«Қиын», «Қиынға бейім» оқушылар әрекетіне қарсы мектеп психологының жұмысы

524

Баяндама тақырыбы:

«Қиын», «Қиынға бейім» оқушылар әрекетіне қарсы мектеп психологының жұмысы

Баяндама мақсаты:

  1. Әр түрлі әдіс- тәсілдер арқылы қиын оқушылармен өткізілетін жұмыс түрін арттыру.
  2. Адамгершілік, сыйластық, инабаттылық тәрбиеге баулу.

Баяндама барысы:

Қазіргі таңда мектептерде мұғалімдерді мазалайтын басты мәселе «қиын» балалар. Алдымен осы «қиын» оқушылар дегеніміз кімдер? Олар – мектеп тарапынан ерекше, қосымша бақылауды талап ететін, тәрбиелеуге қарсылық білдіретін оқушылар. Сонымен қоса , білім деңгейі төмен, тәртібі нашар, сабақтан көп қалатын, ұстаздардың талабын орындамайтын, адамгершілік деңгейі төмен, сыныптастарымен үнемі тіл табыса алмайтын, ұжым мәселелері қызықтырмайтын оқушылар, ойлау қабілеті кейін қалған, ашуланшақ оқушыларды қиын балалар қатарына жатқызып жүрміз. Осы мәселемен жұмыс жасай отырып, мектеп психологының яғни өзімнің алдыма қойған мақсатым: «Қиын» балалармен жұмыс жүргізу жолдарын жетілдіре отырып, оқушыларға құқықтық білім беру мен жоғары әлеуметтік-құқықтық мәдениетін қалыптастырудың тиімді әдіс-тәсілдерін табу.

Әуелі мына терминдерді ажырата білгеніміз жөн: «Қиын бала» бұл —  «тәрбиесі қиын бала», педагогикалық назардан тыс қалған бала, әлеуметтік назардан тыс қалған бала, адамгершілік дамуында ауытқушылық бар бала.

Баланың қиын мінез – құлқының себебін іздесек, көбіне баланың өз отбасындағы ата-анамен қарым — қатысына байланысты екені анықталды. Кей оқушылар ата — ана тарапынан ешқашан жүрек жылуын көрмей өсіп, осыған мектептегі өз тобындағы оқушылардың, мұғалімдердің кері көзқарасы қосылып, ұзаққа созылған қайғыру, ренжу жүйке ауруларына шалдықтырып, бала ашуланшақ, өмірге ызалы, тұйық қалыпқа түседі.

Ата — ана тарапынан, мектеп қабырғасынан жылылық сезінбеген жасөспірім өмірде өзін ешкімге қажетсіз деп есептеп, уайымға шалдығады, кей жасөспірімдердің ұйқысы бұзылып, түнде қорқынышты түстер көреді.

«Бала тәрбиесінің ең үлкен мектебі — әке мен шешенің қарым -қатынасы» — деп В.А.Сухомлинский айтқандай , «Ата – ана — өз баласының тәрбиесі үшін ел, халық алдында жауапкер».

Жүргізілген зерттеулеріміздің нәтижесі бойынша «қиын» оқушылардың тууына итермелейтін тағы бір себеп – отбасындағы жетіспеушілік, таршылық. Қазір материалдың, байлықтың рухани байлықтан жоғары тұрған уақытында жасөпірімдер арасында «анау да керек, мынау да керек» деген көрсеқызарлықтың әсерінен, «өзгелерде бар нәрсе менде неге жоқ» деген оймен баланың көзқарасының өзгеруіне әкеп соғуы мүмкін.

Осы тұрғыдан қарай отырып, тәртіп бұзушылыққа бейім балалармен дұрыс тәрбие жүргізу жолдарын анықтаймыз. «Халық айтса, қалып айтпайды» дегендей «қиын» балалармен жұмыста сынып жетекшілерінің қағидасына айналған мақалдар бар.

Сондықтан мектепке дейінгі баланың отбасындағы мінез-құлқы жайлы, кейбір ерекшеліктері жайлы мәліметтері болғаны жөн.

Жас ерекшелігін ескере отырып, жеткіншектермен, жасөспірім балалармен олардың өз тілінде сөйлесу керек.

Қиын балалармен сен «қиынсың» деп кеудесінен нұқымай, жалпы балалар тобынан бөлудің қажеті жоқ. Бұл оларды одан әрі есіртіп жібереді. «Көрдіңдер ме, бізге ерекше назар аударылады» деп басқалардың алдында әдейі көкірек қаға түседі немесе өздері жайлы төмен бағаға үйреніп бәрі бір мені ешқашан мақтамайды деп еті үйреніп кетеді.

Тәртіп бұзушылыққа бейімділік белгілері көріне бастаған баламен бірінші күннен саналы тәртіпке және мінез-құлық мәдениетіне тәрбиелеудің жеке жоспары жасалады. Оқушы мінез-құлқындағы теріс белгілерін ең алғашқы көрініс беруінен-ақ байқап, ауытқушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.

Оқушының мінез – құқының ерекшеліктерін анықтау барысында төмендегілерге көңіл бөлгенміз жөн:

—  Оқушының тәртібін сабақ үстінде және сабақтан тыс кезеңде бақылау;

— Оның қызметін талдау (әр пән бойынша дәптерін, бақылау жұмыстары, шығармалары, т.б.);

— Оқушыдан оны не қызықтырады және жақсы көретін сабақтары жөнінде әңгімелесу;

— Достарымен, ата – анасымен әңгіме жүргізу.

Жазалау мен көтермелеу әдістерін қатар қолдану – педогогтің негізгі құралы болуы тиіс. Таңдап алынған әдіс – тәсілдер баланы өз қылығына басқаша қаратып , мінезін жақсы жаққа өзгертуі тиіс. Орынды қолданылған әдіс – тәсілдер оқу – тәрбие жүйесінің деңгейін көтеріп, қиын оқушы мен педагог қарым – қатынас жақсартатыны сөзсіз.

Жалпы «қиын» балалармен жұмыс жасау түрлері:

  1. Ең әуелі сабаққа деген қызығушылығын ояту;
  2. Жеке талап қою оқушының өзіне деген сенімін бекіте түсу;
  3. Өзінің мүмкіндігін тексере отырып, түрлі іс-әрекет түрлеріне қатыстыру арқылы дамуына ықпал ету;
  4. Оқушының сынып ұжымында беделін және мектепке деген көзқарасын қалыптастыру.

Қорытындылай келсек, бала, ата – ана және мектеп осы үш бірлік бірлесе жұмыс атқарғанда ғана нәтижеге қол жеткізе аламыз.

Мектептегі оқу – тәрбие жұмысың осылай ата – анамен бірлескен әрекеттер негізінде құру – білімнің жаңа түріне көшуге әзірлік ретінде оқыту үрдісінде жаңа құрылымның түзілуіне негіз болды