Ерік күшін қалай тәрбиелейміз?

Ерік күшін қалай тәрбиелейміз?

Адам үшін пайдалы қасиеттердің бірі әрі бірегейі ерік күші болып табылады. Ерік күші дегеніміз тек қана пайдасыз нәрселерден бас тарта білу ғана емес, сонымен қатар өзімізге не қажет екенін білу, мақсатқа жету жолында табандылық таныту. Өмірде өз күшімен белгілі бір жетістікке жеткен адамдар ерік күші мықты, өзін өзі бағындыра алатын жандар болып есептеледі.

Бастаған ісімізді соңына дейін табандылық таныта отырып жеткізу үшін бізге ерік күші қажет. Ерік күші бір сәтте бойымызға мәңгілікке орнығып қалмайды. Оны біз үнемі жетілдіріп, тәрбиелеп отыруымыз керек. Ол үшін бізге психологтар төмендегідей кеңестерді  ұсынады:

1.Бірден тым көп істі жоспарламаңыз. Ерік күші әркімде шектеулі. Сондықтан өзіңізді тым көп әрекетті бір күнде орындап бітіруім керек деп мәжбүрлемеңіз. Жоспармен жұмыс істесеңіз, жетістікке жетуге мүмкіндігіңіз – мол. Күн сайын спортпен айналысуым міндетті деп өзіңізге талап қойғанша, оған аптасына екі күн  арнаңыз. Бұлай жасай отырып, оның міндетті түрде орындалу мүмкіндігін арттырасыз.

2.Өткен күндеріңіздегі жетістіктерді еске түсіріңіз. Бұл, алдымен, өз күшіңізге деген сенімділікті артырады.

3.Адамдар әрдайым өздеріне келешекте жаңа адамға айналуға: темекі шегуді, ішімдікті тастауға, жүгірумен  айналысуға, артық салмақтан арылуға, жаңа тілді үйренуге уәде береді. Бұл уәде күйінде қала береді. Алдымен бұл үшін өз-өздерін жұбатып, «осы жолы қолымнан келмеді, келесі жолы міндетті түрде қолға алам» деп уәде бергенімен, бұл жағдай тағы да қайталанып, кейіннен өздерін қолынан мүлде түк келмейтін «бос кеудедей» сезініп қалады. Осындай нәрсеге тап болып қалмас үшін аз-аздан және дәл бүгіннен бастаңыз…

4.Кез-келген жетістікке бірден қол жеткізуге тырыспаңыз. Күйзеліс, ашығу, шаршаңқылық сезімі ерік –жігерді азайтады. «Мен бірден тәттіден бас тартамын» деудің орнына «мен тек жексенбі күндері тәтті жеймін» деп өзіңізге уәде беріңіз. Өзіңізге көп еңбекті талап етпейтін тапсырмалар беріңіз.

Ерік күші баяу, ұзақ  шыңдалады. Біраз  уақыттан кейін сізге мүмкін емес болып көрінген кедергілер мен асуларды оңай алатын боласыз. Ерік күшін тәрбиелеу барысында төзімділік танытсаңыз, еңбегіңіз еш кетпейді.

Ерік күшіміз мықты, арманымыз айқын болсын, ағайын!