Қанатты достар

181

Тақырыбы: Қанатты достар

Мақсаты:

  1. Білімділігі: Оқушылардың табиғат жайлы түсінігін тереңдету, жалпы  құстар жайлы мағлұмат беру, барлық тыныс тіршіліктің бастауы, көктемнің ерекшелігін байқату, құстарды қорғау, оларды қарсы алу. Халық қазынасы мақал- мәтелді, жұмбақ болжамдарды пайдалана білуге үйрету.
  2. Дамытушылығы:оқушылардың сөздік қорын, сөйлеу мәдениетінің белсенділігін дамыту.
  3. Тәрбиелік:отанын, жерін, табиғатын сүюге, аң-құстарға қамқорлық жасауға тәрбиелеу.

Сабақтың көрнекілігі:  қанатты сөздер мен тақырып жазылған плакаттар, сөзжұмбақ, ребус.

І. Кіріспе сөз:

Мұғалім: Құрметті ұстаздар мен оқушылар! «Қанатты достар» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер. Мен баршаларыңызды көктем мерекесімен құттықтаймын. Бұл мереке табиғаттың қысқы ұйқыдан оятуын танытатын кішкентай ғана табиғаттың бір бөлігі, көктем жаршысы құс мерекесі. Құстар — омыртқалы жануарлар тип тармағының бір класы. Құс – дене тұрқы әртүрлi, мамықты, қанатты, ұшып жүрiп тiршiлiк ететiн, етi, жүні пайдалы жәндік. Сулы жерлерді, орман-тоғайды, далалықты, тау бөктерін мекендейтін жабайы және қолда ұстайтын асыранды түрлерi бар. Жыл құстары көктем туа келiп ұя салады, жұмыртқалап балапан басады, қанаттанған соң қоңыр күзде, қыс түсе жылы жаққа қоныс аударады. Құстар генетикалық жағынан рептилияларға жақын, оның прогрессивті бұтағы. Қазіргі уақытта құстардың 31 отрядқа топтасатын 8600-дей  түрі бар десек, біздің елімізде 500- дей түрі кездеседі екен. Ал жергілікті жерімізде қараторғай, сауысқан, көкек, қарғалар кездеседі.

 

— Ал оқушылар сендер қандай жыл құстарын білесіңдер? (Барқылдақ, торғай, суық торғай, бозторғай, қарлығаш, шымшық, көкек, қара торғай т. б. )

— Оларды не үшін жыл құстары дейміз?(Олар алысқа ұша алады. Суық түсісімен алыс жақтарға ұшып кетеді де көктемде біздің жаққа тіршілік етуге қайтып оралып, ұя салады, балапан шығарады)

— Қыстап қалатын құстарды білесіңдер ме?(ұзақ қарға, тоқылдақ, сауысқан, сары шымшық, көгершін)

— Дұрыс. Олар ешқайда кетпейді. Жыл бойы біздің жақта тіршілік етеді. Бұл құстар суыққа төзімді келеді. Қандай аяз болса да өз қоректерін тауып жейді екен.

 

  • Кім құстарға арналған тақпақ оқиды?

« Өлең сөздің патшасы сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.» — деп Абай атамыз жырлағандай өлең жолдарына кезек берейік.

 

Меруерт:

Жыл құстары келді деп,

Балдырғандар мәз болды.

Қос қанаты желпілдеп,

Көлге үйрек — қаз қонды

 

Ақтоты:

Құстар тойын құттықтап,

Қуанамыз қолдаймыз.

Ұя жасап құттықтап,

Біз оларды қорғаймыз.

 

Аңсар:

Сағынышпен жеткен,

Қуана бер көктем.

Жайнап нұрлы гүлің,

Басқар құстар күнін.

 

Камила:

Сәлем достар аман ба?

Мынау бейбіт заманда.

Шат шадымен көктеммін,

Шаттық болсын әманда.

 

Ән құстарым үніммен,

Сән құстарым гүліммен.

Қуантамын бәріңді,

Құт — береке күніммен.

 

 

Аяжан:

Сәлем елдің көктемі,

Әлем енді көктеді

Құрметпенен бас идік.

