Көкөніс.

108

Дүниетану

1-сынып

 

Тақырыбы:   Көкөніс.

Мақсаты: Оқушыларды көкөністердің түрлерімен   таныстырып,  оларды тануға ,  пайдасын  білуге  үйрету; көкөністердің  тұқымнан ,  жемістен  өсетіндіктерін  ұғындыру;  оқушыларды  елін,  жерін,  табиғатты сүюге;  өсімдіктерді күтуге тәрбиелеу.

Сабақтың  құрылымы: Аралас сабақ

Сабақты өткізу әдісі:  Түсіндіру; сұрақ-жауап

Пән  аралық  байланыс:  Әліппе  пәні

Көрнекілік:   Көкөністер, суреттер,  әріптер,  Қазақстан  картасы

 

Сабақтың  барысы:

 

І. Ұйымдастыру:

Амандасу, түгендеу , сыныптың  тазалығын  ,  оқушылардың  дайындығын  бақылау,  зейіндерін  сабаққа  аудару.

 

ІІ. Үй тапсырмасын сұрау:

  • «Тұқым» тақырыбы бойынша  сұрақтар  қойып,  жауап алу;
  • Оқушыға алма мен  өріктің  жемісін  беріп   салыстырту  ,  тыңдау;
  • Қорытындылау: осы жеміс пен  тұқымнан  біздің  елімізде  өсімдіктің  көптеген  түрлері  өседі.  Жеріміз  өсімдікке  бай.
  • Біздің еліміз  қалай  аталады?
  • Президентіміз кім?

Біздің  еліміз  —  тәуелсіз  мемлекет.  Еліміздің  өз  Елтаңбасы  ,  Туы,  Әнұраны  бар.  Елбасы  елдің  экономикасын  дамыту  үшін  ауыл  шаруашылығына  көп  көңіл  бөлуде.

 

ІІІ.  Сергіту  сәті :  Алты жастан астың ба?

Оқуға аяқ  бастың ба?

Бүкіл қазақ тұрады,

Бір шаңырақ астында.

 

ІV.  Жаңа сабақ: 

  • Осы үлкен шаңырақ астында бүкіл Қазақстан халқы тату –тәтті өмір  сүреді.  Өсімдіктің  түрлері  жерімізде  өте  көп. Сол  өсімдіктің  ішінде  адам  керегіне  жарататын  ,  пайдалы өсімдіктер де  бар,  ол  қалай  аталатынын  жұмбақты  шешу  арқылы  табыңдар:

Қияр, қызанақ, қызылша

Оларсыз  салат бола ма?

Жуасыз тамақ пісірмейміз

Бәрінің  атын  не дейміз?

 

1)  Дұрыс,  осы көкөністерді  қазір  сіздерге  таратып  беремін.  Бұларды  адамдар  күнде  тағамға  пайдаланады.  Күнде  көріп  жүрсіңдер  ,  танисыңдар. Қазір атын атап,  түсі,  пішіні,  қатты-жұмсақтығын,  тамаққа  қалай  пайдаланатынын  (пісіріп, шикілей) айтасыңдар.

(Оқушыларды  тыңдау)

 

2) Оқулықпен  жұмыс «Көкөніс»  мәтінін  оқып  беру.

Суреттегі  көкөністердің  атын  атату  ,  қайсысының  тұқымы  көрініп  тұр?

Көкөністерді  ( қарбыз,  қауын , қызанақ, қияр) кесіп ,  жемісіндегі  тұқымдарды көрсету.

Сәбіз  бен  картопты кесіп  көрсету  ,  тұқымы  неге  көрінбейтінін түсіндіру:

— Сәбіз, пиязшық – жеміс  емес. Пиязшық-сабақтың  жер  асты  өркенінің  қалыңдаған бөлігі.

Сәбіз (картоп, шалқан , қызылша )жемтамыры  —  тамырдың  қалыңдаған етті  бөлігі.

  • Қияр , қызанақ  гүлден  пайда  болады.  Тағы  қандай  көкөністер  гүлден  пайда  болады?
  • Көкөністер қысы-жазы  біздің  дастарханымыздан кетпейді. Қыста  оларды  қайда  өсіреді?

Дұрыс  ,  жылыжайда  өсіреді.  Сондықтан  қалалық  жерде  қысы-жазы  жас  көкөністер  үзілмей  базарда  сатылып  тұрады.

 

3) Қорытындылау:

 

  1. Ойын «Әріптен сөз құрастыр»

—  Осы  көкөністің  барлығы  біздің  Отанымызда  ,  жерімізде  шығады. Сондықтан  «Отан» деген  сөзді  тақтаға  жазайықшы. Қай  көкөністің  атында «о» әрпі бар?…

(тапқан оқушылар  әріптерді  тақтаға  қойып  шығады)

 

VI . Сабақты  қорытындылау

Сұрақтар  қою,  толық  жауап  алу.

  • Көкөністердің бізге  беретін  пайдасы  көп және  олардың  емдік қасиеті  бар,  бойында  дәрумендер  көп.  Бау-бақшада  көкөністі  өсіруге  ,  жинауға  үлкендерге  көмектесу  керек.

 

VII . Оқушыларды  бағалау.

 

VIII.   Үйге  тапсырма :

«Көкөністер»  мәтінін  оқу,  ұнаған  көкөністің  суретін  салу.