«Ұстазым, ұлағатым, ұлгі — өнегем!»

168

 

Тақырыбы: «Ұстазым, ұлағатым, ұлгі — өнегем!»

Мақсаты: Оқушы бойына халқымыздың асыл қадір-қасиеттерін сіңіру, үлкенді сыйлай білуге, өз ата-бабасын ұмытпай есте сақтау үшін және салт-дәстүрден нәр алып өсуіне, инабаттылыққа,мейірімділікке, жаман мен жақсыны ажырата білуге,аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Проектор, нақыл сөздер, сақынаны безендіруге арналған көрнекіліктер.

1 жүргізуші:  Армысыздар аяулы ұстаздар! Күздің тамаша шуақты күнінде, қазан айының алғашқы аптасында республика көлемінде тойланатын ерекше мереке- ұстаздар мерекесі құтты болсы!

Ұлылықтың ұйытқысынан жаралған,

Өнегеңнен барлық шәкірт нәр алған

Шапағатты шуақ сепкен ұстаздар

Өздеріңмен бастау алар бар арман!

2 жүргізуші: Ия, жаңа оқу жылымен қатарласа келетін мұғалімдер күні де осы күздің үлесіне тиіпті. Ендеше осы білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздарға деген құрмет арта бермек. Ұстаздар мерекесіне арналған «Ұстазым, ұлағатым, үлгі-өнегем!» атты кешімізді  бастауға рұқсат етіңіздер!

Алдамасын үміт бізді жетелесін арманға

Ұстаздардың қасиетін кемітетін жан бар ма.

Еліміздің келешегін тәрбиелеп отырған

Бас иіңдер, ұстаз деген қасиетті жандарға!

Көз алдыма елестейді бір алып

Келбеті де, тұлғасы да тұр анық.

Ақыл алып келе жатыр өзіңнен

Өзіңменен келе жатыр нұр алып.

1 жүргізуші:  Мұғалім – мәңгі нұрдың қызметшісі, ол барлық ой мен қиял-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятынтынымсыз лаулаған жалын иесі.

2 жүргізуші:  Мұғалім – оқушы үшін ең жоғары адамгершіліктің үлгісі. Сондықтан да ол оқушы жүрегінде ұмытылмас із қалдырады.

Мұғалім – ұстазысың балалардың.

Болашақ ғалымдардың, даналардың

Өмірде сенің алар орыныңды

Бірі де жеткізе алмас бағалардың.

1 жүргізуші:   Пейілі қазақтың кең даласындай

Ағайлар бар ортамызда дәл осындай

Берейік басшымызға сөз кезегін

Көзінің ағы менен қарасындай – дей келе құттықтау сөз кезегін мектебіміздің басшысы Жеңісхан Қарасайұлына береміз!

Ән:  «Ұстазым» Әбдіраманова Айдана

2 жүргізуші:  Ұстаз бізді білім беріп өсірген

Қатемізді әрқашан да кешірген

«Өмір жолы қиын жол» деп әрдайым

Тәрбиелеп, ақылды ғып өсірген.

Монолог оқу:   «Ұстазға құрмет» Қарасай Сақыпжамал

Кім боласың?

Кім болсаң да аман бол.

Бастықпысың?

Өте жақсы тұра қал.

Қашан көрсең күнге ұқсаған жанары

Ұстаздардан көнбіс адам жоқ әлі,

Мектеп көрген әдептілер айтпақшы,

Ұстаздардан шықпаңыздар жоғары.

Махаббаты: бала және Отаны

Сүйікті ісі: қағаз, кітап қопару

Демалысы: шәкірттерге хат жазу

Ал кәсібі: от беру мен от алу

Бұл халықтың мектеп жалпы тұрағы

Мектеп деме жан-дүние құрамы

Үсті-үстіне соққылаған жүрекпен

Өзін өзі ұмытудан тұрады.

Ал мұғалім барса алдыңа дұрысы

Жүрегіңмен сездір дағы ұлы ісін

Ұшып тұрып, қалбалақтап қол беріп,

Тастай қылып тындырып бер жұмысын.

Кім боласыз ұмтылмаңыз жоғары

Мұғалімнен үлкен адам жоқ әлі

Кім болмаңыз, прокурор ма, сотсыз ба

     Шықпаңыздар мұғалімнен жоғары!

