Ұстаз болу – өз бақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау

Ұстаз болу – өз бақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау

 

Иә, бұл қасиетті мамандық, себебі адам тәрбиелеу міндеті тұр. Шәкірттерімді білім нәрімен сусындатып, тәлім – тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойларына дарытып, бағыт-бағдар беруде көп ізденіп келемін. Алдыма келген әр шәкіртті өз баламдай жақсы көрем. Шәкірттерімнің ортасында жүріп өзімнің мектеп өмірім көз алдыма келеді. Шіркін, мектептегі өмір алаңсыз кез ғой!

Мөлдір суды қанша ішсең де шөлің қанбайтыны сияқты, мен де шәкірттерім туралы еш жалықпаймын. Конфуцийдің: «Сені түсінсе – бұл бақыт, сені сүйсе – бұл үлкен бақыт, ал өзің сүйсең – ол нағыз бақытың» дегендей мен шәкірттерімді жанымдай сүйемін.

Сәбиді аялаған аналық парыз қандай киелі болса, шәкірт тәрбиесін мойныма жүктеп алған менің жауапкершілігімнің қандай екенін сезесің бе?

Тәрбие мен білім ажырағасыз: Білім бермей тәрбиелеу мүмкін емес, ал білім тәрбие арқылы бойға сіңеді. Алғашқы ұстаз болған жылдарымда қиындықтар кездеспеді десем жалған болар. Әр оқушының дүниетанымын, мұратын, рухани деңгейін анықтау үшін үлкен ұстаздардан үйрендім. Ұрпақ тәрбиелеуде басты назарды адамгершілікке аударамын. Жалпы адамзаттың рухани құндылығына көңіл бөлемін.

Иман дегеніміз – сенім. Адам сенімсіз, үмітсіз, армансыз өмір сүре алмайды. Рухани адамгершілік тәрбиесін бере отырып баланың Отанға деген махабатын, еңбекке деген қызығушылығын арттырамын. Шәкірттеріммен достасып, олардың сенімін ақтап келемін. Сенім – терең, тиянақты ойлардың жиынтығы.

Бала жүрегі айнадай таза, мөлдір, сол айнадай шәкіртті көру үшін оның жүрегіне үңіліп, көңіліне қарап санасам, себебі жас бала – жас шыбық, жас күнінде қай түрде иіп тастасақ, есейгенде сол иілген күйінде қалатынын естен шығармаймын.

Қазақтың салт-дәстүрін, инабат-имандылықты бойына сіңіріп өсуіне күш саламын. Тәрбие сағаттарына ерекше мән берем. «Мәдени мұра – халық игілігі», «Ибалы ұл, инабатты қыз-өмір көркі», «Әке – отбасы тірегі» т.б. тәрбие сағаттарында ата-аналарын шақыра отырып, өсиет түрінде емес, көрініс түрінде өткіземін. Бұлай өткізу өте пайдалы. Мұндай әдіс шәкірттерге өте пайдалы, ересектермен сәлемдесу, қарым-қатынас жасаудың үлгісін үйренуді тәрбие сағатында басынан өткізу арқылы бойларына сіңіреді.

Шәкірттерімнің махабатына бөлену – мен үшін бақыт. Мақсатым – шәкірт тәрбиелеу, білім беру. Мен – ұстазбын, мен – зерттеушімін, мен – шәкірттерімнің досымын. Әр балаға намыс, борыш, ождан сияқты қасиеттерді қалыптастыра алсам. «Бала тәрбиесі – мемлекеттің маңызды міндеті» деп Платон бекер айтпаған екен. Бала қиялын самғатып, арманын көкке ұғындыру үшін «Адам – өз өмірінің суретшісі», «Шешендік сөз – асыл ойдың өрнегі», «Кітап – жан азығы» т.б. сынып сағаттарын өткізіп әр оқушының шешен сөйлеуіне, өзін ортада ұстауына, шешен-билердің қанатты сөздерінен ғибрат алу жолдарын ұғындырдым. Әрине мен бәрін үйретіп болдым ойламаймын, себебі тәжірибем аз. Теңіз тамшысындай ғана үлесім. «Мен қазақпын» деп мақтана алатын ұрпақ тәрбиелесем, бақыттымын. Әр өткізген шарамнан ізгі қасиеттерді алып оны күнделікті өмірде қолданып, зерделі, ойлы, ақылды азамат шықса, құнарлы жерде өскен мәуелі ағаштай менің тәрбием тамырын тереңге жаяды емес пе?

