АУЫЛ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТҚАНДАР

АУЫЛ  АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТҚАНДАР

Қай кезде де тарлан тарихтың түп негізін қалаушы – халық екендігі баршамызға мәлім. Сондықтан да өткеніміз бен бүгінімізді тарихи елді-мекенсіз және халық арасынан суырылып шыққан тарихи тұлғаларсыз  көзге елестету, мықтап санаға құю, көңілге тәптіштеп түю қиын болмақ.

Тарихымызды кейінгі ұрпақтың жадында қалдыру баршаға ортақ парыз. Бүгінде тәуелсіз ел болғалы тарихымызды түгендеуге толықтай жарқын  жол ашылғаны баршаға аян.  Сондықтан болар төл тарихымызға деп қойылып, ақтаңдақтар ашылуда, жаңа тарихтар жазылуда. Сол жаңа тарих ортамызға қазақ халқының Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, сынды азаттық үшін күрескен кемеңгер  тұлғалардың есімдерін егемен елімен қауыштырды. Қай кезде де тарихшылар көтерер жүк өте ауыр. Олардың қарымды қаламынан қазақтың  елді-мекендерінің тарихын зерттеу міндеті түскен емес.

Халқымыздың заңғар жазушысы М. Әуезов: «Дүниеде тарихта ер елден артық ел бар ма?! Ер жолымен өткен елдердің тарихынан сұлу тарих бар ма?»,-деген екен. Тарихи тұлғаларға бай, өнегелі өлке – киелі Торғай елі.  Шындығында, Торғай елінен шыққан тұлғаларды тілге тиек етсең, санынан жаңыласың. Осынау елдің тумасы, ақын Ғафу Қайырбековтің: «Торғайдың өзінен-өзі  туралы аңызы өсіп кеткен өлке, даңқы озып кеткен дала» деуі  туған жерінің аңызға айналған дархан дала екендігін паш етеді. Торғай елінің  бір басына айналасындағы шағын ауылдары жетіп артылады. Қай кезде де ауыл  халықтың асыл қазынасы болып келген.

Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы,

Бұдан артық рахат табылмайды.

Бұлдырасын өткен сағымдай бір,

Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы, — деп ақиық ақын М.Мақатаев жырлағандай есімі ерен еңбегімен жалпақ жұртқа танымал болған ұлы тұлғалардың көбінің  шыққан жері – қарапайым қазақи ауыл. «Ауылын көріп, азаматын таны» демекші, дархан дала Торғай өлкесінің  шалғайында шағын ғана Көкалат ауылының қоныс тепкенін біреу білсе, біреу білмес, сірә!

Бір өзінде дана да, дара да туған қасиетті менің ауылым — Көкалат! Қостанай облысының Жанкелдин ауданындағы ауыл. Торғай ауданынан шығысқа қарай 60 км жерде, Торғай өзенінің Қабырға атты тармағының сол жағасында орналасқан. Бастапқыда Албарбөгет ұжымшарының  орталығы болып келген. [1.1]

Көкалат ауылы  талай талантты тұғырына қондырып, шынар биікке шығарып, абыройын асқақтатып, арман тілектерін орындатты. Осынау шағын ғана ауылдан небір талантты тарихи тұлғалардың шығуы кездейсоқтық емес шығар, сірә! Сондықтан да  бірлігі жарасқан халқының қамы үшін аянбай еңбек еткен тарихи тұлғаларды аялы алақанынан ұшырған Көкалат ауылы да тарихи өлке болып саналмақ. Құт дарыған Көкалат ауылында кіндік қаны тамып,  жарық дүние есігін ашып, болашағына  үкілеген үмітпен қараған ата-ананың  шаттыққа толы шаңырағынан қанатын қомдап ұшқан асылдың сынығы — Төлен Әбдік, Қоғабай Сәрсекеев, Қонысбай Әбіл, Қойшығара Салғарин, Шөтпібай Байділдин т.б

Осынау  шағын ғана Көкалат ауылынан   небір дүлдүлдердің шығуының өзі  арғы тегі ата-бабалар тегінің құдыретті екендігін аңғартады.

