Мұғалім болудағы алғашқы қадамдар

279
Мұғалім болудағы алғашқы қадамдар
Мұғалім болудағы алғашқы қадамдар

Менің  өмірдегі бақытым – жүрек қалауымен ұстаз болуым. Бұл сөзді мен жай ғана айта салмаймын өйткені бұлай айтуым – маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес. Ол – адам бағдарын жасаушы. Егер де өмір қоғамға бейім, білім нәрімен терең сусындаған, тәрбиелі де ізгі жүректі адам өмірге үлкен мақсаттар қойып, талапшылдықпен, мақсаткерлікпен алға аттатсам – бұл менің өмірімнің ең шынайы әрі ғажайып мәні. Өйткені мен ұстазбын, келешек ұрпақтың сәулетшісімін. Мен мұны мақтаныш сезіммен айта аламын. Менің шәкірттерім егемен елдің, Тәуелсіз Қазақстанның толыққанды азаматы болып шықса, одан артық менде қайдан арман болсын.

Адам үшін мамандық таңдау – өмірдегі ең үлкен қадам болып табылады. Алғашқы еңбек жолымды тарихы терең, киелі шаңырақ  М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінен бастадым. Бұл оқу орны талай жылдан бері қаншама түлектерін, сапалы біліммен қаруландырып, түлеткен киелі орын. Әрбір оқу орнының негізгі тірегі- ұстаз қауымы болып келеді. А. Байтұрсынов: «Бала-балғын тал, ұстаз-бағбан» деп айтпақшы, мен осы қиын жолды өз еркіммен таңдадым. Яғни, мен енді жас шыбықтың майыспай, түзу өсуі үшін ерінбей еңбек ететін боламын.

Өмір атты сан қалтарыстан тұратын үлкен жолда ұстаздан тәлім алмаған жан кемде кем. Ұстаз адамды алғаш мектеп табалдырығын аттаған, бүлдіршін кезінен бастап, бар мейіріммен, білім айдынына жетектейді. Ерінбей, жалықпай бағбанның тал еккені сияқты, шәкірт жүрегіне білім нәрін егуге тырысады. Сол жеткіншектерден ертеңгі күні асыл ана, ардақты азамат тәрбиеленіп шықса, күллі еңбегінің ақталғаны деп біледі.

Ұрпақ тәрбиесі оңай шаруа емес. Ол орасан төзімділікті, жас буынға деген жанашырлық пен өлшеусіз махаббатты қажет етеді. Сондықтанда, білім ордасына жұмыс істеуге жүрегінде балаға деген жылуы мен үйретемін деген құштарлығы бар шынайы педагог қана келеді.

Педагог үнемі үлкен ізденісте жүруі керек. Сонда ғана ол үлкен жетістікке жетіп, еңбегінің жемісін көреді. К.Д. Ушинский: «Мұғалім өзінің білімін көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқаннан кейін оның мұғалімдігі де жойылады»-деген.

Ұстаздың әрбір жетістігі, әрбір аттаған қадамы биікке жетелейтін сатыны қалыптастырады. Ол сатының алғашқы баспалдағы – үлкен тәжірибе, үлкен өмір мектебінің бастауы. Ұстаздық жолымның бастапқы сатысында ашық сабақтар өткізіп,  өткізген ашық сабақтарым туралы жақсы пікірлер айтылуы, Президент күніне орай ұйымдастырылған көп сайыста «Салауатты ұстаз» номинациясын иемденуім-менің осы алғашқы жетістіктерім деп білемін. Осындай жетістіктерге біртіндеп жете отырып, мамандығымның биік шыңына көтеріле берсем деген арманым бар.

Әрбір адам-туысың, досың, жұрағат,

Әрбір сабақ- ұғыну, үйрену, ұлағат.

Әрбір сөзің-шындық, бірлік, адалдық,

Әрбір ісің-тірлік, тілек, адамдық, — деп Ы. Алтынсарин айтпақшы, өмірден алған  әр сабақ – ұлағат боп, әр сөзіміз шындық пен адалдыққа, әр ісіміз тірлік пен адамдыққа бастап отырса, еңбегіміздің жемісін әрқашанда көре береміз  деген ниеттемін!

Бейбіт күнде сыйлаған далам — гүлін,

Мен сыйлаймын адамның адамдығын.

 «Мектепке дейінгі тәрбие» деп —

Таңдағанмын ұстаздық мамандығын.

Өткен шаққа келмейді алаңдағым,

Өмір өзі үйретер маған бәрін.

Кәсібімді өзімнің ұнатамын,

Оған дәлел — алғашқы қадамдарым.

 

Жаңа өмірдің жырлаймын дастан – әнін,

Еш мұқалған емес қой бақ – талабым.

Білімім бар, жігер бар , жастығым бар,

Болашаққа сеніммен аттанамын.