Жас ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеу – басты міндетіміз

152

 

Жас ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеу – басты міндетіміз

 

Жезқазған қаласы  «Жезқазған Бизнес және көлік колледжі» ЖМ

ОПУ-і03 тобының студенті Имнахунова Г.А.

Ғылыми жетекші: Кажибекова Д.Т.

 

Қазақстан Республикасының «Ұлттық энцикиклопедиясында» адамгершілік ұғымына былай деп анықтама берілген: «Адамгершілік – адам бойындағы гуманистік құндылық, әдеп ұғымы». «Кісілік», «Ізгілік», «Имандылық» тәрізді ұғымдармен мәндес. Халықтық дүниетанымда мінез-құлықтың әр түрлі жағымды жақтары осы ұғымнан таратылады. Мінез-құлық пен іс-әрекеттерде көзге түсетін төмендегідей адамгершілік белгілерін атап өтуге болады: Адамды қастерлеу, сыйлау, сену, ар-ұятты сақтау, имандылық пен рақымдылық, ізеттілік пен кішіпейілділік, әділдік, қанағатшылық т.б. Адамгершілікке тәрбиелеудің маңызды педагогикалық міндеттері – оқушылардың белсенді өміршілік позициясын, қоғамдық борышқа сапалық  көзқарасын, сөз бен істің бірлігін, адамгершілік нормаларынан ауытқушыларға жол бермеуді қалыптастыру. Ол баланың жеке басын қалыптастыру мен дамытудың аса маңызды бір саласы.

Шәкірттердің саналы тәртібі, пайымды мінезі туралы түсінігін қалыптастыру, оған сәйкес сезімін және сенімін тәрбиелеу құлық тәрбиесіне байланысты.

Рухтың мекені — адамның жүрегі. Жүректің жылуы, махаббат, ар — намыс, қайрат — жігер деген сезімдердің барлығы да осы рухтан туындайды.

Түсіну үшін мынадай салыстыру келтіруге болады: Күн –адамның рухы болса, сәулесі — оның ақылы. Рухани бай адам ең алдымен әділ, мейірімді және қанағатшыл болады.

Қазір адамдардың барлығының да көздері ашық, ғылыми- техникалық  дамудың шарықтап тұрған кезеңі – компьютер дәуірінде өмір сүріп жатыр. Бірақ бір нәрсе жетіспейді. Бүкіл адамзат соны іздеумен әлек. Ол – рух қажеттілігі, рухани азық.

Рухани азықты тауып, дәмін татып мейірін қандырған адам ғана бұл дүниенің қызыл-жасылы мен баянсыз бақыттарына жүрек байламай, алаңсыз толық қанағат кейпіне келіп, өмірден өзінің нақты орнын табады. Сонда ғана ол өзінің адам деген атына заты сай көзі ашық, көкірегі ояу кемел дәрежесіне жетеді.

Әрбір халықтың рухани азығының қайнар бұлағы — оның халықтық педагогикасы мен ұлттық салт-дәстүрлері болып табылады. Тән азығы мен жан азығының тепе-теңдігін сақтап, әсіресе, жан азығына басым көңіл бөлген халқымыз өміртануды діттеп, оның пәлсапалық заңдылықтарын терең ұғынған. Жан азығынан мақұрым қалған адамның адамдық қасиеті жойылып, оның хайуанға айналатынын ертеден ұғынған халқымыз жан азығын ең әуелі нәрестеге бесік жыры арқылы әуезді әуенмен беруді бастайды, одан соң жас балдырған жеке сөздерді ұғына бастағанда-ақ, оған жақсы мен жаманды ажыратып түсіндіреді.

Әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, қонақжайлылық құндылықтары қалыптасқан халқымыздың осы асыл да абыройлы қасиеттерін жас ұрпақтың ақыл-парасатына азық ете білу үшін, әрбір тәрбиеші, ұстаз халық педагогикасын сан ғасырларда қалыптасқан салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды жан-жақты терең білумен қатар, өзінің бойына адамдық құндылықтарды терең сіңірген, рухани жаны таза адам болуы шарт. Ол рухани-адамгершілік тағылымдарды өркениетті өмірмен байланыстыра отырып, білім берудің барлық кезеңдерінде негізге алғаны жөн. Сонда ғана өзінің міндетін айқын сезіне білетін, мінез-құлқы жетілген саналы адам қалыптасады.

Білім өзінің шынайы міндетіне жауап беруі үшін балаларда жас кезінен бастап, ең маңызды адамдық саналарды – адамгершілікті: сүюді, аяушылықты, төзімділікті, имандылықты, әдептілікті, мейірбандықты, шыншылдықты және басқа асыл қасиеттерді дамыту керек.

