“Қызға қырық үйден тыйым” дебаты

569

Мақсаты:   қыз балаларға адамгершілік, адалдық, іс-қимыл, жүріс-тұрыс  дағдысы, қыз  намысы, сымбаты туралы жан-жақты мағлұмат беру арқылы  қыз  балалардың бойына рухани -адамгершілік, әдептілік, сыпайылық, тиянақтылық, имандылық, тазалық қасиеттерді дамыту. Жеке  бас гигиенасын сақтауға, әдепсіздік пен азғындық жолға түспеуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі:    интерактивті  – мультимидиялық   кабинет   жабдықтарын  пайдалану.

Әдісі:    пікірлесу, әңгімелесу, сұрақ-жауап, салыстыру

Формасы:  Дебат сабақ

Барысы:

 

1-жүргізуші: Қыз емес, қыздың аты – қызыл алтын,

Көрінер толған айдай жүзі жарқын

Үлкеннің алдын орап, сөз сөйлемес,

Халқының сақтай білгін ізгі салтын.

Құрметті  ұстаздар, оқушылар кешіміздің қонақтары!  «Қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» тақырыбындағы   “Қызға қырық үйден тыйым” дебатына қош келдіңіздер! Келе жатқан әйелдер мерекесі құтты болсын! Бүгінгі тілге тиек болар әңгіме жастарға, оның ішінде қыз балаларға беріліп жатқан тәрбие.Сөз басын елбасымыздың Нұрсұлтан Әбішұлының «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын ерекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірегейі де – біздің қазақ » , – деген сөзден бастасақ.

2-жүргізуші: Я, дұрыс айтасың. Халқымыз  «қыз – қонақ»  деп, төрінен орын беріп, қыздарды алтынның сынығына балап өсірген. Жалпы бала тәрбиесіне, соның ішінде қыз бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Ата-бабаларымыз «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю»   деген мақалға қанша ой сыйғызған. Яғни қыз бала тәрбиесіне тек ата-анасы жауапты емес, бүкіл ауыл, ел жауапты болып отыр.

1-жүргізуші: Қазақ қыздарын бала күнінен еркелетіп, бетін қақпай өсірген. Бұл қыз бала тәрбиесіне көп көңіл бөлгендігін аңғартады. Сондықтан да, тәрбиелі, инабатты, намысты, ибалы арулар қазақ отбасында тәрбиеленіп шығады. Жастықтың өзi – сұлулықтың, нәзiктiктiң белгiсi. Қыз балалардың көрiктi болып өсуiне ертеде аналары ерекше көңiл бөлген. «Аттың көркi – жалы, арудың көркi – шашы» деп ұққан аналар қыздың шашын дұрыстап күтiп-өсiрудi өнер санаған.  Шаштарын қос бұрым немесе бестемше етiп өру бойжеткен қыздардың көркi болған. Халық жырларында аруларды «Шашының ұзындығы iзiн басты» немесе «Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген», «Қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты» деп сипаттаған.

2-жүргізуші Бойжеткен қыздардың киiм киiсiне де ерекше көңiл бөлген. «Адам көркi – шүберек, ағаш көркi – жапырақ», «Қыз өссе – елдiң көркi», – деп таныған халқымыз қыз балаларға қынама камзол, дүрия бешпет,  кәмшат бөрiк, қос етек көйлек, биiк өкше етiк тiктiрiп кигiзген. Сырға, бiлезiк, шашбау, шолпы сияқты әшекей заттарды тақтырған. «Қыздың көзi – қызылда» деген мақал да қыз баланың әшекей заттарға үйiрлiгiн бiлдiредi.Халқымыз қыздың көркiне ақыл-ойы, мiнезi сай болуын қалаған. «Қыз – қылығымен сүйкiмдi», «Қызым үйде, қылығы түзде» деп, қыз тәрбиесiнiң ерекшелiгiне аса жоғары мән берген.

