Ана- бақыт, ана -нұр

88

ОҚО Созақ ауданы Шолаққорған ауылы

Шолаққорған жалпы орта мектебінің

Бастауыш сынып мұғалімі

Нарметова Рахима

 

Тақырыбы: Ана-  бақыт, ана -нұр
Мақсаты: Әр адам үшін басты тұлға – ана туралы, ананың биік

қасиеті туралы әңгімелеу.
Балалардың тілдерін, ойлау қабілетін дамыту.
Аналарын сыйлауға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: слайд- шоу

Кейіпкерлер: бауырсақ, ата, әже, қоян, қасқыр, аю, түлкі.
Мен :

— Қош, келдіңіздер, аяулы аналар, қадірлі ұстаздар! Көңілдеріңізге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып, 8 – наурыз мерекесі де келіп жетті. Осынау көктем мерекесінің қай кезде де орны бөлек. Олай болатыны, аналарға ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Олар – өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі. Мынау тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің өзі тек аналар мен ажарлы таңмен бірге әрбір сәби жүрегі өзің деп соқса, бүгінгі «Ана бақыт, ана-нұр» атты ертеңгілігіміз сіздерге арналады. Енді балаларымыздың өнерін тамашалаңыздар.
І жүргізуші: Той пердесін ашайық,
Тойға шашу шашайық.
Аналарды құрметтеп,
Ән маржанын ашайық.

ІІ жүргізуші: Сіздерден өскен балалар,
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мейраммен,
Құрметті абзал аналар!

І жүргізуші: — Қымбатты , ақ жаулықты әжелер, асыл аналар! Сіздерді көктем айының ең алғашқы мейрамы 8 – наурыз мерекесімен құттықтаймын!
ІІ жүргізуші: — Көктемгі күннің көзіндей жылы жүзді, нұрлы келбетті аналарымызды, сыныптас қыздарды көктемнің шұғылалы мерекесімен құттықтаймын!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

І жүргізуші: Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде ата мен әжей өмір сүріпті. 8 – наурыз мейрамы да келді. Атасы әжейге…
Ата: Әжесі, 8 – наурыз мейрамына ыстық бауырсақ пісірсеңші.
Әже: Пісірсем, пісірейін атасы. (Әжей бауырсақ илейді)
Сенім: Әже бауырсақты илеп, пешке пісіріп алды. ( Әже бауырсақты пешке салады)
Әже: Бауырсағым қандай менің, сап-сары, өзі дәмді, иісі қандай тәтті.Өзі ыстық, терезе алдына қояйын суысын.
Махаббат: Әже бауырсақты терезе алдына қойып қояды. Ата әжеге…
Димаш: Кемпірім, білесің бе, немерелеріміз келгенде бізге ән айтушы еді ғой, сол әнді сағынып отырғаным.
Аяулым: Иә, керемет ән айтушы еді.
І жүргізуші: Ата, әже қыздарыңыз сол әсем әнді сіздерге орындап берсін.
Ән: «Анашым» орындайтын Биболатқызы Еркеназым
І Жүргізуші: Ата, әже біздің балалар әжелеріне арнаған тақпақтарын айтып берсін.

Аяулым:
1. Ертегісі қандай көп,
Күнде айтып береді.
Қуанатын балаша,
Апам менің тамаша!

Дәулет:
2. Менің әжем ақ әжем,
Ұл мен қыздың бағы әжем.
Ертегі айтып бер десең,
Айтып берер тағы әжем.

Созақбай:
3. Ақылшы да қамқоршы,
Жақсы деуге тұрақты.
Әжем менің лайықты,
Бар істері тиянақты.

 

Айгүл:
4. Менің әжем, ақ әжем,
Айтқан сөзі дәл әжем.

Аман болса көреді,
Қызығымды әлі әжем.
І жүргізуші: Осы кезде бауырсақ домалап кетеді. ( Бауырсақ болып киінген бала қашып кетеді)
Әже: Атасы, мен пісірген бауырсақ қашып кетіпті, енді не істедік?
Ата: Ыстық бауырсақты сонша жегім келіп еді, қап әттеген-ай. Осылай тұра береміз бе, бауырсақты іздейік. (Ата мен әже бауырсақты іздеп, шығып кетеді)
Музыка әуенімен бауырсақтың алдынан қоян шығады.
Бауырсақ : Атамнан да қаштым, апамнан да қаштым. (Бауырсақтың алдынан қоян шығады)
Қоян : Сен кімсің?
Бауырсақ: Мен сап-сары, дәмді бауырсақпын. Мені жеші.
Қоян: Бауырсаққа сәбіз қосылған ба?
Бауырсақ: Жоқ, маған сәбіз қосылмаған.
Қоян: Ендеше , мен сені жемеймін, екеуіміз дос болайық. Мен аналардың мерекесіне тақпақ тыңдағым келіп тұр.
ІІ жүргізуші: Біздің балалардың аналарына арнаған тақпақтарын тамашалайық.

Айбар:
Қуанамыз, сыйлаймыз,
Қуаныштың мың гүлін.
Аналарды құттықтап,
Жырдан шашу арнаймыз.

