«Біз тәуелсіз Қазақстан ұланымыз»

380

Тақырыбы: «Біз тәуелсіз Қазақстан ұланымыз»

Қарағанды облысы, Нұра ауданы
Баршын ауылы
Баршын орта мектебі
Искакова А.А

Мақсаты: Оқушыларға Қазақстан туралы, оның Тәуелсіздігі туралы мәлімет беру; Тәуелсіздік қалай жеткендігін баяндау; Жас ұрпақты Отанды сүюге, қазақ елінің рәміздерін қастерлеуге, туған  жеріне, атамекеніне деген сүйіспеншілігін арттыру, Елімізді сүюге, құрмет тұтуға, байлықтарын қорғауға тәрбиелеу.

   Көрнекілігі: Қазақ елі рәміздері, нақыл сөздер, шарлар,

   Барысы:

   Жүргізуші: Құрметті қонақтар, оқушылар және ұстаздар!  Тәуелсіздік күніне орай «Біз тәуелсіз Қазақстан ұланымыз» атты мерекелік іс-шарамызды бастауға рұқсат етіңіздер. Егеменді еліміздің тәуелсіздік алғанына биыл 23 жыл толды.

  Жүргізуші: «Елу жылда ел жаңа» демекші, өмір 23 жылда біраз өзгерістерге ұшырады, нарықтық заман орнады. Тәуелсіз еліміздің жастары үшін талабына сай өнерлі де білімді болып өсу талабы туды. Тәуелсіз еліміздің болашаққа айқын бағдар түзеп, өркениетті елдер қатарына жетуге аяқ басты. Болашақтың тірегі бүгінгі балалар, сендерсіңдер. Сәби күлкісі мен ана мейірімінің сәні ешқашан бұзылмасын.

 

Жүргізуші:  Қандай бақыт қуанышты күн бүгін,
Дәлелдеуде Қазақстан елдігін.
Арман еткен, қыршын кеткен ағалар,
Елің алды егеменді теңдігін.
Әнұраным, жанұраным,
Айтар әнім, сөйлер сөзім.
Туған жерім – сағынарым.
Мәңгі бақи шырқалады
Республикам әнұраны.
Қазақстан Республикасының әнұраны орындалсын.

   Жүргізуші:  Бүгінгі шарамызға қатысатын топтарды ортамызға шақырайық:

8 сынып оқушылары – «Болашақ жастары» тобы. Топ мүшелері: Рамазан Жанболат, Кәрім Жанболат, Күмсбек Наурызбай, Ашубасар Ерлан, Абдрахман Оразғали.

9 сынып оқушылары – «Бәйтерек» тобы. Топ мүшелері: Қожахмет Гүлдана, Сарсенбекова Алия, Дулатұлы Жақсылық, Алпысова Күнсұлу, Касенова Жібек, Күмсбек Аяжан.

10-11 сынып оқушылары – «Жас алаш» тобы. Топ мүшелері: Жүкен Іңкәр, Мерекеева Назерке, Нұрбай Айдана, Тоғаева Бақытгүл, Рақымбек Аятолла, Кәркен Сұлтанбек.

 

   Жүргізуші: Шарамыздың жоспарымен таныстырып өтейін:

  1. «Ой сергіту»
  2. «Сандар сөйлейді»
  3. «Сұрақ-жауап»
  4. Шығармашылық тапсырма.
  5. «Ойлан, тап»

Шарамызыдың ір кезегіне әділ баға беретін қазыларды сайлап алайық:

Тәрбие ісінің меңгерушісі Нұрғалиева Гаухар Балғабекқызы

Өзін-өзі тану  пәнінің  мұғалімі Ильясова Меруерт Мерекеқызы

География пәнінің мұғалімі Катуллинова Сандуғаш Құдайбергенқызы

Жүргізуші: Тәуелсіздіктің түп тамыры «Желтоқсан» оқиғасына тікелей байланысты екендігіне ешкім дау айта алмас. «Түбін білмеген тексіз» деген қазақтың ғажап сөзі осындайдан шықса керек. Себебі, тәуелсіздіктің түп тамыры сонау бабалар ар – намысынан туындап жатқан жоқ па? Бейбіт шеруге шығып, билік тарапынан кінәлі деп саналған жастарымыздың бір бөлігі қанды қырғында көз жұмса, аман қалғандары өздері аңсаған азаттықтың қызығын көруде. Уақыт емші деп өзімізді жұбатқанымызбен, қыршын кеткен бауырларымыз есімізге түскенде жан – жарасы жаңғырып, қайғының айықпас дертіне шалдыққаныңды терең сезіне түсесің. Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев сындықандастарымыздыестен шығару мүмкін бе? Осы желтоқсан оқиғасы салдарынан қаза болған жазықсыз жастарымыздың рухына бас иіп, орынымыздан тұрып бір минут еске алайық! Бір минут үнсіздік.