Құстарына көктемгі.

 

Оқушылар хормен:

Құстар – біздің досымыз,

Шырқап әнге қосамыз.

Құстар — біздің досымыз,

Көктем сайын тосамыз.

 

Мұғалім:

       1927 жылының көктемінде жас натуралистердің Қ. А. Тимирязев атындағы орталық биостанциясында бүлдіршіндердің құстарға арналған тұңғыш мерекесі — құстар күні өткізілді. Бұл мерекеге алдын — ала әзірленіп, құстарға ұя жасайды, плакат, ұран жазады, қабырға газеттерін шығарады, құс маскаларын дайындайды. Табиғатта да адам өмірінде де құстардың мәні өте зор. Құстар әуезді әсем сайрағыштығымен, сымбатты да сұлу, алуан түрлі сыртқы көрінісімен ормандарды, саябақтарды, шалғындарды және табиғаттың сәнін келтіру арқылы адамдарды эстетикалық ләззатқа бөлейді.

 

  • Құстардың адам өміріндегі маңызы туралы қазақ халқының тамаша мақал – мәтелдері қаншама десеңші! Мақал — мәтелдер халықтық педагогиканың үлкен бір арнасы.

— Кім құстарға қатысты айтылған  мақал-мәтелдерді біледі?

1 — оқушы:

Ақсұңқар — құстың баласы

алдына қоймай жем жемес.

2 — оқушы:

Аққу құссыз — көл жетім,

айтылмаған сөз жетім.

3 — оқушы:

Өлеңге енсе — сөз сұлу,

аққу жүзсе — көл сұлу.

4 — оқушы:

Қарға баптанып, сұңқар болмас,

Есек мақтанып, тұлпар болмас.

5 — оқушы:

Бұлбұлға бау жақсы,

Кекілікке тау жақсы.

Ер жігітке бәрінен,

Туып — өскен ел жақсы.

6 — оқушы:

Аққу құсқа оқ тисе, қанатын суға тидірмес.

Ер жігітке оқ тисе, қиналғанын білдірмес.

 

 

  • Ал, оқушылар құстарға байланысты айтылған қандай халық болжамдарын білесіңдер?
  • Құс жүнін үрпитсе — жаңбыр жауады, ауа райы өзгереді.
  • Сары шымшық ысқырса — шынымен күз болғаны.
  • Шымшық ұя салса — қыс қатты болады.
  • Қарға қарқылдаса — қар жауады.

 

  • Психологиялық жаттығу. (Оқушылар ортаға шығып, дұрыс жауапты іс-қимылдар арқылы көрсетеді)
    — Бүркітке не жарасады? (Самғаған) қолдарын жазып көрсетеді.
    — Шегірткеге не жарасады?(секірген)
    — Ақ тауыққа не жарасады?(шоқыған)
    — Ақылдыға не жарасады? (оқыған)
    — Тырна келді тыраулап,
    Тіліп өтіп аспанды,
    Қаздар көлде жүр ойнап,
    Көктем айы басталды. (қимылмен көрсету)

 

  • Ыбырай «Бүркіт» деген өлең айтады.

 

  • Ребусты шешу. (Тақтада ілінген плакаттағы суреттегі ребустарды шешу)

 

Мұғалім: Құстар адам өміріне сән – салтанат беріп, әсем сазды үнімен жанды рақатқа бөлейді. Сондықтан, атадан балаға мұра болып келе жатқан халық шығармашылығында адам бойындағы ең сұлу ерекшеліктерді құстарға теңеп, «аққу мойын», «қасы қарлығаштың қанатындай», «бүркіт тұмсық», «қаз дауысты»т. б. деп сипаттаса, «Қарлығаш», «Сандуғаш», «Бүркітбай» деп балаларына ат берген.

 — Енді  оқушылар, құстар жөнінде викторина сұрақтарына жауап берейік.

