«Мемлекеттік Гимн авторларының өмірі мен шығармашылығы»

119

Тақырыбы:      «Мемлекеттік Гимн авторларының өмірі мен шығармашылығы»

 

Мақсаты:        Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимн авторлары жайында

толық (кең түрде) мәлімет беру. Оқушылардың бойында патриоттық

сезімді ояту.

Түрі:                ауызша журнал

Көрнекілігі:    интерактивті тақта, Activ Board 78, 3 бағдарламасы, буклет,

гимн авторларына арналған слайдтар, Ш.Қалдаяқовтың ән жинағы,

үнтаспа, гитара

 

Ауызша журналдың беттері:

  1. «Тұғырлы Гимн» (гимн термині, тарихи дерек)
  2. «Қазақ поэзиясының майталманы» (Жұмекен Нәжімеденовтың өмірі мен шығармашылығы)
  3. «Кемеңгер көшбасшы» (Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен шығармашылығы)
  4. «Қазақ вальсінің королі» (Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығы)

 

Оқытушының кіріспе сөзі.

1-бет «Тұғырлы Гимн».

Ауызша журналымыз 4 беттен тұрады, олар: «Тұғырлы Гимн»,  «Қазақ поэзиясының майталманы», «Кемеңгер көшбасшы», «Қазақ вальсінің королі».

Бүгінгі біздің мақсатымыз – гимн авторлары туралы толық мағлұмат алу.

Ең алдымен гимн термині, тарихына тоқталып өтейік. Грек тілінен аударғанда бағдарламалық сипаттағы өлеңге жазылған салтанатты әуен деген ұғымды білдіреді. Ғалымдар алғашқы гимндер Ежелгі Мысыр мен Месопотамияда пайда болды деп есептейді. Классикалық тұрғыдағы гимн ұғымына толық жауап беретін тұңғыш туындылар ХVІІІ-ХІХғ.ғ. пайда болған.

 

2-бет: «Қазақ поэзиясының майталманы».

1-оқушы: (Ж.Нәжімеденовтің өмірбаяны).

Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов 1935 жылдың 28 қарашасында Гурьев (Атырау) облысы Теңгіз (қазір Құрманғазы) ауданындағы Ашақ деген жерде дүниеге келген. Жұмекен атасы Нәжімеден Стамғазиевтің бауырында өсіп, тәрбие алған. Сөз бен тарих және туған халқының дәстүрлеріне деген ыстық сүйіспеншілік сезімді бала бойында қалыптастырған сол кісі. Немересіне өзінің атақты бабалары Қартпанбет жырау (алтыншы ата) мен оның әпкесі Қосуан (Махамбет Өтемісұлының туған шешесі) туралы сыр шертетін.

1956-59 жылдары Қазақтың мемлекеттік консерваториясында оқыған. Содан кейін «Жазушы» баспасының редакторы, «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгеруші, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, Баспалар жөніндегі мемлекеттік комитеттің редакторы, «Мектеп» баспасында бөлім меңгеруші болып қызмет атқарған.

Жұмекен Нәжімеденовтің алғашқы «Егіс» лирикалық жинағы 1961 жылы жарық көрді. Төрт жылдан кейін «Жоқ, ұмытуға болмайды» атты поэмалар жинағы шықты. Ж.Нәжімеденовтің тірі кезінде барлығы он өлеңдер жинағы мен «Ақ шағылдар» (1973ж), «Кішкентай» (1975 ж), «Атақ пен дақпырт» (1978ж) атты үш романы басылды.

Жұмекен Нәжімеденов өзінің 48 жасқа толуына алты күн қалғанда, 1983 жылдың 22 қарашасында дүниеден озды. Ақын өлімінен кейін жарық көрген он жинағына тірі кезінде жарияланбаған өлеңдері, поэмалары, повестері мен романдары, мақалалары мен аудармалары және тоғыз күй енді. Оның шығармалары көптеген тілдерге аударылып, басылды. Ақын А.Вознесенскийдің, Е.Евтушенконың, Н.Хикмет пен Ә.Файзи шығармаларын аударған.

 

2-оқушы:  (Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимні).