Жүргізуші: Тәуелсіздік – бұл бақыт

Сарқылмайтын шаттық қой

Көздің жасын құрғатып

Келген бізге бақыт қой.

Жүргізуші: Желтоқсан – тарихымда әйгілі күн,
Ерттеп мініп ар – ождан сәйгүлігін
Ерлерім елдік үшін атой салып,
Еншілер қайтарған бәйгелі күн.- дей келе сайысымыздың алғашқы «Сұрақ-жауап» бөлімін бастаймыз. Бұл кезеңде әр топқа  сұрақтан қойылады. «Болашақ жастары» тобына сұрақтар, мұқият тыңдаңыздар:

  1. Қазіргі Астана қаласының орнындағы ежелгі көне қала қалай аталды? (Бозоқ)
  2. Қайрат Рысқұлбеков қай жылы дүниеге келді? (1966 жылы)
  3. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дүниеге келген жер? (Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Шамалған ауылы)
  4. Желтоқсан оқиғасына байланысты қанша адамды жазаның ең жоғары түрі – ату жазасына кесті? (2 адам)
  5. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы өткен алаңға ескерткіш тақта қашан қойылды? (1990 жылы 17-желтоқсанда)

9 сынып оқушыларына сұрақтар:

  1. Қазақ жастары тоталитарлық режимге қарсылық көрсеткен күн (1986жыл 16-желтоқсан)
  2. Жастар шеруін қуғындау үшін астыртын құрылған оперативті жоспар қалай аталды? (Құйын-86)
  3. Қайрат Рысқұлбеков қай қалада, қашан дүниеден өтті? (Семей түрмесінде, 1988 жылы 21-мамырда)
  4. 2011 жылы Қазақстан Қысқы Азия ойындарында қанша спорт түрін ұйымдастырды? (11)
  5. 1-желтоқсан – Президент күні қай жылдан бастап тойлануда? (2012 жыл)

 

10-11 сынып сұрақтары:

  1. Қайрат Рысқұлбековке қашан «Халық қаһарманы» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» белгісі тапсырылды? (1996 жылы 9-желтоқсанда)
  2. Қазақстан «ЕХРО-2017» өткізу мәртебесіне қашан ие болды?(2012 жылы 22-қарашада)
  3. Желтоқсан оқиғасына байланысты қанша адам жауапқа тартылды? (103 адам)
  4. Өскемен педагогика училищесінің І курс студенті Сәбира Мұхамеджанова 1986 жылы желтоқсан оқиғасы болған уақытта қанша жаста еді? (16 жас)
  5. 1986 жылы 16-желтоқсанда Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің пленумында хатшылықтан кімді босатты? (Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев)

Жүргізуші:  Шалқытып мерекеге ән салайық,
Өнерпаз өрендерге тамсанайық.
Мың бұралып билейтін бишілерді
Ізетпен ортаға шақырайық.
Еліміздің тәуелсіздігіне шығыс елінен тарту. 8 сынып қыздары дайындаған шығыс биін тамашалайық.

Жүргізуші:  Осы тамаша биден кейін «Ойлан,тап» кезеңін бастайық. Бұл кезеңде әр топқа берілген қағаздардан сөйлем құрастыру тапсырмасы беріледі.

8 сынып оқушылары: Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ арманы мен қайсар рухының жемісі.

9 сынып оқушылары:  Жаның қамауда қалғанда, арың талауға түскенде араша болған Тәуелсіздік.

10-11 сынып оқушылары: Бар игілігіміздің бастауы болған Тәуелсіздік күні —  байтақ еліміз үшін теңдесі жоқ тарихи күн.