  • Адам қай құсты аң аулауға пайдаланады?(Бүркіт)
  • Қандай құс хат тасушы атанған?(Көгершін)
  • Көктем айларын атаңдар: Наурыз, сәуір, мамыр
  • Құстар балапандарын қайда өсіреді? ұяда
  • Ең алғаш шығатын гүл? бәйшешек
  • Киелі құс?аққу
  • Қандай құстың құйрығы айыр? қарлығаш
  • Адамдар көктемде қалай киінеді? жеңіл, жұқа
  • Түнде ұшатын құстарды атаңдар – жапалақ, жарқанат
  • Орман дәрігері? тоқылдақ
  • Өз атын өзі шақыратын құс? көкек
  • Қандай құс жұмыртқасын басқа ұяға салады? көкек
  • Сөйлейтін құс? тоты құс
  • Бейбітшілік құсы? көгершін

 

Мұғалім: Құстарға арналған көптеген жұмбақтар да бар. Енді осындай біраз жұмбақ шешіп көрелік.

  • Шарлап келіп даланы,

Үйіне үй салады.                           (қарлығаш)

  • Көктемде құстар қайтқанда,

Ең алдымен келетін.

Өзіміз күтіп алатын,

Ұя жасап беретін,

Бұл қандай құс, айтыңдар? (Қараторғай)

  • Маң — маң басқан жүрісі,

Барлық құстың ірісі.

Қашанда құстай ұшпайды,

Қуғанын бірақ ұстайды. (Түйеқұс)

  • Өзі сақ, өзі ұсақ,

Шықылдақтап тұрмайды.

Құйрығы ұзын, өзі ала,

Бұл қандай құс? (Сауысқан)

  • Көңілдің көркі сән екен,

Ұшқанда сазды ән екен.

Айқындар оны байқаған,

Адамдар оны сақтаған.

Бұл қандай құс? (Аққу)

  • Ақ сарайын талқандап,

Шықты біреу талтаңдап. (Балапан)

 

Мұғалім: — Құстарға қатысты қандай әндер бар? Оқушыларымыздың орындауында «Ақ көгершін» әнін қабыл алыңыздар.

Ән: “Ақ көгершін”
Өлеңі: Н. Баймұхамедов
Әні: А. Жұбанов

Ақ көгершін, көгершін,
Қолқанат құс сен едің.
Бар, кезіп қайт, ел үшін.
Кең дүниенің көлемін.
Әділеттің құсы деп,
Көз алмастан жолыңнан,
Ұшырамын қолымнан.

Ел тілегін алып ұш,
Адамзаттың бағына.
Қара бұлтты жарып ұш,
Мұхиттың арғы жағына.

Көзін сенен алмайды
Ақ ниеті бар адам.
Ақ қанатың талмайды
Әділеттен жаралған.
Тыныш бейбіт өмірдің
Белгісі боп қанат қақ.
Әлемге ортақ көңілдің
Қайт шыңына қонақтап.

Ел тілегін алып ұш,
Адамзаттың бағына.
Қара бұлтты жарып ұш,
Мұхиттың арғы жағына

 

  • Енді балалар, сөзжұмбақ (ребус) шешеміз.

 

  • Ойын: «Не артық?»
    4 құстың арасындағы артық құсты алып тастайсыңдар.
  • дуадақ, ұлар, құр, пингвин.
  • қарға, сауысқан, ұзақ, лашын.
  • тауық, бірқазан, аққу, марабу.
  • тырна, ләйлек, көкқұтан, түйеқұс.
  • жапалақ, үкі, тоқылдақ, бірқазан.
  • аққу, көгершін, қарлығаш, ләйлек.
  • марабу, шымшық, қараторғай, бұлбұл.
  • түйеқұс, пингвин, қызғыш, киви.
  • торғай, тоты, бозторғай, қараторғай.
  • тауық, қаз, үйрек, бүркіт.

 

  • Көрермендерге мақал-мәтел, жұмбақтар. Мақал-мәтелді көрермендер жалғастырады.
  • Бұлбұл үнді, жылан тілді.
  • Құсқа аяз қатер емес, аштық қатер.
  • Ер жаңылып қолға түсер,

Құс жаңылып торға түсер.

  • Жылқыда өт жоқ, құста сүт жоқ.
  • Қаз келсе, жаз келер.