Ұстаздық еткен 3 жылдарымда мен өз іс-тәжірибемді түйіндей келе төмендегідей ой қорыттым.

Халық педагогикасын басшылыққа алу.

Адами қасиеттерді бойына сіңіру.

Ұлтжанды азамат тәрбиелеу.

Имандылыққа баулу.

Еңбекке тәрбиелеу.

Құзіретті жеке тұлғаны қалыптастыру.

Ұстаз болу – ең керемет мәртебе

Ұстаз болу – ұлық болу баршаға.

Еңбек жолымның алғашқы күнінде жүрегіме нық орнаған ұстаздық ұстанымым – мамандығыма деген сүйіспеншілік сезімі, шәкірттерге деген махаббатым.

Үнемі іздену, шығармашылық қасиет, теориялық білім – менің серігім.

Кезінде ұлы педагогы С.Ушинский «Оқушыларға жан-жақсы тәрбие беру үшін оны жан-жақты зерттеп білу керек» деген екен. Сондықтан мен алдымда отырған әр оқушыны жан-жақты зерттеп, педагогикалық мақсат қойып, оқу-тәрбие жұмысын жүйелі жүргізуге тырысамын.

Мен өз сыныбымда «Тағылым» тәрбие бағдарламасын дамытып келемін.

Қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған бала тәрбиесі хақындағы тәжірибесі ұлан-ғайыр екенін бәріміз білеміз. Елін, жерін, халқын сүю, ардақтылардың, рухани асыл қазыналарын әспеттеу, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену, әдептілік пен кішіпейілділікке ұмтылу, үлкенді сыйлау мен кішіні құрметтеу сынды толып жатқан қасиеттерді оқушы бойына сіңіруге жұмыстанам. Әр шараны «Халықтың педагогика» негізіне сүйене отырып жүргіземін. Адамның рухани байлығы мол болуы керек.

Мен жұмысқа қуанып барып, шаттанып қайтам. Менің ұстанымым басқаларды оқыту үшін өзім оқуым керек, тәрбие беру үшін, тәрбиені өзімнен бастауым, шәкірттерді дамыту үшін әрдайым өзім ізденіп, даму үстінде болуым керек. Тәрбие беруде ешқашан нәтижеге бірден жете алмайтынымды түсіндім. Сыныппен жұмыс жасау алғашқыда оңайға түскен жоқ. Мен оқушылармен тез тіл табысамын, әр оқушының ішкі жан дүниесін түсініп, кешірімділікпен қарап, кішіпейілділік таныта білдім. Осы қабілеттерімнің арқасында сыныбыммен тез үйренісіп кеттім. Сыныпта 17 оқушы бар. «Талапты бала талпынған құстай, құмары қанбас аспанға ұшпай» дегендей талантты оқушым Төлеш Алтынайдың талабын ұштап, өзіндік пікірін, ізденуін қалыптастырып келемін, соның әсері болар ол мектептегі «Зерде» оқушылардың ғылыми орталығына қатысып, «Қайып хан және оның әулеті» тақырыбында ғылыми жұмыс жазып, оқушылар арасындағы облыстық ғылыми жобалар сайысында жүлделі ІІІ орынмен марапатталды.

Зейнетінен бейнеті басым ұстаз деп еңбекте алар асуым, бағындырар шыңым көп менің.

Егеменді елімнің ертеңін ойлар, білімді ұрпақ тәрбиелеу – міндетім.