Ұстаздық жолы – ұлылық, Ұрпағы жүрер ұғынып!

71

 

Тақырыбы: Ұстаздық жолы – ұлылық,
Ұрпағы жүрер ұғынып!

Мақсаты:
а) Ұстаздық жолын оқушыларға үлгі ету. Олардың әңгімесінің мәнін ұғына білуді, үлкендерді сыйлауды, құрметтеуді үйрету.
ә) Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, сөйлеу тілдерін дамыту. Белгілі бір мамандыққа баулу, кәсіби бағдар беру. Өзін – өзі ұстау әдебіне қалыптастыру.
Түрі: кездесу кеші «Сыр сұхбат»
Әдісі: пікір алмасу, сұрақ – жауап, образға ену, зерттеу
Техникалық құрал: интерактивті тақта
Барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі: класс бөлмесін тәрбие сағатына әзірлеу, қонақтарды қабылдау
2. Кіріспе. Мұғалім сөзі.
Тәрбие сағатының мақсатымен таныстыру. (Сахнада күй ойнап тұрады)

Армысыздар, ақылмен түйсініп, жүрекпен сезінетін пайым — парасатымен, талғам — танымымен танылатын асыл жандар- ұстаздар және шәкірттер. Бүгінгі «Ұстаздық жолы – ұлылық, Ұрпағы жүрер ұғынып!» атты сыр сұхбатымызға қош келдіңіздер!

Білім атты  ғажайыптың сырын ақ адал жүрегін ашып, еркелігін көрсетсе де, ертеңін ұстазға тапсырып, болашағын тап бір біз болжап берердей мөлдірей қарап отырған шәкірттерімізге жеткізу – біздің, яғни ұстаздардың тағдырына жазылған бақ пен тақ!
Ендеше, бүгінгі кешіміздің мақсаты – осындай ұстаздарымыздың ұстаздық жолын үлгі-өнеге ете отырып, олармен сыр шертісе, ой бөлісе отырып, оқушыларды дұрыс жолға бағыттау, үлкендердің әңгімесін ұғына білуді үйрету. Кәсіби бағдар бере отырып, оқушыларды белгілі бір мамандық таңдауға баулу.

  1. Негізгі бөлім.
    Бүгінгі «Сыр сұхбат» кездесуінің кейіпкерлері, қонақтарымыз -шәкірттердің шуақ шашқан күніндей ардақты жандар, мұғалім атты қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықты таңдағаннан бастап, сан мыңдаған жас ұрпақты болашақпен жалғастырар алтын көпіріне айналған, Тайпақ орта жалпы білім беретін мектебінде еңбек етіп келе жатқан ұстаздарымыз болса, тыңдарманы 10а сынып оқушылары.
    Олай болса, ортаға қонақтарымызды шақырайық.

Ол — ұстаз, отыз жылдай еңбек еткен,
Ұрпағы үшін аянбай терді төккен
Қаншама шәкірттерге білім беріп
Бар өмірі баламен бірге өткен.
Ортаға ардақты ұстазымыз, ағылшын тілінің қыр-сырын меңгерткен Айтмағамбетова Жұмазия Өтебайқызын шақырамыз.

Зерделеп өнегені бала жастан,
Ұстаз болып жаралған әуел бастан.
Жылы жүрек, жүзінде мейірім – шуақ,
Ғибраты ұстаздың – ұлы дастан
Келесі қонағымыз тіл сабағын тілдік құралдармен өрнектеп, сөз өнері мен сөз әдебіне сүйене отырып, тіл әлеміне ендірген, осылайша тілді өмірмен, өмірді баланың жанымен қабыстыруды мақсат еткен апайымыз – Мурсалимова Күлаш Хамитқызы.

Жастықтың түспей жасыл туы қолдан
Құлпырған қырдың қызыл гүлі болған
Кеше ғана мектебінен түлеп ұшып
Бүгінде ұстаз болып қайта оралған.
Мектебіміздің жас ұстазы Шайхиева Райхан Мәлікқызын ортаға шақырамыз.

Ендеше, бүгінгі кешіміздің алғашқы сұрағын Жұмазия апай, сізден бастайын.
Алғашқы еңбек жолын қайдан және қай жылы бастадыңыз? Ең алғашқы сабақ берген күніңіз есіңізде ме, есіңізде болса несімен есіңізде қалды? Және ең алғашқы оқушыларыңыз қандай еді? Қазіргі оқушыларыңыздан олардың айырмашылығы бар ма, болса қандай? Сол жөнінде әңгімелеп берсеңіз.

Келесі сұрақ Күләш апайға:

Мамандық таңдауда көп ойландыңыз ба? Ұстаздық жолды таңдауыңыздың себебі жөнінде әңгімелеп берсеңіз және алғаш еңбек жолын бастаған кезде қандай әсерде болдыңыз? Сіздің алғашқы оқушыларыңыз қандай еді? Қазіргі оқушыларыңыздан олардың айырмашылығы бар ма, болса қандай? Сол жөнінде әңгімелеп берсеңіз.

