Ұстаздық – ұлы құрмет

235
Ұстаздық – ұлы құрмет
Ұстаздық – ұлы құрмет

«Ұстаздық –ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді…Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз». Бауыржан Момышұлы.

Осы Бауыржан атамыздың даналық сөздерін көңіліме түйе келе, тәуелсіз еліміздің болашақ азаматтарын тәрбиелеуге, оқытуға өз үлесімді қосу мақсатында, орта мектепті аяқтаған соң Арқалық педагогикалық институтының, математика және информатика пәні мұғалімі мамандығы бойынша күндізгі бөлімге түсіп, 1998жылы аяқтадым. Әрине 4 жыл оқу ішінде институт мамандары  математика біздің күнделікті өмірімізде маңызы мен мағынасы зор екенін, ал информатика болашақ заман талабының қажеттіліктерін қанағаттандыратын пән екеніне көзімізді жеткізді.1998 жылы институтты аяқтаған соң  еңбек тәжірибемді Жарқайың ауданының Гастелло орта мектебінде бастап кеттім. «Мұғалімдік мамандық-бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер-ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады»,-деп Ы.Алтынсарин атамыз айтқандай бұл мамандықты игеріп алып кету үшін алдымен оны барынша жақсы көру қажет екен. Мұғалім-балаға ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық сана-сезім, дене тәрбиесі мен ұлттық тәрбие сіңіруші адам. Сондықтан да ұстазға жүктелетін міндет жеңіл емес екенін сезіне де, әрі түсіне білдім. Білім беру-оқыту мен тәрбиелеудің үздіксіз процесі. Қазіргі кездегі білім берудегі мақсат- жан-жақты, білімді, өмір сүруге бейім, өзіндік ой-талғамы бар, қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру. Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болу емес, тарихи танымдық, педагогикалық-психологиялық сауаттылық, саяси экономикалықбілімділік және ақпараттық сауаттылық талап етілуде. Яғни қазіргі мұғалім оқушыларға заман талабына сай білім беру үшін алдымен өзі жаңалыққа құмар, шығармашылықпен жұмыс істейтін, оқу мен тәрбие ісіне еніп, оқытудың жаңа технологияларын шебер меңгерген жан болуы керек. Оқушылардың ақпараттық мәдениеттерін қалыптастыру қажет. Менің таңдаған мамандығым математика және информатика осы ақпараттандыруға көбірек жақын. Елімізде барлық мектептер компьютерленіп жатыр. Оқушылардың ақпараттануы үшін барлық жағдайлар жасалуда.Қазіргі заман компьютерлік  ақпараттандырылған заман екенін ескерсек, жердегі болып жатқан хабардар  туралы интернет арқылы минутында мағлұмат алып отырған  жастарымызды бір нәрсемен таңқалдыру, оған жаңа сабақ айтып, өзгені тыңдата білу кез келгеннің қолынан келетін оңай дүние емес екенін аңғаруға болады. ХХІ ғасырдың ұстазы осыған сай  болуы керек. Ал, ұстаздың ұстаз болып танылуы үшін оған ең алдымен үлкен білім мен біліктілік қажет. Сондықтан да  мен үнемі талмай, еңбек етіп, жаңалықтарға ұмтылып жастарға қажеттіліктерін қанағаттандыратын білім беріп келемін әрі бермекпін де. Белгілі педагог К.Ушинскийдің «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана-мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады»- деген пікірін ұстанып, үздіксіз қоғаммен бірге дамып, үнемі ізденуші бола бермекпін. Маған өз мамандығым өте ұнайды. Математика  кез келген адамның ойын, ақылын ретке келтіреді. Бұл пән қиын пән болып көрінгенімен оның өзінің ерекшеліктері мен қызықтары да толып жатыр. Мен балалармен жұмыс жасағанды қатты жақсы көремін. Әр бала өз бетінше жеке тұлға, әр қайсысына жекеше қарым-қатынас қажет. Олармен жұмыс жасау үшін талмай ізденіп оқу қажет екенін білсем де, мен оқушыларды, мектепті бір күн көрмесем көңілім жай таппайды. Мектеп, оқушылар, ата-аналар менің бар байлығым.Ұстаз-жас ұрпақты, жалпы адамды ізгілікке баулып, жақсылыққа тәрбиелейтін, білім беретін оқытушы. Қазіргі қоғамда оқу-тәрбие жұмысын жүргізуші маман педагог ұстаз деп аталады. Үлгілі, өнегелі, өмір тәжірибесі бай адамғана ұстаз бола алады.Өз ойымды француздың ұлы ойшыл-философы Ж.Руссоның «Ұстаздық ету-өзінің уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген сөзімен қорытындылағым келеді.

Алимгазина Асел Балгабаевна