«Гимназия аруы-2010»

55

«Гимназия аруы-2010»

 

Мақсаты:

Қыз балаларды ұлттық тәрбие негіздері мен салт-дәстүрді білуге, халықтық әдеп пен өнерді дәріптеуге үйрету. Жас қыз бабалардың бойындағы қасиеттерін, өнерлерін, білімдерін, ептіліктерін жұрт алдына көрсете білулері керек. Соныменқатар, әдемілікке, ұқыптылыққа, тазалыққа тәрбиелеу.

 

Көрнекіліктері:

Тақырыпты ашатын нақыл сөздер, презентациялар, мақал-мәтелдер.

 

1-жүргізуші:  Құрметті ақ жаулықты асыл аналар, қыз-қызғалдақтар, қадірлі ұстаздар!

 

2-жүргізуші:  Көктемде  жарқыраған  гүл мерекелеріңіз, күн мерекелеріңіз құтты болсын!

 

1-жүргізуші:

Ана-жарық сыйлаған жан екенсің,

Ана-шуақ шашатын таң екенсің.

«Ана-өмір, ана-бақыт, ана-жүрек»

Деп соққан жүрегімнің әні екенсің.

 

2-жүргізуші:

Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,

Ана дейміз бәрімізде жарқылдап,.

Ана деген – бәйтерегі өмірдің,

Ана деген- алтын қазық, алтын бақ.

 

1-жүргізуші:

Ана деген асыл жандар болаттай,

Ана деген мөлдір жандар бұлақтай.

О, адамдар қадірлей біл ананы,

Жат қылыққа ақыл-ойды тонатпай.

 

2-жүргізуші:

Дүниеде ең кемеңгер дананы,

Ана табады, аялайды, бағады.

Сол үшін де құдіретіне бас иіп,

Құрметтейік қасиетті ананы.

 

1-жүргізуші:

Сіздерге тек қана дүниенің жақсылығын, атқан таңның арайын, күн сәулесінің шапағын тілейміз!

БІРГЕ: Мереке құтты болсын құрметті аналар!

«Ана туралы ән»

 

1-жүргізуші: Құрметті қауым, бүгін біз 8-10 сыныптар арасында өтетін  «Гимназияның аруы-2010» атты мерекелік сайысымызды бастағалы отырмыз.

2-жүргізуші: Иә, бұл сайыс қыз балаларды ұлттық тәрбие негіздері мен салт-дәстүрді білуге, дәріптеуге үйретіп қана қоймай, олардың бойындағы  қасиеттерін, өнерлерін, білімдерін, ептіліктерін жұрт алдына көрсете білуге тәрбиелейді.

 

1-жүргізуші:

Өнер, білім, өнеге тұнған дарын,

Өнерліге өз басым таң қаламын.

Аруларды әділдікпен бағалайтын,

Таныстырайын әділ қазы алқаларын.

Олар:

  1. Нұрғалиева Күлзия – қазақ тілі, әдебиет пәнінің мұғалімі
  2. Жакупбаева Ләззат – гимназияның қыз балаларымен жұмыс жүргізуші
  3. Шеризатов Арман – 11 сынып оқушысы

 

2-жүргізуші:

Мың бұралған арулар аңдап басып,

Келеді міне ортаға толқып тасып,

Аруларын сыйлаған халқым менің,

Қыздарды  қошеметпен қарсы алайық.

(ортаға қыздарды шақырамыз)

 

1-жүргізуші:

Жас ботаның көзіндей мөлдіреген,

Қызғалдақтай құлпырған кезі ме екен?

Ортаға шықты міне Аяжан да,

Көктемдегі бәйшешектей уілдеген.

 

2-жүргізуші:

Қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты,

Алдымызға келді ару Айнұр атты.

Парасатты бойжеткен аталамын,

Деп өзінің сыныбын алға тартты.

 

1-жүргізуші:

Әуезі ән, жаны раушан, күй жүрегі

Шөл басқан сезімді де идіреді.

Ортада Қаламқас қыз мың бұралса,

Жер тербеліп, аспанымда Күн күледі.

 

2-жүргізуші:

Мінезі ашық, жарқын, жүзі жылы,

Түрінен көрінеді ішкі сыры.

Айымдай келді міне білімді қыз,

Аспаннан шашылғандай күннің нұры.

 

1-жүргізуші:

Қандай әсем, көрікті үлбіреген,

Билейді әуенімен тебіренткен.

Арайлым атты аруым шықты ортаға,  Дайындықпен сайысқа бүгін келген.

2-жүргізуші:

Жеребе арқылы қыздарымыздың кезегін анықтап алайық. (Сандар жазылған асықтарды ұсынамыз. Номерлерін анықтаймыз. )

Рахмет!

 

1-жүргізуші:

Аруларымызды сайысымыздың шартымен таныстырайық.

— Таныстыру

— Сайыскерлер өз өнерлерін ортаға салады.

— «Шашылайын шуақ боп…» атты тақырыпта мәнерлеп жатқа оқу.

— Қолөнер. Он саусағынан өнер тамған аруларға кесте тігу тапсырмасы беріледі.

— Салт-дәстүрге байланысты сұрақ-жауап (Білім сайысы).

 

2-жүргізуші:

Той деп бүгін көңіл шіркін тасады.

Той деп бүгін халқым шашу шашады.

