Геометриялық денелерден құралған натюрморт.

487

Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, көркемсурет лицейі, сурет пәні мұғалімі Құндақбаева Тамара Төлепбергенқызы, 3 сынып.

Сабақтың тақырыбы: Геометриялық денелерден құралған натюрморт.

Сабақтың мақсаты:

а) білімділік: натюрморт туралы түсінік беру, натюрморттың құрылымын көрсетіп, оқушыларды сауатты сурет салуға үйрету.

ә) дамытушылық: сурет салудың заңдылықтарын меңгерту арқылы,  заттың жарық пен көлеңкесімен, пішінін дұрыс салу жолдарын үйрету. Оқушыларды көзбен елестете біліп, дұрыс бейнелей білуге баулу.

б) тәрбиелік: ұқыптылыққа, тазалыққа тәрбиелей келе, эстетикалық тәрбие беру.

Сабақтың түрі: жаңа сабақ,  суретпен жұмыс.

Сабақтың әдісі: түсіндіру, сұрақ-жауап, қызығушылықтарын ояту, үйрету, орындату.

 Сабақтың көрнекілігі: қойылым, нұсқа  4 кезеңдік  натюрморт долбарларын салу үлгісі, әртүрлі  геометриялық денелердің үлгілері, суреттер.

Құрал-жабдықтар: А3 формат, түрлі конструктор қарындаштар, өшіргіш, сызғыш, т.б.

Сабақтың барысы:

І.Ұйымдастыру кезеңі.

ІІ.Білімдерін тексеру.

ІІІ. Жаңа тақырыпты түсіндіру.

IV.Тапсырмаларды орындау.

  1. Сабақты бекіту.
  2. Үйге тапсырма беру.

Сабақтың барысы:

І.Ұйымдастыру кезеңі.

Оқушылармен амандасып, түгендеп, сабаққа көнілдерін аудару. Заттарды өзіне қарап бейнелету арқылы суатты сурет салуға үйрету. Ең алдымен бейнеленетін заттың жалпы пішінін қағаз бетіне дұрыс белгілеуден бастау қажет. Ол үшін оқушыларға бейнелеу өнеріне байланысты заңдылықтардан бірнеше теориялық  сұрақтар  қояйын.

 

ІІ.Білімдерін тексеру:

Сурет салу үшін не керек деп ойлайсыңдар?

-бейнені қайда саламыз? (қағазға)

-бейнені кетіру үшін не керек? (өшіргіш)

-бейнені безендіріп әрлеу үшін не керек? (штрихтау, бояу)

-компоновка дегеніміз не? (қағаз бетіне бейнеленетін затты үйлесімді орналастыру ).                                                                                                                  -пропорция дегеніміз не? (бейнеленетін заттардың үлкенді-кішілі бөлігінің арақатынасын салыстырып белгілеу).                                                                           -жарық дегеніміз не? (бейнеленетін заттардың күн сәулесі түскен бөлігін атаймыз).                                                                                                                             -көлеңке дегеніміз не? (заттардың бетіне жарық түспеген бөлігі. Яғни ол меншікті көлеңке деп те аталады. Бейнеленетін заттың көлемі және формасы жарық пен көлеңке арқылы беріледі).

Оқушылар жаңа сабаққа көшпес бұрын, өткен сабақты есімізге түсірейік. Өткен сабақта біз құмыраны, гипстік розетканы, т.б денелерді  бейнеледік. Оларға қандай штрихтар қолдандық? Өткен сабақта не ұқтық? Өткен сабақты қорыту  ретінде  «Заттың суретін аяқтау» ойынын ойнап жіберейік.

Дидактикалық ойын: «Заттың суретін аяқтау»     

Мұғалім үшбұрыштың суретін тақтаға іледі, әртүрлі геометриялық  фигуралардың басқа бөліктерін оқушыларға таратып береді. Оқушылар соларды белгілі бір заттың бейнесіне ұқсатады. Ол геометриялық денелерге  қатысты болуы тиіс. (мысалы: үйшік)

                                                                                                 

 

 ІІІ. Жаңа тақырыпты түсіндіру.

-Балалар, бүгінгі өтетін сабағымыздың тақырыбы: «Геометриялық денелерден құралған натюрморт». Бүгінгі сабақта екі заттан құралған натюрмортпен танысып, үш қырлы призма мен цилиндрді бейнелейміз. Сондықтан да жаңа сабақты мұқият тыңдап қатысып отырайық.