1 жүргізуші:  Ұстаз мейірі – Ана мейірі парапар,

Тұла бойға қуат болып таралар

Көп жасаңдар өмірге шуақ боп

Айналайын білім берген ұстаздар!

2 жүргізуші:  Ұстаз — әке, өйткені ол  шәкірттеріне алаламай қамқорлық жасайды. Ұстаз – ана, шәкірттерін туған баласындай баурап, өмір өрнектерін баулудан жалықпайды. Ұстаз – жолдасс әрқашан да шәкірттерімен бірге көпшілікпен араласып жүреді, қатар құрбысындай қатарлас өмір сүреді. Ұстаз – дос, ол шәкіртіне тек жақсылық ойлап, қиындықта қымсынбай көмек көрсетеді, жанын сала жақсылық жасайды.  Ендеше әке, ана, достарымызға арнап тамаша бір ән жолдаймыз

Ән:  « Ұстазым »

Манолог оқу:  Барақ Айдос  «Ұстаз»

Күлімдеген,

Күнім деген,

Қамқор болған ұстазым.

Жаны жайсаң,

Жайдары жан,

Ұғындырған сөз сазын.

Бәрін білген

Білім берген,

Жас ұрпаққа талмастан,

Әрбір жастың –

Қарлығаштың,

Көңіл сырын дәл басқан.

Талаптанып,

Қанаттанып,

Өмір сырын ұғамыз.

Білім алып Тұлғаланып,

Азамат боп шығамыз!

1 жүргізуші:  Ұстаз – жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын….. алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі.

2 жүргізуші:   Мұғалім – бұл адамның ардақты аты,

Білімділік бар биікке шығар саты.

Ең алғаш басталады осы адамнан,

Сүйеді сондықтанда жақын жаны….- дей келе құттықтау сөзді мектебіміздегі ардагер ұстаздарымыз Лиза,  Орал апайларымызға береміз!

Ән: «Ұстазымды сағындым»  Қарасай Сақыпжамал

Манолог оқу:  «Ұстаз»  Тағыбергенов Бимұрат

Ақын деген ақын ғой жырыменен,

Сіздерге сыйлайтұғын гүлім — өлең.

Шәкірт десе жүректе мейірім тұнған,

Құттықтаймын ұстаздар күніменен!

Өз басын дана алдында иіпті өрен,

Өмірдің ғибратын сүйіп келем

Ұстаздар – ұстаз болар шәкіртімен,

Ал шәкірт ұстазымен биіктеген.

Бал шағым – жусан исі жасыл кілем,

Мектебім – бір мен үшін асыл кием.

Бәйтеректі тәрбиелер шыбық кезден,

Ұстаздардың алдында басымды ием!

1 жүргізуші:  Ұстаз болу – жүректің батырлығы

Ұстаз болу – сезімнің ақындығы

Ұстаз болу – мінездің күн шуағы

Азбайтұғын адамның алтындығы

Данышпан да, дана да оқып сенен

Атақ-даңқын асырды бар әлемнен.

«Ұстаз» деген аяулы, асыл жанды

Жақсы көрем, арнаймын жақсы өлең.

2 жүргізуші: 

Ұстазым – екінші анам аялаған

Біздерден бар білімін  аямаған

Оқысын, білім алсын, үйренсін деп

Кұнде ерте құшақ жая шықты алдан —  дей келе мектептегі екінші анамыз болып жүрген апайларымызға арнаймыз.

Ән: «Анашым»

Монолг оқу:   «Ұстаз — ұлық» Сахитжанова Гүлдана

Досым сенің шошыдым бұл қалпыңнан

Нар көруші ем жүк ауырын артынған

Көз шелденіп көңілің қалай желденген

Көкірегіңе толған неғып салқын қан?

«Шалдардан ақ қалдым дейсің бәлеге»

Жарап келген солар ғой бар кәдеге

Ағалардың ащы тері болмаса

Саған қайдан қонбақ мұндай дәреже

Зәру іспен келіп еді мұғалім

Сес көрсеттің сездім сенен ығарын

Ұстазымыз емес пе еді ол кешегі

Ашқан бізге білімнің нәр бұлағын

Бәйтерек боп жапырағы саялы

Жаймап пе еді ол алақанын аялы

Ойлап тұрсын осы кісі болатын

Ауылымыздың ең қадірлі адамы

Ұстаз – ұлық, Ұлық оның жолы да

Өмір шамын ұстатқан ол қолыңа.

