«Қош келдің, әз — Наурыз!»

46

 

Тақырыбы: «Қош келдің, әз —  Наурыз!»

 

Мақсаты:
1. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып, дәстүрлі түрде тойланып келген жыл басы – Наурыз мерекесінің қасиеті мен дәстүрінен сыр шерту. Ұрпақтар санасына ұлттық тағылым мен ұлттық салт-дәстүрлерден хабар беру.
2. Халқымыздың мол мұрасын саналарына сіңіре отырып, тағылым алуға жетелеу.
3. Ұлттық тәрбие көзінен нәр алуға түрткі жасау.
Туған халқының бай  ауыз әдебиетін қадірлеуге, салт-дәстүрін пір тұтуға, ұлттық тағылымдармен сусындап өсетін халқының азаматы болуға баулу.
Түрі, формасы: Мерекелік кеш.
Әдіс-тәсілі: Сахналық көріністер,  ұлттық ойындар.

 

 Көрнекілігі: Қанатты сөздер, шанырақ.

 

 

1- жүргізуші:

Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!

Босқа қарап тұрмаңыздар!

Наурыз тойы басталды!

Көрген де арманда,

Көрмеген де арманда,

Қызықтан тыс қалмаңыздар!

 

2- жүргізуші:

Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!

Ұлыс тойы басталды.

Наурыз тойын көтеріп,

Жар салайық әлемге.

Көрмегендер көріңдер,

Естімегендер естіңдер.

Дабылын наурыздың ғажайып,

Шақырамыз бәріңізді ұлыстың ұлы күніне!

 

1-жүргізуші:

«Алаш! Алаш!» деп айбатын асырған ер қазақ, «Абылайлап» ел шақырған өр қазақ,  «Қара қазан ,сары баланың қамы үшін» деп ұран салған нар қазақ, кейінгі кеңес дәуірінде кетеуі кетіп, бүкіл барынан да, нарынан да айырылып, жадап-жүдеген, жарлы қазақ енді қайтып амалдаймын, аман қалам ба, қалмаймын ба ел қатарына қалай қосылсам, мені жарылқап жебейтін жарық әлемде кім бар деп қамыққан да, талпынған да қарайған талының бір бұтағын Ұлыстың ұлы күні тіршілік басы, исі түркі халықтарына ортақ әрі төл мейрамымыз Наурыз болды емес пе?

 

 

 

2-жүргізуші:

Мұсылман қауымы жыл басы деп мәртебе берген бұл күннің ұлылығы сонда, ол көктемгі жасарған табиғат құбылысы мен тіршіліктің оянуымен үндес, төл өргізіп, егін егуге кірісер уақыттағы бейбіт еңбекпен мәндес достыққа, бірлікке, елдікке шақыратын уағыздарымызбен мағыналас. Наурыз мейрамының тағы бір қасиеті түркі халықтарының, жалпы мұсылман қауымының туыстығын еске салып, түп тарихымызды жадымызда жаңғыртып, жердің алыс жақындығына қарамай арадағы шекара белдеулерін  де елемей, Ұлыстың ұлы күнін пір тұтқан елдер де, жерлер де үлкен той думанмен аталып өтілетіндігінде. Бұл тарапта қазаққа жат ешнәрсе жоқ, оның бауырмашылдығы, жомарттығы, дархандығы, құшағының айқара ашықтығы әлемге аян.

 

1-жүргізуші:

Осындай той – думанды тамашалауға келген , армысыздар халқым менің!

 

2-жүргізуші:

Армысыздар, ақ ниетті асыл жандар,бүгінгі кештің қонақтары!

 

             Ардақты  ағайын !  Қадірменді  қауым !

Бүгінгі Ұлыстың  ұлы күні  — Наурыз тойын  ашу  үшін  сөз Бұрма орта мектебінің директоры Абишев Н.А. беріледі!

 

  • жүргізуші:

Ән мен күйді төгілтіп,

Інжу – маржан шашайық!

Жиналған жұрт таң қалсын

Өнерден шашу шашайық!

