«Ана-өмір, ана-жыр» атты мерекелік кеш бағдарламасы 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесін мектепішілік мереке түрінде атап өту мақсатында өткізілген мерекелік кештің бағдарламасы.

73

 

«Ана-өмір, ана-жыр» атты мерекелік кеш бағдарламасы

 

8-наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесін мектепішілік мереке түрінде атап өту мақсатында өткізілген  мерекелік  кештің бағдарламасы.

(Сахна мерекеге сай безендіріледі.)

Сахна сыртынан: Ана-әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, ақ сүтін емізіп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы. Мен «ана» деген сөзді қанша айтсам да жалықпаймын. Өйткені ол дүниедегі ең ардақты жан. Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге келтіріп қана қоймайды, оны көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп аяғынан тік тұрғызады. Өмір есігін жаңа ашқан баланың бойына елінің рухын сіңіретін, жылауын қойғызатын ана. Ана баланың амандығын бақытты, абыройлы болуын тілейді. Бойымыздағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды. Ана-тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Ендеше, анамызды сыйлап, құрметтейікші, ағайын!

Жүргізушілер бірге, әндете:

Ел жатқанда жатпаған,

Мен деп тыным таппаған.

Бақыты үшін баланың,

Аман-сау жүр, Ақ мамам!-

1-жүргізуші:

-Есімбек,   мектеп табалдырығын алғаш аттаған кезден-ақ, апайларымыз осы әнді үйретуден бастады емес пе?

2-жүргізуші: -Рас айтасың, Олжас. Бұл жадыңда мәңгі сақталар әндердің  бірі емес пе?!

1-жүргізуші: Армысыздар, аналар, ұстаздар, қыздар! Міне, жыл аралатып көктемнің алғашқы күндерімен келетін 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні де келіп жетті. Жер бетіндегі тіршіліктің өзегін келешекке жалғаған, өсер ұрпағына құндақтағы шағынан ізгіліктің дәнін еккен аналар мерекесі бұл.

Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталды

Сен деп жаздым алғаш өлең-дастанды

Қуандым ба, өзің бар деп қуандым,

Жыладым ба, өзің жоқ деп жас тамды.

Бәрі де, ана бір өзіңнен басталды.

Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды

Еркелесем, бір өзіңе еркелеп,

Жасқандым ба, тек өзіңнен жасқандым.

2-жүргізуші: Қош келдіңіздер, құрметті аналар! 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесі құтты болсын! Сіздерге әрқашан сыр бермес денсаулық, өмірдің шапағатын тілейміз. Бұл күні өздеріңізге бағытталған тілектер періштенің құлағына шалынсын. Әрдайым мейірім шуағын шашып жүре беріңіздер.

Бүгінгі мерекелік құттықтау сөз  Үңгіртас орта мектебінің директоры Зибагүл Садыққызына беріледі.

1-жүргізуші:

Ардақты ана, аяулы ана, қымбаттым,

Тәтті ұйқыңды бөліп талай түн қаттың.

Өміріме нәрін берді ақ сүтің,

Кең құшағың аясындай гүл бақтың.

Ер жеткізіп елге берген баласын,

Ақылдысың, ардақтысың, данасың!

Қарайтыным қас-қабағың бір сенің,

Қайратыңнан қайта көрме, анашым.

« Шашу» биі

2-жүргізуші:

Анам менің, асылым, лағыл әнім,

Кең кеудеңе гүл болып тағыламын,

Жұлдызындай көгінде жағыламын.

Алыс кетсем аңсаймын сағынамын,

Анам менің, асылым, лағыл әнім.

 Ән «Асыл ана»

1-жүргізуші:

Әркімнің де өмірден аласы бар,

Аласы бар адамның анасы бар.

Мерекесін құттықтап аналардың,

Ән жолдайтын аналардың баласы бар.

Ән: « Ақ мамам »

2-жүргізуші:

Қазірет пайғамбарға бір адам келіп:

-Мен бір зор күнә істедім. Енді мен үшін тәубе ету мүмкін бе?-деп сұрайды.

Сонда пайғамбар:

-Анаң бар ма? -деп сұрайды.

-Бар,-дейді әлгі адам.

-Онда анаңа қызмет көрсет,-деген екен пайғамбар. Олай болса шәкірттеріңіздің аналар жайлы өлең шумақтарын тыңдайық. (Арнау өлеңдер оқылады).

Бн «Көш керуен»

1-жүргізуші:

Дүниедегі ең кемеңгер дананы

Ана тауып, аялайды, бағады.

Сол үшін де құдіретіне бас иіп,

Құрметтейік қасиетті ананы.

М.Жұмабаевтың «Анама» өлеңін оқуға  Сұраншы Айдананы орта шақырамыз.

1-жүргізуші: «Әйелдер адамды бесігімен баулиды… Өмірдің іргетасы солардың қолымен қаланады».

2-жүргізуші: «Адамдар-әрқашанда өз аналарының перзенттері. Ана болмаса ақын да, батыр да болмайды».