 1-жүргізуші: «Қазақ қызы!» Қандай қастерлі сөз! Ежелден ер азаматпен қатар түзде жауға қарсы найза ұстаған, үйде ошақтың берекесі, алыптардың анасы атанған Қазақтың қызы. Он мың әскерімен парсының патшасына қарсы тұрған Тұмар, даналығымен белгілі Айша бибі, Жиреншеге серік болған Қарашаш, жары дүние салғанда ошағын сөндірмей тағын ұстап, хандық құрған Айғаным ханым, жер мен су жарлыға берілсін деп ұрандаған Шолпан, Алма, фашистке қарсы қан майданда ерліктің қайталанбас үлгісін көрсеткен Әлия мен Мәншүк, еңбек майданында алға озған Кәмшат, Желтоқсанда ұлтым деп ұрандаған Ләззат, егемендіктің туын көтерген сәтте барша жұрттың анасындай болып жүрген Сара апайымыз тізімін бастаған қазақ қыздары қашанда өз қадірімен ерекшеленді. Тарихтан  ойып тұрып орын алды.

2-жүргізуші: Ал, «бүгінгі қазақ қызы ертеңге қалай барады? Барғанда не алып барады?» деген заңды сауалдар айналаға қараған сәтте өзінен-өзі туындайды. Айман-Шолпан, Қыз Жібек пен Баян сұлудай қазақтың бұрымды, сұлу келбетті қыздарын қазіргі кезде шынымен де жырдан ғана оқитын болдық па?!. Бүгінгінің Баяны, ару Айманы, атына сай есілген Жібегі қайда жүр?! Оларды  көшеден де, киелі сахнадан да, теледидардан да көру арман болып кетті-ау.

Олай болса, бүгінгі дебатымызға келіп отырған қыздарымыз бұл туралы не ойлайды екен? Пікірлерімізді ортаға салайық. Алдымен қыздарымыз өздерін таныстырып өтсін.

 1-жүргізуші: Дана халқымыз: «Қыз өссе – елдiң көркi, гүл өссе – жердiң көркi»,  «Шешесі отырып,  қызы сөйлегеннен без», «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» демекші, ата-бабаларымыз қыз баланың тәртібі мен тәлім тәрбиесін жоғары бағалап, қыздарды адамгершілікке, ізгілікке, әдеп-тілікке, ар-ұяттылыққа, нысаптылыққа, мәдениеттілікке, тәртіптілікке, еңбекшілдікке, сұлулыққа, сымбаттылыққа баулып отырған. Әрбір ата-ана Аллаһ тағаладан жақсы перзент беруін тілейді. Сол баланы тәрбиелеу, оны жетілдіру өте маңызды. Дініміз Исламда бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды (жақсы жерге) тұрмысқа берсе, жақсылық жасаса, Аллаһ тағала ол кісіні жәннатына кіргізеді» . Қыздарымыздың ибалы һәм иманды, тәрбиелі болуына пайдасы тиер деген оймен ес біліп, етек жиған әрбір қыз өзі барған әрбір үйде мынадай қырық істен тыйылу керек немесе барған үйлері тыю керек деп қараған. Олар:

