебінің қабырғасында бақытты бал-балалық шақтарын өткізіп, ұлағатты ұстаздар қауымының тәлім-тәрбиесін бойларына сіңіріп, білім нәрімен сусындап өскен ұл-қыздарымыз ер жетіп, қанаттары қатайып, жаңа өмір әлеміне нық сеніммен қадам басқалы тұр.

Бүгін қандай шаттық толы кеш еді,

Көңіл шіркін, тасып-толып өседі.

Ұл кешегі жігіт болып қалыпты-ау,

Бой жетіпті бантиктегі қыз кешегі.

 

Толқимыз, толқып тұрмыз баршамыз да,

Мұндай күй болған, бәлкім, баршаңызда.

Қол соғып қошеметпен шақырайық,

Түлектер келсін кәне, ортамызға.

 

Мектеп бітіруші түлектерімізді ортаға шақырайық.

 

Азамат боп туған елін қорғайтын,

Дидардың бар талабы ұстаздары қолдайтын.

Біртоға жан өзі бір достарына сенімді,

Жолың болсын Дидаржан, қорға адал еліңді.

 

Арманы көп Інжудің,

Алға қойған мақсаты.

Өзі сүйер пәндерден,

Шығып жүр ғой жақсы аты.

 

Әрқашан да жадырайды жанарың,

Сәтті болсын Райхан әркез қадамың.

Қайда болсаң жолың болсын жас түлек,

Үмітін сен ақтарсың ата-анаңның.

 

Өнер сүйген, спорт сүйген түлексің,

Қарындасқа, ініге сен тірексің.

Табанды да тиянақты жігітті

Бисенгалиев Руслан деп сен білерсің.

 

Жанарынан от ұшқындап,

Жүреді ылғи дараланып

Ақнұр деген ертең нағыз,

Жақсы маман болады анық.

 

Ақыл, сана берген білім тереңін,

Алғысы көп мектебіне өреннің.

Медеттей түлегіміз бар, міне,

Жолың болсын саған айтар тілегім.

 

Көрінесің әліде бала сынды,

Бойыңа әдет, ізетің жарасымды

Гүлсара қыз сенімін ақта еліңнің,

Міне, үлкен өмірге жол ашылды.

 

Тарыдай боп келіп едің кеше ғана,

Талшыбықтай Алтынай өстің дара

11 жыл білім нәрімен сусынданып,

Мектепті бітірдің сен, өсті сана.

 

Кішкентай боп алдың қолға әліппені,

Дәптеріңе жаздың сен әріптерді.

Алғашқы сол сабақтың өзі дағы,

Мейірімге әлем сырын ашып берді.

 

11-сынып жетекшісі Китарова Ләйлә Толыбайқызы

 

Мектеп қой Еліміздің қаны, жаны.

Мектептен басталады бәрі-бәрі

Бүгінгі салтанатты кешімізде

Шырқалсын Қазақстан Әнұраны.

 

(Гимн ойналады)

 

 

Мектебімнің қиынына күйгені,

Табыстарға мәз-мәйрам боп жүргені.

Сіздер үшін күйінгені, күлгені,

Сөздер айтар жастарымды бастайтындай ілгері, — дей келе алғашқы сөз кезегі мектебіміздің басшысы Айшуаков Ерлан Мәлікұлына беріледі.

 

Ескендір Хасанғалиевтің әні «Айналайын» орындайтын Тулешева Гүлжамила

 

Ажырамай мектептен бір елі сіз,

Жақсылыққа жаралған жүрегіңіз.

Сөз берелік құрметпен өзіңізге.

Түлектерге арналсын тілегіңіз – деп, келесі құттықтау сөз кезегі «Ақбұлақ» селолық округінің әкімі Уржанов Самиғолла Якупұлына беріледі.

 

Ән «Домбыра туралы баллада» орындайтын Онғаралиева Ботагөз.

 

Өрендер кетті, сендерден енді балалық,

Тұрсыңдар міне болашақ күнге жол ашып.

Кетігін елдің жетілдірер бол азамат,

Бір кірпіш болып дүниеге мына қаланып.

 

11 жыл оқып, білімің түсті қорлана

Аттестат алғалы тұрсың мектеп деген ордада.

