Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге (ҰБТ) психологиялық тұрғысынан дайындаудың жолдары мен шешімі

Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге (ҰБТ) психологиялық тұрғысынан  дайындаудың жолдары мен шешімі

Қазақстан Республикасында 1994 жылы ретификацияланған «Бала құқығы конвенциясы» бойынша мемлекет және барлық заңды қатысушылар бала құқығын қорғауға барынша атсалысуда. Бала құқығы барлық заңсыз әрекеттерден, күштерден, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтан, үлкендер, ата-анасы немесе оның орнындағы заңды жауапты тұлғалар тарапынан көрсетілген жағымсыз күштерден және бала өміріне келтірілген зауалдардан қорғауды қамтамасыз етеді[1].

Алайда, алдымыздағы берілген мәліметтер бала өмірін, құқығын қорғау шараларының әлі де болса жеткіліксіздігін көрсетеді. Балалар мен олардың отбасына деген арнайы (психологиялық кеңес беру, көмек көрсету, материалдық қамтамасыз ету, тіпті кейбір жағдайларда тек қана көңіл бөлуді қамтитын) іс-шаралардың ұйымдастырылуын қажет етеді.

Бүгінгі таңдағы білім беру жүйесі оқыту мен тәрбиелеудің құрылымы, мақсаты мен мазмұны, технологияның түбегейлі өзгерісімен ерекшеленеді. Мұндағы мақсат тұлғаның білім, білік дағдысын механикалық тұрғыда дамыту емес, танымдық қабілетті дамыған және өзін-өзі көрсете алатын тұлғаның ақыл-ойын, тұлғалық психикалық қасиеттерін дамыту. 2004 жылдың ақпан айында үкіметтің қаулысымен 2015 жылға дейінгі «Білім тұжырымдамасы» қабылданып, соның негізінде елімізде ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі құрылды. Ұлттық Бірыңғай Тестілеуді өткізу елімізде өте үлкен жауапты шараға айналғаны мәлім. Бұл науқанды өткізуге жер-жердегі ұстаздар мен құқық қорғау саласының қызметкерлерінен бастап, мемлекеттің басқа да жауапты лауазым қызметкерлері сонымен қатар мектеп психологтары да атсалысуда. [2]

Мемлекеттік ҰБТ жүйесі жылма-жыл жетілдіріліп, бітіруші түлектердің білім деңгейін шынайы айқындау тәжірибесі жинақталып қалды. Түлектің әрі қарай жоғарғы оқу орнына түсіп білімін жалғастыру, жалғастырылмауы осы ұлттық бірыңғай тесттің қорытындысына тікелей байланысты. ҰБТ-ке қатысу оқушыдан терең білім мен білікті қажет етеді. Осы сәтте талапкерлердің өз тағдыры – өз қолында десек, онда әрбір талапкерлердің жауапкершілігі арта бастайды. Себебі, баланың алдындағы Ұлттық Бірыңғай Тестілеуден жоғарғы балл жинап, грантпен оқуға түсу мақсаты тұрады, «мақсаттың орындалуы үшін не істеу керек?» деген сұрақ туындайды. Міне, бұл үшін сынақ тапсыру барысында кездесетін әр түрлі кедергілерді жою қажет, сол кедергілердің ішіндегі ең маңыздысы психологиялық кедергі. Алайда, белгілі бір сынақтан, тексеруден шошыну немесе қорқу, қобалжу және үрей жалпы адам баласына тән қасиет. Сондақтан да оқушылар сынақ барысында көбінесе біліп тұрғанын есіне түсіре алмай қиналады. Ол оның жоғарғы ұпай жинауға міндетті түрде кедергі келтіреді[3].

