Ғ. Қайырбеков «Ана тілі»

63

Тақырыбы:  Ғ. Қайырбеков «Ана тілі»

Мақсаты: 1. Оқушыларды Ғ. Қайырбековтың «Ана тілі» өлеңімен таныстыру. Өлеңді мәнерлеп түсініп оқуға дағдыландыру. Өлеңнің мазмұнын ашу, негізгі ойды анықтау қабілеттерін қалыптастыру.

  1. Оқушының ой-өрісін, дүниетанымын кеңейте отырып шығармашылықпен жұмыс істеуге ықпал ету. Сөздік қорын молайта отырып ауызекі сөйлеуге машықтандыру.
  2. Отансүйгіштікке баули отырып ана тілімізді құрметтеп, қадірлеуге, насихаттауға тәрбиелеу.

Сабақтың типі: жаңа білім беру

Сабақтың түрі: аралас сабақ

Сабақтың ұйымдастыру формасы: жекелей, жұптық және ұжымдық оқу

Көрнекіліктері: оқулық, хронологиялық кестелер, деңгейлік тапсырмалар, «Қызықты жетілік» ойыны, тест парақшалары.

Әдіс-тәсілдері: ойын, сұрақ-жауап, талдау, түсіндіру, деңгейлік оқыту, жұптық жұмыс, ой қозғау.

Пәнаралық байланыс: қазақ тілі, музыка, бейнелеу өнері

Барысы:  І.  Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық даярлық.

Ана тілім мақтанышым, елдігім.

Ана тілім күш-қуатым, өрлігім.

Қиянатқа ешқашанда төзбейтін

Ана тілім мәңгі өлмес ерлігім – дегендей қазір бізде ана тілі сабағы.

Сурет — суретшілердің тілі, ән — әнші, музыканттардың тілі, сөз — ақын-жазушылардың тілі болып есептеледі. Олардың әрқайсысы өз тілінде туған жеріміз жайлы, оның қазына-байлығы, салт-санасы, табиғаты және тағы басқа кереметтері жайлы жеткізіп отырады. Ана тілі сабағында қай тарауды бастаған едік?

  • «Туған жерім – тұғырым, өскен елім — өзегім».

Бүгінгі сабақта да осы тарау бойынша сүйікті ақын-жазушыларымыздың шығармаларымен танысуды жалғастырамыз. Сабаққа әзірлігіміз қалай? Оқу-құралдарың түгел болса, сабағымызды әдеттегідей үй тапсырмасын тексеруден бастайық. Ең әуелі кезекші мәліметін тыңдайық.

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру.

— Балалар, Қ. Жұмағалиев ағаларыңның «Туған өлкем» өлеңін ойын арқылы пысықтап алайық.

А) «Қызықты жетілік» ойыны (сұрақтар мен тапсырмалар)

  1. Туған жер туралы мақал-мәтел айт.
  2. Ақын өз өлеңінде елінің несін мақтан еткен?
  3. Өлеңде ақын елбасынан өткен қандай ауыр күндерді айтып тұр? Ол туралы не білесің?
  4. Ақын өз өлеңінде туған өлкесін кімге теңеген ?
  5. Ақынның «Адамзат білген, білмеген барша байлық» деп отырғаны не деп ойлайсың?
  6. Ақынның өлеңін туған өлкесіне арнағанын қайдан білдің?
  7. «Киелі» сөзін қатыстырып бірнеше тіркес құрастырып айт.

Ә) Мәнерлеп оқу (3 оқушы)

Б) Сабақты бекіту, келесі жаңа сабақпен байланыстыру.

— Балалар, Қ. Жұмағалиевтің «Туған өлкем» өлеңі ұнады ма? Неліктен және несімен ұнады?

— Біздің туған өлкеміз, туған еліміз қалай аталады?

— Қазақстан (ҚР)

— Еліміздің негізгі нышан-белгілері нелер деп ойлайсыңдар?

