Отанын сүюге, халықтар достығын нығайту

43

Мақсаты:      Оқушыларды Отанын сүюге, халықтар достығын нығайта түсуге тәрбиелеу

 

Міндеті: 3,4 сынып оқушыларын Қазақстанның бас қаласы Астана туралы әңгімелеп таныстыру. 10- жылдағы өзгерістерді, жетістіктерді жете білгізу.

 

Көрнекілік: плакаттар, суреттер: “Бәйтерек”, ескерткіштер.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1996 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Үкіметі “Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы” Қаулы қабылдады. Осы Қаулыға орай Президент пен Үкіметтің шешімдерімен мемлекеттік басқару органдарын Ақмола қаласына көшіру жөніндегі комиссия құрылды.

1997 жылы 20 қазанда Президент Жарлығымен Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды.

1998 жылы 6 мамырда Президент Жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді.

1998 жылы 10 маусымда Қазақстанның жаңа ел ордасы Астананың халықаралық тұсаукесері өтті.

 

Астанадан тарайды нұрдың бәрі,

Қадам бассаң, қарсы алар символдары.

Символдарда. Астана- бұлбұл бағы.

Араласаң- асылдың нелер кені,

Елестейді осында- ел ертеңі.

Оқығандай боласың том- том кітап,

Тарихың да, салт- дәстүр, өнерің де

Ұшан- теңіз білімге кенелтеді.

 

            Тәуелсіз тартуы

Өтпелі кезең жылжып жалғасты өлең,

Халқымның маңдайына сын бұйырды.

— Өлара кездегі көш оңбас,- деген,

Өсектің көмейіне құм құйылды.

 

Өткенді қазбалаған, қозғап өкпе,

Өрісті болғаны анық көшім менің,

Арада он жыл өтті – аз ба, көп пе…

Көрді жұрт Ақорданың жетілгенін.

 

Шырайлы шаһар мынау шырағы мың,

Күндеген жат пиғылдар тұз жаласын.

Осыдан жиырма жыл, сірә бұрын,

Шарлағам сұрғылт өңді “Тың қаласын”.

 

Аңдадым көк пен жердей айырманы,

Өзгеше бүгін мәнер, өрнектері.

Өткеннің өктемдігі жадымда әлі,

Ақмол атын сенделткені.

 

Болманы келешекті ойланбаса,

Басымнан көбеймесем көшер ме бұлт?

Елімнің кіндігіне айналмаса,

Бұл өңір кетер еді бөтенденіп.

 

Дербестік салмағы ауыр қорғасындай,

Осында таңғажайып таңдамасы.

Айбарлы азаттығым айнасындай,

Көсілген ерке Есілдің сол жағасы.

 

Осында өнем өсем деген,

Осында жайсандарым, жақсыларым.

Қыран құс ұшар басын мекендеген,

Бәйтерек – аспандағы бақ шынарым.

 

Толқынды толқын қуып, туады үміт,

Шаттанған шабыттанған елім қандай?

Жанарым ғаламатқа суарылып,

Қарадым нұр қалаға мейір қанбай.

 

Ұсынды тәуелсіздік биік тұғыр,

Айбарлы хан мен биім, бек- төрем де.

Жаратқан тұрған кезде иіп бүгін,

Береке – бірлік керек өскен елге.

 

  Он Жылдағы Орасан Ерлік

   Тойдың болғанынан боладысы қызық!…

Дана қазақ бабам қалай тауып айтқан десеңізші!

Елордамыздың 10 жасқа толған мерейтойы дүрілдеп өтті.

30 маусым. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын “Атамекен” мемориалдық кешенінің биігіне көтерді. Бұл – Астананың 10 жылдың мерейтойына арналған мерекелік шаралардың басталғанын айғақтаған салтанат болатын.

Жүрекжарды осынау оқиғаны тамашалауға халық көп жиналды. Үлкендер мен бірге жүздері бал- бұл жайнаған, қолдарына әр түрлі шар мен ту ұстаған балалар да жүр. Барлығы бұл күннің Астана үшін,  астаналықтармен қоса еліміз үшін маңызы үлкен екенін сезінгендей.

Сағат тілі тура 12.00-ні көрсеткенде, салтанатты рәсім басталды. Алаңға жақындаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты халық қошеметпен қарсы алды.