Жұмекен Нәжімеденов Қазақстанның қазіргі гимн мәтінінің авторы. «Менің Қазақстаным» әні оның шығармашылық жолының басында, ақынның 21 жасында жазылған. Ол кісінің жұбайы Нәсіп апайдың айтуынша, Жұмекен әнді осыдан 50 жыл бұрын, 1956 жылы Алматыда, белгілі қобызшы Гүлсара Бірманованың үйінде жазған. Бұл өлең бір қарағанда Қазақстан миллиард пұт астық жинағанына арналып жазылған сияқты болып көрінгенімен , негізінен «ел, жер менікі» деген отаршыларға қарсылықтан туған. Оны сезіп қалған коммунистер әнді мүлдем шығармай тастауға айналғанда, Жамал Омарова ара түсіп, эфирден шырқауға мүмкіндік алған. Сөйтіп халыққа жетпей жатып қудалана бастаған ән бағы жанып, бейресмиден тәуелсіздіктің арқасында ресми гимнге айналды.

2006 жылдың 11 қаңтарында «Менің Қазақстаным» әні елдің мемлекеттік әнұраны сипатында алғаш рет астаналық «Ақорда» резиденциясының шаңырағы астында, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Президенті лауазымына салтанатты түрде кірісу сәтінде орындалды.

 

3-оқушы:  (Ж.Нәжімеденовтің шығармалары).

50-жылдардың ІІ жартысында, 60-жылдардың басында Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңдері республикалық баспасөзде жиі жарияланып жүрді. 60-жылдардан бастап өлеңдері мен шығармалары, үш романы, аударма кітаптары «Жазушы», «Жалын» баспаларынан жарық көрді. Олар: «Балауса» (1961), «Сыбызғы сыры» (1962), «Өз көзіммен» (1964), «Жоқ, ұмытуға болмайды» (1965), «Жарық пен жылу» (1966), «Күй кітабы» (1967), «Мен туған күн» (1972), «Мезгіл әуендері» (1968), «Ұлым, саған айтам» (1970), «Қызғалдақ жайлы баллада» (1971), «Ақ шағыл» (1973), «Кішкентай» (1975), «Даңқ пен дақпырт» (1977) «Темірқазық» (1981), «Менің топырағым» (1985) кітаптары, үш томдық шығармалар жинағы (1996-1997), «Мен — тамырмын» дастандары (2001), «Қасірет пен қайсарлық» (2001), «Жұмекен» (2002), «Жаңғырық» (2003). 1967 жылы «Жоқ, ұмытуға болмайды!» атты поэмасы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Ақын жырлары бірнеше шет тіліне аударылған.

 

3-бет: «Кемеңгер көшбасшы».

4-оқушы:

НҰРСҰЛТАН ӘБІШҰЛЫ НАЗАРБАЕВ 1940 жылдың 6 маусымында Қарасай ауылы, Шамалған ауылында дүниеге келді. Қазақстан Республикасының Президенті, мемлекет қайраткері, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы (1993 ж.), экономика ғылымының докторы (1992ж. Мәскеу). Халықаралық, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері мен Қазақстан Ғылым Академиясының академигі (1993ж.). Қарапайым шаруа отбасында тәрбиеленіп өскен. 1958 жылы Украинаның Днепродзержинск қаласындағы №8 техникалық училищені, 1967 жылы Қарағанды металлургия комбинатының жанындағы жоғары техникалық оқу орнын бітірді. Еңбек жолын Теміртау қаласындағы «Қазметаллургқұрылыс» тресінің жұмысшысы болып бастаған. Кейін Қарағанды металлургия зауытында (1966 жылдан – Қарметкомбинат) шойын құюшы, домна пешінің көрікшісі, диспетчер, газ айдаушы кәсіптерін меңгерді. Жоғары өндірістік көрсеткіштерге  жетіп, комбинат, қала өміріндегі қоғамдық-саяси шараларға белсене араласты, металлург жастардың шынайы жетекшісіне айналды. 1969-73 ж. аралығында Теміртау қаласындағы партия-комсомол жұмыстарында жауапты қызметтер атқарды. Осы кезеңде атқарған жұмыстар ауқымды жас жігіттің келешегіне жарқын із қалдырып, топ жарған саяси лидер, байсалды басшы, талапкер басқарушы әрі шебер ұйымдастырушы ретінде қалыптасуына игі әсер етті.

