1 Мамыр Халықтар ынтымақтастығы күніне арналған мектепішілік линейка.

1 Мамыр Халықтар ынтымақтастығы күніне арналған мектепішілік линейка.

Мақсаты: ұлттар достастығын күшейту және жастар арасында патриоттық сезімді тәрбиелеу

1-жүргізуші: Достық деген асыл ат қой өмірде,

Достық деген жақын ат қой көңілге,

Достық деген бес әріптен құралған,

Достық деген бірлік үшін жаралған.

2-жүргізуші:  Бүгін еліміз Қазақстан халықтарының ынтымақтастығы күнін үлкен салтанатпен атап өтеді. 1 мамыр ұзақ уақыт бойы Халықаралық барлық елдер жұмысшыларының ынтымақтастығы күні болып тойланып келді.
1-жүргізуші: Құрметті ұстаздар мен  оқушылар, сіздердің назарларыңызға Халықтар ынтымақтастығы күніне арналған “Тілі бөтен болса да – тілегі бір” тақырыбындағы линейканы бастаймыз.

Әнұраным – жан ұраным,

Айтар әнім – сөйлер сөзім,

Туған жерім – сағынарым,

Мәңгі бақи шырқалады

Республика әнұраны.          (әнұран орындалады)

2-жүргізуші:

Қазақстан халықтарының ынтымақтастығы күні мейрамы елімізде 1996-шы жылдан бастап тойлана бастады. Бүгінде 15 миллионға жуық халқы бар Қазақстанда 100-ден аса ұлт өкілдері тұрады. Халықаралық жұмысшылардың ынтымақтастығы күні 1886 жылы чикаголық жұмысшылар көтеріліс ұйымдастырып, 8 сағаттық жұмыс күнін талап етіп, демонстрацияға шықты. Алайда көтеріліс соңы полиция мен көтерілісшілердің қанды қырғынына айналды. Үш жылдан соң париждік ІІ интернационал конгресі 1 мамырды әлем жұмысшыларының ынтымақтастығы күні деп атап, жыл сайын осы күні демонстрацияға шығып, талап қоюға шақырды. Ресей империясында бұл мереке алғаш рет 1890 жылы Варшавада аталып өтілді. Келесі күні Петербургте алғашқы маевка (революцияға дейін Ресейде жұмысшылардың 1 мамырда құпия жиылыс өткізілуі) өткізілді. 1897 жылдан бастап маевка саяси сипат алды. Ал 1917 жылы 1 мамыр мерекесі ашық тойланды. Барлық қалаларда миллиондаған жұмысшылар коммунистік партиялардың «Бар билік советтерге» сынды ұрандарымен көшеге шықты. Мамыр серуені КСРО-ның барлық жерінде жалғасын тапты. 1 мамыр ұзақ уақыт бойы Халықаралық барлық елдер жұмысшыларының ынтымақтастығы күні болып тойланып келді. Уақыт өте келе мереке саяси сипатынан айырылды. Қазір Қазақстанда оны Қазақстан халықтарының ынтымақтастығы күні деп атап өтеді.

1-жүргізуші: Мерекелік құттықтау сөзін мектебіміздің директоры Әлібаев

Сәкен ағайға береміз.
2-жүргізуші: Елімізде саналуан этнос өкілдері қазақ халқымен бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

1-жүргізуші:  1. Өзбек ағайындарымыз (әрбір ұлт өкілдері музыкамен жұптасып шығып өз халқы, елі туралы қысқаша мағлұмат береді)

2-жүргізуші : 2. Түркменстан  халқы

1-жүргізуші:  3.  Орыстар

2-жүргізуші : 4.  Испан халқы

1-жүргізуші:  5. Қырғыздар

2-жүргізуші: 6. Үнді халқы

Барлық ұлт өкілдері қол ұстасып хормен «Ақпыз, қара, сарымыз

Ағайынбыз бәріміз» айтады.

1-жүргізуші:

Көгершін-көңіл көгімді әлі айналды,

Күндей көрем кеудеде арай барды,

Туғаннан теріс пейілді тепкен қазақ

Тамыр деп тартты өзіне талайларды.

Жоғары жоқ адамға ардан бәлкім,

Жан жарасса жалғанда арзандар кім.

Жүзден астам ұлт сыйған ұясына

Жүрегіңнен айналдым дархан халқым.

Таусылғанша тірлікте бір күн демім,

Таудан, тастан, теңізден іркілмедім,

Ұлы шаруа – ұйыған татулықта

Ұлы болып қалмақшы ұлтым менің.

 

2-жүргізуші:

Жәй таппан жүрек сөзін жолдап алмай,

Оңды ұрпағым оз ылғи, оңға барғай.

Бәрі, бәрі шалқыса бір шаңырақта

Басын изеп құдай да қолдағандай.

Ырысты туған жерім нәрлі, құтты,

Ынтымақ тамырына қан жүгіртті,

Қазақстан – құшақ, ашылған ақ алақан

Бауырында балқытқан барлық ұлтты.

Еңселілер сапында, ел қатарда,

Ендеше, еңкейем бе, мен жатам ба,

Бірлігім тербетілсе тек бесікте

Тірлігім үлгі мәңгі жер-жаһанға.

 

Әр ұлттың билері мен әндері орындалады.

 

Линейканың соңы концерттік бағдарламаға ұласады.