Мен жеке тұлға тәрбиелеудемін! (Эссе)

360

 

Мен жеке тұлға тәрбиелеудемін!

(Эссе)

«Тәрбие біздің жүрегімізге,

ең алдымен, жеке адамға да,

қоғамға да пайдалы әдеттердің

 ұрығын себуі керек»

К.Гельвеций

 

Иә, адам тәрбиелеу – ұлы міндет. Ұлы міндет қашаннан да  ұлы күреспен ғана  жүзеге асырылатыны хақ. Олай болса, XXI ғасырдың жастары  қандай  болмақ? Қазіргі кездегі   тәрбие  ісін ойға алғанда, баланың жан қуаттары өсуіне орай, заман талабына сай, бәсекеге қабілетті  ұрпақ тәрбиелеу басты мақсат болғандықтан, бүгінгі  тәрбиеге жаңаша көзқарас мәселесі оны іске асырушы мұғалімге де жаңаша талап қойып отыр. Ұстаз тәрбиесінің мақсаты  баланы дәл өзіндей етіп шығару емес, келешек өз заманына лайықты азамат етіп шығару.

Данышпан Абай атамыз  айтқандай: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» . Абайдың бұл жерде көксегені – ойлы азамат. Көкірегінде көзі, бойында тулаған қайраты бар азамат.  Әрбір  халық өз ұлты  үшін  қызмет ететіндіктен, мұғалім баланы ұлттық  тәрбиемен  сусындатуға міндетті. Яғни, қазіргі қазақ мектептерінің  алдындағы міндеттерінің бірі  жеке тұлғаны алдымен ұлттық руханиятта тәрбиелеп, тәрбиелі жасқа өркениеттік  білім беру. Баланың бойындағы ізгі қасиеттердің  іргесі  мектеп  қабырғасында қаланады. Білім ордасындағы әрбір  тұлғаның  келешегіне  бағыт-бағдар беруші, жөн сілтер жолбасшы – мұғалім болуы тиіс. Сондықтанда осындай  жауапкершілік  жүктелгеннен кейін  біздерге, яғни  сынып жетекшілерге де сын болып отыр. Өз тәжірибемнен  байқағаным: баланы  жақсылыққа жетелеп жанастырар да, жамандықпен адастырар да  — мұғалім болғандықтан  ұстаз болу жеткіліксіз,  ол үшін асқан білік иесі, ұсталық та, ұстамдылықта қажет.  Балаға объект ретінде емес, субъект ретінде  қарауға үйренуіміз керек.  Баланың сезіміне әсер ету  арқылы ішкі дүниесін ояту нәтижесінде оның  дүниетанымы қалыптасады. Алдыңдағы  әрбір баланың  жеке басындағы қасиеттерін дұрыс тани  білу үшін психолог болудың  кемдігі жоқ. Жалпы бала жеке тұлғаға айналу   үшін  мұғалімде мынадай  қасиеттер болуы қажет деп ойлаймын:

  • жылылық;
  • түсінгіштік;
  • сезімталдық;
  • мейірімділік;
  • адалдық;
  • шығармашылық ізденіс;
  • баланы шабыттандыра алу;

Ұстаз ретінде негізгі мақсатым:

Әр оқушыны дамыту, оның ерекшеліктерін, есте сақтау, қабілетін  ашу, ақыл-ойының  дұрыс дамып жетілуіне жағдай жасау.

Осы мақсатта  өз сыныбыммен жүргізілген тәрбие жұмыстарымның  нәтижесі жаман емес деп ойлаймын. Менің жетекшілік еткен сыныбым

6 «А» сыныбы, мен бұл сыныпта  2 жылдай  жұмыс жасадым.  Жалпы сынып  математика пәнін тереңдетіп оқытатын болғандықтан, оқушыларымның  ойлары ұшқыр, өте белсенді, шығармашылыққа бейім. Олай дейтін себебім: сыныпта өтілген  әр тәрбие  сағаттарында  ой толғау, ой талқы сияқты әдістерде өз ойларын  анық жеткізеді. Оқушылардың  тіл байлығын, сөйлеу мәнерін дамытуда қазақтың ұлы ғұламаларының   нақыл сөздерімен  көркемдеп сөйлеуді  әр оқушының  алдына  міндет қылып қойып отырдым. Сонда  Батырхан Заңғар  деген оқушымның бала болса да, аталы сөзді  көп қолданатынын байқадым. Оның әдеби кітаптарды көп оқитынын,  шешендік  сөздерді жаттап жүретініне риза болып, «шіркін, қазақтың әр баласы өзің сияқты болса ғой!» деп іштей сүйсінетінмін.

Тәрбие сағаттарымның  құрылымына сәйкес  «үй тапсырмасын» алдын ала берген кезде оқушыларымның  жаппай  жан-жақты дайындалып келетіні мені қатты қуандыратын.  Атап айтсақ қысқаша шығармалар, эссе жазу, тақырыпқа байланысты суреттер салып келу сияқты тапсырмалар  оқушының шығармашылығымен қатар, ізденімпаздығын дамытады. Көптеген ситуациялық  жағдаяттар қою арқылы  өздерін қиын жағдайдан алып  шығуға тәрбиелейді. Осындай әдіс-тәсілдер арқылы  оқушылардың  өз ой-пікірлерін  жеткізе білуге тәрбиелеуге болады.

Сонымен қатар, жеке тұлғаның өз «Менін» тудыру мақсатында «Мен кіммін?» деген тақырыпта бейтаныс адамға хат жаздыртып, одан соң ол хатты бейтаныс адам ретінде  сырт көзбен оқып, өзінің жеке сапалық қасиеттерін түсініп, сезінеді (әр оқушы өз ойын ашық жазу керек, себебі бұл хат  жария етілмейді). Және достық қарым-қатынасты қалыптастыру мақсатында сауалнама жүргіздім (мысалы, сен туған күніңе кімдерді шақырар едің? Кімдерді шақырмас едің?), бұл жерде айта кететін бір жайт оқушылардың бір-біріне көзқарастарын, сыйластықтарын байқауға  болады.

Міне осындай тәрбиенің қиында, сындарлы жолын таңдаған  ұстаз еңбегінің  нәтижесі  шәкіртін тәрбиелеу арқылы көрінбек.

Барлық тәрбие  шәкіртке ата-ана, оқу орны , қоршаған орта арқылы беріледі.  Сондықтан оның үйлесімін табуы оқушының жан-жақты дамуына оң ықпалын тигізеді. Қазіргі ақпараттың талғамсыз көптігі  балаға ерекше әсер етіп, бізден  тәрбие ісінде  мұқият болуды қажет етеді.  Еліміздің  болашағы  жарқын болуы үшін ең алдымен «Бесігімізді түзеуіміз» қажет.  Ол  үшін тәрбиеші  өзі тәрбиелі болумен қатар, тәрбиенің қыр-сырын  меңгеруі  керек.

«Жерден ауыр дегенім  — ақыл-білім,

Судан терең дегенім – оқу-ғылым.

Оттан ыстық дегенім – адамның өмірі

Көктен биік дегенім – шәкірттің көңілі!»  — деген Балабидің сөзі өз ойыммен  үндеседі. Ақиқат шындықпен іштей бірлік тауып, үйлесімді жұмыс жүргізілсе, сонда ғана болашақ жүгін арқалаған  ұстаздар қауымына еңбегінің жемісін көруден артық бақыт жоқ!