Апалар шашу табақтарын ұсынады, олар көрермендер залына түседі де, көпшілікке шашу шашады. Шашу жыры сахна сыртында ағылады.

 

(Ән: «Әжелер»)

 

2- жүргізуші:

Көргенде қуанасың таза әуені

Құлаққа естімегендей жаз әуені.

Жыл сайын тойланатын мәңгі бақи,

Наурызың құтты болсын – Қазақ елі!

 

 

1- жүргізуші:

  Салтымен ата – бабамның

Жаңғырды қайта заманым.

Жаңа жыл басы – бұл Наурыз

Қайырлы болсын қадамың!

(Ән Серікгүл мен Гүлжан)

 

 

 

2- жүргізуші:

Наурыз – жаңа жылды қарсы алудың қазағымның ең бірінші салты, таң сәулесі қылаң бере шырақ жағып, үй ішін аластаудан басталады.

 Күй әуенінде залдың бір жағынан жеті  ақ  жаулықты әжелер шығады.  Сахнада күн көтеріледі. Қонақтар күнге қарап, тәу етеді.

 

  Тәу ету рәсімі.  Ұлыстың ұлы күні Күн – Ана дүниеге өзінің сәулесін, нұрын, құтын құяды. Ол нұр, құтын көкжиектен көтерілген бастапқы алғашқы екі сағат мерзімде ерекше қасиетті мол ырысты болады деп есептеледі. Сондықтан Ұлыстың ұлы күні атқан таңды, шыққан күнді маңдайын тосып қарсы алған. Әжелер шығып келе жатқан Күнге тәу етіп, иіліп сәлем береді.

 

  Армысың қайырымды Күн – Ана!

Атар таңға, шығар күнге Тәу – тәу!!!

Елімізге амандық,

Жерімізге құт береке дарыта көр! Тәу – тәу!!!

Ғаламдағы бар ғажапты

Құшағына алып тұрған Қасиетті көк аспан!

Бетіңді жамандықтың бұлты торламасын

Көгілдір нұрыңмен саулық бере көр!

 

Қараңғылықты нұрға бөлеп,

Татулықтың ақ нұрындай болған,

Ай – ару, жаманаттардың кесапатынан

Киелі елімді, қасиетті  жерімді

Сақтай көр! Тәу – тәу!!!

Тіршілік көзі кәусар бұлақ!

Дән тасқыны мол болсын!

Жауын – шашыныңды көп етіп

Нұрыңды төге көр! Тәу – тәу!!!

(1- 4 б  тақпақ, ән)

 

Қызуы, жылуы мол

  Құдыретті От!

Елімнің тірегі, берекесі

Қара қазанымды қызыл жалынға бөлеп.

Ағыл тегіл, молшылыққа кенелт!

Асымыз артылып, ернеуінен май төгіліп жатсын!

Тәу – тәу!!!

 

1- жүргізуші:

  Тамаша екен салтымыз,

Тамаша екен халқымыз.

Наурыздан қалар көңілге,

Өшпестей болып жарқын із.

(Бесікке салу)

 

2- жүргізуші.

  Тұсауын кесіп сәбидің бар да жылдам,

Құр қалмасын өмірдің сайранынан

Шапқыласын туған жер төсінде еркін

Қыз қызғалдағын құлпырып елімде жайнап жүрсін.

Ала жіппен тұсау кесу баланы келешекте, ешкімнің ала жібін аттамай, адал болып өссін деген ниетпен туған. Олай болса,  қазір тұсау кесу рәсіміне назар аударыңыздар. Баланың тұсауын ала жіппен кесейік.

                                               (тұсау кесу,  ән «Тәй-тәй» Ләззат пен Әсем)

1- жүргізуші:

Ұлы күнде халайық,

Қалай қарап қалайық,

Сәйгүліктей ағайық,

Жасын болып жанайық.

Ортамызға шақырып,

Бабамыздың Қыдырдай

Ақ батасын алайық!

 

2- жүргізуші:

Наурыз болып бізге сын,

Кержалқаулар торықсын.