1-жүргізуші: Хадистерімізде  Мұхаммед Пайғамбарымыз: «Жәннәт-аналардың аяғының астында» деп айтқан екен. Ислам діні әйелдерді ерекше құрметтейді. Егер де бір үйде қыз бала дүниеге келсе, береке, молшылық, бейбітшілік болады, ата-анасына қуаныш әкеледі дейді.

2-жүргізуші: Жанұяның жылуын суытпай, тал бесікті тербей отырып, тебірене толғар бесік жыры арқылы аңыз ертегілері мен жақұт жырлары арқылы ұрпағының бойына адамдық қасиеттерді дарытып отырған аналардың құдіретті сезімдеріне арналған әсем әнді қабыл алыңыздар.

«Аруғұмыр » әні.

1-жүргізуші:

Десек те уақытпен жарыспайды,

Қиялға қиялменен қарыштайды.

Шәкірттер шын жүректен тебіреніп,

Өнерін аналарға бағыштайды.

«Қыздар, қыздар » биін тамашалаңыздар.

1-жүргізуші:   Наурыз – сәуірдің егізі,

Наурыздың бүгін сегізі.

Ең қымбат гүл – адамның

Анаға айтар лебізі.

Анасыз бір жоқ күнің.

Ұсынамыз біз бүгін

Жырдың сұлу шоқ гүлін.

2-жүргізуші:

Көңілің Алатаудың ақ қарындай,

Мейрімің күннің шуақ шақтарындай.

Қалайша аяулы ана тына алармын

Ән болып сағыныштан ақтарылмай.

«Балдәурен»  әнін қабыл алыңыздар.

1-жүргізуші: «Отбасы-шағын мемлекет» деген сөз бар. Ынтымағы келіскен, түтіні түзу ұшқан әрбір шаңырақ мемлекеттің құт берекесі.  Әйел-ана отбасы жылуын сақтаушы, қоғамның ертеңі болашақ балаларды тәрбиелеуші.

Ән: «Асыл әжем»

2-жүргізуші:

Әлемнің жарығын,

Сыйладың сен маған.

Даланың әр гүлін,

Жинадың сен маған.

Тіршілікке нәр берген ана сүті қандай құдіретті. Әлемдегі жақсылық көзі, адамдық қасиет, ақ тілек мейірбандықтың бәрі ана деген сөзбен астасып жатыр.  Ән: «Шақырады  көктем»

1-жүргізуші:

Аяулысың, ауылымның асылдары,

Жайнасын көңілдердің жасыл бағы.

Сендер үшін ән менен күй, өлең мен би,

Сендер үшін мереке шашулары.

1-жүргізуші:

Әйел-Ана, Әйел-Өмір, Әйел-тіршілік өзегі. Өмір бесігінде іңгә тербетіп, адамзат баласына ұрпақ сыйлар ұлы құдірет иесінің есімі әрқашанда қастерлі, сөзі-өсиет, тұғыры биік. Алтын құрсағынан адамзаттың алабы жаратылған асыл ананың жүрегі үлкен, жүзі мейірімді, қолы қайырымды. Көңіл шуағына мейірім төгілген аяулы жанның өмірден алар несібе жемісі-алтын босағасы мен сүйкімді перзенті болар. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да қарызыңнан құтыла алмайсың» деген ұлы ғұламалардың сөзі бар. Шынымен солай. Адамзат жүріп өткен небір ауыр жол, алмағайып заманнан ұрпағын аман-есен бүгінгі күнге жеткізген әйел-ана құдіретін жырмен өрнектеп, әнмен әлпештеп, сөзбен айтып тауысу мүмкін емес.

1-жүргізуші: 

Халқымызға билік айтар даналар,

Даналардың өзі анадан жаралар.

Жүрегінің бір бөлшегі бала үшін

Сізден жақын адам бар ма аналар?!

Балаға ең жақыны сіз ғой ана,

Сіздің ыстық құшағыңыз бізге пана.

Сіздерге теңестірер еш нәрсе жоқ,

Теңесе алар бір-ақ нәрсе Отан ғана!

„Атамекен„ әнін қабыл алыңыздар.

2-жүргізуші: 

Ананы да, мені де әлпештеген,

Қайтпас қайрат, дариядай ақыл берер.

Ниетің қабыл болсын, аналарым,

Өркендеп өсе берсін, бала-шаға, немерелер.

1-жүргізуші:

Барша ана құтты болсын мерекеңіз,

Әрқашанда ана сізбен берекеміз.

Ақтасақ ақ сүтіңді, асыл анам,

Сонда біз кісілікке теңесеміз.

2-жүргізуші: 

Осы айтылғандардың бәрі шындық, бәрі шын, аналар ажалдан күштірек, жаһанға бір тоқтамсыз данышпандарды, ақындарды, ерлерді тауып беретін аналар. Барлық жақсылықты себетін де аналар. Ендеше сол аналар алдында бас иелік!

«Мереке күніңмен!» әнін кешке қатысушылар бәрі бірге орындайды.

 

1-жүргізуші: 

Не деген құдірет едіңіздер, аналарым!

Кезекпен:

О, аналар, осындайсың бәрің де,

Осындайсың жасың дағы кәрің де.

Сыйынатын болса өмірде құдірет,

Сыйынар ем ана деген тәңірге!-деп  бүгінгі мерекемізді аяқтаймыз.