ҰБТ — оқушылар үшін ең маңызды кезең. Сондай — ақ ҰБТ-оқушылардың орта білімін жалпы бағалау көрсеткіші болып саналады. Бір ұпайдың жетпей қалуынан оқушылар мемлекеттік оқу грантынан, көп жағдайда жоғары оқу орының ақылы түрде оқуға түсу мүмкіндігінен айырылады. Оқушылар үшін келесі жылы оқуға қайта тапсыру ұғымы мүлде мойындалмайды, өздеріне қажетті ұпай санын жинай алмау – үлкен психологиялық дағдарысқа әкеліп соғады. Жалпы жыл аяғындағы ҰБТ-ға дайындық – көп жағдайда оқушы балаларды жағымсыз психологиялық соққыға әкелуде. Оқушылардың ҰБТ жағдайындағы жеке басының психологиялық күйі оларды нашар күйзеліске, стресске әкеліп соқтыруы мүмкін. Мәселен, тесті жақсы, ойдағыдай орындап, қажетті ұпайын жинаған жағдайдың өзінде, жоғарғы көрсеткіш иегерлері біраз уақытқа дейін психологиялық жағымсыз күйді бастан өткізеді. Мұның себебін балалардың қарқынды дайындалуымен байланысты болатын уақыт кестесінің қысымдығымен, жеке бастарындағы уайымдауларымен, жыл бойы бастан кешірген ҰБТ-ға деген қорқыныш, үрей сезімдерімен, алынған тестің нәтижесіне ұзақ уақытқа дейін сенбеуінен туындайтын «түсініксіз» сенімдерімен және т.б. психологиялық ерекшеліктерімен түсіндіруімізге болады. Ал нәтижелері теріске шыққан оқушылардың психологиялық күй-жағдайы мүлдем нашарлайды деуге болады[4].

Стресс (ағыл. stress) қатты куйзелу, абыржу, мөлшерден тыс ширақтылық деген сияқты бірнеше мағынаны қамтитын жалпылама сөзбен айтылған адамның ерекше куйі. Ғылымға ең алғаш ең алғаш осы ұғымды енгізген канадалық физиолог Ганс Селье. Оның анықтамасы бойынша, стресс — өте жағымсыз әсерлерге жауап ретінде туған организмнің қалыпсыз бейімделу әрекеттерінің жинағы. Адамның жеке ерекшеліктеріне, мінезіне, жоғарғы жүйке әрекетінің типтеріне орай стрестің бірнеше түрлері байқалады.

Стресс үш кезеңнен тұрады:

1) үрейлену — жағымсыз тітіркендіргіш әсер еткен сәтте туатын жауаптың алғашқы кезеңі. Таңырқау іспетті сезім пайда болады;

2) төзімділік – жағымсыз тітіркендіргіш әсеріне беріліп кетпей, оған төзу реакциясы туады. Бұл кезде гипоталамус-гипофиз жуйесінің ықпалымен бүйрек үсті безінің гормондарының мөлшері қанда тез мөлшерде көбейіп кетеді. Симпатикалық жүйке жүйесінің әсерімен жүректің соғу ырғағы жылдамданады, тыныс алу ырғағы да жиілене түседі. Бұлшық еттердің жиырылу қабілеті күшейеді;

3) әлсіреу – бейімделу қорының мүикіндігі азайып, таусылады, сондықтан психологияда дезадаптация (бейімделудің нашарлап жойылуы) пайда болады. Стрестің көпке созылған ауыр түрі адамды жүдетіп, қайғыға батырады. [5].

Суицид дегеніміз – сезініп тұрып өзіне-өзі қол жұмсау, яғни осы көзқарас бойынша өзін-өзі өлтіру таза адамдық, ойланып жасалған  әрекет болып табылады. [9]

Мамандар арасындағы соңғы мәліметтерге қарағанда, оқушы балалар арасында суицидтік мінез-құлық пайда болуда. Яғни балалардың әлеуметтік-психологиялық қолайсыз жағдайларда өз-өздеріне қол жұмсаулары, сол арқылы өз өмірлеріне нұсқан келтірулері. Суицидтік мінез-әрекеттің көптеген себептері болады. Көптеген келеңсіз жағдайларда өз-өздерінің  психологиялық-эмоциялық  күйлерін басқара алмай немесе шиеленістен шығудың  жолдарын  таба алмай, ауыр эмоциялық жағдайларды көтере алмай, аяқ жағы қайғылы оқиғаларға ұшырап жатады. Оның ішінде ең өзекті және жиі кездесетін себеп-салдарды мысал ретінде келтіре кетейік.

Әлеуметтік-психологиялық тұрғыдағы себептері: басындағы қатыгездік, қарым-қатынастың бұзылуы,  психологиялық  климаттың балаға жағымсыз әсер етуі, отбасындағы басқару стилі, үлкендер тарапынан күш көрсетуі, әке-шешесі тарапынан балаға тиісті көңіл бөлінбеуі, құрбы-құрдастары, көше  мен  ауланың жағымсыз әсерлері  мен  қысымдары және т.б.