 

5-оқушы:

1973-77 ж.ж. Қарметкомбинаттың партком жетекшісі,

1977-79 ж.ж. Қарағанды қалалық партия комитетінің хатшысы, 2-хатшысы, 1979-84 ж.ж. Қазақстан Коммунистік Партиясының Орталық Комитетінің хатшысы, 1984-89 ж.ж. Қазақстан Министрлер Кеңесінің төрағасы,

1989-91 ж.ж. Қазақстан Коммунистік Партиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы әрі Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы (1990 ж. ақпан-сәуір) болды.

 

6-оқушы:

1991 жылы 1 желтоқсанда өткен бүкілхалықтық тікелей президенттік сайлауда Н.Ә.Назарбаев республика азаматтарының 81,71% дауысына ие болып, жеңіске жетті. 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң қабылданып, жаңа ұлттық, саяси-құқықтық жүйені қалыптастыру үрдісі жандана түсті. Қазақстан әлем мойындаған тәуелсіз елге айналып, шет мемлекеттермен тең құқылы, дербес дипломатты байланыс орнатты, беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды. 1995 жылы 29 сәуірде өткізілген бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Н.Ә.Назарбаевтың президенттік уәкілеттілігі 2000 жылға дейін ұзартылды. Қазақстан Парламентінің шешімімен 1999 жылы 10 қаңтарда өткен баламалы сайлау барысында Н.Ә.Назарбаев 79,78% дауыс алып, Қазақстан Республикасы Президенті болып қайта сайланды. Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халықтары ассамблеясының жетекшісі (1995 ж.) және Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы (1992 ж.), сондай-ақ, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының достығы қорының құрметті төрағасы ретінде халқының этникалық құрамы сан алуан елде ұлтаралық келісім мен әлеуметтік байсалдылық ахуалды орнықтырып, ұлан-байтақ Еуразия кеңістігінде, күллі әлемде бейбітшілік пен татулықты сақтауға, халықаралық экономика, саяси-мәдени ынтымақтастық аясын кеңейтуге жеке үлесін қосып келеді.

 

7-оқушы:

1992 жылы Н.Ә.Назарбаевқа «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы аса маңызды республикалардың бірінде жаңа саяси, экономикалық және әлеуметтік жүйені дамытып, нығайтуға сіңірген қомақты үлесі үшін «Капри сыйлығы» берілді.

1998 жылы 28 желтоқсанда Түркия Республикасының 75 жылдығына орай «Түркі әлемі халықтарының арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығы, 1999 жылы 8 маусымда «Түркі әлеміне қызмет еткені үшін» сыйлығы, 1996 жылы 22 маусымда прогресті дамытуға сіңірген еңбегі үшін Кранс-Монтана халықаралық форумының арнаулы жүлдесі табыс етілді. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Ресейдің жоғары мемлекеттік наградасы – Қасиетті апостол  Андрей Первозванный орденімен (12.10.1998 ж.), Өзбекстанның «Үздік табыстары үшін» орденімен, Румын елінің аса мәртебелі наградасы – «Румыния жұлдызы» орденімен, т.б. марапатталды.

1999 жылы 26 қазанда Н.Ә.Назарбаевқа «Алтын Атлант» сыйлығы мен халықаралық технологиялық академиясының мүшелік дипломы және Ниобий (алтыннан да қымбат металл) медалі берілді.

 

8-оқушы:

Н.Ә.Назарбаевтың шығармалары: «Қазақстанның шымыр келбеті» (1984), «Ақиқаттың ақ жолы» (1991), «Ресурстарды сақтау және нарыққа өту стратегиясы» (1992), «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы», «Нарық және әлеуметтік-экономикалық даму» (1994), «Ғасырлар тоғысында», «Еуразиялық одақ: идеялар, практика, перспективалар» (1994-1997ж.), «Тарих толқынында» (1999), «Сындарлы он жыл» (2003) атты танымдық кітаптар мен көптеген ғылыми еңбектерінің авторы.

9-оқушы: Әйгілі сазгер Шәмші Қалдаяқовтың әкесінің аты Әнапия екен. Оның аяғындағы үлкен қалды көріп жеңгелері оны Қалдаяқ деп атап кеткен. Татарлардың гармоны, қазақтың қобызы мен домбырасын құйқылжыта тартатын сері Қалдаяқтың  қамыс күркесінде 1930 жылы бір бала дүниеге келді. Ол Шәмші болатын. Шамшид деген ат алған сол бала жылдар өткен соң Шәмші Қалдаяқов болып өсіп жетіліп, өнермен өмірін өрнектеген. Шәмшінің есімін кедейшіліктен сіңірі тартылып, тағдыр кешкен әкесі «Мың бір түндегі» ақылды хан есімі «Шәмшид» деп азан шақыртып атын қояды.