Мектептегі бүгін болар сайыстың,

Әнші шығып әнмен бетін ашады.

(Ән айтылу керек. Арулар шығып кетеді.)

 

1-жүргізуші:

Гүл көңілің қуаныштан өрілді,

Жанарыңнан жалын нұры төгілді.

Жыр ұшқындап тұр ғой әне үніңнен,

Көпшілікке таныстыршы өзіңді.

 

2-жүргізуші:

Бақ сынап кете жарысар,

Білімді көппен табысар.

Әр қызымыз бір дастан,

Ерекше келіп танысар, — деп, қыздарымызды өздерін таныстыруға шақырамыз.

(Қыздар бір-бірден шығып өздерін таныстырады.)

 

1-жүргізуші:

Әділқазылар бағаларын шығарғанша, жанкүйерлер атынан ән шашуды қабыл алыңыздар!

 

2-жүргізуші:

Домбырам екі шекті қолға алайын,

Қайырып он екі алуан ән салайын.

«Нұр жауар талапты ерге» деген сөз бар,

Мен неге бұл талаптан құр қалайын, — дегендей, сайысымыздың бұл бөлімінде арулар өз өнерін ортаға салып, көпшілікті қуанта отырып, өнерлерінің бағасын алады.

 

1-жүргізуші:

Дауысың қандай сырлы еді,

Табиғатты тыңдатқан.

Көркің қандай нұрлы еді,

Таң шолпанмен астасқан.

Өнеріңді кәне бүгін көрсетші,

Мына жұртқа, қошеметпен қол соққан.

(Арулар өз өнерлерін көрсетеді.)

 

2-жүргізуші:

Ендігі сөз кезегі әділқазыларда!

2-жүргізуші:

Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы, — деген Абай атамыздың сөзі халықтың өз ұрпағын өлең, сөзді қадірлеуге шақырған даналық деп ойлаймыз.

 

1-жүргізуші:

Ендеше, сайысымыздың келесі бөлімі «Шашылайын шуақ боп…». Қыздарымызды мәнерлеп жатқа оқуға шақырамыз.

(Қыздар мәнерлеп кезек-кезек оқиды.)

 

2-жүргізуші:

Әділқазылардың сайыскерлерімізді бғалауларын сұраймыз.

 

1-жүргізуші:

«Әке көрген – оқ жонар,

Шеше көрген – тон пішер.

Ешқайсысы жоқ сияқты

Бір бірінен кем түсер» демекші, біздің қыздарымыз іс тігуден кенде емес сияқты.

 

2-жүргізуші:

Ендеше аруларымызды ортаға шақырамыз. Қазір сіздердің алдарыңызға бірдей гүлдің сурет салынған  материал, кергіш, ине-жіп  беріледі.  Осы заттарды пайдаланып, кесте тігу қажет. Кестенің әдемілігі, жақсы тігілгені бағаланады. Кесте тігу уақыты 7 минут. Шарт түсінікті болса, кезекті қыздарға береміз.

 

1-жүргізуші:

Жанкүйерлердің сәлемдерін тамашалай отырайық.

(Кесте тігіліп болған соң, әділқазыларға беріледі. Олар бағалау парағын толтырады)

 

 

2-жүргізуші:

Иә, міне, қыздарымыздың «сегіз қырлы, бір сырлы» екеніне көзіміз жетті.

 

1-жүргізуші:

Дұрыс айтасың. Енді, сайысымыздың соңғы бөлімі «білім сайысынада» келіп жеттік.

Жас ару жас ғұмырдың талғамысың,

Қуантқан әрбір үйдің арманысың.

Дәл бүгін қанат сомдап, сыналарда,  Сан сұрақтан сүрінбей, самғап ұшқын.

1-жүргізуші:

Қыз емес,  қыздың аты- қызыл алтын,

Көрінер толғанайдай жүзі жарқын.

Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес,

Халқының сақтай білген ізгі салтын, — демекші, сұрақтар салт-дәстүрге байланысты болмақ.

 

2-жүргізуші:

Аруларға экраннан 9 ұяшық беріледі. Тартылған жеребе бойынша қыздар сұрақтың номерін таңдайды. Әр ұяшықта екі сұрақтан беріледі.

 

1-жүргізуші:

Аруларымызға сәттілік тілейміз!

(Қыздар кезектесіп сұрақтарды таңдайды.)

 

1-жүргізуші:

Әділқазылардың барлық бөлімнің қорытындылары шыққанша     сыныптың ән шашуын тамашалайық.

(Әнді тыңдап болған соң…)

 

2-жүргізуші:

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады» демекші, сайысымызда аяқталып келеді. Сіздер бүгін қыздарымыздың жанжақтылығын байқадыңыздар. Кезек әділқазылар алғасында. (қорытындыны айтып болған соң…)

 

1-жүргізуші:

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, бүгінгі бағын сынап отырған аруларымыздың өнерлері де, білімдері де ананың берген тәрбиесі деп білеміз.

 

2-жүргізуші:

Ендеше, осы аналарымызды тағы да мерекелерімен құттықтаймыз.

Арулар жеңістерің құтты болсын!

 

1-жүргізуші:

Құттықтау сөздің кезегі  гимназияның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Түсіпова Гаухарға береміз.

Осымен көктем мерекесіне арналған шағын сайысымыз, концертіміз аяқталды. Келгендеріңізге көп рахмет! (Соңы)