Натюрморт-бейнелеу өнерінің бір жанры болып табылады. Натюрморт-француз сөзі, дәл мағынасы «өлі табиғат» деген ұғымды білдіреді. Натюрморт алғаш рет XVII ғасырдың басында Голландияда пайда болды. XVIII ғасырдың ортасында бейнелеу өнеріндегі көп тараған жанрға айналды. Негізінен натюрмортта заттар саны көп болуы міндетті емес. Олар тақырыбына, мазмұнына байланысты өзара үйлесімді таңдалып қойылады. Сондықтан натюрмортты қарапайым қарындаш арқылы бейнелеуде сурет салу ережелеріне сүйенген дұрыс. Қарындашты үш саусақпен (бас бармақ, сұқ саусақ, ортаңғы саусақ) ғана ұстау керек.

 

Қағазға көлеңке түспеу үшін қарындашты суретте көрсетілгендей етіп сәл алыстау ұстаған жөн.

Сурет салатын қарындаштар қатты-жұмсақтығына қарай мынадай түрлерге бөлінеді: 6Т, 5Т, 4Т, 3Т, 2Т, Т, ТМ, М, 2М, 3М, 6М, бұлар латынша мыналарға сәйкес келеді: 6Н, Н, НВ, 2В, 3В, 4В, т.б. Сурет салған кезде қолды қағаз бетіне тигізбеу керек. Егер қажет болған жағдайда қолды сүйемелдеу үшін екі саусақтың ұшын (аты жоқ саусақ пен шынашақ) қағаз бетіне ептеп тигізуге болады. Сонда қолдың астындағы сурет былғанбайды, өшірілмейді. Сурет салудың негізгі тәсілдерінің бірі-сызық жүргізу. Жіңішке сызықтар жүргізу арқылы болашақ пішіннің нобайы жасалады. Осы сызықтармен негізгі пропорциялар белгіленіп, суреттің жеке бөліктері салынады. Сызық жүргізу арқылы сурет кейпі белгіленеді.

Сурет әдетте жүйелі кезеңдермен біртіндеп бейнеленеді. Ол кезеңдер бейнеленетін заттардың көлемінің күрделігіне қарай 3-4 немесе одан да көп кезеңдерден тұрады. Бүгінгі біздің натюрморт екі заттан тұрады.                   

 

IV.Тапсырмаларды орындау.

 

1-кезең. Алғашқы кезең-заттардың жалпы алатын орнын қағаз бетіне үйлестіріп белгілеуден басталады, үш қырлы призманың биіктігі мен енінің өлшемі, цилиндрдің биіктігі мен енінің өлшемімен салыстырғанда қандай,бір-бірінен қандай қашықтықта орналасқаны ескеріледі. Суреттегі цилиндр үш қырлы призмадан екі еседей кіші және бізге жақын алдыңғы шетте тұр. Сондықтан цилиндр призманың төменгі бір шеткі бөлігін жауып, әрі шамалы төмен орналасады. Бірінші кезеңде есте сақтайтын нәрсе заттар бейнесі қағаздың ортасынан, жан-жағынан өте көп орын алмауы тиіс немесеқағаз шетіне өте жақын орналаспауы керек. Ендеше оқушылар қолымыздағы қарындашты қоя тұрайық, ойынға назар аударайық.                   

  Ойын:  « Жаңа  пішіндер»

Оқушыларға әр түрлі  пішіндер  таратылып беріледі. Қызықты бір бейнені   құрастыру керек.   Қолдарындағы   пішін  неге  ұқсайды, бейнені тақтаға 2-3 минутта құрастырып болуы шарт.