(Оқушы жауабын тыңдау)

  • Халқымыздың ежелден келе жатқан өшпес мұрасы, қазына-байлығы, халық үні не деп ойлайсыңдар? (Оқушы жауабы)

ІІІ. Жаңа сабақ кезеңі

  1. «Ой қозғау». Тіл туралы ойлар, сұрақтар:

— Тіл дегеніміз не? (Оқушы жауабы)

— Біз қай тілде сөйлейміз? – қазақ тілі

— Қазақ тілін тағы қалай айттуға болады, неліктен?   — Ана тілі, ана сүтімен дарыған.

— Мемлекеттік тіл дегенді қалай түсінесің?

  1. Сабақтың тақырыбы мен мақсатын айту.

— Балалар, тіл туралы бекер сөз қозғаған жоқпыз, бүгін Ғ. Қайырбековтың «Ана тілі» өлеңімен танысамыз. Өлеңнің мазмұнын ашып, негізгі айтылар ойды анықтап, ана тіліміз – қазақ тілін қадірлеп, құрметтеуге, өзгелерге насихаттауға үйренеміз. Өздеріңе белгілі, биылғы 2007 жыл – Қазақ тілі жылы болып жарияланды.

  1. Автор туралы біз не білеміз?

(Хронологиялық кестемен жұмыс)

 

 

  1. Мәнерлеп оқу.

Өлеңді мұғалім мәнерлеп оқиды. Оқушылар тізбектей оқиды.

  1. Сұрақтар-тапсырмалар:
  1. Ақынның ана тілі деп отырғаны қай тіл?
  2. Адам қаншалықты көп біліп, биіктен көрінсе де, ана тілін ұмытпау керектігі жөнінде өлеңнің қай шумағында айтылған?
  3. Қазақстан өлкесінің бай өлке екендігі жөнінде ақын не дейді?
  4. Қазақстан байлығының ажарын кіргізетін не? Ол туралы өлеңнің қай жолында айтылған?
  5. Қазақ тілінің ерекше байлығы, ұлылығы туралы ақын қалай шабыттана жырлайды?

Бауыржан Момышұлы: «Анамыздың ақ сүтімен дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген екен, олай болса қадірлі балалар, өз ана тілімізді құрметтеу перзенттік парызымыз екенін ұмытпайық.

  • Поэзия минуты. Оқушылар тіл туралы өткен сыныптарда және сыныптан тыс оқу кезінде жаттаған өлеңдерін оқиды.
  • Дәптермен жұмыс. Жұптық жұмыс.
  1. Бейнелі сөздерді тауып жазу.
  2. Тіл туралы мақал-мәтелдер жазу.
  3. Бәйшешек, жұпар сөздерін қатыстырып, сөйлем құрап жазу.
  4. «Ажар» сөзіне синоним (мағыналас) сөздер тауып жазу.
  5. Ана тілің арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте… — өлеңін аяқтап жазу.

ІҮ. Сабақты бекіту

  1. Өлең ұнады ма? Несімен ұнады?
  2. Ана тілін қалай құрметтеу керек деп ойлайсыңдар?
    • Тест
  1. Ақынның ана тілі деп отырғаны қай тіл?

а) қазақ тілі    ә) орыс тілі    б) ағылшын тілі

  1. «Өнер алды –қызыл тіл» кімнің нақылы?

а) Шәкәрім    ә) Абай       б) Шоқан

  1. Сөйлеу және қарым-қатынас құралы не?

а) тіл      ә) ой         б)  қол

  1. «Туған тілім-бабам тілі-өз тілім!

Туған тілім-анам тілі-өз тілім!

Туған тілім-далам тілі-өз тілім!

Туған тілім-адам тілі- өз тілім!» деген жолдар кімнің өлеңінен алынған?

а) Әбілев Д. «Туған тілім»

ә) Қайырбеков Ғ. «Ана тілі»

б) Әлімбаев М. «Ана тілім»

  1. Тіспен түйгенді не шешеді деп ойлайсың?

а) қол       ә) ой        б) тіл

    • Бағалау.

Ү. Үйге тапсырма: Өлеңді мәнерлеп оқу. Тілге байланысты нақыл сөздер жинастыру.