Педагогикалық-психологиялық тұрғыдағы себептері: оқушылармен жүргізілетін педагогикалық-психологиялық дайындық  жұмыстарының  жоқтығы немесе нашарлығы (балалардың проблемалы жағдаяттарда өз-өздерін басқара алмауы, жағымсыз жағдаяттарда өз-өздерін дұрыс бағыттай алмауы, өз-өзінің ішкі мәселесі  мен  жағдайын реттей алмауы, кері әсерлерге қарсы тұра алмауы, өзіндік ішкі қорғаныс бағытының жоқтығы, алға жетелейтін мақсат қоя алмауы, сол мақсатқа жетудегі өзіндік стратегияларының жоқтығы немесе оны құра алмауы, қиын жағдайлардан шыға алмауы, ішкі эмоциялық күйлерінің тұрақсыздығы, фрустрацияға, стресске бейім мінез-құлық, емтихан, ҰБТ жағдайларында, әсіресе, теріс немесе төмен нәтижеге ие болғанда өздерін ұстай алмауы және т.б.); мамандар педагогикалық-психологиялық біліктілігін төмендігі, яғни нақты балалар суицидіне байланысты зерттеу, түзету, алдын алу  жұмыстарының  педагогикалық және  психологиялық  әдіснамасының жоқтығы, сондай-ақ арнайы  жұмыс  бағдарламасының жасалмағандығы (арнайы тәрбие  жұмысының  ұйымдастырылмағаны) және т.б.

Экономикалық-психологиялық тұрғыдағы себептері: балалардың құрбы-құрдастары қатарынан қаржы-қаражат , киім киісі, ақша жарату, материалдық-тұрмыстық жағдай жағынан жетіспеушілік көруі және т.б.

Биологиялық-генетикалық тұрғыдағы себептері: кейбір жағдайларда балалардың себептен-себепсіз өз-өздеріне қол жұмсауын мамандар тұқым қуалаушылықпен байланыстыра түсіндіреді, бірақ бұл басқа себептерге қарағанда төменгі көрсеткішті көрсетеді. Сондықтан да мамандар көбінесе жоғарыдағы негізгі, әсіресе, педагогикалық себептерге бағытталады.

Осы орайда, білім беру мекемелері алдында көптеген міндеттер тұр әрі олардың бірқатары іске асырылуда. Педагог-психолог мамандар арасында оқушылар суицидінің алдын-алуға және болдырмауға бағытталған арнай іс-шаралар  мен  бағдарламалар жасап шығарылып, тәжірибеге енуде. Соның бірі-оқушыларды  ҰБТ-ға   психологиялық  даярлау арқылы жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу шарасы болып табылады. [4].

Жалпы ҰБТ жағдайына дайындық оқушылар арасында ғана емес, олардың отбасы, ата-анасы, мектепте, психолог мамандар арасында, мектеп пен отбасылық өзара қарым-қатынаста жүреді. Мұның өзі оқушылардың ішкі жағдайына теріс әсерін береді, себебі оқушы балалар өздерін үнемі бақылау астында сезінеді, кейде өзіне бағытталған үлкендер тарапынан көптеп бөлініп жатқан көңіл аударушылықты қатты сезінеді, содан «егер осыны ақтай алмасам», «ойдағы үмітті ақтай алмасам» деген ойдан туындайтын қорқыныш сезімдері де болады. Оқушы балалар көбінесе, бұрын-соңды өздеріне деген үлкен жауапкершілікті сезініп көрмеген, сондықтан өздеріне отбасы тарапынан айтылатын «балам, жақсылап дайындал» деген сияқты сөздерді жауапкершілік тұрғыдан қабылдап, алдын ала үрейлене бастайды. Тек отбасы жағдайында ғана емес, кейде мектепте оқушылар үшін педагог мамандары тарапынан болатын «жақсылап дайындалайық!» деген сөздер де жеткілікті. Көптеген мұғалімдер өз пәні бойынша жыл бойы бос уақытын оқушыларды тестілеуге дайындау үшін жаратады, мектеп оқушылардың  бос уақыттарын ҰБТ-ға әр пән бойынша дайындайтын факультативтік, яғни қосымша сабақтармен қамтып қояды, ата-аналар оқушылапдың үйдегі бос уақытының дайындықпен өтуін қадағалап отырады, құрбы-құрдастарының барлығы дайындық пен уайым үстінде. Жеке басының психологиялық қысымға түсуінің себебі осында. Мұндай жағдайды ата-аналар мен педагог мамандардың назарына алғаны жөн.[7].

