Сабақтың тақырыбы: Салт- дәстүрді сыйлаймыз

190

Сабақтың тақырыбы:

Салт- дәстүрді сыйлаймыз

Өткізген: Алматы қаласы, КММ «№15 Гимназияның» қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі – Жанатханова Рауан Жанатханқызы

Сабақтың мақсаты:

1) оқушыларға ұлттық салт-дәстүр, әдеп-ғұрып

түрлерімен таныстыру.

2) ұлттық мақтаныш сезімдерін ояту, дүниетанымын

арттыру.

3) оқушылар бойына халқымыздың рухани байлығын

сіңірте отырып, ата дәстүрін ардақтауға тәрбиелеу.

 

Сабақтың көрнекілігі: нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер жазылған плакаттар, суретті плакат, ұлттық аспаптар, ұлттық тағамдар, киіз үй, бесік, үнтаспа, т.б.

 

Сабақтың түрі: әдеби-музыкалық, сайыс сабақ.

Сабақтың барысы:

Ашық тәрбие сағатының ашылуы.

Қазақ тілі онкүндігінің Гимні

Қызыр бабаны қарсы алу

Топардың өзін-өзі таныстыруы.

«Салт- дәстүрді сыйлаймыз,

Ұятқа біз қалмаймыз»

Викториналық сұрақтар.

Жанкүйерлермен ойын

Сергіту сәті «Қара жорға»

Дәстүрден үзінді көрсету сайысы.

Ұлттық тағам сайысы.

Қорытындылау.

 

Мұғалім: Біздің қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі, әдет –ғұрпы, жөн-жоралғылары көнеден келе жатқан асыл қазынамыз. Оны келер ұрпаққа жалғастыру біздің міндетіміз. Қазақта әр нәсенің өз ерекшелігі, дәстүрлі атаулары, ұғымдары бар. Тәрбие тамыры қазақ халқының қаны мен жанында.

Қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарына қайта оралудың рөлі туралы Елбасы Н.Ә Назарбаев өз еңбегінде былай деп жазған: «Әр халықтың өміріндегі терең имандылық пен рухани негіздерге, дәстүрлерге назар аудару керек. Оның халық өміріндегі рөлі еш даусыз. Мәдени дәстүрлер қашан да әлеуметтік қайта түлеудің қайнар көзі болып келеді. Өзінің тарихи-мәдени тамырларына қайта оралу – бұл, әрине оң процесс».

 

Жылдар-жылдар тарихтың мол бекеті,

Сен әкелген жақсылықтар көп тегі.

Көңіліңді шат сезімге баурайды

Халқымыздың бүгіні мен ертеңі, —

дегендей, бүгінгі тәрбие сағатымызды ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер.

Халқымызда ежелден 7 санын қасиетті дейтіні белгілі. Тіпті санағанның өзінде біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу, алтау, жетеу деп айтамыз. Ешқашан сегізеу, тоғызеу демеген. Ұлттық таным бойынша 7 қазына, 7 ата, 7күн, 7қат көк, 7 музыкалық дыбыс т.б. ұғымдарды білеміз: Сол сияқты бүгін біз де ойынға қатысып отырған топ мүшелері 7 ойыншыдан құралған

Сабағымыз сайыс түрінде өтеді. Топтарды ортаға шақырмас бұрын сабағымыздың басты қонағы Қызыр бабаны ортаға шақырайық. Қызыр баба төрлетіңіз!!!

 

Таныстыру.

1-топ: Иіліп сәлем береміз,

Бағымызды сынап көреміз.

Жиналған жұртқа өзімізді,

Таныстырып береміз.

Біз «Береке» тобымыз. Сайысқа қатысу мақсатымыз өз өнерімізді ортаға салып, білімдерімізді көрсету.

 

2-топ: Уа, халайық, армысың?

Төрт көзі түгел бармысың!

Тілектес болған көрермен,

Сіздерге мол алғысым.

Біз  «Бірлік» тобымыз. Сайысқа қатысу мақсатымыз өз өнерімізді ортаға салып, білімдерімізді көрсету.

 

Қазақтың  түрлі-түрлі дәстүрі бар,

Оның сырын ашқанға жұрт қызығар.

                                               Жауаптарын таба ма екен оқырмандар,

                                               Сол себептен қоятын сұрақтар бар.

 

Викториналық сұрақтар.

Салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап беру

Алғырлар:

Қазақ қыз-келіншектерінің бас киімдерін ата? (бергек, бөрік, жаулық, желек, жырға, кимешек, күндік, орамал, сәукеле, тақия, шәлі, т.б.)

