«Сыңғырла,күміс қоңырау!» атты салтанатты кешінің бағдарламасы

«Сыңғырла,күміс қоңырау!» атты                 салтанатты кешінің бағдарламасы

       — Құрметті оқушылар мен ардақты ұстаздар, ата-аналар, қонақтар,   мектеп қабырғасын алғаш аттағалы отырған шәкірттер, сіздерді ұстаздар мен шәкірттер қауымының ортақ мерекесі-Білім күні мерекесімен құттықтаймын!

        Бүгінгі сағынышқа  толы, шаттыққа толы «Алғашқы қоңырау» мерекелеріңіз құтты болсын!

        -Еліміздің ең қымбат қазынасы, ертеңгі ел болашағы-бүгінгі жастар. Күллі ел тірегін марқайтқан, Ұлы Ата заңымыз берген  елдің туын мықты ұстар азаматтар бүгінгі мектеп қабырғасын аттағалы отырған жас бүлдіршіндер емес пе?!

        Міне, тағы да бір қырқүйектің арйлы таңы атып, жас бүлдіршіндер, мектеп ұстаздары жаңа оқу жылын бастағалы отыр.

        Олай болса, бүгінгі «Сыңғырла,күміс қоңырау!» айдарымен өткелі отырған 2013-2014 оқу жылының «Алғашқы қоңырау» салтанатты жиынын ашық деп жариялаймын. Жаңа оқу жылында сіздерге сәттілік, ұлағатты ұстаз, шапағатты шәкірт тілеймін.

                                Өмір бойы мектебімді жыр етем,

                                Бір өзіңде бақыт, білім, берекем.

                                Шәкірттерің өрістесін, өрлесін

                                Құтты болсын Білім күнің-мерекең!

        Мазмұнына өрнегі жарасқан, Тәуелсіздіктің қасиетті туы мәңгі желбіресін,-дей отырып, салтанатты жиынымызға Мемлекеттік туымызды ендіреміз.

                                Әкелсін туын, көтеріп асқақ айбыным,

                                Қуантып елді, жасартып мәңгі ай, күнін.

                                Әкелсін туды, шырқалсын өршіл ән ұран,

                                Паш етіп жатқа қазақтың дархан байлығын.

         Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы енгізілсін!

                                Естілгенде көк аспанның астында,

                                Тік тұрыңдар айтылғанда Әнұран.

                                Бар қазақтың үніндей боп шарықта,

                                Бір қазақ боп мен өзіңе бас ұрам.

                                Шарықтағын  әнұраным шарықта!

                                Оны айтуға ел жастары жалықпа.

                                Өздеріңдей өркендерге сеніп тұр,

                                Мынау тарих, келешекте, халық та.

 

          Егеменді  еліміздің қасиетті туына қарап сап түзейік!

                                                                                       (Гимн орындалады)

   Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Міне бүгін қызығы мен қиыншылығы мол жаңа оқу жылы да келіп жетті. Иә, бүгін сан мыңдаған жас түлек, егеменді еліміздің түкпір-түкпірінде мектеп табалдырығын аттағалы отыр.

  Адамзат қоғамы ғылыми-техникалық прогресс керемет дамыған ХХІ ғасырға қадам басты. Еліміз жаңа әлемдік білім беру кеңістігіне бағыт алды. Тәуелсіздігіміздің бейбіт жолымен желбіреп тұрған туын болашақта желкілдететін де, әнін әлемге әуелететін де-бүгінгі ұрпақ.Жас ұрпақты ертеңгі күні егеменді еліміздің берік тұтқасы болатындай етіп тәрбиелеуіміз қажет. Жас ұрпақ-біздің өміріміздің тікелей жалғастырушысы ғана емес, еліміздің тірегі, мызғымас болашағы.

        Үйретеді жалықпастан өнеге,

        Отырғызып білім атты кемеге

        Теңіздейін тереңінен батырып,

        Мектебімізді көтереді төбеге-

-дей отырып алғашқы сөз мектеп директоры С.Ләтіповке беріледі.

Ән: «Ұстазым менің» Сабалова А.

                   Өсиетін айтсын көпке киелі,

                   Сөзі алтын, адал оның жүрегі.

                   Қонақтарға сөз кезегін береміз

                   Қабыл болсын жақсылардың тілегі!

Қадірлі   ел ағалары! Алтын ұя-білім ордасына келген қадамдарыңыз құтты болсын! Келесі сөз(мереке қонақтары) ауыл әкімі А.Кеншінбаев және ардагерлерге беріледі.

Ән: «Анам-әкем» А.Кәриева

                  Ұстаздарым жұрт аузына қараған,

                  Білім нәрі өздеріңнен тараған.

                  Өздеріңнен алған білім бар адам,

                  Туған елдің құрметіне жараған.

 

                  Тәрбиелі сөз сөйлейсің санадан.

                  Еңбекқорсың бал жинаған арадан.

                  Мен өзіңді жарық нұрға балаған,

                  Мен өзіңді алып қырға санағам-дей келе, шәкірттеріне лебізін білдіру үшін мектебіміздің ардагер ұстаздарын ортаға шақырайық.

