Сары жапырақтар ( ашық тәрбие сағаты)

Сары жапырақтар

( ашық тәрбие сағаты)

 

Мақсаты: Күз мезгілінің қыр-сырын меңгерту. Тілдерін дамыту, байланыстырып сөйлеуге үйрету. Ой-өрістерін, жан-жақты білімдерін, танымдық қабілеттерін, талғамдарын дамыту. Күзгі еңбек және табиғатты сүю, қорғау. Табиғаттың сұлулығын көре және бағалай білуге тәрбиелеу.

 

Көрнекіліктері: Құстардың, ағаштың, жапырақтың суреттері, жеміс-жидектер, оқушылардың салған суреттері, сынып бөлмесін күзге байланысты безендіру.

«Күз – жылдың берекелі мезгілі» көрме ұйымдастыру. Онда жеміс-жидектер, бақша дақылдары, астық өнімдері қойылады.

Мақал-мәтелдер:

  1. «Береке басы – бірлікте»
  2. «Жазда не ексең – күзде соны орасың».

 

Барысы:

  1. Қызығушылықтарын ояту.

Оқушылар шеңберге тұрып  хормен:

Қайырлы таң!

Қайырлы күн!

Күліп шықты күн бүгін

Мерекелі осы күн!

Қуанамын мен де,

Қуанасың сен де

Қуанайық достарым,

Арайлап атқан күнге.

 

«Бұл қай мезгіл?» жұмбақ шешу.

Жаз да жылдам өтіпті,

Күн суытып кетіпті.

Киейін деп сондықтан

Алып қойдым етікті.       (күз)

 

«Күз» тақырыбында берілген мазмұнды суреттер бойынша жұмыс.

  • Қазір қай мезгіл?
  • Күз мезгіліне қандай айлар жатады?
  • Күзде қандай өзгешеліктер болады?
  • Ауа райы қалай өзгереді?

 

  1. Мағынаны тану. Кіріспе әңгіме.

Күзде табиғат ерекше күйде болады. Жапырақтар – сары, қызыл, жасыл болса, алқаптағы шөптер қоңыр, сарғыш қоңыр, қызылсары түске енеді. Күн біртіндеп қысқарады. Жауын-шашын көбейіп, күн суыта бастайды. Күз мезгілінде жеміс-жидектер, көкөністер, бақша дақылдары, егістіктегі астық пісіп, қамбаларға жиналады. Сондықтан адамдар күзді «алтын күз» немесе «жомарт күз» деп атайды. «Жомарт» сөзі молшылықты, дархандықты, байлықты білдіреді.

 

Мұғалім:

Күздің сыйын алайық,

Қызығына қарайық

Күзге арнап бәріміз

Әнімізді салайық.

Ән: «Жау, жау жаңбыр»

 

«Ұйқасын тап!» ойыны.  Күз жұмбақтарын шешу:

  1. Іші толған шәрбәт,

Дәмі қандай әйбәт

Үзесің бірден жүзін

Оның аты-…    (жүзім)

  1. Дөп-дөңгелек сары,

Ішінде бар дәмі.

Қызығасың көріп,

Оның аты — …    (өрік)

  1. Жапырақты тасалап,

Өсетін жері бақша-бақ

Күрең қызыл шіркін-ай,

Оның аты — …       (құлпынай)

  1. Бір сабақта көп түйме

Жей алмайсың көк күйде

Санап көрші қанша?

Оның аты — …      (шие)

 

 

«Венн диаграммасы» бойынша жемістер мен көкөністерді тауып, пайдасын, көлемін, дәмін, ұқсастығын  айту.

 

Жемістер       көкөністер

 

 

 

 

 

Балалар, неге біздің тәрбие сағатымыз «сары жапырақтар» деп аталған?

 

Көк майсалы көрікті,

Алқаптағы көп егін.

Бұл күндері киіпті

Сары жібек көйлегін.

 

Күншуаққа маужырап

Жатыр еді атырап,

Ағаштардан жамырап

Ұшты сары жапырақ.