( Қарбыз,доп – дөңгелек; сандық, кітап – төртбұрыш; бас киім,шырша – үшбұрыш; айна — жазық төртбұрыш, т.б)

 

 

2-кезең. Суреті салынатын геометриялық денелердің конструкциялық құрылымына назар аудару керек. Зат көлемін дұрыс бейнелеу үшін оның тасаланып  көрінбей тұрған жерлерін де бейнелеу керек. Сөйтіп көмекші сызықтар арқылы заттардың дәл бейнесін анықтап бейнелейміз. Заттар бейнесінің дұрыстығын тексерген соң көмекші сызықтарды кетіріп тастаймыз. Егер геометриялық денелерді жазықтық бетіне тек сызықтармен бейнелеп қойсақ, онда ол денелер сымнан жасап қойған тәрізді болады. Осы денелер бейнесіне жарық, көлеңке реңін түсіріп бояу арқылы ол денелердің кеңістіктегі шынайы пішінін, көлемін, қандай материалдан жасалғанын жазықтық бетінде көрсетуге болады. Бейнеленетін обьектілердің жарық түсіріп тұрған жағы жарық деп, ал екінші қарама-қарсы жағы көлеңке деп аталады. Суретті штрихтау ісі көлеңкеден басталады. Штрихтардың басқа сызықтардан (сызба сызықтарынан) айырмашылығы-мұның кеңістік сипаттары көбірек. Мәселен, сызықтар деп өзіндік дербес мәні бар ұзын сызықтарды айтсақ, ал штрих-қысқа сызық, әрі ол басқа штрихтармен бірлестікте ғана белгілі бір мәнге ие болады. Штрихтарды оңға, солға немесе төмен (өзіне қарай) сызуға болады, ал қарындаштың  ұшын жоғары қарай (өзінен әрі қарай) жүргізуге болмайды.

Сурет сала отырып оқушылардың қызығушылықтарын ояту үшін «Артық суретті тап» ойынын ойнап жіберейік.(Оқушыларға суреттер беріледі, онда бейнеленген артық суреттерді тауып, ойларын айта кетеді).

 

 3-кезең. Заттарға түскен жарық пен көлеңкенің алып жатқан орындарын анықтап, олардың шекараларын белгілейміз. Суреттің өңін айқындағанда заттың ең жарық, ең қараңғы жерін анықтап алу керек. Яғни реңдік қатынасты дұрыс айқындауға үйрену керек. Затты штрихтауды меншікті көлеңкеден бастаған жөн. Мешікті көлеңке дегеніміз – заттың сәуле түспеген бетінде пайда болған көлеңке. Жарық деп – табиғи сәуле мен жасанды жарық түскен бетті айтамыз. Жылт дегеніміз – жарықтың аса мол мөлшерде түскен жері. Мұны шыны немесе жылтыр темір ыдыстарда айқын байқауға болады. Түспе көлеңке дегеніміз – нақты бейнеленген заттан жазықтықтың бетіне түскен көлеңке. Жартылай көлеңке дегеніміз – меншікті көлеңке мен жарықтың арасында пайда болған көлеңке. Рефлекс дегеніміз – заттың меншікті көлеңкесінің шет жағында, артқы жазықтық арасында пайда болған көмескі жарық тәріздес құбылыс. Заттардың жарық көлеңкесін штрихтау арқылы олардың пішінін, көлемін шығарамыз. Жарық заттарға сол жағынан түскендіктен, негізгі ең қою көлеңке заттардың оң жағында орналасқан, ал жарықтың тікелей түсіп ең жарықтанған жылт бөлігі заттардың сол жағында орналасқан. Штрихтың қоюлығы мен жиілігі, бағыты нәрсенің нендей материалдан істелгендігі мен оның бетінің өзіне тән ерекшелігін көрсететіндей болуы керек.

    Мұғалім балаларға сызықтар әлеміне саяхат жасауды ұсынады. Ол үшін бізге сиқырлы конверт көмектеседі. Сиқырлы конвертті ашып сызықтар түрлерімен таныстырады: бірінші түзу сызық. Конвертті ашқан сайын, сызықтар толқынды (ирек) секілді, содан кейін сынық сызықтарға айналады.

Сызықтар әлемінде суреттеу құралдары бар – ол штрих. Штрих дегеніміз — көптеген, біріктес сызықтардың жиынтығы. Оның ұзын-қысқалығы заттың көлемдік бітіміне байланысты.  Және ол заттың пішіндік құрылысына сай беріледі. Заттардың суретін салу үшін штрихтың көптеген түрлері қолданылады.

                                

Тірек –сызбамен жұмыс

 

                                                                   Сызық түрлері

Тапсырма: Тірек-сызбадағы бос жерді қажетті суреттермен толтыр.

Қажетті суреттер: түзу сызық, кереге көз сызық, шимай сызық, доғал сызық, көлденең сызық, тік сызық, көлбеу сызық, ирек сызық.

