Ц дыбысы мен әрпі

147

Сабақтың тақырыбы: Ц дыбысы мен әрпі

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: Оқушыларға Ц дыбысы мен әрпін таныту, ол арқылы берілген сөздерді оқу мен жазуға үйрету.

Дамытушылық: Ц дыбысына қатысты жаңа сөздерді оқыту арқылы оқушылардың білімі мен тілін, сөздік қорларын дамыту.

Тәрбиелік : Еңбек сүйгіштікке, ұқыптылыққа, тазалыққа тәрбиелеу.

Әдісі: ойын, сұрақ-жауап, түсіндіру,Венн диаграммасы,ББҮ(білдім,білгім келеді,үйрендім)

Түрі: аралас сабақ

Ресурстар: электронды оқулық, интерактивті тақта,  оқулық, ойындар,фломастер

 

Сабақтың барысы:

Ұйымдастыру кезеңі.

Оқушылардың назарын сабаққа аудару. Көңіл күйді сұрау

Психологиялық дайындық: Бір-бірлеріне қараңдар қолдарыңды ұстаңдар, бір-бірлеріне сәттілік тілеңдер.

а) Білімдерін тексеру.

-Дыбыс пен әріптің айырмашылығы қандай?

-Сөз неден құралады?

-Сөйлем дегеніміз не?

-Қандай сөздер бас әріптен басталып жазылады?

 

б) Үй тапсырмасын тексеру.

-Өткен сабақта қандай дыбыспен таныстық?

-Щ дыбысы қандай дыбыс?

-Щ дыбысына байланысты қандай сөздер білесіңдер?

-Щ дыбысына берілген  өлеңді кім айтады?

  

Жаңа сабақ.

Жұмбақ

Аяғын жерге тірей қалып,

Шеңбер сызды шыр айналып.

(Циркуль)

Оқушыларды ц дыбысымен таныстыру.

Ц дауыссыз дыбыс. Ц дыбысы орыс тілі арқылы енген кірме сөздерде кездеседі.

Ц дыбысына байланысты суреттер көрсетіп, оларды буынға бөлдіріп, ц дыбысының сөздің қай жерінде кездесетінін оқушыларға анықтату.

Цирк сөзіне дыбыстық талдау

Мынау цирк. Циркте болмаған бала жоқ шығар. Ондағы сайқымазақтың өнері қандай? Үйретілген хайуанаттардың өнерін айтсаңшы. Осы цирк сөзі қандай дыбыстан басталады? Білесің бе? Бірге айтайық. Ц – Ц – Ц.

Цц – мынау ц дыбысының таңбасы. Баспаша түрі Ц дауыссыз дыбыс. Оны көк бояумен бояймыз. Ол тек орыс тілінен енген сөздерде ғана қолданылады. Сөздерді мұқият тыңда. Ц дыбысы бар сөздерді есіңде сақта!

 

Оқулықпен жұмыс.

а) оқулықтағы сөздерді оқып, сөздік жұмыс жүргізу. Цирк, цех, цемент, авиация, офицер.

ә) «Цирк» мәтінін оқыту.

 

Жұппен жұмыс

Мәтіннен неше сөйлем, неше сөз, неше  Ц әріпі  бар сөзді  тапқызу.

 

«Шынжыр» ойыны: Шарты:1-ші оқушы әріп айтады. 2-ші оқушы сөз айтады. 3-оқушы сөйлем айтады.

 

 Қадыр Мырза Әлінің «Клоунның сыры» атты өлеңін оқыту. Өлеңнің мазмұнын оқушыларға айтқызу.

Клоунның сыры

Циркте жұрт самсаған

Мәз болса деп жан салам.

Ду күлдірсем оларды,

Қуанамын мен соған.

 

Сергіту сәті: музыкалық

 

Дәптермен жұмыс.

 а) Ц дыбысының баспа және жазба түрімен таныстыру.

 ә) Ц әріпін ауада жазып көрсету.

 б) Ц әріпінің үлкен және кіші түрлерін дәптерге жазу

Ц әрпін әдемі жазып үйренейік. Ц әрпінің бас әрпі. Үлкен жолдың ортасынан  сәл төмен қаламынды қой. Солдан оңға қарай доға жасай отырып, тік төмен көлбеу сызық жүргіземіз де жазу жолының астыңғы сызығына жете бере оңға қарай доға жасай отырып, астыңғы сызыққа тигізе ілгек жасаймыз. Бастапқы ілгектен оңға қарай жылжып, қаламынды қой да тік төмен көлбеу сызық жүргіземіз де жазу жолының астыңғы сызығына жете бере оңға қарай доға жасап, астыңғы сызыққа тигізе ілгек жасаймыз. Ілгекке жалғастыра төмен тартып бау байлаймыз.

 

Ойын:  «Ойлайық та, ойнайық!»  

(Көп нүктенің орнына ц әрпін қойып, сөздерді оқы.

….ирк, кон…ерт, ….ех, …емент, …ифр, поли…ия, ….иркуль, офи….ер.

Жазылуын есіңде сақта)

 

Рефлекия.

Сонымен қандай жаңа дыбыспен таныстық?

Ц дыбысы мен өткен Щ дыбысына байланысты сөздерді мына шеңберлердің ішіне жазамыз.

Баянауыл селосы,2013жыл