Жүргізуші:    Шындықты шыңғыртып
Шырылдатқан ЖЕЛТОҚСАН
Шындық қуған жастарды
Сыбырлатқан ЖЕЛТОҚСАН
Жүргізуші:   Желтоқсан айы естесің,
Дауыл боп бұрқап ескенсің.
Азаттық әні қашанда,
Көкейін елдің тескенсің.
  Жүргізуші:  1986 жыл. Желтоқсанның 17 — 18 жұлдызы. Ол жетпіс жылғы қысаң қағидаға тәп — тәуір болған санаға жас толқынның қасқайып қарсы тұруы. Ол бүгінгі ой, іс — әрекет сөз бостандығының бастауы. Биыл сол желтоқсан оқиғасына 28 жыл. Алайда, әлі де болса бұл оқиғаны түрліше түсініп, басқаша топшылап, әр түрлі ойдың жетегінде жүргендер бар.
Жүргізуші:  Аса қатал қанқұйлы оқиғаның нәтижесінде 8000 адам заңсыз ұсталып, 1722 кісі жеңіл және ауыр жарақат алды. Бір топ бозбала мен қыздарды 20 градустық аязда суық жерге бірнеше сағат етпетінен жатқызды, қыздарды алаңда бұрымынан сүйреп, ұсталғандарын өлімші етіп соққылаған фактілерді кездестірдік.

Жүргізуші: Мен — қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім.

8 сыныптың дайындап келген өнерлерін тамашалайық. Ән «Қазақстан». Орындайтындар: Жанболат және Нұрбол. Тамашалайық.

Жүргізуші:  Мен қазақпын! Өз халқымды мақтан етемін. Маған оның көп қатпарлы тарихы қымбат. Ал, оның бүгінгі күні одан да қымбат. Осы бүгінгі күн үшін ол басқа халықтармен бірге революция және Кеңес өкіметін орнату жолдарынан абыроймен өтті. Халқының жартысына жуығы жұтқан қасіретті ашаршылықты басынан өткерді. Кеңес өкіметі өсіріп жеткізген жас зиялыларынан айырған 1937 — 1938 жылдардың трагедиясын бастан кешті. Одан Ұлы Отан соғысы, кешегі желтоқсан оқиғасы.
Жүргізуші:   Тарихы терең, қасіреті қатпарлы халқымыздың әлденеше ғасыр бұрын армандаған тәуелсіздік туы бізге сағындырып ғана емес, зарықтырып тиді. Көнекөз тарихқа көз жіберсек, бабалар арманы, батырлар қанымен келген тәуелсіздік АЛЛА сыйлаған ұлы БАҚЫТ. Оның өлшемі де, бағасы да жоқ. Осы жолда опат болған бағыландарымыздың бағасына жете білсек тірлігіміздің баянды болары белгілі. Осы жолда талай бала жетімдік, талай ана жесірлік көргені баршаға аян. Нәтижесінде елді еркіндікке жеткізген ата — баба ерлігін, еңбегін есте сақтап, жас ұрпаққа өнеге ете алсақ Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болары анық. Ащы күндеріміз тәтті жылдарға ұласып, тәуелсіздігіміз баянды болғай.
    Жүргізуші:  «Сандар сөйлейді» кезеңін бастайық. Бұл кезеңде  топ барлық мүшелері  қатысады, яғни әр топтан кезекпен 1 қатысушы шығып, таңдап алған қағазда көрсетілген даталар бойынша өз ойын айтады:

1993 жыл 15-қараша– мемлекетіміздің Ұлттық валютасы «теңге» айналымға енді.

1995 жыл 30-тамыз- Қазақстан Республикасының «Ата заңы» қабылданды.

2006 жыл 6-қаңтар –  әнұранның жаңа мәтіні қабылданды.

1991 жыл 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні

1991 жыл 1 — желтоқсан еліміздің тұңғыш президенті Н. Назарбаев сайланды.

1992 жылы 2 наурыз – БҰҰ — ға мүше болды

1992 жыл 4маусым – еліміздің мемлекеттік рәміздері қабылданды.
1940 жыл 6 – шілде –  Президент Н.Ә.Назарбаев дүниеге келген жыл.

1991 жыл 2-қазан – Т.Әубәкіров ғарышқа ұшты.

1994 жыл 1-маусым- Т.Мұсабаев ғарышқа ұшты.

1998 жыл 10-маусым- Астана қаласының халықаралық тұсаукесері өтті.

1993 жыл 28-қаңтар – Қазақстан Конституциясы қабылданды

1996 жылы 16-желтоқсан – Алматыда Тәуелсіздік монументі ашылды.