 

Қадір:
Үн қатасың бал тілмен,
Еркелеймін әр күн мен.

Құттықтаймын, анашым,
Сегізінші наурызыңмен!

 
Маржан:
Баланың да тірегі,
Даланың да тірегі.
Шаншымасын ешқашан,
Аналардың жүрегі.
Бәріңіз де анасың,
Біз үшін күн боп жанасың.
Құтты болсын, мейрамың,
Құттықтаймын анашым!
Сүндет: Анам менің панам ғой,
Содан қорған табам ғой.
Асықпа анам, ертең ақ
Отын болып жанам ғой.
Анам менің асыл жан,
Құшағы нұр шашылған.
Ұлпан:

Құтты болсын, ардақты анам,
Асыл анам мерекең!
Құтты болсын теңдік алған
Қуанышты мерекең!
Мұрат, мүлде, мақсатым
Жақсы күн мен жақсы түн.
Нағыз бақыт ананың
Ақтау дер ем ақ сүтін.

 

Дастан:
Сегізінші наурыз күнін,
Мейрамдайды аналар.
Аналардың шаттығын,
Құттықтайды балалар.

Еркеназ:
Аналарды сүйеміз,
Сөзін ойға түйеміз.
Әжені де ардақтап,
Әдеппен бас иеміз.
Әлпештеген баласын,
Ана – бақыт, ана – жыр.
Әркім сүйіп өзінің,
Мақтан етер анасын.

Жүрсін:Ақыл құйған санама,
Күннен артық расында.
Күн алыста, ал анам,
Ылғи менің қасымда.

Әбдірахим:

Әжемді мейрамымен құттықтаймын,
Айтатын ән, беретін гүлім дайын.
«Әжетай сені жақсы көремін» деп
Ақырын құлағыңа сыбырлаймын.

 

Қоян : Ой, көңілім бір көтеріліп қалды, сендерге рахмет. Бауырсақ екеуіміз енді дос боламыз.

-Балалар сендер менімен бірге ойын ойнаңдаршы.(Ойын «көжек»

Мен орманыма қайтайын, сау болыңдар!
(Музыка әуенімен бауырсақтың алдынан қасқыр шығады)
Бауырсақ: Атамнан да қаштым, апамнан да қаштым. (Бауырсақтың алдынан қасқыр шығады)
Қасқыр: Сен кімсің?
Бауырсақ: Мен сап-сары, дәмді бауырсақпын.
Қасқыр: Мен бауырсақты жемеймін, мен орманда жалғыз жүремін, зеріктім, мен көңілді ән тыңдағанды ұнатамын. Менімен бірге ән шырқашы.

Ән «Бала тілегі» орындайтын Нақып Дінмұхаммед
Қасқыр: Ой, көңілім бір көтеріліп қалды, сендерге рахмет. Бауырсақ екеуіміз енді дос боламыз. Мен орманыма қайтайын, сау болыңдар!
Музыка әуенімен бауырсаққа аю жолығады.
Аю: Сен кімсің?
Бауырсақ: Мен сап-сары, дәмді бауырсақпын. Мені жеші аю аға.
Аю: Ой, мынау қызық екен. Мен бауырсақты жемеймін. Шіркін, маған бір бөшке бал болса және көңілді би болса болғаны.
І жүргізуші:

-Балалар, аюға  жақсылап би билеп берейік.

«Шығыс биі» орындайтындар  сыныбымыздың биші қыздары.
Аю: Ой, керемет болды, бір сергіп қалдым. Бауырсақ екеуіміз дос болдық, сау болыңдар!
Музыка әуенімен бауырсаққа түлкі жолығады.
Түлкі: Сен кімсің?
Бауырсақ: Мен сап-сары, дәмді бауырсақпын. Мені жеші.
Түлкі: Ой, мен диетадамын, маған біріншіден әдемілік керек. Күніне бір алма жесем жетеді. Бұл не шу десем, бүгін аналардың мерекесі екен ғой. Мен де анамды құттықтауым керек екен ғой. Есіме салғаның қандай жақсы болды.Жүр екеуміз бірге аналарымызды, әжелерімізді мерекесімен құттықтайық.Бауырсақ мен сені жемеймін, екеуіміз бүгіннен бастап дос болайық
І жүргізуші: Осылай біздің ертегіміз достықпен аяқталды.

ІІ жүргізуші:
Сағындым мамық қолыңды,
Күтемін сенің жолыңды
Сен үшін ана өмірде,
Қиюға бармын жанымды — деп біздің балалардың аналарына арнаған ертеңгілігі аяқталды.

І жүргізуші

Мерекелеріңізбен 1 «г» сыныбы атынан құттықтаймыз.

Мерекелеріңіз құтты болсын!

(Балалардың ашық хаты аналарына тапсырылады)

«Ана туралы жыр» ән әуенімен орындалады.

Аналарға бір тағзым,

Аналарға мың алғыс.

(оқушылардың аналарына тағзым етуі мен шапалағы арқылы аяқталады).