Алғашқы қоңырау 1-қыркүйек – Білім күніне арналған салтанатты жиын

  Алғашқы қоңырау 1-қыркүйек – Білім күніне арналған салтанатты жиын

Мақсаты:    Білім күні үлкен мереке екенін балаларға жеткізе білу, сезіну  білімге деген құштарлығын арттыру, еліміздің білімді, тәрбиелі  азаматын елжандылыққа тәрбиелеу.

Көрнекілігі:     Қазақстан туы, шарлар, гүлдер, ұлағатты қанатты сөздер

   Барысы:

 

1- жүргізуші:     Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, қонақтар, ата-аналар,оқушылар. Арайлы жаздың үш  айын мазмұнды да, мәнді өткізіп, сағынышпен алтын ұя  мектебімізге оралып отырған оқушыларды құттықтаймыз.

 

Мектеп деген білім күні, жыр күні

Мектеп деген ғылымның ең үлкені

Мектеп деген тәрбиеші адамға

Мектеп деген даналардың мекені

 

2-жүргізуші:       Өмір бойы мектебімді жыр етем,

Бір өзіңде бақыт, білім, берекем.

Шәкірттерің өрістесін, өрлесін,

Құтты болсын «Білім күнің »- мерекең!

 

Құрметті ұстаздар, қонақтар, ата-аналар, аяулы оқушылар! Бүгінгі сағынышқа, шатыққа толы «Алғашқы қоңырау» мерекелеріңіз құтты болсын!

1-жүргізуші:

Биылғы жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен тұспа –тұс келіп отырған мектебіміздің 20 жылдық мерейтойы құтты болсын!  Осыдан 20 жыл бұрын Тәуелсіздік, еркіндік сөздерінің қаншалықты мағыналы , қаншалықты қымбат екенін дәл қазіргі уақыттағыдай түсінбеген шығармыз. Ешкімге тәуелді болмауды арман еткен батырларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен күресіп құрбан болса, дуалы ауыз билеріміз қызыл тілдің арқасында ел тыныштығын сақтады.

2-жүргізуші:

Иә, сол заманнан бері азаттық, егемендік елімнің арманы болды. Халқының қамын жеген ата-бабаларымыздың қайсар ұрпағы 1986 жылы арман еткен тәуелсіздіктің туын тікті.

Бүгін біздің мерекемізге құрметті қонақтар келді:

  1. _________________________________
  2. _________________________________
  3. ________________________________

 

1-жүргізуші:     Жүздеріңнен көрем шаттық арайын,

Болсын солай әрбір күнің, әр айың.

Мерекеңіз құтты болсын ата-ана,

                Мерекеңіз құтты болсын ағайын! – деп бүгінгі мереке мектеп    табалдырығын аттайын деп отырған 1-сынып бүлдіршіндеріне    арналады.

 2-жүргізуші:           Біраз жылын осында өткізген,

Ұстаздар – ізгі пәк жандар.

Қуана шәкірт қабылдап,

Білімнің көшін жалғаңдар.

Алғашқы әріп үйретер,

Мөлдір Балғабайқызы, Сәуле Мукиденқызын шәкірттерімен

қарсы алыңыздар!

(Музыка ырғағымен 1-сынып оқушыларын жетектеп, ұстаздары жиын өтіп жатқан алаңға шығып, ортаға 1 мәрте жүріп өтіп, арнайы дайындалған орынға келіп тұрады.)

1-жүргізуші:

Мазмұнына өрнегі жарасқан, тәуелсіздіктің қасиетті туы мәңгі желбіресін,-дей отырып, салтанатты жиынымызға мемлекеттік туымызды ендіреміз.

2-жүргізуші:Назар аударыңыз!  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы енгізілсін.

Күй «Көргулы».

1-жүргізуші:

Бірінші қыркүйек білім күніне арналған салтанатты жиылысымызды ашық деп жариялаймыз!

(әнұран ойналады)

2-жүргізуші: Жаңа оқу жылымен сіздерді Жақсы №1 орта мектебінің директоры   Райсов Арғынбек Көкетайұлы құттықтайды.

1үргізуші:  Бүгінгі мерекемізге құттықтау әнін арнайтын 2010-2011 жылдың   аудандық, мектепішілік  ән байқауларының жеңімпазы:

2-жүргізуші

2011-2012  оқу жылына арналған мектеп басшысының бұйрығын таныстыру үшін сөз оқу ісінің меңгерушісі Ерғалиева Айгүл Ермұханқызына беріледі.

                    

1-жүргізуші:           Бүгін қандай шаттық тола күн еді,

Бүкіл әлем ерекше бір түледі.

Балдырған жетектеген ата-ана,

Қуаныштан жарылардай жүрегі,

Білім көзін ашатынын біледі, —  деп балаларын мектепке   алғаш жетектеп келіп отырған ата-аналарға қадамдарыңызға гүл бітсін, армандарыңызға   нұр бітсін демекпіз.

 

2-жүргізуші:     Бүгінгі салтанатты мерекеміздің мәртебелі қонақтарына сөз береміз.

 

1-жүргізуші:      Тек жүректен арналар сөзіміз де,

Жақсылықтан жаралған жүрегіңіз.

