«Мен және менің мамандығым»

158

 

  «Мен және менің мамандығым»

Қазақ халқы өмірді ағып жатқан өзенге теңейді. Өйткені өмір өзен тәрізді тоқтаусыз, ешкімге білдірмей өтіп жатады. Сол өзен аяғында кейбір жан өз арнасын тауып жатса, енді кейбіреулері бастарын тасқа да, жарға да ұрып, өз жолын таба алмай жатады.

Демек, өмірде өз ағысымыз бен өз арнамызды тура табуымыз үшін өзімізді, өзгелерді, қоршаған ортаны танып біліп, рухани құндылықтарды терең меңгеріп, адамгершілік қасиеттерді бойымызға дарытсақ, мақсат –мұратымызға қол жеткізе аламыз.

Ал сонымен қатар әр адам өз өмірінде, жеке ерекшелігіне сай, бойындағы күш қуатқа, бар жан тәнімен сеніп, жан жүрегінде орын табылып, ынтасын бойлап алған қызығушылық сезімімен таңдаған мамандығына қол жеткізу де үлкен ғанибет.

Осы жерде Уалтер Расселдің сөзін келтіргім келіп отыр: «Егер жек көрген нәрсеңмен айналыссаңыз, жек көруден ағзаны жоятын таксиндер бөліне бастайды, соның нәтижесінде қажып, шаршап  және жалығасыз немесе ауырасыз. Сіз не істесеңізде сүйсініп істеңіз».

Адам өзінің болашақ кәсіби мамандығына әр түрлі жолдармен келеді. Біреулер үшін – ол ойға алған арманның орындалуы, отбасы дәстүрін жалғастыр, келесі біреулер үшін – жаңалыққа, дербестікке талпыныс, үшінші біреулерге – әйтеуір бір мамандық алу керек болған соң т.б. Мамандықты таңдау үшін, адам ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажет. Өз-өзіне «Мен кіммін?», «Осы өмірдегі менің орным қандай?», «Қалай өмір сүремін?» деген сұрақ қоймайтын адам кем де кем болар.

Мынау көп салалы өмірде мамандықтың түрі көп. Әрине таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, таңдаған мамандығына жоғары қызығушылығымен, жауапкершілікпен бірге зейінді болуы қажет және оның мамандығы өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Сонымен қатар, адам бойындағы шабыт, бұл адамның дарынына, еңбегіне қанат беретін ұлы күш.

«Армансыз адам — қанатсыз құспен тең» — дегендей, өзім мектеп бітірген соң, тілші боламын деп армандаған бойымда сонау  Рессейге барып, МГУ Ломоносов  атындағы Университетке барып тұрып, бұл жерге менің шамам келмейді деп, құжаттарымды тапсырмай қайтіп кеттім. Ол кезде өзімді мазалап жүрген ойлар; «осы менің қабілетім қай саладан, қандай мамандықты мен игере аламын, менің өмірімдегі орным қайда, мен кіммін, осы өміріме, қоршаған ортаға қандай үлес қосамын?» деген сұрақтар көп болса да, жауабын таппай әр түрлі саладағы жұмыстарға еніп жұмыс істедім. Істеп жүрген жұмыстарға көңілім толмай, жүрегімде жанып тұрған ізденіс, шабыт  отты өшірілмей, жан жақтан жауап іздеп, өзім «Психолог» мамандығына көңіл бөлдім. Өйткені адамның жан дүниесін зерттеу, оны түсіну,оған мүмкіндігінше көмек көрсету, жаныма қуаныш, күш, шаршаған көнілге жігер береді.

Сонау бір ұйқысыз түндер, мазалаған сұрақтар мен адамның құпия сырын қашан да ашам деген арман, екінші рет 32 жасымда М.Әуезов атындағы ОҚМУ Университетке аяғымды тартты. Ыңғайсызданып кірдім де, алдымнан шыққан бірінші ұстаздан, маған енді кеш емес пе сырттай оқуға түсуге деп ұят болса да сұрақ қойдым. Ол күлімсіреп, егер оқуға деген арманыңыз болса, 100 жасқа толсаңыз да болады деп қайтарды. Осы бір жауап, өмірімді қатты өзгертті. Сол жылы емтихан тапсырып, оқуға түсіп, қосымша әйгілі тәжірибелі психологтардың оқуына барып тәжірибе жинай бастадым. Кәзіргі кезде І.Кеңесбаев атындағы жалпы орта  мектебінде педагог — психолог болып жұмыс істеп келгеніме, бес жылдан асып келеді екен. Осы орада мен психологтың мектептегі оқушылармен, мұғалімдерге, ата-аналарға қаншалықты маңызды екенін түсініп, әрі күні тәжірибені өмірден ғана емес, оқулықтардан, әріптестерімнен аламын.

«Адам жанын түсіне білу, оны зерттей білу — үлкен өнер» деп атақты психоаналитик Зигмунд Фрейдтің айтқанындай, «психолог» (жантанушы) мамандығын  ауамен салыстырамын, өйткені оның енбегі көрінбейді, тек жетпегенде білінеді. Психолог адам жанының елшісі, сырласы, қоршаған ортасында жақсы ахуал туғызып, күйзеліске ұшыраған адамдарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, жол көрсетіп тұрады.

Қазақта «Тән ауруы жазылар, жан ауруы жазылмайды» деген сөзде үлкен мағына мен мән бар. Бүгінгі күні тән ауруын дәрігердің шипасы емдесе, жан ауруын психолог маман емдей алады. Әр адамның жүрегіндегі мұңды сезіп, ойды танып, дұрыс жол сілтей білу, адамнан тек мамандықты талап етпейді, адамға деген мейірімділік пен ізгіліктен туындайды.

Адам өмірі, оның ішкі жан дүниесінің әсемділігі, адам психологиясының қалыптасуы, адамзат қоғамының өркендеп гүлденуі ең алдымен білімнің даму деңгейіне байланысты. Ұстаздар қауымының сенімді тірегі, көмекшісі, сондай — ақ білімге ұмтылған әр баланың ішкі жан дүниесін түсініп, олардың танымдық деңгейлерінің дамуына бірден — бір ықпалын тигізіп, оларды өмірге психологиялық жағынан дайындайтын мектеп психологы.  Бұның өзі мектеп психологының жұмысы бүгінгі таңда мектепке, балаға, мұғалімге,  ата — аналар үшін қажет екендігінің дәлелі.

«Мен бір жұмбақ адаммын» оны да ойла деп ақын Абай айтқандай,  Әрбір тұлға — жұмбақ. Сол жұмбақтың кілтін тауып, жүрек кілтін аша білу, әрбір жүректің құпия сырын оқи білу мен қалаған мамандықтың ғажайып тылсым сыры. Мамандықты дұрыс таңдай білген адам: «Мамандығым – мақтанышым» — дей отыра, сол мамандықтың қыры мен сырын меңгеріп, шыңына жете білу керек.