Әйтсе де ауылдан түлеп ұшқан таланттардың өркениет көкжиегінде  өнер мен ғылымның ордасына айналған Алматы мен Астана қалаларында өмір кешіп, халқына адал еңбек етуде. Бірақ олар тәрбиелік мәні зор құнды шығармалары мен отты жырлары арқылы кіндік қаны тамып, ержетіп, бой түзеген ауылын әсте естен шығарған емес.

Көкалаттың бел баласы, республикаға танымал дарын иесі Қонысбай Әбіл — бүгінде Астананың құрметті  тұрғыны. Қазақстанның Халық ақыны, бірнеше поэзиялық, прозалық шығармалардың  авторы. Композитор Қонысбай Әбілдің ақпарат құралдарына берген сұхбатындағы: « Ат төбеліндей болса да туған ел артық, ұлтарақтай болса да туған жер артық» деген сөзінен туған ауылына деген  шынайы  сүйіспеншілігін аңғару қиын емес.

Ал, Көкалат ауылында дүние есігін ашқан Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық ақпараттану академиясының, халықаралық Еуразия академиясының академигі, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай  мемлекеттік универститетінің Құрметті профессоры, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының мүшесі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының, Б.Майлин атындағы әдеби сыйлықтың, сан алуан Халықаралық сыйлықтар мен дипломдардың иегері Қоғабай Сәрсекеевті білмейтін қазақ  жоқ шығар, сірә! Ақын Серік Тұрғынбековтің :

Болғанмен менде

болмысы бөлек көп ағай.

Орыны ерек,

Қашанда керек Қоғабай.

Торғайдан шыққан

Қоқаң да біздің

Алып қой … Алыпты бірақ,

Алыппыз қашан бағалай, — деп  жан-жақты дарын иесіне арналған жыр шумақтарынан алып тұлғаның  қазақ әдебиетіндегі өз орны бар екендігін аңғарамыз.

«Сағынған елін- аңсайды, сары ала қаз көлін — аңсайды» демекші, Қ. Сәрсекеев өз туған ауылын  үнемі сағынышпен еске алатынын «Жұлдыз» журналының кезекті бір нөмірінде  Торғайдың төл баласы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,белгілі экономист  К.Ә.Сағадиевпен сұхбатында:  «Кенжеке! Елге бірге барып қайту ойы екеуміздің де көңілімізде көптен жүргенмен, сәті осы жолы түсті. Ақ жол үстінде келеміз. Бағыт-туған жер-Торғай! Кім-кімге туған жер қымбат! Туған өңір Торғай бізге аса ыстық! Жарықтық шын мәніндегі киелі жер-ау! Академик Зейнолла Қабдолов «Ұлттың ұясы»  атаған алқап», — деуінің астарында туған жері, өскен еліне деген сағымдай сағынышты еш қиындықсыз байқауға болады. [2.1]

Өмірде әркімнің өз алған асуы мен бағындырған белесі, жеткен биігі бар. Көрнекті жазушы, қоғам қайраткері, драматург, аудармашы, Халықаралық Кафка және Қазақстандағы ПЕН клуб сыйлықтарының  (2003), сондай-ақ  ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлен Әбдік  те Көкалат ауылының тумасы.

Мемлекеттік тілдің жанашыры Мұхтар Шаханов: «Төлен — менің ең жақын досым, аз ғана сырластарымның біреуі… Төлен екеуміздің ойымыз бір, мүддеміз қашанда ортақ. Жүрегіміз бен тілегіміз де бір мақсат үшін жұмылған.»  деуі кейіпкеріміздің сан алуан мазмұны құнды шығармаларының арқасында зор құрметке бөленген, өз оқырмандары бар, қаламы қарымды , дара жазушы екендігін байқатады.

«Ат тұяғын тай басар» демекші, ұрпағы мақтан тұтып, айтып жүрер туған елдің төл перзенттері Көкалат ауылында жетерлік. Олардың есімі өз ауылының аңқылдаған ақжарқын жұртына жақсы таныс болса да, одан тысқары жерлерде білмеуі де мүмкін. Солардың бірі — Желтоқсанның қарлығашы, дүниеден ерте озған  Бақытгүл Мырзағазина.