Кез келген мемлекетте Мемлекеттік Ту маңызды атрибут мемлекеттіліктің басты белгісі болып саналады,- деді Елбасы. Қазір біз мына төбенің үстінде еліміздің көк байрағын желбіретпекпіз. Бұл барша қазақстандықтардың тойы елорданың он жылдығы мерекесінің басталуын айшықтайды. Бұдан былай аспан түстес көк туымыз тәуелсіздігімізді паш етіп, осында үнемі желбіреп тұратын болады.

Одан әрі мемлекет басшысы он жыл ішінде еліміздің қол жеткізген табыстары аз болмағанын, бұл табыс- тәуелсіздіктің нәтижесі екенін ерекше айтып өтті. Мемлекеттік Әнұран орындалды.

Көзге жас үйіріп, қуаныш сыйлаған сәттер!

Туған отанға деген патриоттық сезім ұялады әр жүректе!

“Атамекен” мемориалдық кешенінің биігіне мемлекеттік Тумен қатар елорданың туы да көтерілді. Жақында ғана қабылданған жаңа туды жоғары көтеру бақыты – Астананың ең үздік оқушысы Рахат Жанәбіловке бұйырады. Ол жас атынан Елбасына Қазақстанның туын әрқашан биік ұстайтынын айтып, ант етті.

“Атамекен” мемориалдық кешеніндегі салтанатты рәсімнен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Қарағанды облысының (әкімі Нұрлан Нығматуллин) Елордаға тартуы- жаңа субұрқақты тамашалады.

Қарағандылықтар астаналық цирк аумағының 4,5 гектар жерін абаттандырыпты. Алаңның қақ ортасындағы субұрқақ бірден көзге шалынады. Оны айнала орналасқан піл, арыстан, жолбарыс сияқты жануарлардың мүсіні субұрқаққа айрықша сән беріп тұр. Төрге “жайғасқан” эквилибрист дөңгелек шардың үстінде отыр. Алтынша жарқыраған мүсіннің жалпы аумағы 29,4 шаршы метрді құрайды.

Қарағандылықтардың сыйы субұрқақ қана емес. Цирк алаңында тағы 6 мүсін тұр. Оларды көріп, ертегі әлеміне енгендей әсер алдық. Алдар көсе, Тазша бала, Ер төстік, Күн астындағы Күнікей қыз… Балалық шаққа жетелейтін кейіпкерлеріміз алдымызда тұр. Ертегі болғанда қандай! Қазақтың халық ертегілері! Бұл мүсіндер балаларды ғана емес, үлкендерді де қызықтыратыны аян!

Бауыржан ағамызға ескерткіш – батыр атамызға арналған ескерткішті Жамбылдықтар тарту етті. Көрген адамның рухын көтеретін мүсін сол жағалау мен Есіл өзенінің үстіндегі көпірді өтіп барып, батыр есімімен аталатын даңғыл мен Асқар Поқпанов көшелерінің қиылысында орналасқан. Айналасы қызыл- жасыл гүлдер мен қарағайлар көмкерген мүсіннің жалпы салмағы 2,5 тоннадан артық. Биіктігі 4,2 метр. Ал мүсін орнатылған биіктігі 4,5 метр тұғыртас қызыл граниттен соғылған.

Ескерткіштің ашылу рәсіміне Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Білім және Ғылым Министрлігі Жансейіт Түймебаев және Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембин қатысты.

Ескерткіштің ашылуына алаңға жиналған халық риза болды.Жамбылдықтарға алғыстарын білдірді.

Елорданың  10 жылдық мерекесіне арналған мәдени шаралар  Президенттік Мәдени орталығында да жалғасын тауып жатты. Мұнда мемлекетіміздің тарихына арналған “Жаңа заманның, жаңа тарихы” атты мұражай ашылып, Несіпбек Айтұлының “Бәйтерек” поэмасы желісімен сахналанған М.Жолдасбеков пен С.Асылханұлының музыкалық- поэтикалық қойылымы көрсетілді.

Бұл шараға да Елбасы Н. Назарбаев қатысты.

Президентпен бірге жаңа мұражайды, “Астананың кешегісі мен бүгінгісі” көрмесін, “Аманат” жобасын, қайта безендірілген көрме залын, “Бәйтерек” қойылымын Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев, Президент Әкімшілігінің Басшысы Қайрат Келімбетов, Мәдениет және ақпарат Министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов және өзге де ресми өкілдер мен мәдениет қайраткерлері келіп тамашалады

 

Жайғызып кең дүниеге қанатыңды,

Он жылда қандай әсем қала тұрды.