Баланы психологиялық тұрғыда дайындаудың жолдары:

  • мұндай шаралар арнайы мақсатқа бағытталған оқу — бағдарламасы ретінде жасалып шығарылуы тиіс;
  • жасалған бағдарламаларды мектепішілік әкімшілікпен келісе отырып, қосымша сабақ ретінде факультативтік кесте бойынша немесе оқушылардың сабақтан бос уақытында олармен өзара келісіле отырып (қалауы бойынша) жүргізу керек;
  • ҰБТ-ға психологиялық  дайындық  жұмысын  мамандандырылған немесе арнайы даярлықтан өткен психолог маман өткізуі тиіс;
  • Ұйымдастырылған жұмыс тек оқушылармен ғана емес, олардың отбасымен, педұжыммен т.б. жан-жақты бағытта жүргізілуі керек;
  • Жұмыс бағдарламасының мазмұны әрбір мектептің, оқушылардың,олардың проблемалары, сұраныстары ерекшелігіне сәйкес жасалу керек;
  • Жасалған жұмыс бағдарламасы оқушылармен жұмыс жасау барысында (жағдайға байланысты) өзгеруі мүмкін, сондықтан бағдарламаны «жобалау принципі» бойынша жасау қажет;
  • Ұстаздардың кәсіби құзіреттілігін артыру керек.

Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Аудиторияға кірген ұстаздың барлығы ұстаз емес. Ұстаз деп оқушы жүрегіне білім дәнін еге білген адам ғана ұстаз болып табылады» деген екен. Ендеше ұстаз болғанға не жетсін.

Қазір ғылым мен техниканың дамыған кезі. Демек, бізде заман талабынан артта қалмай, оқушы алдында барлық жақтан хабары бар, өз білімімізді олардың бойына бере алатындай ұстаздар қажет. Ұстаздар білімі шәкірттер арқылы ғана көрінеді. Қазіргі мынау ұлттық бірыңғай тест те әр ұстаздың білім деңгейін айна-қатесіз көрсетіп беретін айна және ол білім сапасын анықтаудың тиімді тәсілі. Сондықтан оқушыларды ұлттық бірыңғай тестке даярлау ұстаздардың  көп іздену еңбегін талап етеді. [8].

Демек, мектеп бітірушілердің  бойындағы уайымды, жан – күйзелісін, қорқынышты, үрейді және де қобалжуды төмендету негізінде: тренингтер, жаттығулар, кіші топтағы пікір сайыстар, түлектердің ата – аналары үшін жеке консультациялар, топтық психологиялық сабақтардың өткізу, алдын — алу жолдарын қарастырылуы керек.  Мәселен:  «Стрессті қалай жеңуге болады?», «Қорқынышты реттеу», «Өз жұлдызынды тап?», «Мен өзімді… мақтаймын», «Менің өмірімнің құндылықтары» және т.б.

Алайда, тәжірибе көрсеткендей, қандай жағдайда да өзін-өзі байсалды ұстауға, өз туысына, бауырына қажет екендігін, өмір тек осы тестпен бітпейтіндігін, алда қандай жарқын күндер күтіп тұр дегендей, өз – өзіне қол жұмсау, суицид деген ойлардан арылту сияқты шамадан тыс белсенділік көрсетуге жол бермеуіміз керек.

ҰБТ – ға оқушыларды психологиялық тұрғыда дайындау кезеңдері төмендегідей деп көрсетсек, онда:

  • Оқу – танымдық қабілеттерін түзете дамыту;
  • Шығармашылық – танымдық қабілеттерін дамыту;
  • Сенімділікті бойларына қондыру;
  • Психикалық күштерден (стресс пен қорқыныштан арылту).

Осы кезеңдерді ескере отырып жыл басынан бастап «Мектеп бітіруші түлектерге арнап «ҰБТ – ға психологиялық тұрғысынан дайындау жолдары мен шешімі» атты тақырыпта бағдарлама құрылуы тиіс.