Келесі сұрақ Райхан апайларыңа:

Биылғы оқу жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша өзің түлеп ұшқан мектебіңе ұстаз болып оралдың. Саған сұрағым мектеп бітірген кезде қандай сезімде болдың? Ұстаздық жолын таңдауыңа не түрткі болды? Және мектептегі ұстаздарың жөнінде әңгімелеп берсең.

Оқушылардың сұрақтары:

  1. Қазіргі таңда білім беріп жүрген шәкірттеріңізден лауазымды орында қызмет етіп жүргендер бар ма?
  2. Еңбек етіп жүрген сәттеріңізде шаршаған күндеріңіз немесе қатты ренжіткен оқушыларыңыз болды ма?
  3. Қазір жастардың көбісі ауылдан гөрі қалада жұмыс жасағанды қалайды. Сіздің ауылға келуіңе не себеп болды?
  4. Еңбек жолыңыздағы қызықты оқиғалар жөнінде айтып өтсеңіз?
  5. Біздерді оқытқан кезде қиыншылық келтірген оқушыларп кездесті ме?
  6. Біздің сынып оқушыларын оқытқан кезде сізге көп көмектескен оқушылардан кімдерді айтар едіңіз?
  7. 7. Университеттегі оқуыңызды аяқтағаннан кейін, еңбек жолының алғашқы жылдарында қандай қиындықтар болды?
  8. Алдыңызға қойған мақсатыңыз, түпкілікті мақсатыңыз қандай?
  9. Орындалмаған арманыңыз бар ма?
  10. Ұстанымыңыз жөнінде әңгімелесеңіз
  11. Қиындық кездесті ме? Қиналған қажыған кезде демеу болған не?
  12. Өмірден нені түйдіңіз?
  13. Қоғам, қазіргі заман, адам т.б туралы қандай ойдасыз. … көңіліңіз тола ма?
  14. Қай ақынның шығармасын сүйіп оқисыз?

Оқушыларға айтар тілектеріңіз.

Тренинг. «Психогеометрия» — өзін-өзі тану.

Квадрат. Сендерде төзімділік, шыдамдылық, еңбекқорлық дамыған. Өз айналаңа адамдарды жинап ұйымдастыру, реттеу және жүйелеу қабілеттерің баршылық. Сендерден үздік администратор шығады.

Зигзаг. Сендерде әсемдікті көре білу қабілеті жоғары қалыптасқан. Сондай-ақ шығармашылық қабілетің, ой-өрісің дамыған. Сендерде табиғи өткіройлық бар, өз айналаңа қабілетті адамдарды жинай аласың. Сені шаблондар, ережелер, нұсқаулар қызықтырмайды. Бастаған істі аяқтауға төзімділіктің жоқтығы бөгет жасайды.

Шеңбер. Сендерде адамгершілік жоғары дамыған. Сен өз әріптесіңді тыңдай аласың және оның қайғысы мен қуанышын бірге бөлісесің, басқаның ауыртпалығына жәрдемдесу қабілетің жоғары қалыптасқан. Саған жеке адамдар арасындағы кикілжіңдер тән емес, өзіңді олардан аулақ ұстайсың. Сенен үздік психолог шығуы мүмкін.

Үшбұрыш. Саған басқарушылық қасиет тән. Өз көздеген мақсатыңа қол жеткізуге барлық мүмкіншілігіңді жасайсың. Өзіңе сенімдісің және жеңіске, жетістіктерге, ұтыстарға оңай қол жеткізесің. Айтқаныңнан шықпайсың, абыройлысың. Сен қоғамда, өмірде жоғары жетістіктерге қол жеткізесің, жұмысыңда жоғары көтерілуге бейімділігің бар.

Қонақ-кәде сұрау.

Смайликтерді көрсету.

Сыйлық ұсыну.

  1. Қорытынды.
    Бас қосу соңында оқушылар өз пікірлерін білдірді. Мысалы:
    Шынарай: — Осындай ардақты да аяулы ұстаздардан білім, тәлім- тәрбие, үлгі-өнеге алған біздер сіздердің сенімдеріңізден шығып, талай биіктерді бағындырамыз деп сендіремін.
    Данара: — Менің алған әсерім шексіз. Өзімде туындаған көп сұрақтың жауабын тапқандаймын. Мамандықты дұрыс таңдау керектігі баса айтылды.

    Бүгінгі «Сыр сұхбаттың» еңбегі жанды, Оқушылар керегін алды деп ойлаймын.  Ендеше сендерге еліміздің ертеңі – маман иелері болуларыңа тілектестігімді білдіремін.

Бүгінгі «Сыр сұхбат» кездесу кешіміз кез келген адамның алдына қойған мақсатына сабырлықпен, табандылықпен, ақылдылықпен, қиындықтан мойымай, еңбек ету арқылы жетуге болатындығына көз жеткізе, ақыл-кеңес беруде пайдалы деп санаймын. Бұл кездесуге арнайы шақырылған қонақтарымыз Жұмазия апайға, Күләш апайға және Райхан апайға көп алғысымызды білдіре отырып, кешімізді аяқтаймын.