Аттестат деген – азаматтық куәсі,

Аттестат деген – өмірге берген жолдама, — дей келе көптен күткен қуанышты кезең, 11 жылғы төккен теріңнің жемісі, 11 жыл бойы алған біліміңнің белгісі Аттестат алу кезеңі келгендей.

 

Шығыңдар білім шыңына,

Батамыз осы сендерге

Болыңдар үздік тағыда,

Оқуда да еңбекте – дей келе, Аттестат тапсыру салтанатты рәсімі мектеп директоры Айшуаков Ерлан Мәлікұлына тапсырылады.

 

(Салтанатты түрде куәлік тапсыру)

 

Ұрпақпен өмір жолы жалғанады,

Көңілді күндер тусын алдан әлі

Ән-шашу әсем бимен, түрлі өнер,

Бүгінгі күн сіздерге арналады, — деп, Қайырғалиева Айгерім мен Қайыржанова Айымның орындауындағы «Балалық шаққа саяхат» әнін қабыл алыңыздар!

 

 

Әлі есімде әліппені ашқаным,

Есіміңді есте мәңгі сақтадым.

Жүрегінде нұрын құйған жылылық,

Көрген емес ешқашанда суынып.

Мектеп бітіруші түлектердің алғашқы ұстазы Нурсеитова Зайра Қабекенқызы.

 

Ендеше құттықтау сөз кезегі түлектеріміздің алғаш қолдарына қалам алғызып, әріптерін үйреткен алғашқы ұстазы Нурсеитова Зайра Қабекенқызына беріледі.

 

Сыныпты келдің басқарып,

Көрмедің ойлап бас қамын.

Шәкірттер жатыр ұшқалы,

Өмір дегенің қас-қағым.

Сыныптың жақсылығын асырып, жамандығын жасыра білген сынып жетекшісі Китарова Ләйлә Толыбайқызына беріледі.

 

Ұстаздар жақсылықтың жол ашары,

Қолыңда шәкіртіңнің болашағы

Өмірді алға қарай өрлететін

Сендер ғой Ұлы Отанның болашағы, — дей отырып, кезекті әсем әнге жолдаймыз.

 

Ән: «Әке-Ана» орындайтын Саинов Ғарышбек.

 

Ата-ана тәрбиелеп балапаның,

Әлдилеп, аялаған алақаның,

Болашақта бақ тілеп тұрасыңдар,

Ойлауменен алдағы бала қамын – дей отырып сөз кезегі жас түлектердің ата-аналары атынан Сәлімгереева Ақнұрдың ата-анасы Сәлімгереева Айгүл Сағындыққызына беріледі.

 

Ән: «Перзент сыры» орындайтын Онғаралиева Ботагөз.

 

Мектепке келгелі достармен,

Өтіпті талай жаз, талай қыс.

Сондағы сыныптас достармен,

Қалайша, қалайша тараймыз.

Қаз-қатар тізулі партамыз,

Тақтада ілулі картамыз.

Он бір жыл білімге үйреткен,

Ұстазға мың алғыс айтамыз – дей келе, балалық бал дәурен шақты артқа салып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған шәкірттеріміздің атынан сөз кезегі Уәлиев Дидар Серікұлына беріледі.

 

Қайыржанова Айымның орындауындағы «Алға» әнін қабыл алыңыздар.

 

«Қоштасу вальсі»

 

Қиындықтар мойытпасын сендерді,

Батылдықпен асыңдар сан белдерді.

Біліміңмен қуантсаңдар мектепті,

Жақсы іспен қуантыңдар енді елді.

 

Қыран болып ұшыңыз,

Оқуларға түсіңіз.

Еңбекте көп қуаныш

Елде талай туар іс.

 

Кемелденген маман боп,

Келіңіздер аман боп.

Мерейлі боп күніңіз

Мектепке кеп тұрыңыз.

 

Сағынамыз күн сайын,

Кездесейік жыл сайын.

Сіздерге жалын жүрекпен

Айтамыз достық тілекпен.

 

Әрқашан сәтті жол болсын

Сапарларыңыз оң болсын, — деп мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тілейміз. Шақырулы қонақтар, ұстаздар және мектеп түлектері «Қош бол, ұстаз, алтын ұя мектебім!» атты салтанатты кешіміз осымен аяқталды.