Ол арман қуып, сонау ызғарлы Желтоқсан  жылдарында ҚазПИ-дің филология факультетінде білім алған болатын. Алайда  Желтоқсан оқиғасына белсене қатыстың деген желеумен 3-курста білім алып  жүрген жерінен Бақытгүл апаны оқудан шығарады. 1986 жылдың 17 желтоқсанында қамауға алынып, біраз қиналып , ауыр азапты күндерді басынан өткерген көрінеді. Сол бір ызғарлы күндердің  зардабынан ауыр науқасқа ұшырап, 1994 жылы туған жері Көкалатта дүние салады.

Бақытгүл апаның студенттік жылдардағы танысып, етене араласқан  құрбысы Ш.Л. Ерғожина — бүгінде   педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Тіл теориясы және оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі болып  қызмет атқарады.

Шаттыгүл  Лесбекқызы   сол  бір жылдарды еске ала отырып, ақпарат құралдарына берген сұхбатында: «Ол ерекше жаратылған жан еді, сөзге шешен, бауырмал, аса өжет болатын. Көпшілігімізден естиярлау болғасын, үнемі ақылын айтып жүретін. Әлі есімде, марқұм құрбым Мырзағазина Бақытгүл өте бауырмал еді, бір құлаған адамды аяғына тұрғыза алмай өзгелерді көмекке шақырып жатыр. Барған кезде байқадым, әлгі адам ұп-ұзын боп үстіндегі киімі ағашқа қатып қалған, тұра алмайды. Екеуміз шана сүйреп, Абай даңғылына бір-ақ түсірдік. Әлі құрып, сөйлеуге шамасы келер емес, жабыла мекенжайын сұрап жатырмыз. Не керек,екі жігітке үйіне аман-есен жеткізуді тапсырдық» — деген сөздері  ауылдасымыз Бақытгүл апаның  қайтпас қайсар мінезі мен  адами  қасиетін  толықтай аша түскендей болып көрінеді.[3.3]

Зулаған уақыт ешкімге жеткізер емес…  Жылдар бойы өскелең ұрпаққа өнеге боларлық  Желтоқсанның  қаһармандары деп Қайрат, Ләззат, Сәбира, Ербол есімдерін дәріптеп жан-жақты  баяндап келеміз. Осындайда егемен елдің тәуелсіздігіне өзіндік қомақты үлесімен ерекшеленетін Көкалаттың тумасы Б.Мырзағазина сияқты жандардың да есімдері ескерусіз қалмаса екен деп ойлайсың. ..

Бірақ туған ауыл халқы оны жылдар бойы  жадынан еш шығарған емес. Өйткені оның Желтоқсан оқиғасына тайсалмастан қатысуының өзі, сұм соғыстың бел ортасында  қас жаумен қарсыласқан қазақтың  ержүрек қыздары Әлия мен Мәншүктің із басары.

Отан үшін от  кешті деуге тұрарлық, болашаққа үлгі боларлық  өз өмір жолы қалыптасқан  Роман Төлегенов те Көкалатта дүниеге келген. Ол Ауғанстанда интернационалдық  борышын абыроймен атқарған.

Иә, айта берсең, Көкалаттан шыққан еліне елеулі, халқына қалаулы жандар баршылық. Олардың бәрін тізбелей бермей ,ертеңгі күннің еншісінде қалдырайық! Жылдар өткен  сайын өз ауылының абыройын асқақтатқан тау тұлғалы тарихи тұлғалардың өнегелі өмірі мен ерен қызметі және  толағай туындылары   қазақ тарихында ұмытылмас рухани мұра болып қала бермек!

 

Қолданылған әдебиеттер

  1. Қазақстан эциклопедиясы, 7 том
  2. writers.kz/journals/?ID=11&NUM=217&CURENT…5999‎
  3. kz/regional_media/post/27780
  4. Жақан Қосабаев «Туған жер деп толғандым»  ЖШС «Шапақ» 2008ж.
  5. Орекен Алмат «Торғай бекінісіне 160 жыл»  2005ж.

 

Резюме

Данная статья посвящена вопросам краеведения. Автор статьи обращает внимание на отношение великих людей к своей малой Родины. Кроме того, при проведении занятий по краеведению необходимо акцентировать внимание на роли простых людей неизвестных истории в становлении своего края.

Resume

The question under consideration in this article is dedicated is the countrystudy. The author of the article draws attention to the attitude of the famous people to their Motherland. Besides that, teaching the countrystudy it’s essential to pay attention to the role of the common people who are unknown to the history in the development of their own country.