Сол жарықпен алшан басып жүрсін сен

Шырматылмай шырғалаңның торына

Үлкен болсаң үлкенмін деп кекейме

Демеушің сол үлкендікке жетуде

Қарыздарсың оған қашан қайда да

Көктен түскен кереметтей лепірме

Алдыңда ол отырмасын телміріп

Сен тұрғанда көрмесін еш кемшілік

Шәкіртіне еркін кіріп есіктен

Шығар болсын шырайлана өң кіріп

Тұрағы оның жүрегінің төрінде

Біле білсең абыройың бұл сенің де

Ол ешкімге жаутаң қағып тұрмасын

Айтсын сөзін айта тұғын жерінде

Тең тұт досым ана ұстаз екеуін

Сонда бәлкім парызынды өтерің

Өзің ұғын өзгеге де ұғындыр

Кішіліктің өзі ұлылық екенін.

1 жүргізуші:  Ұстаздар! Қандай ғажап халықсыздар!

Шәкіртке шыңдай биік алыпсыздар

Жан біткен жанарына нұр сыйлаған

Күндей боп күлімдеген жарықсыздар

2 жүргізуші:  Жаралған жақсы үмітпенен мұраттардан

Жансыздар әлдилеген шуақты арман

Жатталсын есімдерің жан жүректе

Адамның аяулы әні сияқтанған.

Ән: «Жарқын жүзді-Ұстазым»

1 жүргізуші:  Өмір кейде қисық айна секілді

Санаңнан тыс билеп алады еркіңді

Оқиғалар еніп кетіп бір түрлі

Келтіреді, келтіреді күлкіңді

«Көңілді тапқыштар отауынан көрініс» 10-сынып ер балалары.

« Ұстазым менің» Асанова К

2 жүргізуші: 

         Арылтып түн-түнектен саналарын,

Ойлаған ұрпақ қамын, бала қамын

Бала емес, адамзатты тәрбиелер

Ұстаздар – ар-ұяты замананың.

1 жүргізуші:

Бірге өсіп, ен жайлаған ұл мен қыз,

Асыға сәлем жолдап жүректен біз

Тәтті күй, әсем ән мен әсем биді

Сіздерге тарту етіп ұсынамыз.

Би:  «Көңіл толқыны»   7-сынып оқушылары

1 жүргізуші:

Күндеріңіз толсын гүлге, желекке,

Отбасында болсын ырыс-береке

Құттықтаймыз шын жүректен Сіздерді

Өмір думан, бақ әкелсін мереке.

2 жүргізуші:

Қуат алып күндерден алыстағы

Жүресіңдер мініп ап намысқа бір

Дерексіздер өткеннен, керексіздер

Болыңыздар бай қуатты арыстарым.

Монолог оқу:  Асанова Ақерке «Ұстаз»

1 жүргізуші:

Бақытқа жол бастаған көсем бол сен

Бал тамған таңдайыңнан шешен бол сен,

Батыр бол  қол бастаған, тағы сондай

Салады қанша биік,  өсе бер сен!

2 жүргізуші:

Өмірдің ұғып тереңін

Өркен жайған қауымға

Қабыл ал жүрек сәлемін

Құлақта сенің әр үнің!

Күй:  Қазанғаптың күйі « Ұстаз » орындайтындар 8-сынып оқушысы Қарасай Нұрбибі жетекшісі  Е.Сарсембаев

Манолог оқу:  «Құрметтеймін Ұстазды» Әділова Г

1 жүргізуші:  Ұлағатты ұстаздар! Сіздердің үлгі-өнегелеріңіз әрдайм жадымызда!

2 жүргізуші:  Бүгінгі төл мерекелеріңіз құтты болсын!  Сіздерге зор денсаулық Еңбектеріңізге шығармашылық табыс, отбасыларыңызға амандық тілейміз.

Жүргізушілер бірге: Мерекелеріңіз құтты болсын!

Ән: «Мерекем»