  1. Үлкенге сәлем бер, жолын кесіп өтпе, жалғыз қыдыруға тыйым.
  2. Үлкендер алдында жарыса сөйлеуге тыйым.
  3. Талтайып отыруға тыйым.
  4. Шалқайып жатуға тыйым.
  5. Көп алдында ұятқа қалмауды, ағайынға жеккөрінішіті болмауды әрқашан ойлап жүр.
  6. Орынсыз іске ұрынудан тыйым.
  7. Өтірік, өсек айтпа және оны айтушыларды тыңдама.
  8. Әурет жерлеріңді жауап, ашық-шашық жүруге тыйым.
  9. Өзгелерге тіл және қол тигізуге тыйым.
  10. Кісіге қарап керілуге, есінеуге тыйым.
  11. Дастарқан үстінде әдемі отыр, әдепті сөйле. Орынсыз сөзден тыйым.
  12. Ұрлық-қарлыққа тыйым.
  13. Жаназа оқылып жаткан жерден айналып кетпе. Адамды жерлеуге бара жатқандардан озба, жолын кеспе.
  14. Бұраңдауға, қылымысуға тыйым.
  15. Қызыл іңірде жатып, түске дейін ұйықтауға тыйым.
  16. Жалқаулыққа, ластыққа тыйым.
  17. Кісі алдында қасынуға, киім ауыстыруға тыйым.
  18. Аш болсаң да, тоқ болсаң да құдайынды ұмытпа.
  19. Бейәдеп сөз айтудан тыйым.
  20. Үйге, мешітке, қасиетті орындарға оң аяқпен кіру керек.Үлкендердің  атын атауға тыйым.
  21. Ішімдік-шегімдікке тыйым.
  22. Ұрыс-керіске тыйым.
  23. Беттен алып, төске шабуға тыйым.
  24. Ер адамға әйел киімі жараспайтыны сияқты әйелдер мен қыздарға ер киімі де қонымсыз әрі тәңірінің бұйрығында да жоқ нәрсе.
  25. Біреудің байлығына, дүние-мүлкіне, ақшасына сұқтанба.
  26. Түнде суға жалғыз баруға тыйым.
  27. Жат жыныстылармен араласып жатуға тыйым.
  28. Құран, намаз оқылып жатқанда сөйлеме, қозғалма, тұрып кетпе.
  29. Тарс-тұрс жүріс, қарқ-қарқ күлкіге тыйым.
  30. Ерді қорлауға, зорлауға тыйым.
  31. Адамды және жан-жануарларды тебуге тыйым.
  32. Бүйірін, жағын таянуга тыйым.
  33. Тәкаппарлыққа, сайқы-мазаққа тыйым.
  34. Тамақты өз алдыңнан алып же, кісі алдындағы қол созба.
  35. Шектен тыс жасанып, сылануға тыйым.
  36. Қызғаншақтыққа, күншілдікке тыйым.
  37. Менмендік пен өзімшілдікке тыйым.
  38. Алдап-арбауға тыйым.
  39. Көрсеқызарлыққа, нәпсіқұмарлыққа тыйым.
  40. Тойымсыздыққа тыйым.

 

Ендігі кезекте қыздарымызға туралы сауалнамалар алынған видеоролигіміз бар екен соған назар аударайық. Қазіргі заманның қыздарының жүріс-тұрысы туралы көп мағлұматқа қанық болдық. Осыған орай тағы да өз ойларымызды білдіріп өтсек

2-жүргізуші: Бүгін біз қыз бала  тәрбиесіне қатысты көптеген ойларымызды ортаға салдық, ендігі осы ойларымызды сараптау үшін бағдарламамызға қатысып отырған сарапшы қонақтарымызға сөз кезегін берейік. Ортамызда  тәрбие ісінің орынбасары Тынышбаева Лиза       апайымыз отыр, сөз  кезегі өзіңізде.

1-жүргізуші: Бүгінгі дебатымызда болашақ ұрпақ тәрбиесі, оның ішінде қыз балаға дұрыс, өнегелі тәрбие беру жөнінде көптеген пікірлер айтылды. Көрермендеріміз де бұл бағдарламаға куә болып, өз ойларын ортаға салды. Енді осы  бағдарламаға қатысып отырған қонақтарымыз өз ойларын қорытындылау үшін таңдалған бір ғана сөзді байланыстыра отырып, пікірлерін қорытындыласа  дейміз.

2-жүргізуші: Қыз ананың көркі де, жаны да,

Қыз бақтың жапырағы, талы да.

Қыз көңілдің бүршігі ғой гүл  атқан,

Қыз елдің жүрегі де бағы да.

 

1-жүргізуші: «Ел болам десең – бесігіңді түзе » деген, ел сенімін ақтап, болашақ ана болар, тәуелсіз еліміздің болашағын алға апарар білімді, тәрбиелі, инабатты, сыпайы, әдепті қыз бала тәрбиелеу ұлы парызымыз деп білейік.

2-жүргізуші: «Қыз- ұлттың жаны» демекші, ата-аналардың аяулысы, құрбы-құрдастарыңыздың қадірлісі мен қымбаттысы, даламыздың гүлі, өміріміздің сәні бола беріңіздер! Мерекелеріңіз құтты болсын!