Мен мұғаліммін

241

                                                               Мен мұғаліммін

 

 

Егер өмір алтын болса, зергері – мұғалім,
Егер өмір теңіз болса, гауһары – мұғалім.
Егер өмір жүзік болса, көзі – мұғалім,
Егер өмір ақын болса, сөзі – мұғалім
.

Шухрат

 

«Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім. Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын — мұғалімдердікі»,- деген қазақтың кемеңгер ақыны М. Жұмабаев. Ертеңгі күннің бүгінгіден гөрі жарқынырақ болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімге ғана тән. Демек, қай елдің болсын өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы білім саласының даму бағытына тікелей байланысты.  Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында»,- дегені бәрімізге мәлім. Еліміз өркениетті елдер қатарынан орын алып, ұрпағымыз қоғам қажеттілігіне сай болып жатса, бұл — ұстаздар еңбегінің жемісі. Олай дейтінім ақынды да, батырды да, алыпты да, дананы да, тіпті баланы да ұстаздар тәрбиелейді. Мұғалімі қандай болса, қоғамы да сондай болмақ делінген бұлжымас заңдылық ерте уақыттардың өзінде–ақ белгілі болды.

Мен — ұстазбын, мен — мұғаліммін, мен — зерттеушімін, мен жас ұрпақты келешекке жетелеп апаратын — тәрбиешімін. Өзім ағылшын тілі пәні мұғалімімін, сонымен қатар сынып жетекшісі ретінде бала тәрбиесіне тікелей араласып келемін.  Мен, сынып жетекші, алдымда отырған жас жеткіншектерден ертеңгі күні білімді, адамгершілігі мол, қоғамымызды өркендетуге қабілеті мен қарымы жететін азамат, жеке тұлға тәрбиелеу үшін, оларды өз бетімен білімді алуға, терең ойлап, ойын дұрыс жеткізе білуге үйретудемін.
Адамзат өркениетінің даму тарихында жақсы мектебі мен мұғалімдері бар мемлекет ғана алға озып шыққан. Мектеп -үйрететін орта,оның жүрегі- мұғалім,ұстаз мектепте басты тұлға болып қала береді, себебі халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ешбір керемет заманауи технология мұғалімді алмастыра алмайды. Менің мұғалім ретінде міндетім — жеке тұлғаны қалыптастыруға атсалысу, қоғамның бір бөлшегі жас жеткіншектерді білім нәрімен сусындату, оларды өмірден өз орнын табуға көмектесу, бағыт — бағдар беру. Осы қиын да қызық мамандық мені ешқашан жалықтырған жоқ, қайта өмір сүруге күннен — күнге құлшынысымды арттырып, жаңа жолдар мен шешімдерді, жаңа әдіс — тәсілдерді іздеуге итермелейді.  Елбасы Н.Назарбаев: «Болашақта еңбек етіп,өмір сүріңдер, бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелген міндет ауыр» деген болатын . Егеменді еліміздің дүние жүзі елдерімен терезесі тең болуы үшін оның негізгі тұтқасын ұстайтын, дүние әлемін шарлайтын, біздің дарынды да қабілетті ұландарымыз.

Қазіргі кезеңде білім берудің сапасын жақсарту, әдістемелік негізін өзгерту — заман талабына сәйкес туындап отырған қажеттілік. Өйткені, мектептің әр күні көптеген ғылыми жаңалықтарға , терең әлеуметтік өзгерістерге толы. Бұрын оқу үдерісінде мұғалім басты рөл атқарса,қазір оқушының  іс -әрекетімен мектептер бағаланады. Қазіргі заманда нені оқыту емес, қалай оқыту маңыздырақ болып отыр. Сабақ барысында оқушының ізденуі мен зерттеу дағдыларын қалыптастыра отырып,пәнге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында қолданылатын әдіс — тәсілдер баршылық. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарында жиі қолданылып отырған жаңа әдіс — тәсілдердің бірі оқушылардың жазу мен оқуда сын тұрғысынан ойлау қабілетін қалыптастыру  және ақпараттық — коммуникативтік технологияларға бағытталған әдіс -тәсілдер. Осындай әдістеме негізінде оқушыларға ағылшын тілі пәнінен терең де тиянақты білім беруді өз тәжірибемде жиі қолданамын. Осындай жұмыстар арқылы ең әуелі оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы артады , бір- бірімен пікір алмасып,сөздік қоры молаяды, еркін сөйлеу, өз ойларын жеткізе білу дағдылары қалыптасады, оқулықпен жұмыс істеуге, бір — біріне жүйелі сұрақтар қоя білуге дағдыланады.

Менің қызмет жолындағы педагогикалық ұстанымым — ел есінде бір жыл қалғын

келсе — ас бер, он жыл қалғың келсе — ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе — бала тәрбиеле. Мен үшін ең қастерлі де, қасиетті мамандық ол — ұстаздық. Адамзат баласының алтын тәжі, асылы — Пайғамбарымыз Мұхаммед с.г.с хадис шарифінде былай дейді: «Адам баласының бойында бір кесек ет бар, егер сол ет дұрыс болса, сол адам дұрыс болғаны, ал егер сол ет дұрыс болмаса онда барлық дене бүлінеді».

Халқымызда «Жас келсе — іске» деген керемет сөзі бар. Демек мен бойымдағы жастық жігерімді, күш — қуатымды, жаңашылдығымды шәкірт тәрбиелеуге жұмсауым керек. Болашақта өз оқушыларымды биік белестерден көрсем, сол үшін өзімнің кішкене де болса үлесім тиген болса, мен өзімді бақытты ұстаз, бақытты адам деп білемін. Ұстаздық еткен 3 жыл ішінде мен өз іс — тәжірибемді түйіндей келе төмендегідей ой қорыттым. Егеменді еліміздің ертеңі жастарға жүйелі білім, тәлімді — тәрбие беруде халық педагогикасының мән — маңызы күн өткен сайын артып келеді. Мұғалім — баланың жеке тұлғасын қалыптастырушысы, маңызды тәлім — тәрбие өнегесінің бастаушысы, жарқын үлгісі, бала қиялын самғатып, арманын көкке ұсындырушы басты тұлға. Бүгінгі жас өркеннің ертеңгі әлеуметтік — саяси қоғам мүшесі ретінде қалыптасуында тәлім — тәрбиенің маңызы зор екендігі белгілі.

Ендеше қоғамдағы қол жеткен тәрбиелік жақсы дәстүр атаулыны пайдаланып, биік адамгершілік қасиеттерге баулу, тәрбиелеу — мұғалімнің басты міндеті.

 

 

Ағылшын тілі пәні мұғалімі: А.А.Оспанова