       Өз мамандығының шебері, ардақты ана, аяулы әже  Х.Әміреева апай

    Қазақ тілі мен әдебиетінің шебері, аяулы ұстаз Ұ.Ізтілеуова апайға  сөз кезегін береміз

  Би: «Мектепке сағыныш» Бастауыш сыныптар

                    Алғашқы келген құлыным,

                    Сен үшін бүгін ұлы күн.

                    Мейірлене себеді,

                    Ұстазың күннің жылуын.

                    

                    Мектебің, міне сыныбың,

                    Білімнің берер тұнығын.

                    Есейдің, үйге тастадың,

                    Баланың балғын қылығын.

(Даярлық тобына келген оқушылар ортаға шақырылады)

                   «Той» деп бүгін көңіл шіркін тасады,

                     Ән менен күй көңіл сырын ашады.

                    «Той» деп келген қонақтарға мың рахмет

                     Ақ жаулықты әжелер той шашуын шашады.

                                                           (Шашу шашады)

   Кеше ғана білім баспалдағына алғаш рет қадам басқан бүгінгі

1-сынып оқушыларын, ертеңгі күннің үмітін ақтар еліміздің болашақ азаматтарын ортаға шақырайық.

 

    Ортаға 1-сыныпқа қадам тастаған бүлдіршіндер келеді,

    Жүрек жарды тақпақтарын сізге айтып береді.

                      

                       Қош келдіңдер балдырғандар,

                       Қадамдарың құтты болсын!

                       Мектеп мынау есік ашық,

                       Тек әдебің мықты болсын.

 

                       Балғын бала бойға білім жинасын,

                       Қолдарына алып бүгін Әліппе.

                       Өздеріне білім нәрін сыйласын,

                       Қызықтырып 42 әріпке

(Әліппе тапсыру рәсімі 1-сынып мұғалімі  Ж.Оразғалиеваға

беріледі)

                       Тапсырған саған аманат,

                        Келтірме бізге жаман ат

                        Жақсы оқып, адам бол,

                       Өмірің болар салтанат!

-деп ендігі кезекте 11-сынып оқушысы Көптілеу М. «Білім кілтін» тапсыруға, 1-сынып оқушысы Жанмолдаев Т. Антын қабылдауға ортаға шақырылады.

11-сынып оқушысы:

                        Білім үшін оқу іздеп келгендер,

                        Қанат қағып әр қияға өрлеңдер,

                        Білім алу-ең бірінші парызың,

                        Оқу үшін аямай бір терлеңдер.

                        Көкірегіме жыр қуаныш толады,

                        Біз жасайтын жаңалықтар мол әлі.

                        Құтты болсын мерекеңіз жас достар,

                       Зор құрметпен «Білім» кілтін қабыл ал.

1-сынып оқушысы:

     Мен, Жанмолдаев Тасболат, туған республикам, сүйікті Отаным Қазақстанның дүние  жүзінде алдыңғы қатарлы мемлекет болуы үшін сапалы білім аламын. Жоғары мәдениетті азамат боламын. Мемлекетіміздің Президентін құрметтеймін, Конституция мен Заңдарын бұлжытпай орындаймын. Еліміздің Туын, Елтаңбасын, Гимнін  сыйлап, қастерлеймін деп ант беремін.

                         Құтты болсын қадамың,

                         Құтты болсын талабың

                         Мағжан атаң айтқандай

                         Білім отын жаға біл.

 

                         Қыркүйектің бірі күні мектепке,

                         Асығамыз гүлге толы омырау.

                         Сағынамыз үш ай жазда кеткенде,

                         Сыңғырыңды ең алғашқы қоңырау.

-деген тілекпен алғашқы қоңырау соғу құрметіне 1-сынып оқушысы Мырзатаева Ақмаржан мен 11-сынып оқушысы Советов Жанболатты шақырамыз.

                   Соғылсын қоңырау, соғылсын,

                          Сыңғырла, мәңгілік сыңғырла.

                          Толқыған жүректер тоғысын,

                          Толтырып бір арна, бір жырға.

                          Шаттықтың үніндей мәңгілік,

                          Соғылсын қоңырау, шомылсын.

                          Қуаныш әніндей жаңғырып,

                          Жүректер ақ нұрға соғылсын.

Ән: «Қоңырау»

  «Мектепке жол акциясы» (Тәрбие ісінің меңгерушісі С.Ләтіпова)

                         Сәулелі сөз сөне ме?!-

                         Орны бөлек батаның

                         Бізге тәлім өнеге-

                         Ақ тілеуі атаның,

-деп ата-аналар ішінен ақсақалдан бата сұрайық.

                         Қуанышты кәрінің де, жастың да,

                         Айналуда тау суындай тасқынға.

                         Ұрпақтардың көсегесі көгермек,

                         Аспан түстес осы тудың астында.

Егеменді еліміздің қасиетті туына қарап сап түзейік.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы шығарылсын!

                   Бүлдіршіндер сендерге артар міндет көп,

                   Көтеріңдер мектептің атын құрметтеп.

                   Білімнің көзін аша білсең тереңнен,

                   Жетелейді армандарға бұл мектеп,

-деп бүгінгі Білім күніне арналған салтанатты жиынымызды аяқтап, шәкірттерді мектеп алтын ұясына «Бір халық, бір ел тағдыры» атты алғашқы сабаққа шақырамыз.