Сөз берейік құрметпен өзіңізге,

Шәкірттерге арналсын тілегіңіз.

 

қонақтардың құттықтау сөзі

Қонақтарға 11— сынып оқушылары гүл тапсырады.

 2-жүргізуші:               Қадамыңа гүл бітсін деп ал халқым,

Қол соғып бір қошеметтеп тұр жалпың.

 1-жүргізуші:

Ортаға 1-сыныпқа қадам тастаған бүлдіршіндер келеді,

Жүрек жарды тақпақтарын сіздерге айтып береді.

1-оқушы:               Сәлем, саған мектебім,

Алғыстарым көп менің.

Оқу, білім, тәрбие

Ой санама еккенің.

2-оқушы:    Қуаныш бүгін – мереке,

Шуағын шашып тұр әлем.

Мектепке келген алғашқы,

Жан досым, саған мың сәлем.

3-оқушы:               Бірінші қыркүйек күні мен

Аңқыған жұпар гүлімен

Келіп ем, қарсы алар мектебім

Сүйкімді қоңырау үнімен.

4-оқушы:     Биыл мен де мектепке

Біріншіге барамын.

Мақтанбаймын мен текке,

Дайын дәптер, қаламым.

5-оқушы:                Мектепке енді барамыз,

Біз оқушы боламыз.

Жақсы оқып сабақты,

Кілең бестік аламыз.

6-оқушы:     Алдыңа келіп, ұстазым,

Тұңғыш қалам ұстадым.

Күлімдеген көзіңнен

Мейіріңді сезіндім.

7-оқушы:                 Отанның біз ұл-қызы,

Халықтың біз жұлдызы.

Оқимыз ақын-жырларын,

Оқимыз еңбек сырларын.

8-оқушы:      Сылдырлайды, сыңғырлайды

Мектеп жақта қоңырау.

Ұмытпаймыз бұл бір айды,

Гүлге толы омырау.

 

9-оқушы:         Гүл толы қала, дала да,

Гүл толы бүгін омырау.

Шақырып мектеп – анаға,

Соғылмақ тұңғыш қоңырау.

Ән.  «Біз-өмірдің гүліміз» 1-сынып оқушылары

 

2-жүргізуші:   Абзал жандар, биік тұлға байсалды,

Құшақ жайып шәкірттерін қарсы алды.

Өздеріңе жүрекжарды сөз айтып,

Құттықтайды 11-сынып баршаңды.

 

11-сынып оқушысы:       Оқыған әпке, ағаңыз,

Қадірлі мектеп – бұл мектеп.

Сендердей біз де болғанбыз,

Есейдік, міне, қараңыз.

Құт болып алғаш қадамың,

Жағарсың білім шырағын.

Биылғы жыл ерекше,

Ұғарсың оның шын мәнін.

 

11-сынып оқушысы:     Құттықтап білім күнімен,

Сыйланар сізге әліппе.

Бар білімнің бастауы,

Қадірлеп оны дәріпте.

(Музыка әуенімен 11-сынып оқушылары сыйлықтарын  1-сыныптарға сыйлайды)

2-жүргізуші:        Оқитын әрі жазатын,

Білімге қол созатын.

Оқушы болдың, қарағым,

Білімнің кілтін ашатын, — деп сөз кезегін балапандарын ертіп

келген  құрметті ата-аналарымызға береміз.

 1-жүргізуші:      Қағылмақ , міне, әуенге бөлеп,

Қағылмақ алғаш қоңырау,

Нұр толқып жүзің, гүл толып құшақ,

Шаттыққа толсын омырау.

 

2-жүргізуші:   Алғашқы қоңырау соғу рәсімі

 

Алғашқы қоңырау соғылады

1-жүргізуші:

Тәуелсізідік- еркіндігім, елдігім,

Елім дербес, өзге елдермен тең бүгін.

Тәуелсіздік-азаттығым,арманым,

Алдағы арман, қуанышым сол менің

Тәуелсіздік тәу етемін бір саған.

Бабаларым талай ғасыр аңсаған.

Ұраны боп мәңгілікке азат күн.

Тарландары қыршын кеткен қазақтың.

2-жүргізуші:

20 жыл болды тәуелсіздік толғанына,

Елімнің егеменді ел болғанына,

20 жыл мектебіміз құрылғалы

Жетістік, мақтанарлық бұл да ,сірә.

Мектеп маңы толыпты жарасымға,

Ізгілік те, мейірім-бәрі осында.

Білімге қанат қақты жас өрендер,

Асыл арман гүл атып санасында.

 

 Назар аударыңыз! Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы шығарылсын.

 

1-жүргізуші:   Бүлдіршіндер, сендерге артар міндет көп,

Көтеріңдер мектептің атын құрметтеп.

Білімнің көзін аша білсең тереңнен,

Жетелейді армандарға бұл мектеп, — деп бүгінгі «Білім күніне»

арналған  мерекемізді аяқтауға рұқсат етіңіздер.

Шәкірттеріміз бен ата-аналар мектепке кіріп,

сынып бөлмелері мен мектеппен танысу сәттеріне жол берелік.

(Музыкамен мектепке кіреді)

Ауа райы