Гуманист педагог – Абай Құнанбаев

298
Гуманист педагог – Абай Құнанбаев
Гуманист педагог – Абай Құнанбаев

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден ерек!

Абай Құнанбаев

Абай – халқымыздың ұлы ұстазы, тәлімгер педагогы. Оның өлеңдері мен қарасөздерінің ең басты объектісі – Адам, басты мақсаты – Адам тәрбиесі. Адам болғанда да адамдар үшін еңбек ететін ақыл, қайрат, нұрлы жүректі тең ұстайтын жан-жақты жетілген Адам. Абай өлеңдері мен қарасөздеріндегі дүниетанымдық, педагогикалық, психологиялық ой-пікірлері адамды адамгершілік жағынан жетілдіруді көздейді.

Ұрпақ тәрбиесі олардың адамдық болмысы жайлы ой толғап, адамгершілік бағытты басты идея етіп ұстанатын данышпан Абай мұрасынан зор тағылым алуға болады.

«Сенде бір кірпіш дүниеге

Кетігін тапта бар қалан», — деген үндеуінен сол сүрлеуі жоқ заманның өзінде ұрпақтың жолын ашып, бетін түзеп, адамдық көшіне бастап тұрғаны байқалады.

Абай халықты бірлікке, еңбек етуге, өнер-білім  үйренуге шақырған.

«Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң арқалан» — деп ұрпаққа өмір жолын таңдауда, өзіңді таны, өнерпаздыққа ұмтыл деген ұлағат айтады.

Абай адам мінезінің қалыптасуы тәрбиеге, ортаға байланысты  екенін дәлелдеді. Адам баласы анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Бірі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар тәннің құмарлығы. Екіншісі – білсем екен деген – жан құмарлығы. (Жетінші сөзі) Адам бойына жан арқылы жиналатын нәрсенің аты ақыл, ғылым. Ол таланттылық пен ерінбей еңбек еткен адамның қолына түседі – деген қорытынды жасайды.

Ұлы Абайдың өлеңдері, қарасөздерінің құндылық мәніне көңіл бөлген сайын баға жетпес байлық екенін түсінеміз. «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі», бірақ сол білім өлеңдегі мақсат, мәнсап, мақтан үшін емес, халық кәдесіне, көптің керегіне жарағаны игі және «Адам баласы бір-бірінен ақыл, ғылым, ар, мінез нәрселерімен озады» — деп түйіндейді.

Абай ілімі —  рухани-адамгершілік әлем қоймасының кілті тәрізді. Сол кілтпен рухани дүниенің қақпасын ашып,  рухани әлемнің байлығын молынан көруге болады.

«Өздеріңде ойлаңдар,

Неше түрлі жан барсың.

Ғылым да жоқ, ми да жоқ,

Даладағы аңдарсың» — дей келе Абай адамның жетілуін үш сатыға бөліп берді. Адам бірінші сатыда надандық қасиеттің ықпалында болып, екінші сатыда құмарлық қасиетіне ие болып, оның жоғары деңгейінде даналық қасиетке жетеді. Ал үшінші сатыда материалдық үш қасиеттен (надандық, құмарлық, даналық) жоғары рухани даналық қасиетіне ие болады.

Алып ақын Абай  өзінің саналы ғұмырында махаббат тақырыбында кең көлемде жырлап, әндер шығарған.

Махаббатсыз – дүние бос

Хайуанға оны қосыңдар, — дейді. Мұнда тек сүйген жарына ғана емес, өз перзентіне, дос-жарандарына махаббатпен қарауға шақырады. Жүрегінде махаббаты жоқтарды хайуанға теңеп, махаббатсыз бұл өмірдің мән-мағынасы жоқ екеніне көз жеткізіп тұр.

Абай өлеңдерінің барлығында айтылатын ойларды түйіндей келе, «Адам болам десеңіз …» — жылы жүректі болу абзал екенін түсінеміз.

Рухани-адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген адам, атына заты сай, көзі ашық, көкірегі ояу кемел дәрежесіне жетеді.

Рухани-адамгершілік білім нәрімен сусындаған адам өзін — өзі арқылы өзгені тануда сүйіспеншілік, мейірімді, қайырымды, кешірімді, бойында ар, ұят, намыс, сияқты қасиеттер мен құндылықтарды өз бойына сіңіре отырып, шәкірт бойына дарыта алады. Балаларды сүйетін және  өзінің ісіне берілген педагог ғана мейірбан адамның дамуына баға жетпес көмек көрсетуге қабілетті бола алады.

Адам болып туу аз, Адам бола білу керек! «Адам болу» қағидасын мұрат еткен Абай атамыз өзінің Он төртінші қарасөзінде: «Адам бойындағы ең қымбаты – оның жүрегі.  Мейірімділік, Ізгілік, өзгені өз бауырындай қабылдай білу, оған өзіңе тілейтін игілік тілеу – мұның барлығы жүректің қалауы», — дейді.

Сондықтан біз адам баласы не нәрсені істесек, не нәрсені жасасақ та, жүрек қалауымен жасап, жүрегіміздің үніне құлақ аса білейік.