Кимешекті кімдер киеді? (жаңа түскен келін)

Ер жігіттің қанша жұрты болады? (өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты)

Бөле деп кімдерді атайды? (Апалы-сіңлілі қыздардың балаларын бөлелер деп атайды)

Киіз үйдің шаңырағына жабатын шаршы киізді не деп атаймыз? (түндік)

 

Білгірлер:

 

Ою дегеніміз не? (Бір заттың бетіне түсірілген түрлі нақыш, бедер, өрнек, әшекей)

Шекпен деген не? (Түйенің иірілген жүнінен тоқылатын сырт киім)

Әйел адамдар мойнына тағатын сәнді бұйым не деп аталады? (алқа)

Наурыз көже қандай тағам? (Наурыз күнінде жеті түрлі дәмнен жасалатын ұлттық тағам)

Қымыз ненің сүті? (Қымыз биенің сүті)

 

III- кезең:

Жанкүйерлер сайысы:

Жүргізуші: Ата — дәстүр абырой көтергенге,

О, бұл сөздер сүйектен өтер демде!

Тоқталамыз енді біз, ал халайық,

Қанатты сөз мақал мен мәтелдерге.

 

Қазақта «Сөздің көркі —  мақал» деген ұғым бар.

            Мақал – мәтел сайысы.

Еңбектің наны тәтті.

Жалқаудың жаны тәтті.

Атаңның баласы болма,

Адамның баласы бол.

Ақыл жастан шығады.

Асыл тастан шығады.

Досы көпті жау алмайды.

Ақылы көпті дау алмайды.

Сұрақ:

Қазақтың ұлттық дастарханында тамақтардың негізгі үш түрі бар. Оларды ата. (ет, сүт, нан тағамдары)

Сүт тағамдарын ата.

Екі топ өздерінің дайындаған тақпақтарын айтады.

 

Енді кішкене сергіп алайық

«Қара жорға»

 

Салт-дәстүрден бейне таспа көрсету

Жүргізуші: Бауырласқан тәніміз

Бұзылмаған антымыз

Кең даланың ежелгі

Қазақ дейтін халқымыз,

Өзге ұлттай біздің де

Бар дәстүр мен салтымыз.

 

Салт-дәстүрден үзінді көрсету сайысы:

1-топ: «Баланы бесікке бөлеу»

Аластау ырымы:

Алас, алас баладан алас,

Иесі келді, пәледен алас

Алас ал, пәл алас,

Көзі жаманның көзінен алас,

Тілі жаманның тілінен алас

Қырық қабырғасынан алас,

Отыз омыртқасынан алас.

 

Нәрестенің бауы берік болсын.

Азамат болып ер жетсін.

Ақсақал болып төрлетсін.

Мінезі болсын салмақты

Өнері болсын жан-жақты

Осы айтқанның бәрі кеп,

Алла берсін зор бақты!

Әумин!

 

2-топ: «Тұсау кесер»

 

Тұсауыңды кесейін

Өсіп келесің құлыным,

Тұсауыңды кесейін.

Тәтті сондай қылығың

Ала жібіңді есейін.

Қаз тұрған қалпыңнан,

Тәй – тәй басып кетесің.

Буының бекіп нық басып,

Мұратыңа да жетерсің.

Жарақаттап тізеңді егер,

Құлап жатсаң жылама.

Жерден таяқ жемегендер,

Топырақтың иісін ұға ма.

Тұсауың түгел кесілсін,

Рух бұғауда болмасын.

Бұғаудың бәрі шешіліп,

Тәңір Иең қолдасын.

 

Бата беру.

 

Ұлттық тағам сайысы.

 

Әр топ ұлттық тағамын әкеліп, соның жасалу жолдарын айтады.

 

Бата: Ашық болсын қос қабақ

Таспен атқанды аспен ат.

Бейтаныс та, таныс та,

Бүгін төрде бас қонақ.

Ошақта көп шоқ әлі,

Астың ауыр обалы.

Астан үлкен ешкім жоқ,

Қазан аузы жоғары.

 

            Қорытындылау: Салт – дәстүрді жаңғыртуға үлес қосар бүгінгі біздің ашық тәрбие сағатымыз өз мәресіне талды. Ата дәстүр үрдісін ұстанған кез-келген адамның күнделікті танымдық, тәрбиелік мәні бар сағаттарымыздың алдағы күнде де өз жалғасын табатынына сенім білдіре отырып, бүгінгі ашық тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.