Бел шешпей, аттан түспей арпалысып,

Елбасы қанша ұйқысыз таң атырды,-

деп басталған қойылымы басында Президенттің өз бейнесі деректі кадр арқылы көрініс табады… Актер Қуандық Қыстаубаевтың сомдауында  Елбасы рөлі поэтикалық, қойылымның тарихи нәрін арттырып, негізгі арқаудың, ашылуына жетелейді…

Қашанда тойдың көркі ән ғой! Бүгінгі күндері Астана аспаны ән мен күйден тербеліп тұрғандай!

Тойдың екінші күні елорданың орталық алаңында “Астана жұлдызы” атты әндер байқауы өз мәресіне жетті.

Ұйымдастыру алқасына бір жарым ай бойына 200-ден астам өнерпаздан өтініш келіп түскен екен. Соның 32-сі ғана байқауға қатысуға жіберіліпті.

Жалпы “Астана жұлдызы” байқауының шарты бойынша оған қатысушылар бұрын-соңды үлкен сахналарда орындалған туындыларын ұсынулары тиіс. Аталмыш өнер додасы халықаралық мәртебеге ие болғандықтан, оған алыс жақын жеті  шетелден де өнерпаздар қатысты. Олар: Өзбекстан, Ресей, Грузия, Қырғызстан, Болгария, Молдава және Мальта елдері.

Сахна шымылдығын ашқан “Первое утро столицы” әні көрермен жүрегін бірден баурады. Келесі сәтте сахна төріне халық артисі Роза Рымбаева көтерілді. Ол танымал композитор Еркін Ынтықбаевтың “Бас қалам – жас қалам” әнін шырқады. Одан соң Батырхан Шүкенов, Медеу Арынбаев, Бақыт Шадаева, Мақпал Исабекова, Мәдина Садуақасова, Маржан Арапбаева, Парвиз және Ситора Назаровтар мен Талғат Кенішханов және “Бәйтерек”, “Жігіттер”,”Үркер”, “МузАрт”, “101” сынды топтар “Арман қала”, “Ай нұрлы Астана”, “Астана”, “Қолыңды бер, Астана”, “Нұр Астана”, “Арайлы Астана” әндерін орындады. Сонымен 5 ән үздік деп танылса, 5 ән байқау дипломанты аталды.

Конгресс- холл сарайында тағы бір шара – “Астана — жүрек” ақындар мүшайрасы өткізілді. Елордаға арналған өлеңдерін оқыған ақындардың дауыстары қыран құстай саңқылдап, жүректерді шымырлатып, көрерменнің ара-тұра қол шапалақтауына бөленді. Па, шіркін! Сөзден құдіретті не бар  десеңізші!…

Алдыңыздан ақ жарылқап, Күн туды,

Игі жақсым иманды іске ұмтылды.

Нағыз зергер қолына алған гауһардай,

Ғажап қала мөлдіреді, құлпырды!..

Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова оқыған жырға көрермен дән риза болып, дүрілдіге қол соқты!

Жыр кеші жалғаса берді. Ақын жанды көрерменде желегініп алғандай! Мүшәйра нәтижесінде, бас жүлде Қытайдан келген отандасымыз Қайрат Оңғали мен Маңғыстаулық Әнуар Бимағамбетке, үш үшінші жүлде – Нәзира Бердалы, Айқын Қалибекұлы мен Маралтай Райымбекұлына бұйырды.

Ақындар мүшәйрасына қатысқан 16 ақынның бәрі де сыйлықтарға ие болды.

 

Жырымсың сен Астана!

Сарыарқаның төсінде,

Гүл жайнаған Астана.

Ақпейілдей арнайы,

Ақ тілегін жас бала.

 

Жыр ғып төктім өзіңе,

Шумақтарын сезімнің,

Әсем қала – Астана,

Құрдасымдай өзімнің.

 

Елордасы елімнің,

Қазағымның жүрегі.

Астанамды бүгінде,

Күллі әлем біледі.

 

Бұрымындай арудың

Бұлғаңдайды Есілім.

Шаттық сыйлар көңілге

Сенің ғажап есімің.

 

Аспанменен тілдескен

Ортасында Бәйтерек.