Талапты мен іскерге

Қыдыр келіп жолықсын!

Бірге:

Қыдыр ата, Қыдыр ата келеді,

Қыдыр ата бізге бата береді!

1- жүргізуші:

Осы тойға батасын берсін деп Кыдыр атаға сөз берейік.

Қыдыр Баба: (Нұрәлем)

Армысыздар жамағат!

Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын.

Қайда барсаң жол болсын.

Жаңа жыл бақыт жылы болсын!

Малың тоқ, уайым, қайғың жоқ болсын.

Ұлыс береке берсін,

Бәле-жала жерге енсін!

Дастарқанымыздан дәм кетпесін,

Көңілімізден сән кетпесін.

Ұрпақ, ұлыс аман болып

Өмірімізден мән кетпесін.

Құдай пейілімізді тарылтпасын,

Қуаныштан арылтпасын.

Халқым ешбір қамықпасын,

Қасиеті шарықтасын!!!

Менің берген бұл батам-

Ұлыс күнге сақтап жүрген сұр батам! Әумин!!!

 

 

  Жыршы:  (Ерасыл)

Қыдыр баба, мен жас жыршымын, енді жырымды тыңдасаңыз.

Уа, құдайым, оңдасын,

Жаманшылық болмасын.

Әруақ біткен жар болып,

Қызыр бабам қолдасын.

Аман сақтап, төл басын,

Еккен егін солмасын.

Орта толып ырысқа,

Бейбіт өмір орнасын.

Бақыт ашып қақпасын,

Мәңгі бақи жаппасын.

Пәле – жала қазақты,

Іздесе де таппасын.

Әумин!

 

Қыдыр баба:

Әумин! О-о, көп жаса балам, ниетің қабыл болсын!

 

2- жүргізуші:

Жарқыра, жайна Наурызым,
Қабағы жаудың түйілсін.
Береке-байлық –дәм-тұзың,
Халқыма мәңгі бұйырсын

Қыдыр ата, бізбен бірге Наурызға арналған балалардың ән-жырын

тыңдаңыз. Төрге шығыңыз!

 

(1А,5А, 6А, 7А  Қара жорға биі)

 

1- жүргізуші:

Халықтың ұғымында Наурыздың 20-22 аралығында «Әз кіреді» деген ұғым бар. Ол әуеде болар – болмас діріл мен гүрілдің пайда болуы арқылы білінеді. Әздің жүруімен көк, ағаш, тал, бұта, сияқты тіршілік атаулыға жан бітіп, жаңа тіршілік басталғанынан хабар береді. Халық шат – шадыман болып қуанышқа кенеледі. «Әз болмай, мәз болмайды» деген мақал да содан қалса керек.

 

Қыдыр Баба:

  Ал, балалар, ұлттық ойын түрлерін білесіндер ме?

 

2- жүргізуші:

Ұлыс тойы күні көкпар, күрес, қыз қуу, алтыбақан, асық ойыны секілді ұлттық ойындар ойналады.Ұлттық ойын үлгісін тамашалаңыздар.

 

( «Аударыспақ», « Теңге алу», «Қыз қуу»  т.б.)

 

 

 

1- жүргізуші:

Ей, балалар, балалар,

Енді маған қараңдар!

Наурызды тойлайық,

Қызық ойын ойнайық

 

( 8 «А»сынып — «Аударыспақ» ),

(6 «А»сынып — «Теңге алу»),

(1 «А» сынып «Қыз қуу»)

 

Қыдыр Баба:

Бәрекелді, бәрекелді, өренім!

 

1- жүргізуші:

Кең байтақ ұлысыма Ұлы күн келді!

Жыл басы келді, жаңғырта келді.

Дүние желпінді. Тіршіліктің күйі шертілді.

Жасанған әлем – жас тірлік тамырын жайды тереңге.

Наурыз тойы құтты болсын ағайын.

 

(Ұлттық би: қыздар биі)

2- жүргізуші:

  Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

Жердің тойы – Наурызым!

Елдің тойы – Наурызым!