ҰБТ – ға психологиялық дайындық кезінде әр оқушының оқу іс – әрекетінің өзгешелігі оның өзіне тән жеке ерекшеліктірімен байланысты: ойлау, есте сақтау, зейін, ҰБТ тапсыру кезіндегі қиыншылық көруі ықтимал балаларды мынадай топқа бөлуге болады:

* Мидың оң жақ жарты шары дамыған бала;

* Синтетиктер;

* Мазасыз балалар;

* Өз – өзіне сенімі жоқ балалар;

* Озат оқушылар;

* Астеникалық (енжар) балалар;

* Гипертимді (жылдам) балалар;

* Баяу (ақырын) қабылдайтын балалар;

* Аудиалдар және кинестиктер.

Әрбір психолог өз оқушысын аталған топқа бөле отырып, жеке жұмыстар істеуіне оңтайлы екендігін бүгінгі тәжірибелер көрсетуде.

Ең бірінші оқушыда өзіне деген сенім пайда болады және өзін – өзі қөрсетпей біледі. Кездескен тосын сұрақтарға қобалжымай, байсалды жауап беруі мүмкін. Сондықтан мектептерде мектеп психолог мамандары оқушылармен ҰБТ – ге психологиялық дайындық жұмыстарын орта буыннан бастап жүргізсе оң нәтиже береді.

Бұл қызметте оқушылардың психологиялық салауатылығына байланысты келесі міндеттері анықталған:

  • тұлғаның психикалық саулығы үшін қызмет көрсету, олардың психикасын дамытуға қолайлы жағдай құру;
  • тұлғаның психикалық саулығы үшін салауатты өмір салтын қалыптастыру;
  • психологиялық қиын және қауіпті жағдайдағы оқушыларды дер кезінде анықтап, олармен жүргізуге арнайы шаралар құру;
  • тұлғаның психикалық денсаулығына байланысты кеңес беру (керек жағдайда бағыттап отыру);
  • Жеке тұлғаның психикалық салауатылығын сақтау, қорғау үшін ата-аналармен, педұжыммен, басқа да қажетті орталықтармен байланысу, бірлескен әрекетте жұмыс жасау және т.б.

Жоғарыдағыларды қорыта келе, оқушылардың әлеуметтік-психологиялық қиын және қауіпті жағдайларын ескере отырып, оларға мамандар тарапына арнайы іс-шаралар және мектептерде «Оқушыларды ҰБТ-ға психологиялық дайындау» жұмысы міндетті түрде ұйымдастырылуы қажет.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. 2002 жылғы 8 тамыздағы № 345-ІІ Қазақстан Республикасының баланың құқықтары туралы заңы, 18 бап.
  2. Белова М. Мнение успешного учителя. Еще раз о плюсах и минусах ЕНТ. //Учитель Казахстана  №27-29, 11 апреля 2005г., стр.5
  3. Все о ЕНТ.// Звезда Прииртышья №42, 13 апреля 2006г., стр.5
  4. «Мектепкегі психология» журналы 2010 жыл №5.
  5. О.Д.Дайырбеков, Б.Е.Алтынбеков, Б.К.Торғауытов, У.И.Кенесариев, Т.С.Хайдарова Аурудың алдын алу және сақтандыру бойынша орысша-қазақша терминологиялық сөздік. Шымкент. “Ғасыр-Ш”, 2005 жыл. ISBN 9965-752-06-0.
  6. Орысша — қазақша — ағылшынша педагогикалық — психологиялық сөздік Амантурлин Ш. Б., Амантурлина Г. А. — Алматы : [б. ж.], 2008. — 272 б.
  7. Психология салаларының бағдарламалары [Мәтін] / Алдамұрат Ә. — А. : Респ.баспа кабинеті, 2000. — 86 б.
  8. Жоғары мектепте психологиялық білім беруді жетілдірудің ғылыми-теориялық негіздері : / Бапаева М.Қ. — Алматы : Б.ж., 2001. — 31 б. — Б.ж.
  9. Психология терминдерінің орысша-қазақша сөздігі: Студенттер мен оқытушыларға, мектеп мұғалімдеріне арналған / Жарықбаев Қ, Әбдірахманов А. — Алматы : Мектеп, 1976. — 84 б.
  10. Стресстің адам өміріндегі рөлі: / Кумарова А. // Студент и лидерство: программа профессионального роста и карьеры (18-19 мая 2007г.). — 2007. — 184