Ару қала көркі бұл,

Айналаға нұр төгеді.

 

Өлгеніміз тіріліп,

Өшкеніміз жанғандай.

Әр даңғылдың атында,

Терең сыр мен мән бардай.

 

Барша әлемге әйгілі,

Елбасымыз – Нұр аға.

Мақтанышы елімнің,

Нұрын шашқан Нұр қала.

 

Сүйсінеді көрген жан,

Таңдай қағып тамсана.

Сен боларсың, Астана!?

 

Қымбат маған есімің,

Жүрегімде жүреді.

Жарқын болсын ертеңің!

Осы елдің тілегі.

 

 

          Астана

Мынау менің Астанам,

Онға толған жас қалам.

Елордасы елімнің,

Ерекше ғой басқадан.

 

Сарыарқаның даласы,

Жарқырайды қаласы.
Астана деп ән салар

Бар қазақтың баласы.

 

Әрбір күні арайлы,

Шуақ болып тарайды.

Арман қуған балалар

Астанаға қарайды.

 

Әуелейді асқақ ән,

Болашаққа бастаған.

Мәртебемсің сен менің,

Айналайын, астанам!

 

Бас қалаға салынған инвестиция бүкіл елдегі инвестицияның 13,7 пайызын құрап отыр. Инвестицияның негізгі бөлігі тұрғын үй құрылысына бағытталып, он жыл ішінде 21,5 есеге артқан. Тапсырылған тұрғын үйдің аумағы 46 есе өсіп, 5 744,1 мың шаршы метрді құрады.

Кейінгі он жылда Астана қаласының аумағы екі жарым есегс өсіп, қазір 71 мың гектарға жетті. Мұндағы тұрғындар саны 3 есеге жуық артып, бүгінде 700 мың адамға жуықтап отыр.

Астананың өңірлік өнімінің республикалық ішкі жалпы өнімдегі үлесі жылдан жылға артып келеді. Оның көлемі 1997 жылы не бәрі 25,7 миллиард теңгені құраса, 2007 жылы, алдын ала жасалған есеп бойынша бұл көрсеткіш 1 301.8 миллиард теңгені құрап отыр, яғни 1,7 пайыздан 9,4 пайызға артқан. Осы жылдар ішінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 7 есеге артып, өткен жылы 116.3 миллиард теңгеге жетті.

10 жылдың ішінде Елорда халқы 3 есеге артты. Осыдан 10 жыл бұрын Сарыарқа төсіне көшірілген қарбалас әрі қым-қуат кезеңде өмірге келген 3388 сәби қазір 10 жастағы балауса бүлдіршін.

Міне, бір апта бойына Астана аспаны әсем ән мен жырға көмкерілді. Бас қаламыздың қай жеріне барсаңыз да мерекелік рух, өтіп жатқан мәдени іс-шаралар! Әсіресе, түнгі Астана қандай ғажап! Күндізгі ыстықтан мақпал шаққа ауысқан жайлы, салқын кеште, той тамашалаған үлкендердің қатарында балалар да мәз-мейрам! Бәрі көңілді! Бәрі бақытты! Енді ше! Өйткені, тәуелсіз қазақ елінің, оның әсем Бас қаласының тұтқасын ұстайтын да бүгінгі жас ұрпақ емес пе?!. Айтпақшы, 6 шілде, Астана тойының соңғы күніндегі гала-концертті айтпауға болмас! Кешкі сағат 22.00. “Ақорданың” алдындағы алаң әсем безендірілген. Талғаммен жасалған сахна төрі ғажап өрнектелген! Лазерлі технология, аспалы үлкен экран, күшейткіштегі дыбыс тазалығына тәнті боласыз! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған лауазымды басшылар мен қала тұрғындары мен қонақтары алыс- жақын шетелден келген және өзіміздің өнер жұлдыздарының концертін тамашалады! Иә, айтты-айтпады, Астанамыздың келбеті айшықталды! Иншалла, бұл – Астанамыздың ғана емес, ел тойы! Астана – елдің шырағы, жарық нұры күллі қазақ даласына шашырай бергей! Рухымыз асқақтасын! Ісіміз оңға баса берсін! Тіліміз, дініміз түзелсін! Бұлай болмайынша түтініміз түзу ұшпайды! Ол осы рухты шыңдайтын орда осы – Астана!

Ұзағынан сүйіндірсін!