Қазіргі жағдайларда бұны жүзеге асырудың мүмкіндіктері бар:

1.Рухани адамгершілік құндылықтарды кез-келген пәнді оқытудың мазмұнына енгізу;

2.Сыныптан тыс сабақтарды баланың адамдық асыл қасиеттерді игеруіне ықпал ететіндей бағытта ұйымдастыру;

3.Жеке пән ретінде жүргізілетін сабақтардың бағдарламасына енгізу;

Рухани тәрбие өзінің қуатын әлемнің әрбір құбылысынан алуы мүмкін. Олай болса, кез-келген оқу пәні балалардың адамгершілігін, жақсы мінез-құлығын қалыптастыру құралы бола алады.

Қай  заманда болмасын, сол қоғамға сай азаматты тәрбиелеудің бірден-бір жолы рухани-адамгершілік құндылықтарымен тығыз байланысты болған. Құндылық бағдар жүйесі өздігінен кез келген қоғамның ішкі құрылысын ұйымдастырады және маңызды әлеуметтік жағдайды реттеуде ең маңызды екi сапаға ие: біріншісі тұрақтылық, екіншісі  құбылмалылық. Құндылық бағдардың ауысплы,  құбыламлы болуы сол қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық дағдарысты немесе қарқынды шапшаң дамуды байқатады деген белгілі француз әлеуметтенушысы  Э.Дюркгейм [1]. Қоғамдағы әрбір дағдарыс кейбір құндылықтар мен нормаларды құлдырауға әкелсе, енді біреулері бірінші орынға көтеріліп, жаңа бір әлеуметтік маңызға, жаңа дүниетанымның пайда болуына себепші болады. Құндылық бағдардың астарында мән, мағына, идеал, талап, тілек, қажеттіліктер мен мотивтер  сияқты адамның әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктері жатады.

Тұлғаның құндылық бағдар жүйесі   оның жеке басының маңызды мінездемелерінің бірі және оның жеке тұлғасының қалыптасуының негізгі критериясы болып табылады. Тұлғаның құндылық бағдарының даму дәрежесі тұлғаның дамуының деңгейін, оның тұтастығы мен тұрақтылығы жайында ой қорытындылауға мүмкіндік береді.

Құндылық бағдар жүйесі адамның  барлық өмір барысында тәрбие мен әлеуметтену процесінде қалыптасады. Тұлғаның құндылық бағдар жүйесінен қандай да бір әрекеттерді орындауға қажет саналы негіздеме болып саналатын іс-әрекет мотивациясы шығады. Әрбір адам белгілі бір қоғамда өмір сүре отырып, өзінің рухани, материалды, әлеуметтік, физикалық қажеттіліктерін қанағаттандыруға тырысады [3].

Сара Алпысқызының авторлығымен енгізілген «Өзін-өзі тану» адамгершілік – рухани білім беру бағдарламасының маңызы өте зор, сырлы әлемге толы дүние. Дана халқымыз «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтпаған. Баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші рөл атқарады.Ұрпақ тағдыры- ұлт тағдыры демекші , ұлттың болашағы – оның білімді , талантты, адамгершілік асыл қасиеттерді бойына сіңірген тәрбиелі ұрпақтың қолында . Рухы күшті ұлт озады. Бұл тұрғыдан алғанда жас ұрпақтың рухани мәдениетін арттырып, көркемдік әлемін байытуда, дүниетанымын қалыптастыруда «Өзін-өзі тану» адамгершілік –рухани білім беру бағдарламасының орны ерекше. Бала тәрбиесі – адамзатты толғандырып келе жатқан өмірдің өзекті мәселесі. Баланың бойындағы ізгілікті мақсат, көтеріңкі көңіл-күй, өзіндік ерекшелігі арқылы өз ортасына деген сүйіспеншілік, сыйластық, бауырмалдық, жауапкершілік, кішіпейілділік секілді асыл қасиеттерін шыңдауға болады.Адамның мінез-құлқының қалыптасу негізінде ар- ұят, өзін-өзі бақылау, бағдарлау мен адамгершілік рухани жан дүниесін байыту арқылы жетуге болады. Шындығында адамзат табиғаттың ажырамас бір бөлігі, адам табиғатта тіршілік етеді, оның мөлдіреген суын, биік тауларын, бұлттарын, әсем де ерекше жыл мезгілдерін көріп тамашалай отырып, бір-бірінен нәр ала отырып, адамзаттың өсіп-өнуіне жол ашады. Алдымызда тұрған жас ұрпақтың, тәлім-тәрбиесі, ұлт мақтанышы, тұғыры биік тұлға ретінде қалыптасуы — халқымыздың бай тарихымен тәрбиелеу арқылы жүзеге асады

Қазіргі кезеңде жоғарғы оқу орнында білім берудің жаңашылдық бағытына сай, студенттердің құндылық бағдарын тереңдетіп, шығармашылық дербестігін қалыптастыру — кәсіптік білім берудің басты мақсаты. Өйткені қай елдің болмасын өсіп өркендеуі, әлемдік ортада алдыңғы шептен орын алуы оның ұлттық білім беру жүйесінің жаңа сипаты – жаңа оқыту технологияларын,   оқу  ақпараттарын ұтымды қолдану, шығармашылық оқыту түрлерін кеңінен пайдаланумен тығыз байланысты.