Жұмбақтар:

Сайрайды бір талмайды,

Әнші құс бұл таңдайлы.     (бұлбұл)

 

Қараңғыда ұшады, құбылады.

Жарық көрсе қашады, тығылады.        (жарқанат)

 

Орман іші солқылдап,

Жаңғырықты түнімен.

Ұрды ағашты тоқылдап,

Тұмсығының түбімен.   (тоқылдақ)

 

Биікте ұшып жүреді,

Түлкі, қоян бүреді,

Қия таста ұясы,

Бұл құсты кім біледі?(бүркіт)

 

Алмас-алмас күшті аңды

Аулар-аулар тышқанды. (ителгі)

 

Айдың судың түлегі

Шабақ іліп жүреді. (шағала)

 

Көкте ұшады тізіліп,

Біз қараймыз қызығып.(тырналар)
Бір-ақ уыс көлемім
Шыбын-шіркей қорегім
Бау-бақшаны қорғаймын
Ал атым ше? (торғаймын)

Ұшқаны қызық жалпылдап
Өзі сондай қарқылдақ. (қарға)

Үстіне ақ камзолын киіп алып,
Жүреді қанаттарын жиып алып. (сауысқан)

Еркін самғап ұшсын деп,
Мәпелейміз баптаймыз.
Бейбітшілік құсы, — деп.
Қайсы құсты мақтаймыз. (көгершін)

 

Түсі қара мақпалдай

Төсі ақ сыр жаққандай.

Ұшса оқтай зулайды

Көктем жұлдыз қаққандай.    (қарлығаш)

 

Ойын: «Құстар қалай дыбыстайды?»
Қарға –

Сауысқан –

Тауық –

Қаз –

Үйрек –

Бүркіт –

Әтеш –

Көгершін –

Тоқылдақ –

Тоты құс –

және т.б.
Мұғалім: Адам құстарды спортқа және әр түрлі мақсатта қолға үйретіп, баптайды. Құстар атаулының бәрі пайдалы. Құстардың – қайсысын болса да қорғау керек. Құстардың саябаққа, бау бақшаға, егістіктер мен бақтарға үйірілуіне мүмкіндік жасап, ұсақ құстарға қыста жем шашар, жазда ұялағыш үйшіктер дайындау арқылы қамқорлық жасау — табиғатты көркейтіп, құстарды аялай білудің негізгі міндетіміз. Құстардың ұясын бұзып,  жұмыртқасын жарудан аулақ болыңдар.


                                                  «Құстар қайтып барады» әні
(7-8 сынып)

 

Қорытынды:

Оянып бар табиғат ұйқысынан,

Жадырап құтылғандай құс қамынан.

Көктемді шуға бөлеп әнге ораған,

Тыңдаймыз алуан сыр жыл құсынан.

Қымбатты оқушылар көктемнің жаршысы, адамзаттың досы жыл құсын жақсы қарсы алайық. Оларға қамқор болайық.

Міне, құрметті қонақтар осымен құстарға арналған “ Қанатты достар” атты тәрбие сағатымыз аяқталды.

 

Оқушылар хормен:

Құстар – біздің досымыз,

Шырқап әнге қосамыз.

Құстар — біздің досымыз,

Көктем сайын тосамыз.

 

Меруерт:

Жыл құстары келді деп,

Балдырғандар мәз болды.

Қос қанаты желпілдеп,

Көлге үйрек — қаз қонды

 

Ақтоты:

Құстар тойын құттықтап,

Қуанамыз қолдаймыз.

Ұя жасап құттықтап,

Біз оларды қорғаймыз.

 

Аңсар:

Сағынышпен жеткен,

Қуана бер көктем.

Жайнап нұрлы гүлің,

Басқар құстар күнін.

 

Камила:

Сәлем достар аман ба?

Мынау бейбіт заманда.

Шат шадымен көктеммін,

Шаттық болсын әманда.

 

Ән құстарым үніммен,

Сән құстарым гүліммен.

Қуантамын бәріңді,

Құт — береке күніммен.

 

 

Аяжан:

Сәлем елдің көктемі,

Әлем енді көктеді

Құрметпенен бас идік.