     Штрих түрлерімен таныс заттармен бұйымдарды сызықтың жәрдемімен бейнеле.

 

4-кезең. Бұл бейнелеген заттарды толықтай анықтау кезеңі деп аталады. Геометриялық денелердің түсі ашық болғандықтан, штрихтау барысында  сурет салу ережелеріне сүйене отырып, кейбір елеулі артық кеткен жарық пен қараңғы дақтарды бәсеңдетеміз. Штрихты нәрсе көлеміне байланысты доға және көлбеу түсіру арқылы, заттың бейнелік көлемін әрі айқындай түсуге болады. Жұмыстың соңында натюрморттың композициялық бірлігін, жарық пен көлеңкенің жарасымдылығын қадағалап, мұқият тексеріп көрген жөн.Орындалған суреттің жарасымды болып шығуына баса назар аударамыз. Ендеше оқушылар қолымыздағы қарындашты қоя тұрайық, кішкене қолымызды демалтайық, ойынға назар аударайық.                  

 Дидактикалық ойын:                                                                                             Адамның бет пішіні арқылы көңіл-күйін білдіретін суреттер беріледі. Әрбір суретке ат қоюға тырысу. Мысалы, көңілді, мұнды, көңілсіз т.б. Оқушылар осыдан басқа адамның көңіл-күйін білдіретін қандай суреттер салуға болады? Суретпен жұмыс:

 

 

Оқушылар өз ойларын ортаға салады.

 

V.Жаңа сабақты қорыту.

 

  Білімді бекітуге арналған тест сұрақтары:

  1. Штрих дегеніміз не?

а) көптеген ,біріктес сызықтардың жиынтығы ә) заттың бейнесі  б) заттың пішіні

2.Жай қарындаш түрлерін тап?

а)түрлі-түсті қарындаштар   б)жұмсақ,қаламұш,қарындаштар

в) жұмсақ,қатты қарындаштар

  1. Сызықтын үш негізгі түрі?

а) түзу  ә) ирек   б)сынық   в) үшбұрыш

4.Тор көзді немен сызамыз?

а) қарындаш,сызғыш  б) бояу,қарындаш  в) қарындаш,бояу

5.Дұрыс  сурет  салу  үшін  не  керек?

а) түстану    б) үйлестіру    в) мүсіндеу

6.Цилиндр тәріздес заттарды бояғанда қолданатын штрих сызығы?                                   а) түзу сызық  б) доғал сызық  в) ирек сызық

  1. Сызық жүргізу арқылы нені белгілейміз?

а) заттың  пішінін   ә) заттың ұзындығын  б) заттың түсін

  1. Кітаптың пішіні неге ұқсайды ? а) үш бұрыш ә) төрт бұрыш    б) конус

9.Нәрсенің көлеңке бөлігіндегі әлсіз жарық қалай аталады ?                            а)жылт (блик)   б)жартылай көлеңке    в) шағылыс (рефлекс)                                        10. Нәрсе бейнесіне жарық, көлеңке не үшін түсіріледі?                     а)пропорциясын көрсету үшін   б)көлемін,пішінін шынайы көрсету үшін в)композициялық шешімін көрсету үшін

11.Суретті  дұрыс  бейнелеу  үшін  не  істей  білуіміз  керек?

а) Үйлестіре білу керек  б) көлемін таба білу   в) пропорциясын таба білу

12.Жұмыс  бітер  кезде  не  істейміз?

а) түзетеміз    б) кептіреміз     в) бояймыз

 

Өзін-өзі бағалау парағы

                                                                                                                                     

Р\с Тапсырмалар Мұғалімнің берген ұпай саны Оқушының жинаған ұпай саны Баға
1 1-тапсырма 6
2 2-тапсырма 5
3       Тірек-сызба 5
4 Тест 4
Барлығы 20

 

Бағалау критерийі:

18-20 ұпай-«5»

15-17 ұпай-«4»

11-14 ұпай-«3»

 

Оқушылар, бүгінгі сабақта не үйрендік? Денелерді неше кезеңмен саламыз? Қандай штрих түрлерін пайдаландық? Бүгінгі сабақ ұнады ма?

 

VІ.Үйге тапсырма беру: Натюрмортты толық штрихтап, аяқтау.