Біздің мақсатымыз студент жастардың құндылық бағдарының ерекшеліктерін анықтау. Өйткені студент жастар қоғамдағы жаңашыл идеяны қуаттап,   қоғамдағы рухани-мәдени құндылықтарды дамытуда ерекше орын алады. Борис Герасимович Ананьевтің ойынша, студенттік кезеңде жастардың құндылықтар жүйесі мен қатар мотивтік өрісінде кеңінен жаңаша өзгерістер пайда болады. Осы өзгерістер көптеген арнайы әлеуметтік қабілеттіліктердің пайда болуына себеп болады, мысалы,  өмірдің мән-мағынасын іздеу, болашаққа жоспар құру,  таңдаған мамандыққа  байланысты терең білім алу, өзінің рухани-адамгершілік құндылықтар шеңберінде дүниетанымын  кеңейту т.б. оларды  жай   ойландырып  қана қоймай, белсенді әрекетке итермелейді [4].

Олай болса, күндізгі бөлімде оқу студенттердің тек білім деңгейіне ғана емес, сонымен қатар олардың рухани-адамгершілік құндылықтар жүйесі тереңдейді,  өздерін сыйлайды және өзгелерді құрметтеп, өзін қоршаған адамдармен мәдениетті қарым қатынас құруға  ықпал етеді.

Зерттелушілердің құндылықтар бағдарын анықтауда М.Рокичтің «Тұлғаның құндылықтар бағдары» әдістемесі қолданылды. Оның нәтижелері күндізгі және сырттай оқитын студенттердің «таным», «белсенді өмір», «табиғат сұлулығы» құндылықтары бойынша статистикалық айырмашылық анықталды.

«Материалдық байлық», «махаббат», «сауық сайран», «сенімді достар», «бақытты отбасы» құндылықтары бойынша статистикалық айырмашылық байқалмады. Өйткені бұл құндылықтар студенттер үшін өзекті белсенділік танытатынын  байқадық.

Сонымен, колледж және жоғары оқу орындарында студенттердің құндылық бағдарының тереңдеуіне жүйелі жүретін оқу тәрбие жұмыстарымен қатар, сабақтан тыс ұйымдастырылатын танымдық үйірмелер, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша конференцияар, пәндік олимпиадалар, диспуттар т.б. тиімді ықпал етеді.

Ел ұлағатты ұрпағымен күшті мемлекет болмақ  демекші, еліміздің ертеңі жастардың бойына сіңірген құндылықтарымен тығыз  байланысты. Отан сүйгіштік, еңбекқорлық, жауапкершілік, мәдениеттілік пен инабаттылық қашанда жеке тұлғаның бетке ұстар адами қасиеттері болып табылады. Осы құндылықтарды күнделікті ұстанған адам өзінің жарасымды қылықтарымен қоршаған ортасында беделге ие болып, көздеген мақсатына жете алады. Ұрпақ тәрбиесі — келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени — ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу —біздің де қоғам алдындағы борышымыз.

«Адамгершілік — асыл қасиет» демекші жастар бойымызға рухани-адамгершілік қасиеттерді ұялату үшін мейірбан, ақылды, шыншыл, қайырымды, т.б. адамдық асыл қасиеттерді ешқашанда жоғалтпайық.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

  1. С.Қабдиева. Ұрпақ тәрбиесіндегі адамгершілік мәселелері. //Бастауыш мектеп, №2, 2005. –Б.26-29.
  2. Т.Сламбекова.Оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеу — басты мақсат Бастауыш мектеп, №2, 2004. –Б.5-8.
  3. Философиялық сөздік../Ред.кол Р.Н.Нұрғалиев, Ғ.Ғ.Ақмамбетов, Ж.М.Әбдильдин және т.б.-Алматы:Қазақ университеті, 1996. — Б.525.
  4. Макаренко А.С. Цель воспитания.Соч. в семи томах,5 том. –М, 1958.
  5. Әл-Фараби.Әлеуметтік-этикалық трактаттар. — Алматы:Ғылым, 1975.- 418 б.
  6. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі.- Алматы: Ғылым, Т.I:А-К, 1959; Т.II Қ-Я, 1961.