 

Әй алақай, тамаша

Шашу шашты жапырақ

Бақтың іші алаша

Аунар ма еді жатып ап.

 

Оқушылардың салған суреттерін тамашалау. Әр оқушы өзінің салған суреті бойынша әңгімелейді.

 

1-бастаушы:

Армысыздар, халайық!

Бармысыздар, халайық!

Күзгі тойды жұп жазбай,

Бәріміз қарсы алайық!

 

2-бастаушы:

Уа, халайық, дархан далам армысың,

Табиғатым жаны жайсаң тал мүсін.

Ханшайымы күздің бүгін келіп тұр.

Алмақ болып бар халқымның алғысын.

 

Күз ханшайымы: Балалар, мен сендерге бір жұмбақ жасырайын.

Ағайынды бәрі,

Шықса –жасыл,

Түссе – сары Бұл не?

Балалар: жапырақ.

Олай  болса, мен сендерге өзіммен бірге алтын жапырақтарымды ала келдім. Әр жапырақта тапсырмаларым бар.  Егер де тапсырмаларды дұрыс орындасаңдар, менің де сендерге деген сыйлығым бар.

1-тапсырма —  өз өнерлеріңді көрсетіңдер.

«Жапырақтар биі»

2-тапсырма – мақал-мәтелдерді жалғастыру.

Еңбек түбі — ……………. береке

Еңбек етсең ерінбей — ………………….тояды қарның тіленбей

Адам жерге нәр береді, жер адамға ……………………

3-тапсырма – «Дәміне қарай ажырат» ойынын ойнату.

Үстел үстіне жемістер мен көкөністердің бөліктерінен көзі жұмулы бала дәм татып, қандай жеміс немесе көкөніс екенін айтуы керек.

4-тапсырма – жұмбақтар шешу.

Жазда інге тығылып,

Жатқан қызыл түлкіні.

Құйрығынан суырып

Әкелді әкем бір күні.         (сәбіз)

 

Қалың киім ұнатады

Шешіндірсең жылатады.               (пияз)

 

Сырты жасыл, қап-қатты,

Іші қызыл тәп-тәтті.                (қарбыз)

 

Отыз көйлек киінген, бір түйме жоқ ілінген.              (орамжапырақ)

 

 

Астық, жеміс жиылды,

Қамбамызға құйылды.

Ардақты күз, мың алғыс.

Алдық өнім сыйыңды.

Хормен: Ардақты күз, мың алғыс, мың алғыс, мың алғыс!

 

«Қолшатырлар» биі

 

Күз ханшайымы: Балалар, менің көңіл-күйімді көтергендеріңе сендерге көп-көп рахмет! Өнерлерің үстем болсын, өте талантты балалар екенсіңдер, келесі күз келгенше білімдеріңді де өнерлеріңді де өрістете беріңдер! Мен де сендерге құр қол келген жоқпын, тәтті сый ала келдім.(себетке салынған жемістерін береді). Ал мен сендермен қош айтысамын, сау болыңдар!

 

Мұғалім: Міне балалар күзде аяқталып келеді, енді қылышын сүйретіп қыс келмекші. Күзге айтарымыз берер сыйын жылдан-жылға көп болсын, елде тыныштық болсын дейміз. Осымен күзге арнаған тәрбие сағатымыз аяқталды, көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет!

 

«Күз байлықтары»

Алма:

Алма, алма, алмалар,

Мәз болады алғандар.

Жазда әдемі киінем,

Тілді балдай үйірем.

 

Өрік:

Уылжыған өрікпін,

Бау-бақшаға көрікпін.

Көктемде ерте гүлдеймін,

Кешігуді білмеймін.

 

Бидай:

Нан анасы бидаймын,

Елге астық сыйлаймын.

Дәнім толып піскенде,

Қауызыма сыймаймын.

 

Би: «Банана мама»

 

 

Тәрбие сағатын Абай атамыздың «Күз» өлеңін оқу арқылы аяқтау.