1994 жыл наурыз – Қазақстан  Жоғарғы Кеңесі сайланды.

2011 жылы 3-сәуір – Президент сайлауы өтті.

2012 жыл 14-желтоқсан – Президент Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстан-2050 стратегиясы-Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» жолдуын арнады.

2001 жыл наурыз – «Тілдер туралы» заң қабылданды.

      Жүргізуші: Ал, енді Желтоқсан оқиғасына байланысты 10-11 сынып оқушылары дайындаған көріністі тамашалайық.

     Жүргізуші:  «Ой сергіту» кезеңіне келіп жеттік. Бұл бөлімде  туған ел, Отанға байланысты әр топ кем дегенде 10 мақал-мәтел айтып жарысады. Алдымен дайындалып алуға 2 минут уақыт беріледі.

    Жүргізуші: Рахмет, ал енді  сыныптасымыз Сұлтан орындайтын әнді қабыл алайық.

   Жүргізуші:  Тағдырың бар қилы-қилы көз жіберсем өткенге,

Тарихың бар тасқа түскен таңбадай.

Тәуба қылам осы күнге жеткенге,

Тәңір ием тыныштығымды алмағай.

    Жүргізуші:  Иа, осымен соңғы кезеңге де келіп жеттік. Соңғы тапсырмамыз шығармашылық тапсырма. Бұл оқушылар шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған. Әр топ түскен тапсырма бойынша дайындалады (эссе жазу, сурет салу, өлең шығару). Дайындалуға 5 минут уақыт беріледі.

   Жүргізуші: Тәуелсіздік бақытына оранып,

Елім жатыр шаттығына қуанып

Желбірейді  көкте туы әдемі

Егемен ел бал дәуренін өткеріп.

Осымен сайысымыз  өз мәресіне жетті. Құрметті әділ-қазылар, әр топтың ұпайларын есептеп шығара беріңіздер.

   Жүргізуші: Әділ-қазылар шешімі дайын болғанша көрермендерге Желтоқсан оқиғасына байланысты, Елбасы  және тәуелсіздік алғалы еліміздің жеткен жетістіктері жайлы сұрақтар қояйық:

  1. Елімізде «денсаулық жылы» болып жарияланған жыл? (2002 жыл)
  2. Елбасының атын кім қойған? (әжесі Мырзабала)
  3. Елбасының жұбайының аты? Сара Алпысқызы
  4. Елбасының балалары? (Дариға, Динара, Әлия)
  5. Елбасы жайлы қандай кинолар түсірілді? (
  6. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне нелер жатады? (ту, елтаңба, әнұран)
  7. 1986жылы Желтоқсан оқиғасына кімдер қатысты? (Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова,и Сәбира Мұхеметжанова, Ербол Сыпатаев және т.б.)
  8. Желтоқсан оқиғасына байланысты сотталғандар саны? (99)
  9. Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Д.А.Қонаевтың орнына кімді сайлады? (Колбин)

Қорытынды:

Жүргізуші:   Қазақ елінің бүгінгі таңда іргелі, мәдениетті, өркениетті елдер қатарына қосылып, ізгі ниетті адамдар назарына ілігуі оңайлықпен келген жоқ. Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқы ертеден-ақ үш нәрсені бойтұмардай қасиет тұтып, қадірлеп өтті. Олар: туған елі, жері, ана тілі. Сондай-ақ еліміз озды, жеріміз жаңғырды, ана тіліміз өз мәртебесін алды. Осының бәрі – тәуелсігіміздің нәтижесі. Қол жеткен жемісі. Міне, оқушылар мына байлақтың иесі сендер – Қазақстан Республикасының келешегі, тірегі, тілегі де сендер.

Жүргізуші: Жарыс заңы ежелден

Жеңімпазды анықтау

Жеңімпаз болу шарты сол

Еңбектену, жалықпау, — дей келе сөз кезегін әділ-қазыларға берейік.

  Жүргізуші:   Бірлік болсын елге аман,
Тыныш болсын бұл заман.
Берекесін бере берсін,
Бейбіт жатқан бұл далам!
Осымен кешіміз тәмәм болды,
Бабаларым арман еткен, аңсаған
Тәуелсіздікті ту еткен
Ұзағынан сүйіндірсін о, жасаған!

Жүргізуші:   Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын деп тілейік. Осымен бүгінгі сайысымыз аяқталды. Келесі кездескенше сау болыңыздар.