10-оқушы: Қазақ халқында «Шәмші, Шәмшінің әні» десе, ішкен асын жерге қоймайтын жан жоқ. Адам жүрегін тебірентетін сезімдердің қайсысы болмасын – асыл ана, ардақты әке, мөлдір сезім, шынайы махаббат – осының бәрі Шәмші Қалдаяқов әндерінің тақырыбы десек – артық айтқандық болмас…

1930 жылдың 15 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген Шәмші Қалдаяқов – қазақтың ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын да соны леп ала келген сазгер. 1950 жылы Сарыағаштағы Қапыланбек малдәрігерлерлік техникумын бітірген Шәмші Қалдаяқов 1951-1954 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын атқарды. Шығармашылық жұмыспен 1950 жылдан бастап айналысқан композитор 1955 жылы Ташкенттегі музыка училищесінің музыка теориясы факультетіне (проф. В.В.Великановтың класы бойынша) қабылданды.

 

11-оқушы: Шәмші Қалдаяқов – композитор және Қазақстанның халық әртісі. Оның шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы кең. Шәмші Қалдаяқов шығармаларының қайсысын алмайық, олардың басты тақырыбы – елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік. Оның әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданады. «Ақ ерке – Ақ жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Жарқырайды Жезқазған», «Қарқаралы», «Фосфорлы Жамбыл», «Талдықорған – әнім менің», «Теріскей», «Мойынқұмда», «Отырардағы той», «Өмір – өзен» сияқты өлеңдерінен кең байтақ жерімізге, елімізге деген ыстық ықылас, мейірім, сүйіспеншілік сезімдері байқалады.

Ал «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу» сияқты әндері жастық жігер мен шаттыққа толы. Сазгердің «Ана туралы жыры» әрбір аналар мерекесінің, аналар тойының сәні болса, марш екпінді, мағына-мазмұны терең «Менің Қазақстаным» әні бүгінгі күні тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің гимні болып отыр.

 

Оқытушының сөзі:

Шәмші Қалдаяқовтың көптеген жанға жайлы әндерінің ішінен «Қайықта», «Арыс жағасында» әндерін орындап берейік.

(Орындаушылар: Мұратбаева Л. мен Уринбекова Г.)

 

12-оқушы: Шәмші Қалдаяқовтың көптеген әндері Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, тағы басқа көптеген әншілердің репертуарынан берік орын алды. Шәмші Қалдаяқов 1965 жылы Республика жастар сыйлығының лауреаты болды. 1991 жылы Шәмші Қалдаяқов жайлы «Жылдарым менің, жырларым менің» (режиссер Т.Ахметов) атты ғұмырнамалық деректі телефильм түсірілді. Артына музыкалық мол мұра қалдырған Шәмші Қалдаяқов 1992 жылы 29 ақпанда Алматы қаласында қайтыс болды.

Сүйікті халқын ән бесігіне, вальс ырғағына бөлеген аса белгілі сазгерді есте сақтау мақсатымен Шымкент қаласындағы облыстық филормония мен бір көше, Алматы қаласындағы бір көше, композитордың туған өлкесі – Шәуілдір ауданындағы музыка мектебі Шәмші Қалдаяқовтың есімімен аталады. Шымкент филормониясының алдына сазгердің ескерткіші орнатылған. Ал 1992 жылдан бастап жыл сайын сазгерлер мен әншілер үшін Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау-фестивалінің өтілуі – Шәмші Қалдаяқовқа деген халық ілтипатының белгісі. 2002 жылы «Шәмшіғұмыр» атты естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді.

 

Оқытушының қорытынды сөзі.

Ш.Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Шәмші» журналы басылып жүр, оның авторы Қалдыбек Құрманәлі.  Шәмші Қалдаяқовтың жүрекке жақын әндеріне құрастырылған бірнеше әндерін тыңдайық.

Ауызша журналымыздың әрбір бетінен гимн авторларының өмірі мен шығармашылығы туралы өзімізге танымдық ақпараттар ала алдық деп ойлаймын. Ауызша журналға белсенді қатысқан оқушыларға, сондай-ақ ауызша журналға уақыттарын бөліп келген көрермен қауымға рахмет.

 

Гимнді орындау.