Әйеліңіздің жүрегіне жол табыңыз

209
Әйеліңіздің жүрегіне жол табыңыз
Әйеліңіздің жүрегіне жол табыңыз

Көп ер-азаматтардың пайымдауынша, әйел адамдардың арманы —  қалталы, жолы болғыш ақ боз атты ханзада. Шындығында, бұл  ойдан шығарылған түйін болып табылады. Әрине, өз күшіңізбен жетістікке жеткен ер-азамат болсаңыз, нұр үстіне нұр. Бірақ тек қалтаңыз бен мансабыңыз арқылы әйел жүрегін жаулаймын десеңіз, қатты қателескеніңіз.

Әйелдер нені қалайтынын білу ешқашан мүмкін емес дейсіз бе? Әйеліңіз үйде үнемі жабыңқы қабақпен жүріп, сізге көңілі толмайтындай көріне ме? Олар, ең алдымен, өздеріне түсіністік танытуын қалайды. Әйелдер қауымы бұны ешқандай бағалы сыйлықпен алмастыруға келмейтін теңдесіз қасиет деп есептейді.

Өздеріне жайсыздық тудырған кез-келген нәрсеге, тіпті ұсақ-түйекке дейін шағымдану – нәзік жандылардың сүйікті ісі. Мұны олар «ішіндегі шерді ақтарып, бір жеңілдеп алу» деп түсіндіреді. Дүкендегі кезектің көптігін немесе өзіне дөрекілік көрсеткен адамды, жұмысындағы әділетсіздікті айтып шағымданса, сөзін бөлместен, мұқият тыңдауға тырысыңыз. Қажет жерінде басыңызды изеп қойыңыз. Сөзін бөлмеңіз. Ештеңе айтудың, ештеңені шешудің қажеті жоқ. Сізден күтілетін нәрсе — осының барлығын, шыдамдылық таныта отырып, тыңдау. Бұл нәрсе  қолыңыздан келетін болса,  жоғары ұпай еншіңізде  деп есептей беріңіз. Осындай жарты, бір сағат әңгімеден кейін әйеліңіз «түсінігі мол» азамат екеніңізді түйсініп, сізге «ерекше» көзқараспен қарай бастайды.

Әйеліңізді арасында мақтап қоюды ұмытпаңыз. Жасаған тамағына, тіпті ыдыс жуғанына дейін мақтау айтсаңыз, әбестік емес. Үй шаруасы сізге ұсақ-түйек болып көрінгенімен, түнге дейін таусылмайтын қыбыр-жыбыр төзімділік пен еңбекті талап етеді. Әйеліңіз өзі жасаған кез-келген істің бағаланғанын көргенде, мақтау естіген сәтте төбесі көкке жеткендей болады. Осыдан кейін сіздің сыпайылап айтқан кез-келген өтінішіңізді қуана орындайтын болады.

Бақшадан жұлып әкеп берген бір тал гүл де әйеліңізді теңдесіз бақытқа бөлейді. Мейлі, жабайы гүл болса да. Әйеліңіз үшін ең бастысы — сіздің өзіне назар аударғаныңыз.

Көріп тұрғаныңыздай, әйеліңізді бақытқа бөлеп, отбасыңыздың берекесін арттыру үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Ең бастысы, әр отбасында ынтымақ пен баянды бақыт орнасын!