Құстарына көктемгі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ал, оқушылар құстарға байланысты қандай  халық болжамдарын білесіңдер?

  • Құс жүнін үрпитсе — жаңбыр жауады, ауа райы өзгереді. (Меруерт)
  • Сары шымшық ысқырса — шынымен күз болғаны. (Аяжан)
  • Шымшық ұя салса — қыс қатты болады. (Батырхан)
  • Қарға қарқылдаса — қар жауады. (Ақтоты)

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ақ көгершін
Өлеңі: Н. Баймұхамедов
Әні: А. Жұбанов

Ақ көгершін , көгершін,
Қолқанат құс сен едің.
Бар, кезіп қайт, ел үшін.
Кең дүниенің көлемін.
Әділеттің құсы деп,
Көз алмастан жолыңнан,
Ұшырамын қолымнан.

Ел тілегін алып ұш,
Адамзаттың бағына.
Қара бұлтты жарып ұш,
Мұхиттың арғы жағына.

Көзін сенен алмайды
Ақ ниеті бар адам.
Ақ қанатың талмайды
Әділеттен жаралған.
Тыныш бейбіт өмірдің
Белгісі боп қанат қақ.
Әлемге ортақ көңілдің
Қайт шыңына қонақтап.

Ел тілегін алып ұш,
Адамзаттың бағына.
Қара бұлтты жарып ұш,
Мұхиттың арғы жағына

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Құстар қайтып барады

 

Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып
Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып
Зымырлайды менің бала кезімдей
Бір жалт етіп өте шыққан, өте шыққан сезімдей

Құстар, құстар сызылып ән салады
Сол әнімен тербетеді даланы
Ал, адамдар күліп бастап өмірін
Кетерінде жылай да алмай, жылай да алмай қалады

Біздің жаққа бауыр басып кеткен бе
Тамаша әнмен келіп еді көктемде
Өскен жерге сыймай кетіп барады
Өскен жерін қимай кетіп, қимай кетіп барады

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бүркіт

 

Аспанда еркін самғайды,

Мекендеп шыңның қиясын.

Тыныштау жерді таңдайды,

Салады берік ұясын.

 

Мұздақтан болар төсегі,

Жартастан таңдап жатағын.

Балапан еркін өседі,

Қарсы алып таңның шапағын.

 

Ұшуды биік аңсайды,

Құшыры қанып қалатын.

Отты көз шолып тау, сайды,

Қағады жайып қанатын.

 

Шынығу үшін биіктен

Денесін төмен тастайды.

— Соғылып тасқа кенеттен

Қалам-ау, деп те саспайды.

 

Денесі қатты шынығып,

Сезінер өзін тым сергек.

Қалады демде тынығып,

Қанатын сілкіп бір сермеп.

 

Елемей ыстық, суықты,

Кеудесін ұстар жоғары.

Ең биік шыңда туыпты,

Бүркіттен батыр жоқ әлі.

 

Ұясы  бүркіт шыңдағы —

Мәңгі қар, мәңгі мұз қала.

Кіндіктес жермен құндағы

Сынайды бағын ызғарда.

 

Биіктен бүркіт қарайды,

Шүйілу аңға ыңғайлы.

Күзете жүріп маңайды,

Ұшумен өзін шыңдайды.

 

 

 

 

 

 

 

 

Мақал-мәтелдер

Аяжан:

  • Ақсұңқар — құстың баласы

алдына қоймай жем жемес.

Меруерт:

  • Аққу құссыз — көл жетім, айтылмаған сөз жетім.

Ақтоты:

  • Өлеңге енсе — сөз сұлу,

аққу жүзсе — көл сұлу.

Камила:

  • Қарға баптанып, сұңқар болмас,

Есек мақтанып, тұлпар болмас.

  • Бұлбұлға бау жақсы,

Кекілікке тау жақсы.

Ер жігітке бәрінен,

Туып — өскен ел жақсы.

Аңсар:

  • Аққу құсқа оқ тисе, қанатын суға тидірмес.

Ер жігітке оқ тисе, қиналғанын білдірмес.