Маған өмір керек, мен өмірге керекпін

269

Тақырыбы: Маған өмір керек, мен өмірге керекпін

Мақсаты:

  1. Өмірге деген бейімділік, табандылық қарым-қатынаста болуын қалыптастыру, өмірдің құндылығын сезіндіру.
  2. Түрлі мәселелер туралы психологиялық білім беру, олардың алдын алу.
  3. Бір-бірімен қарым-қатынас машығын қалыптастыру.
  4. Қайырымдылыққа, білімділікке, адамгершілікке тәрбиелеу.

Міндеттері:

— өмір жолының,өз алдына қойған өмірлік мақсат-мұраттары мен жалпы адамгершілік құндылықтардың адам өміріндегі маңызы туралы түсінік беру;

— оқушыларды өз өмірінің мәнін түсіне білуге, рухани өсуге және жақсы мен жаманның аражігін ажырата отырып,өмірлік айқындамасын белгілей білуге үйрету;

— оқушыларды өз өміріне,өз сөзі,ойы және әрекетіне мұқият болуға тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Нақыл сөздер, слайд, жағдаяттар.

«Өмір деген – бұйым емес қолдағы, Өмір дейтін – ұлы бекет жолдағы». /М.Мақатаев/

«Өмір — теңіз, өтіп кетем демеңіз, Ізгіліктен жаралмаса кемеңіз»         /Рудаки./

«Өмірдің қызығын көрудің бір-ақ жолы бар батыл болып, жеңілістер мен ауыртпалықтардан қорықпау» /Дж.Неру/

Түрі: дөңгелек үстел

Барысы:

  1. Кіріспе сөз
  2. Сұрақ-жауап
  3. Ойланайық, пікірлесейік
  4. Ой қозғау «Ұлылардан ұлағат»
  5. Жағдаяттарды талқылау
  6. Назар аударайық. Бейнебаян
  7. «Жүректен жүрекке»
  8. Кіріспе сөз

Сәлеметсіздер ме құрметті қонақтар, оқушылар және ұстаздар!

Бүгінгі кездесуімізді Тұманбай Молдағалиев ағамыздың өлеңімен ашқым келіп отыр.

Адам күліп қарсы алады таң нұрын,

Адам жырлап жөнелтеді әр күнін.

Сәл қайғырса,ол ұғына түседі,

Дүниенің кеңдігі мен тарлығын.

Адам күліп қарсы алады таң нұрын,

Адам жырлап ұзартады әр күнін.

Сәл қуанса,шығарады ол естен,

Дүниенің кеңдігі мен тарлығын.

 

  • Осы өлеңде не жайлы жырлаған?

Әрине,өмір жайында. Ендеше бүгінгі біздің дөңгелек үстеліміздің тақырыбы  МАҒАН ӨМІР КЕРЕК, МЕН ӨМІРГЕ КЕРЕКПІН — деп аталады.

  1. Пікірталас сұрақтары:

 

  • Өмір дегенді қалай түсінесіңдер?
  • Өмірдің мәні неде деп ойлайсыңдар?
  • Өмір адамға несімен қымбат?

Міне осы сұрақтарға сіздердің берер жауаптарыңыз қандай болмақ? Сөз кезегі өздеріңізде.

Психолог сөзі:

Өмір дегеніміз – адам баласының туған күнінен бастап, осы күнге дейінгі жүрген жолы. Өмір былайша алып қарағанда төрт-ақ әріптен тұратын сөз. Алайда осынау сөзге қаншама ұғым сыйып жатыр десеңізші. Оның әрбір мезеті сынақтан тұрады. Қиындық пен қуаныш кезектесіп жетіп отырады. Бір ағамыз: “Өмір – сырын білгізбейтін тентек ат секілді, қай жағыңнан келіп тебетінін білмей де қаласың” деген екен.Иә, шынында да солай. Басқаша алып қарағанда өмір шеті де, шегі де көрінбейтін үлкен өзен тәрізді. Ал, біз сол өзенде ақырын жүзген қайықпыз Олай болса,Өмір адамға бірақ рет беріледі. Осы қамшының сабындай қысқа ғана өмірде бір-бірімізбен тек сыйласып өткенге не жетсін.

  1. Оқушылар шығармашылығынан:

Келесі сөзді оқушыларымызға берсек, Өмір туралы білетін өлең, шығармаларын айта отырса.