Төлдің тойы – Наурызым!

Көңіл тойы – Наурызым!

Көктем тойы – Наурызым!

 

(көрініс: 5 «А» сынып)

 

  • жүргізуші:

Жедел жүріп алаңға жетіңіздер,

Наурызға адал ниет етіңіздер!

Қарсы алып, жылдың басын, той тойлайық,

Ән шырқап, би билеп қауым болып.

 

(ән: 3а сынып «Әгугай домбыра»)

 

2- жүргізуші:

Ал, халайық тұрмайық

Әндетейік, жырлайық

Ортамызды ашайық

Думандатып би – билеп

Інжу маржан шашайық.

(5 «Б» танец)

 

 

1- жүргізуші:

Құрманғазы күйінің күмбірлеген

Төгіледі әуені сізге деген.

Толқиды домбырадан шыққан күй

Жырлайды қазағымның сырын шертіп

Назды әуен, сырлы сезім сиқырлы күй.

 

(Күй Серікгүл мұғалім)

 

2- жүргізуші:

Армысың ауылымның асылдары

Жайнасын  көңіліңнің жасыл бағы.

Сендер үшін, ән мен күй, өлең мен би,

Сендер үшін Наурыз той шашулары.

 

(4 «А» сынып «би»)

 

1- жүргізуші:

Қашанда құт береке орнасын деп,

Тойларда шашу шашу  салты елімнің.

Уа, халайық, теріп ал несібеңді,

Қабыл қылсын халқымның ақ тілегін.

 

 (Күй Сеійт Наурызбай)

2- жүргізуші:

Шашу! Шашу! Көп шашайық шашуды,

Жауғандай көк аспаннан нөсер жаңбыр.

Уа жамағат, жинап ал несібеңді,

Ризығың болсын көл – көсір!

Шашу! Шашу! Шашу!

Тойларда шашу шашу салты елімнің.

Көңілім дарқан,

Несібем мол болсын деп,

Дәм тат мынау шашылған көп шашудан.

(Маратова  Гулназ: «Наурыз»)

 1- жүргізуші:

Наурыз тойдың межесі

Әжелердің көжесі

Қане, ішіп қойыңдар…

Ау, аталар, даналар!

Айналайын, балалар

Тоя ішсін деп тамсанып

Тоғыз түрлі дәм салып.

Наурыз көже пісірдік

Оттан көже түсірдік.

бал көжеден татыңдар.

(4 «А» сынып «Қазақ дастарханы»)

 

2- жүргізуші:

Арпа, бидай бастаған

Жеті дәмнен аспаған.

Наурыз көже ― көп көже ―

Бұл тойдағы бас тағам

 

1- жүргізуші:

Наурыз шаттық тойымыз,

Қуанышты күніміз.

Мейрамда көп ойнымыз,

Атап өтер бүгін біз.

Наурыз тойы- береке,

Наурыз айы – жыр, аңыз.

Қызып дулы мереке,

Қызық думан құрамыз!

Жырға, күйге жараса,

Жырла, биле жаңаша!                     (3 «А» сынып «Ақсиса» әні )

   

  2-жүргізуші:

Наурыз келді тамаша.
Ән айтамыз таласа.
Атам,әжем той тойлап,
Қуанып жүр балаша
Би билейміз тамаша.

(6 – 7 «Б» би)

 

1-жүргізуші:

  Жыл сайын Наурыз айы келе берсін,

Жаңа жыл есікті ашып кіре берсін.

Ежелден көктем мейрамы Наурыз,

Еліме жаңа бақыт бере берсін!

 

2- жүргізуші:

Наурыз тойын тойлайық міне ағайын

Амандықпен туа берсін күн сайын

  Бақыт тілеп, бақ тілеп халқымызға

Мерекені бүгінгімен жабайын

Молшылық пен тыныштық боп жерімізде

Бейбітшілік нық болсын елімізде

Достықпенен жайнай берсін отанымыз

Желбіресін қазақ туы көгімізде.

 

(Құсайынова Жанеркенің орындауында: «Туған жер» әні).