Өмірдің кедір-бұдыр жерлері толып жатыр. Олар әр адым сайын ұшырасады. Оларды именбеу, жасқанбау, азаматтық міндетін адал атқару мен ар-намысты қорғау-ол да бақыттың бір шыңы. Ештеңеге мойымай, өзіңе сенімді болсаң, міне сол бақыт. қиындықты жеңсен-бақыт.

  1. Ой қозғау «Ұлылырдан ұлағат»

Әр кластан бір билеттен алып, ұлылырдың өмір жайлы айтқан сөздерін оқып, ой қозғайды немесе ойды аяқтайды.

  • Өмір жолы көшкен керуен соқпағы тәрізді. Оның бұлтарысы да, жазығы да көп. Асуы қиын асқарымен қатар, төмен қарай құлдырап өтер ылдиы да болады. Керуен жолы кейде ұзақ, кейде қысқа келеді. Бірақ қауіп-қатерсіз, қиындықсыз болмайды. Ойламаған жерден жел тұрып, сұрапыл дауыл соғады, қалың жауын нөсерлей құйып, бұрын суы толарсақтан келер тайыз жыра, кенет сарылдай аққан, өткел бермес, долы өзенге айналады, көшті бөгейді. Бұндай бөгеттен тек шаршамайтын, талмайтын керуен ғана өте алады. Тоқтамай көшіп өзінің деген жеріне жетеді.

І. Есенберлин.

  • Көз алдымнан өзіме сонша таныс жиырма жылдық өмірім өтті. Біріне-бірі жалғасып келіп, біріне-бірі айқасып жатқан әдемі шақ, қымбат күндер жүрегіңді жүз бұрап, сол күйінде қайтадан есіңе түседі. Бір тізбегі – сегіз жылдық бақытты шағың, бала кезің; одан соң оқумен өткен он жылың, одан кейін – армия, майдан. Шынын айтқанда менің өмірім – қазақтың жас жігітінің өмірі жаңа ғана басталды.

Б. Бұлқышев

  • Бақыт әркімнің өзіне, өмір сүрген ортасына, жағдайға байланысты. «Бақыттымын» деп паңданып, аяғын еріне басып жүрген көп кісілердің бақытсыз екенін өздері сезбе¬ген. Тарихта дәулетке, атаққа паңданып, мәз болып, өмірін ақымақтықпен өткізгендер аз емес…

Б. Момышұлы

Өмір мен бақыт жайында жақсы ой-пікірлеріңді тыңдадық. Енді келесі жағдаятты қалай шешер едіңіздер? Соған тоқтала кетейік.

 

      

  1. Жағдаятты талдау:

Әкесінің жеке тікұшағы бар. Ол бизнесмен. Шалқыған бай. Ол жасөспірімде бәрі бар. Бірақ, өзін бақытсыз сезінеді. Достары да аз, ата-ананың жылулығы жоқ. Бұл байлықтан шаршаған. Қандай кеңес берер едіңіздер?

Ата-анасынан айырылған. Отбасында жетекшілері жоқ. Өмір сүрудің жолын білмейтін жасөспірім.

  1. Назар аударайық: Бейнебаян
  2. Жүректен- жүрекке.

Міне, өмір, бақыт дегеннің не екенін манадан талдадық олай болса:

 «Адам боп оңай туғанмен,

 Адам боп қалу көп қиын» деп Қадір Мырзалиев атамыз айтқандай сіздердің бүгінгі кештен не түйгендеріңізді және осы күнге тілектеріңізді тыңдағым келіп тұр.

(Оқушылардың ойларын, тілектерін ашық айтуы.)

Олай болса мен сіздерді мына ұранмен өмір сүруге шақырамын

Барлығы қосылып:

Біз өмірді сүйеміз!

Бақытты өмір сүреміз!

Біз бәріміз біргеміз!

Сөз соңында «Адамды өмір үйретеді, үйретпесе күйретеді» дегендей

«Өмірдің қызығын көрудің бір-ақ жолы бар батыл болып, жеңілістер мен ауыртпалықтардан қорықпау» дегім келеді.

Біз бақыттымыз, себебі біз тәуелсіз мемлекетте өмір сүреміз.

Келесі кездескенше сау болыңыздар! Уақыттарыңызды бөліп, дөңгелек үстелге қатысқандарыңызға рахмет.